Тақырыбы: « Жыл басы – Наурыз»
Мақсаты: Оқушыларға қазақ халқының ұлы мерекесі Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, халқымыздың салт – дәстүрін бойларына дарыту арқылы, шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Мазмұны: Бүкіл тіршілік аталуының түрленіп, жаңаруы паш етіледі. Мейрамның ең қадірлі дәмдері мен қасиетті сөздері кеңінен насихатталады.
Көрнекілігі: қазақы мақал - мәтелдер, нақыл сөздер жазылған плакаттар, дәстүрлерге түсінік берілген буклет, т. с. с.
Түрі: Мерекелік сазды музыкалық кеш.
1 - Қазақтың салт дәстүрлері мен ырым – тыйымдар туралы түсінік беру.
2 - Халық әндері мен билерін тамашалау.
3 – Ұлттық ойындардан көрініс ( күрестен, қол күресінен көріністер, асық ойнау ).
1 - жүргізуші: Қапан Жадыра
Уа, жарандар, жарандар,
Бәрің бері қараңдар!
Наурыз думан басталды,
Бір сәт зейін салайық.
Ұштасқан оймен мәңгілік
Біздерде бар сан ғұрып,
Ғасырлардан ғасырға
Келе жатқан жаңғырып.
Бермен жақын тұрыңдар,
Сөзіме көңіл бұрыңдар.
Жауқазындай наурыздың
Жарапазан жыры бар.
2 - жүргізуші:
Ұлыс күні кәрі - жас
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен.
Ұлыс күні қар еріп,
Сай - салалар гүрілдер.
Көк шөбі шығып желкілдеп,
Дүние біткен күлімдер.
3 - жүргізуші:
Наурыз тойын жұп жазбай
Қошеметпен қарсы алайық.
Досқа құшақ ашайық.
Өлең - жырға басайық.
Қазақтың бір салты деп
Тойға шашу шашайық.
4 жүргізуші: Бесембаев Сәмеддин
Жадра апай, сіз білесіз бе? Наурыз мерекесін тойлау дәстүрлі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс – салтында бағзы замандардан бері орын алған деседі.
1 жүргізуші: Қапан Жадыра
Иә, иә, Сәмеддин, менің естуімше Ежелгі түркілер ұлыс күндері жаңа киімдерін киіп, сақал – мұрттарын түзеп, шаштарын алдыратын болған, алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңгеден жамбы атып жарысқан. Егер кімде – кім бірінші болып жамбыны атып түсірсе, сол адам сол күні, яғни бір күн елге патша болып, билік жасауына ерік берілген деседі.
Ал қазақ даласында ұлыстың ұлы күні бүкіл адамды тең санаған, құл мен күң де шаруадан босап, еркін бой жазуға мүмкіндік алған. Бұл күнгі дастархандағы дәм, айтылар әңгіме көпке ортақ болған екен.
4 жүргізуші: Бесембаев Сәмеддин
«Береке басынан басталады» демекші, «жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады» деген қағиданы берік тұтынған халық бүкіл ыдыс атаулыны дәнге, аққа таза суға толтырып бетін ашық қалдырған. Бұл 21 – Наурыз күнгі таң алдында орындалады екен. Бұның мәні: дала аралаған Қызыр Ата келіп «қыдыр, құт дарытып» кетеді дейді екен. Олай болса бүгінгі біздің Наурыз мерекемізге Қызыр Ата келе жатыр дейді!
«Қызыр Ата» келеді бата береді. Олжабек Әділ
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің!
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын!
Өрендерің ер болсын,
Көре алмаған бағыңды,
Сындыра алмаған сағыңды
Бетін басып жер болсын!
Жарылқа, Алла, қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет!
Ізет, абырой, бақ - дәулет,
Қызыр қарап бақ қонып,
Жақсылық үшін қызмет ет!
Әмин!
1 - жүргізуші:
Тойла бүгін, тауларым мен боз далам,
Тойла бүгін, қарттарым мен бозбалам.
Қайта оралған намысымдай Наурызым,
Жаңа жыл боп қош келіпсің, Наурызым!
2 - жүргізуші:
Жақындатып өткенге, кеткенге енді,
Көктем келді балбырап, көктем келді.
Суық сорған жаныма шуақ құйған,
Осы еді ғой күткенім көптен бері.
3 - жүргізуші:
Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікке,
Қастерледік, қадіріңді білдік те.
Құтты болсын, ұлыс күні жұмылдыр
Бәрімізді Ынтымақ пен Бірлікке!
4 - жүргізуші: Бесембаев Сәмеддин
Ұлыс оң болсын!
Ақпан кетті араз боп Наурызбенен.
Наурыз жүр жоғалған бағын іздей,
Көктем жетті көрісіп жанын іздей - дей отыра,
бүгінгі біздің тойға Ақпан мен Наурыз қонаққа келе жатыр дейді.
(Көтеріңкі көңілмен дабырласып Ақпан мен Наурыз көріседі, көрінісі көрсетіледі)
Ақпан - Ерасыл Далелхан
- Уа, Наурыз, менен кейін жер - көкке келіп, қуаныш сыйлайтын мына сен, бірақ, менің ешқайда да кеткім келмей тұр, маған бір айынды сыйға тартсан қайтеді?
Наурыз - Кайргельдинов Медильхан
- Жо - жоқ Ақпан, сен қанша уақыт бойы боран бұрқатып, қар жауғыздың. Енді менің кезегім келді. Мен жер көкті нұрға бөлеп, тіршілікті оятуым керек емес пе? Егер де саған бір айымды берсем, табиғат заңы бұзылып, барлығының астан - кестені щығады ғой!
Ақпан:
- Сонда - да, егер де қыс айы 4 айға созылса, менің билігім кеңейіп, сенен озып түсер едім.
Наурыз:
- Құрметті Ақпан, сенімен керіскеннен не пайда, біз дос емеспіз бе? Сондықтан да бұл достығымызды жоғалтпай, тату болайық, одан да сен менің қонағым бала тұр.
Ақпан:
- Достым, сен өте дұрыс айтасын, жақсы, мен сенің қонағын болайын
Екеуі бірге:
Ашық болсын қас – қабақ,
Таспен атқанды аспен ат.
Бейтаныс та, таныс та,
Бүгін төрде бас қонақ.
1 жүргізуші: Қапан Жадра
Өте дұрыс, достық - ең басты қазына, Ақпан, Наурыз, сендердің татуласқандарың қандай жақсы болды. Сондықтан төрге шығып, бүгін біздің қонағымыз болыңыздар.
2 жүргізуші Даиров Метхат
Наурызда, ауыл аралап көрісу қазақ даласында үш күнге созылған (. Осы күндері әрбір отбасының дастарханынан көжесі, дәмі үзілмеген, есігі ашық, қабағы жайдарлы болған.
4 - жүргізуші Бесембаев Сәмеддин
22 – Наурыз күні міндетті түрде отбасынан дәм татып, ақсақалдар мен әжелердің батасын алу парыз саналған.:
3 жүргізуші: Қасымбек Арайлым
Ұлыс күні кәрі – жас, « Сақтай гөр» деп терістен
Құшақтасып көріскен. « Кел, таза бақ, кел» десіп
Жаңа ағытқан қозыдай, Кел тілек бер десіп....
Жамырасып көріскен. Аталар бата беріскен.
Ән «Наурыз көктем» ор: Ибраева Данара, Даулетханова Анель, Қапан Жадра.
Дәстүрді насихаттайтын көрініс: «Тұсау кесу тойы». Анель, Данара
Қаз - қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз болам.
Қаз - қаз, балам, қаз балам.
Тақымыңды жаз балам.
Бата: Нұржан
О, халайық, қол жайып,
Той тілеуін қолдайық.
Мұсылманның заңдарын,
Барша ағайын қорғайық.
Тоқ ішек пен ала жіп,
Жасыл шөппен жарасып,
Үш түрменен кесейік,
Тұсауды біз санасып.
Тәй - тәй басып жүретін,
Қуаныш қылып күлетін,
Жүйрік болсын балаңыз,
Мыңнан озып жүретін.
Той үстінде ойындар ойналады.
Палуандар күресі.
1: Шоканов Рауан, Сеитов Тамерлан
2: Батхола Айқын, Далелхан Ерасыл
3: Кайргельдинов Медильхан, Дюсекеев Алдияр
Бақыт Ерасыл - жүргізуші
Ойын «Сұрақ - жауап»
Жыл басында алғаш жауған қар қалай аталады? (Ақша қар)
Жыл басының алғашқы күні? (Ұлыс күні)
Жыл басының алғашқы желі? (Алтын күрек)
Жыл басының алғашқы төлі? (Дүбір аяқ)
Жыл басының алғашқы сүті?(Уыз)
Жыл басының алғашқы көгі? (Бәйшешек)
Жыл басының алғашқы асы (Наурыз көже)
Жыл басының алғашқы белгісі (Көрісу)
Жыл басының алғашқы сый тамағы (Ұйқыашар)
Жігіттердің қыздарға беретін сыйы (Селтеткізер)
Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы (Наурызек)
Наурыз айында өсетін жапырақты, қауашақты түрлі гүл (Наурыз шешек)
3. Асық ойыны
Ауезханов Алихан, Танат, Дінмұхамед, Рауан, Ерасыл
4. Қол күресі. Бахыт Ерасыл, Метхат, Медильхан, Айбек
«Біржан мен Сара ариясы»
Анель, Айқын, Алдияр, Абу, Тамерлан, Алишер, Мұхамедияр
Ән: «Саржайлау» орын: Бақыт Ерасыл, Бесембаев Сәмеддин
5. Арқан тартыс
Ясмина, Батима, Сәмеддин, Ескенов Алихан, Әділ, Нұржан
Би: «Қара жорға» орын: екі ауылдың адамдары.
Қорытындылау.
Наурыз менің елімнің берекесі,
Жаңа жылы қазақтың, мерекесі.
Шаңырағы биіктеп күнге жақын,
Ұлаңғайыр керілсін керегесі.
Қымбат білген адамға сөз өнері,
Бұрқ - сарқ етіп қайнасын көжелері.
Жаңа жылда елімнің көркі өсіп,
Гүлге толсын көгеріп көшелері.
Шат күлкіге шомылып замандары,
Бақыт кешсін ғайыптан адамдары.
Әрбір жанның арманы орындалып,
Сәтті болсын биылғы қадамдары.
Ел - жұртымның тілеуін тілесейік,
Жаңа жылда қалайық бір есейіп.
Ақбоз үйді үлпілдеткен,
Боз даланы бүлкілдеткен.
Қуанышты күлкің – көктем,
Әсем едің, шіркін, неткен,
Наурызым!
Құлпырады сәнді бақтар,
Жұлқынады арғымақтар.
Сылқылдайды бал бұлақтар,
Мерекемсің мәңгі мақтар,
Наурызым!
Жарқыраттың шығыс Күнін,
Бар адамдар туыс бүгін.
Тілеп елдің тыныштығын,
Жүректерде жүр ұшқының,
Наурызым!
Аңсап жүрсең осы күнді,
Ашып таста есігіңді.
Болайықшы кешірімді,
Ән тербетсін бесігіңді,
Наурызым!
Бұл әлем қалғығандай,
Ұшты көкке ән қырандай.
Наурыз көже дәмді балдай,
Сенің көшің сәнді қандай,
Наурызым!
Аталардың – Қара Нардың,
Ақ жаулықты Аналардың.
Бас иетін саған әр күн,
Ақ батасын ала барғын,
Наурызым!
Ғашықтардың түр - түсінде,
Сәбилердің күлкісінде.
Ел үшін де, жұрт үшін де,
Қара Жерге кір түсірме,
Наурызым!
******
Наурыз келді, көктем келді ағайын,
Жадырайды, жаңғырады маңайым.
Назды, сазды науан Наурыз, армысың?
Сұлу мүсін саған біткен бар мүсін.
Қайнарындай қалың қуат, қайраттың,
Сен келдің де ғаламшарды жайнаттың.
Тіршілікке тіл бітіріп өзгеше,
Дүниенің бұлбұлдарын сайраттың.
Жеткен кезде наурызымыз жапан біткен жаңғырар,
Тұман орнап, тау басын аспан үрпі салбырар.
Жансыздарға жан бітіп, әуен билеп маңды бар,
Жер көгеріп, шөп қаулап, мерейін бір қандырар.
Жадырап күннің жанары,
Бетті өпсе жылы самалы.
Сай - сайға ақса жылғалар,
Бұл Наурыз хабары.
Ашылып аспан шүмегі,
Жауынмен құм да түледі.
Көкмайса жұмсақ құлпырған,
Бұл Наурыз кілемі.
Бусанып тарғыл атырап,
Нәрленіп торғын топырақ.
Жауқазын өссе күнеске,
Бұл Наурыз – жапырақ.
Көз тігіп Күнге барлығы,
Бүршігін жарса әр гүлі.
Халыққа бақыт тілеген,
Бұл Наурыздың жарлығы.
Бөктіріп көктем жаңбыры,
Тіріліп шөптің тамыры.
Бүрленсе жусан бұрқырап,
Бұл Наурыздың таң нұры.
Қауымға қалың дүр болған,
Шаттыққа бөлер жыр болған.
Шапағат төккен мейірлі,
Бұл Наурыз ғой нұр болған.
Себелеп жаңбыр жауып тұр,
Емшегін бұлттың сауып тұр.
Жақсылық нәрін мол сепкен,
Бұл Наурыз сауық - жыр.
Тілегін айтып ұнаған,
Арылса туыс күнәдан.
Көңілде күдік қалдырмас,
Бұл Наурыз – шын адам.
Тұқымын сеуіп ырыс - құт,
Дем алса диқан тыныс қып.
Тірлік пен байлық бастауы,
Наурыз сыйы тыныштық.
Тәуелсіз елдің адамы,
Бейбіт күн берік қамалы.
Құт болсын дейік ағайын,
Жаңа күн Наурыз қадамы.
Зекен Ғалымжан
Жасыл нұрға бөленіп төңірегім
Марфуға Бектемирова
Қырға көшіп келеді елім менің,
Малын жайып, салатын төріне егін.
Наурыз туып, жан бітті дүниеге,
Жасыл нұрға малынып төңірегім.
Көңіл шіркін қарлығаш ұшып шыққан,
Жатқандай бір қапаста, құлыптауда.
Елең қылмай, сап - салқын түн ызғарын,
Тыңдап тұрмын құстардың сыбызғы әні.
Ерте көктем жұтқызар жұпар ауа,
Таңдайыма әкелді қымыз дәмін.
Кеш оралған көктемнің ерке құсы,
Осы екен ғой көктемнің еркелісі.
Осы екен ғой атамның аманаты,
Осы екен ғой әжемнің ертегісі.
Шолпы тақты алтын күн қайыңға әсем,
Ән айтады бұлақтар, уайым бәсең.
Тек асығып барасың, алтын айым,
Не айтасың ақын қыз жайында сен?
*****
Келдің бе наурыз – жыл басы,
Бар құтын жиып өлкенің.
Халқың сенің сырласың,
Өзіңнен өрбір көркем үн.
Туған жер жұпар тұр аңқып,
Гүл шашып жатыр бар аймақ.
Атады елді қуантып,
Көктемнің таңы арайлап.
«Селт еткізер», «Ұйқыашар» -
Ұнатқан түгел қыз, жігіт.
Өргізіп малды, сырды ашар,
Ауылдан шетте үздігіп.
Келісіп қызық ойынға,
Келеді ән - жыр айтысқа.
Өрмелеп баған бойына,
Жарысқа, арқан тартысқа.
Жастарды көріп жасарып,
Береді қарттар ақ бата.
Тілекпен игі жасанып,
Былай да берік салтқа ата:
«Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын.
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын,
Ұлыс береке берсін,
Бәле - жала жерге енсін.
Әумин!»
Қуанып сол сәт батаға,
Бастайды ел наурыз шаттығын.
Риза боп үлкен атаға,
Сөйлер ел баспай аптығын.
«Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар».
Сәлем қып келін күнге Ұлы,
Бұлаққа ақ пен май құяр.
- Ашыл, - деп, - байлық түндігі,
Өзің, - дер, - Наурыз жайды ұғар!
Басталар елдің дәстүрі,
Өзге іс түгіл тежелер.
Басталар тамақ тасқыны,
Бұрқырап наурыз көжелер.
Басталар сыр боп мына елге,
Бабалар салған мереке.
Жайғасып қалы кілемге,
Елменен енер береке.
Байқадым бұл күн – дүбірлі,
Молшылық, мейір маңайым.
Басты ұран тойда бүгінгі –
Береке, бірлік, ағайын!
Айгожина Дина
Наурыз
Несібелі Иманқызы
Қош келдің, Наурызым төрлет бері,
Қыр төсін жауқазындай өрнектеді.
Тіршілік тамырына нәр жүгіріп,
Жадырады адамдардың келбеттері.
Наурыз, жыл он екі ай елдің жүгін,
Арқалап арамызға келдің бүгін.
Дамытып бейбіт елдің еркіндігін,
Жайлауын жарастырдың елдігімнің.
Наурыз түріп тастап жер түндігін,
Айығып ақ күмістей серпілді күн.
Сұлудай сылаңдаған мөлдір сулар,
Жылғамен ағып жатыр еркін бүгін.
Кел, наурызым, шық төріме думандат,
Жұрт қарасын бейнетіңе қайран қап.
Табиғаттың тұмса шағы тамсантып,
Халқым да бір жадырасын сайрандап.
Кел, наурызым, самалыңмен еркелет,
Қырға шығар, жамағатты жетелет.
Бала біткен болып жүр ғой мәз - мәйрам,
Наурыз келген, көктем келген екен деп.
Кел, наурызым, берекелі жыл басым,
Мәңгілікке замананың құрдасы.
Жылда мені қуанышқа бөлейсің,
Ғасырлардың және менің сырласым.
Кел, наурызым, бұла күшім, балғыным,
Сен келгенде қашар менен қайғы - мұң.
Құдіретің бар жаңғыратын ғаламда,
Сондықтан да асқақ сенің айбының.
Кел, наурызым, көргенің көп көнесің,
Жия алмаған кездер болды ел есін.
Бұқпантайлап қарсы алатын өзіңді,
Кездер болды, ұмытпайсың, білесің.
Кел, наурызым, ортаймайтын ырысың,
Тәуелсіздік және өзің тынысым.
Жалғастырып ұрпақтарды ұрпаққа,
Аралай бер сәнге бөлеп ел ішін.
Келдің бе, Әз Наурызым – Жаңа күнім!
Оятып бәйшешекті – дала күн.
Көп болса қандай жақсы болар еді,
Жүректі жадыратар жаңалығың.
Әз Наурыз келген болсаң төкші нұрды,
Естіртпе сен әзірше әнді мұңды.
Бағзыдан әдетіміз бойға сіңген,
Күтетін зор үміттен Жаңа жылды.
Сен бізге құт болып кел, бақ болып кел,
Адалға, ақиқатқа, жақ болып кел.
Жамандық, қасіреттен ауылы алыс,
Жыл болшы бетегіне шаттық ерер.
Сәулеңді, шуағыңды аямашы,
Сәбидей жас - кәрімді аялашы.
Құтты қонақ секілді емін - еркін,
Даламды, тау - тасымды аралашы.
Жүргізуші: Салт - дәстүрлерінің ішіндегі бала тәрбиесіне байланысты тәрбие дәстүріне тоқталсақ. Тәрбие дәстүрі. Салт - әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс - тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар тұғырының негізі. Қазақтың бірнеше салттарын атап өтсек.
1. Шілдехана(салт). жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын - сауық, той.
2. Кіндік кесер(салт). Нәресте туған сәтте оның кіндігін әйелдер(кіндік шешесі) дайын тұрады. Кіндік кесу - мәртебелі, абыройлы іс.
3. Бесікке салу(салт). Жаңа туған баланы бесікке салу. Бесік қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі.
4. Қырқынан шығару(салт). Баланың туғанына қырық күн толған соң оны ыдысқа қырық қасық су құйып шомылдырады. ол сәбидің жан - жүйесінің қалыптасып дені сау болып өсуіне деген ақ тілектен шыққан.
5. Тұсау кесер(салт). Сәби қаз тұрғаннанкейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып.
Ғұрып. Қазақтың өмір салты, өрен салты т. б. қолдану мен дәріптеуді ғұрып дейміз.
Қазақ халқында қалыптасқан бірнеше ғұрыптар:
1) Ат қою(ғұрып). Қазақ халқы жаңа туған сәбиге жақсы есімдер мен әйгілі адамдардың атын қойған. Сонымен бірге бала есімін беделді кісілерге қойғызып батасын алған.
2) Айдар(ғұрып). Балалардың төбе шашын ұзартып өсіріп қояды.
Бұл ғұрып ер балаға жасалады. Сәбилерге шаш орнына кекіл, тұлым да қойылады.
3) Кекіл (ғұрып). Жас балалардың шашын ұстарамен алып тастайды да маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, оның жиегін тегістеп қиып қояды. Оны «кекіл»дейді.
Дәстүр - халықтың атадан балаға көшіп, жалғасын және дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени - тұрмыстық, кәсіптік, салт - сана, әдет - ғұрып, мінез - құлық, тәлім - тәрбие және рухани іс - әрекеттер көрінісі.
Қазақтың бірнеше дәстүрлерін атап өтсек.
1) Тыштырма(дәстүр) Сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп «тыштыма, тыштыма»деп ырым жасайды және оны «тыштырма» деп атайды. Тыштырманы әйелдер ырым етіп бөлісіп, бала - шағаларына үлестіріп береді.
2) Базарлық(дәстүр) - алыс сапарға шыққан адамдардың жақындарына (жерлес, көрші - көлем, жас балалар, сыйлас адамдарына) әкелген сыйлығы.
3) Байғазы(дәстүр)- балалардың, жастардың жаңа киім үшін берілетін ақшалай, заттай сый.
4) Тілашар(дәстүр). Баласы 7 жасқа толған соң балаға жаңа киім кигізіп, оқу жабдықтарын дайындап, шағын той өткізеді. Мұны «тілашар»тойы деп атайды.
5) Жеті ата (дәстүр). Халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білдіруді міндеттеген. Олай болса жеті ата: Бала, Әке, Ата, Арғы ата, Баба, Түп ата, Тек ата.
6) Асату (дәстүр). ет желініп болған соң төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалар мен жігіттерге асатады.
Наурыз мейрамы құтты болсын молшылық, береке болсын, ұлыс оң болсын ақ көп болсын. Барлық қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз!
Сау болыңыздар!
Наурыз мерекесі
- Шамиганова Алмагуль
- 11 сәуір 2014
- 18670
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Наурыз мерекесі, ұлыстың ұлы күні, көктем мерекесі
Ұқсас жаңалықтар:
Қош келдін, Наурыз!
Мақсаты: Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру; Балаларды елін, Отанын сүюге, ұлттық салт - дәстүрін дәріптеуге тәрбиелеу;...Наурыз мерекесіне арналған тақпақтар
Наурыз келді, көктем келді ағайын, Жадырайды, жаңғырады маңайым. Назды, сазды науан Наурыз, армысың? Сұлу мүсін саған біткен бар мүсін....Науыз туралы өлең шумақтар
Ұлы күнде тауып мезгіл бір ретін, Атқарғандай қасиетті міндетін. Жаратылыс нұрын бөліп Жаратқан, Жылына бір теңелген сәт Күн мен Түн....Наурыз мейрамына арналған тақпақтар
Кел, наурызым, берекелі жыл басым, Мәңгілікке замананың құрдасы. Жылда мені қуанышқа бөлейсің, Ғасырлардың және менің сырласым. Кел, наурызым, бұла...«Жыл басы - Наурыз»
Бекбауов Нұрбек Сембайұлы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз селосы №9 орта мектеп мұғалімі. «Жас ұрпаққа тәрбие берудегі жаңа инновациялық...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.