Сайтқа кіру Тіркелу

Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы

Тақырыбы: Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы

Мақсаты: Оқушыларды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу, ұлттық құндылықтар - біздің тіршілігіміз,
бабаларымыздан қалған асыл мұра екенін түсіндіру.
Көрнекілігі: қанатты сөздер, слайд.
Түрі: танымдық кеш
Әдісі: сұрақ - жауап, ойталқы
(«Таң қалмаңыз» телебағдарламасы желісінде өтеді)
Мұғалімнің кіріспе сөзі

«Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиелі баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» М. Жұмабаев

Бүгінгі оқушы – Егеменді еліміздің болашағы екенін ескерсек, «осы балалардан қоғамның тұлғасы болар білімді, тәрбиелі, мәдениетті азаматтар шыға қояр ма екен?» деген ой көпшілігімізді, әсіресе тәрбие негізі қаланатын мектептегі ұстаздар қауымын толғандырады. Себебі, Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі - ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне байланысты. Өйткені әрбір халық ұрпағымен көктеп, өркен жаяды. Әрбір мемлекет рухы таза, санасы биік білімді де, білікті ұрпағынан қуат алады. Ол өзінің әрбір жаңа буын жас ұрпағы жетілген сайын дамудың жаңа биіктеріне көтеріледі. Ал бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – еңселі еліміздің кірпіші боп қаланатын әрбір қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз» деген болатын. Ол үшін ең әуелі ұрпағымызды бала кезінен ұлттық тәлім - тәрбиеге баулып, халқының салт - дәстүрін жақсы білетін саналы азамат тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек.
Сондықтан қатардағы пендені нағыз толыққанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор.
Құндылық дегеніміз не?
Құндылық – тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған мұраттар. Оларға: меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылдық, рухани байлық, махаббат сынды қасиеттер жатады.

Тақырыбы: Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы
Мақсаты: Оқушыларды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу, ұлттық құндылықтар - біздің тіршілігіміз,
бабаларымыздан қалған асыл мұра екенін түсіндіру.
Көрнекілігі: қанатты сөздер, слайд.
Түрі: танымдық кеш
Әдісі: сұрақ - жауап, ойталқы
(«Таң қалмаңыз» телебағдарламасы желісінде өтеді)
Барысы:
Жүргізуші:
Армысыздар, құрметті оқушылар, көрермендер, ардақты ұстаздар! Бүгінгі «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» атты кешімізге қош келдіңіздер!
Менің елім - Қазақстан! Бұл әрбір дала перзентінің көкірегінде мақтанышпен айтатын сөзі.
Елбасы «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық мемлекетінің нығайып көркеюі жолында жан теріңді аянбай жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа» дейді. Расында да, болашақта өз елінің қожасы да, иесі де – біз боламыз.
Ендеше, болашақ ел тұтқаларын қарсы алайық. «Жыр думанның» қонақтары Арайлым мен Сымбат. Келіңіздер, төрден орын алыңыздар.
Тіл тарихы – ел тарихы, тіл тағдыры – ел тағдыры. Себебі, еліміз бен тіліміз болашақ үшін бірнеше тарихи бұралаңдар мен шатқалдардан адаспай, сүрінбей, ақыры мақсатына жетті деп жатамыз. Сіздердің тілге деген көзқарастарыңыз қандай?
Арайлым:
«Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!» - деп қазақтың көрнекті ақыны М. Жұмабаев жырлап өткен. Осы бір өлең жолдарын оқи отырып, шынында да ұлттық тіліміз – қазақ тілінің үлкен тарихы бар екеніне көзіміз жетеді. Бабаларымыздан асыл мұра болып қалған ана тіліміздің сақталып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалу үшін қаншама тер төгіліп, қаншама еңбек етілді десеңші! Осы орайда мен сіздерге Т. Молдағалиевтің «Менің тілім өлмейді халқым тірі» өлеңін оқып берейін. Осы өлең тілге деген сүйіспеншіліктеріңізді одан сайын арттырар деп ойлаймын.
Сымбат:
Иә, ата - бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен еліміз егемендігін алып, ұрпақ тәуелсіз, тіліміз шұбарланбауы үшін қаншама қиындықтарды бастан өткерді. Қазіргі күн – біздің басымызға бақ қонған күн. Тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқы көптеген елеулі істерге қол жеткізді. Соның ішінде біз мақтанып айтатындай қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. Ендеше, осы тіліміздің болашағы бұлыңғыр болмау үшін Қазақстандық әр азамат өз үлесін қосуы керек. Мен үнемі қазақ ақын - жазушыларының тіл, Отан, тарих, салт - дәстүр жайлы жазған өлеңдері мен шығармаларын көп оқимын.
Жүргізуші:
Бүгінгі «Жыр думанға» жырдан шашу шашсаңыз, нұр үстіне нұр болар еді.
Сымбат:
Рұқсат болса, сіздерге М. Шахановтың «Төрт ана» өлеңін оқып берейін.
Жүргізуші:
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас – деп ұлы Абай атамыз таңырқап, тағзым еткен. Олай болса, сіздердің ана тіліміздің мәртебесін биікке ұшыратын сұңқары, бәйгенің алдын бермес тұлпары болуларыңызға тілектеспін!
«Дәм думан» кезеңінің қонағы Дінмұхамбетті қошеметпен қарсы алайық. Алдымен мына жағдаятқа назар аударайық.
( «Қымыз бен Кока – кола» көрінісі көрсетіледі.)
Екі оқушы дүкенге келе жатыр.
Айдын: - Сәлем, Ұлан! Қайда бара жатырсың?
Ұлан: - Мені анам базарға жұмсап еді, қымыз алуға бара жатырмын.
Айдын: - Қымыз?! Қымыз дейсің бе? Оны не қылмақсың?
Ұлан: - Не қылғаны несі, ішемін. Біз отбасымызбен қымыз сусынын жақсы көреміз.
Айдын: - Ой, Ұлан, мынадай Кока - кола сусыны тұрғанда қымызды не қыласың. Өзің ішіп көрші, сондай дәмді, әрі шөліңді тез қандырады.
Ұлан: - Айдын, сен қателесесің. Кока - кола адам денсаулығына зиян. Коланың құрамында неше түрлі химиялық қоспалар бар
Айдын: - Ей, қойшы, сен де ақылды болады да жүреді екенсің. Өзімнің Колама ешқандай сусын жетпейді.
Жүргізуші:
Ал, енді сіздің пікіріңізді тыңдап көрелік.
Дінмұхамбет: - Шынымен де қазір көп балалар «Қандай сусынды жақсы көресің?» деп сұрасаң, Кола, Пепси, Спрайт деп жауап береді. Ал Кока - коланың адам ағзасына зиян екендігін білмейді. Кока - коланың құрамындағы ортофосфор қышқылы адам ағзасындағы кальций тапшылығына әкеледі.
Ал, қымыз - ауруға ем. Қымызбен туберкулез ауруын емдеген, әрі адам ағзасына жақсы әсер етеді. Дәрумені мол. Қымыздың құрамында: А және С, Д, Е, Ғ, В 1, В 12дәрумендері бар. Жоғарыда көрсетілген «Кока – Кола» мен Қымыз сусынының пайдасы мен зиянын ажырату балалар мен ата - аналардың таңдауында.
Қазақ халқының жүз жасаған бәйтерегі Жамбыл атамыз:
Үйірілген сары алтындай сары қымыз,
Ауруға - ем, сауға – қуат, дәрі қымыз.
Елімнің баяғыдай сүйген асы,
Шығаршы тағы нең бар кәрі қымыз,- деген екен. Сондықтан өз денсаулығымызға зиян келтірмейік.
Жүргізуші: - Пікіріңізге көптен - көп рахмет. Келесі кезекте ортаға «Сән думан» қонағы Толғанайды шақырамыз.
Өнер адамның дүниетанымына, сеніміне, адамгершілік – моральдық қасиеттердің қалыптасуына, эстетикалық сезімдерінің тұрақтылығына, алдына қойған мақсатының айқындала түсуіне игілікті әсер етеді. Сол себепті де халық өз ұрпағының өнердің сан – саласынан толық мағлұматы болуын аңсап, бұған қатты көңіл бөлген. Осы пікірмен келісесіз бе?
Толғанай: - Иә. Қазақ халқы “Жігітке жетпіс өнер де аз”, “Өнер таусылмас азық, жұтылмас байлық” – деп өнерді құдіретті күш, адамның жан серігі, ертеңгі күнгі жейтін тамағы, ішетін сусыны, рухани байлығы деп бағалаған.
Қазақтың ән өнері, қолөнері, зергерлік өнері өзінің төлтума бітім қасиетімен, көркемдік мән - мағынасымен шын мәніндегі халқымыздың ғасырлар тағылымынан өткен асыл қазынасы.
Мен ұлттық ою - өрнектерге сондай қызығамын және әрбір қолөнер бұйымдарына деген ықыласым зор. Қазақтың ұлттық киімдеріне, ұлттық әшекейлеріне салынатын оюларды зерделеп, оның қандай мағына беретіндігін үнемі ойыма тоқып жүремін.
Құс мұрын оюы – ұшқан құстай ерікті, бақытты болыңдар деген тілекті білдіреді.
Омыртқа оюы – бірліктің, ынтымақтың, беріктіліктің белгісі.
Қошқармүйіз — әл – ауқатымыз жақсы, молшылықтамыз деген белгі.
Мүйіз оюдың бірнеше түрі болады. Арқар мүйіз, сыңар мүйіз, сынық мүйіз, қос мүйіз.
Құстаңдай оюы – шешендердің, ақындардың үні құстың сайрағанындай құлаққа жағымды, жан жұбатарлық деген тілекпен өнер адамдарының шапандарына кестелеп тігіледі.
( Қазақтың ұлттық киімдерін 2 бала сән үлгісін көрсетеді)
Толғанай: - Міне, қандай жарасымды. Біз ұлттық киімдерімізді тек мереке уақытында ғана кимей, басқа уақытта да ұлттық нақыштағы киімдерді неге ойлап таппасқа?!
Жүргізуші:
Шынында да, осы асыл қазынаны жоғалпай, әрі қарай дамыту біздің, болашақ жастарымыздың міндеті.
Жүргізуші:
Табиғаттың тебіренген, қуанған шағының перзенті - әнші десек, сол перзенттің иесі де, іздеушісі де халқы.«Ән көңілдің ажары десек» кәусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұңған махаббат, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағынышты да осы әннен табасыз. Думанымыздың келесі айдары «Ән думан». Ән думанның қонағы жезтаңдай әншіміз Назерке мен Дильназ.
- Назерке, қазақ халқы ән десе ішкен асын жерге қояды. Қазіргі кезде жастар жеңіл музыканы ұнатады. Сіздің бұған деген көзқарасыңыз қандай?
Назерке:
- Осы ана тіліміздің ең асқар биігі, мөлдір маржаны, қасиетті кәусары — ән.
Ән – тілдің соғып тұрған жүрегі, жүріп тұрған қаны. Қазағымның қасиетті қара домбырасымен айтылатын әндердің орны мүлдем бөлек. Мен үшін дәстүрлі әндердің шоқтығы қашанда биік.
Жүргізуші:
- Ал, Дильназ қасиетті қара домбыраны ала келген екен. Оның сыры неде?
Дильназ:
- Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Мұндай тұжырымның астарында қазақтың осынау киелі аспабын құрметтемеген, домбыра үніне елтімеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатыр. Мұндай жайтты өмірден көріп - біліп, ұшырастырып та жүрміз. Домбыраны қастерлеп әр үйдің төріне іліп қойған.
Домбырамен орындалатын күй – арқаны қоздырып, рух беретін, бірде сайын даланы шарлатса, енді бірде сағыныш лебі ескен самалдай болады.
Жүргізуші:
Нағыз қазақтығымызды танытатын керемет бір күй шертіп берсеңіз.
Дильназ:
Мен сіздерге «Тепең көк» күйін орындап берейін. Қабыл алыңыздар.
Жүргізуші: Құлақтан кіріп бойды алар
Әсем ән мен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй – деп Абай атамыз жырлағандай Назеркенің әсем әніне құлақ түрейік.
Назерке бізге «Қазақ елі» әнін шырқап берсін.
Бүгінгі кеште құнды - құнды пікірлер айтылды. Сөз соңында айтарымыз: Қасиетті төрт анамыз ешқашан ұмытылмасын, Әніміз әуелеп, күйіміз күмбірлесін, Ұлттық құндылықтарымызды аялы алақанымызда ұстайық. Еліміз - аман, жұртымыз - тыныш болсын, ардақты ағайын!

Жезқазған қаласы, №10 орта мектебі
орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Омарова Аманкуль Битурсыновна
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық

Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық

Мақсаты: Қазақ халқының мол қолөнер үлгілермен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға үйрету. Оқушыларды әсемдікті тани білуге баули...
Математика сабағында ұлттық құндылықты қолданудың маңызы

Математика сабағында ұлттық құндылықты қолданудың маңызы

Атырау облысы Атырау қаласы Жұмыскер кенті Ғани Мұратбаев атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Қанатова Талшын Ибатқызы...
Ана тілі және Ата Заң

Ана тілі және Ата Заң

Тіл - ұлттық мәдениетіміздің бір бөлігі. Тіл – табиғаттың адамға берген сыйы. Тілсіз қоғам болмақ емес. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Ұлтымыздың бүгіні...
Тілім менің-тірлігімнің тірегі

Тілім менің-тірлігімнің тірегі

Қызылорда облысы, Арал қаласы №2 Облыстық арнаулы санаториялық мектеп интернатының тәрбиешісі Қалыбаева Нұрсулу Әлижанқызы. Тақырыбы: Тілім...
Ең бірінші бақытым – тілім менің

Ең бірінші бақытым – тілім менің

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Басықара аулы, № 182 мектеп кітапханашысы Қоңырбаева Закира Абенқызы...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×