Сайтқа кіру Тіркелу

Абай әлеміне саяхат. Әсемпаз болма әрнеге…

Сабақтың тақырыбы: Абай әлеміне саяхат. Әсемпаз болма әрнеге…
Сабақтың мақсаты: Ақын Абаймен танысу, ұлы ақын Абай мұрасымен таныса отырып, Абай өлеңдері арқылы оқушыларды адамгершілікке, әдептілікке, еңбекқорлыққа, адам бойындағы асыл қасиеттерге баулу.
Дамытушылық мақсаты: Оқушылардың ойлау шеберлігін, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, сөз мағынасын түсінуге бағыттау, ой - өрісін дамыту.
Тәрбиелік мақсаты: Өнерге баулу, эстетикалық тәрбие беру, жақсы мінез - құлықты дәріптеу, асыл мінез қалыптастыру.
Сабақтың әдісі: Әңгімелеу, сұрақ - жауап, талдау, тахтамен жұмыс, ой қозғау.
Сабақтың көрнекілігі: Абайдың портреті, деректі фильм, ағаш макеті.

Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі. Оқушыларды сабақтың тақырыбы, оның мақсат-міндеттері және негізгі әдістерімен таныстыру.
Психологиялық дайындық. Балалар, бүгінгі тәрбие сабағымызды бастамас бұрын «Адамдықтың белгісі, иіліп сәлем бергені» демекші, «Сәлеметсіздер ме?» деп амандасып алайық.
Тәрбиеші: Балалар, білесіңдер ме, таңертең тұрып, көзімізді ашып, терезеге қарасақ алдымен арайлап атқан таңды, күннің нұрын көреміз. Бүгін көңіл - күйіміз осы күн сияқты керемет. Бүгінгі сабағымыз да, тақырыбымыз да ерекше. Балалар, сабаққа жақсы көңіл - күймен келдік пе? Оқушылар жауап береді.
Бүгінгі ашық тәрбие сабағымызда ұлы ақын Абай әлеміне саяхат жасаймыз, Абай атамызбен таныса отырып, Абай атамыздың айтқан адамгершілік, адамның асыл қасиеттері жайлы ой бөлісеміз.
Сыныпта Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні қойылады.

Ӏ. Кіріспе: Әңгімелеу.
а) Ұлы ақын Абаймен танысу.
Слайд арқылы Абайдың суреті көрсетіледі.
Тәрбиеші: Балалар, Абай қазақтың біртуар ұлдарының бірі, данышпан ақын, ойшыл, аудармашы, қазақ халқының болашағы, тағдыры үшін кейінгі ұрпаққа, мына сендерге асыл мұра, жақсы адам болуды өсиеттеп қалдырған ұлы ақын. Абай атамыз сендерге «әсемпаз болма әрнеге», «ақырын жүріп, анық бас», «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», «ғылым таппай мақтанба» деп сендерге қазақ халқының патриоты болсын деп мағыналы өлеңдер қалдырған.
Сенесіңдер ме, Абайды танымайтын бір де бір қазақ жоқ. Абайдың өлеңдерін бүкіл қазақ жатқа біледі, үйлеріңе барып, ата - аналарыңнан сұрап көріңдерші. Абайды бүкіл қазақ таниды. Себебі Абай атамыз «бүкіл қазақтың атасы». Абай атамыз «адам боламын десеңіз ілім, білім ізде, оқы, тоқы, әріп таны, ойнап босқа жүрме» дейді. Ендеше, балалар, жақсы адам азамат боламын десек, ұлы Абаймен танысып, оның ақындық әлеміне, оның сазгерлігіне саяхат жасап қайтайық.
ә) Абайдың дүниеге келуі (деректі фильм)
Абайдың сыныпқа келуі. Деректі фильмді көріп болған соң, сыныпқа Абай кіреді. Абай балалармен танысып, әңгімелеседі. Махамбет: Әсемпаз болма әрнеге. Мирас: Ғылым таппай мақтанба өлеңдерін айтады. Абай қонақ боп отырады.

ӀӀ. Негізгі бөлім.
а) Абай өлеңдеріндегі адамгершілік, адамның асыл қасиеттері жайлы. (слайд)
Тәрбиеші: Абай өлеңдеріндегі адамның асыл қасиеттерін және жақсы адам болу үшін адамның бойында «бес асыл іс» болу керектігін, сондай - ақ адам бес нәрседен алыс болу керектігі айтылады.
Абай атамыз сендерге «оқу үйрен, оқы, тоқы, әріп таны, ойнап босқа жүрме, кезкелген істе ақырын жүріп, анық бас, көрсеқызар, қызғаншақ болма, мейірімді бол, достарыңа көмек қолын соз» дейді. Жаңа Мирас пен Махамбет айтқандай, сендердің бойларыңда «бес асыл іс» яғни, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым. Осы жақсы адам болуға кедергі жасайтын адамның бес дұшпаны бар, яғни өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ. Осы бес жаман нәрсені бойларыңа жолатпаңдар, сендер міндетті түрде жақсы адам боласыңдар, балалар!

ә) Сұрақ - жауап. Интерактив тақтада бірнеше ақындардың суреті көрсетіледі. Оқушылар сол суреттердің ішінен Абайдың портретін көрсетеді.
Оқушыларға бірнеше сұрақтар беріледі.
1. Абайдың шын аты кім?
2. Абай қай жерде дүниеге келген?
3. Абайдың әкесінің аты кім?
4. Әжесінің аты кім?
5. Анасының аты кім?
6. Абайдың руы қандай? Оқушылар жауап береді.

б) Абай айтқан «бес асыл іс» пен «бес дұшпанды» топтастыру. (тахтамен жұмыс)
Оқушылар тақтаға шығып үстелдің үстіндегі Абай айтқан адамның жақсы, жаман қасиеттерінің ішінен «бес асыл істі» алып сары шеңбердің айналасына қыстырып шығады. Жарқыраған күні пайда болады. Бір топ оқушылар Абай айтқан «бес дұшпанды» топтастыру тапсырылады. Оқушылар тақтаға шығып, үстел үстіндегі адам қасиеттері жазылған қағаздарды тақтаға қыстырады. Тақтада қураған ағаштың суреті пайда болады.
Оқушыларға адамның жақсы қасиеттері мен жаман қасиеттері туралы түсіндіріледі.

в) Сергіту сәті. «Көңілді күн» әні.
г) Абай – сазгер. Абайды сазгерлігі туралы айтылады. Оқушылар «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындайды.
ғ) Мақал - мәтелге айналып кеткен Абай сөздері (слайд)
Ақын өлеңдеріндегі қанатты сөзге айналып кеткен қандай өлең қатарларын білесіңдер? Сұрақ қойылады. (слайд)
- Ақырын жүріп, анық бас
- Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!
- Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
- Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға.
Оқушылар жауап береді.

ӀӀӀ. Қорытынды.
Жүректен - жүрекке. Ортада тұрған екі ағашқа адамның жақсы және жаман қасиеттері туралы әртүрлі мазмұндағы суреттерді саралап, жақсы мазмұндағы суреттерді көгеріп тұрған ағашқа қыстырады. Адамның жаман қасиетіне байланысты суреттерді қураған ағашқа қыстырады.
Тәрбиеші оқушылардың тапсырманы қалай орындағанын айтып өтеді.
Тәрбиеші: Сонымен балалар, бүгін ақын, Абай атамызбен таныстық. Абай атамыз айтқан адами қасиеттерді бойымызға сіңіре алдық.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп Абайдың жас ұрпаққа, сендерге айтар ақылы да, өсиеті де көп. Ол сендерді адамгершілік жолға, адалдыққа үгіттейді. Бүгін біз, балалар, Абай әлеміне аяқ бастық. Абай әлемін түгел саяхаттап шықтық деп айта алмаймыз. Абайдың бізге қалдырған мол мұрасына келесі 7, 8, 9 сыныптарда саяхат жасаймыз.
Балалар, сендер, мына жарқыраған күн сияқты, Абай айтқандай мейірімді, сабырлы, иманды, жылы жүректі болыңдар. Бүгін тәрбие сағатымызда аз да болса, жақсылықтың нұрын, адамгершіліктің дәмін алдыңдар.
Ортаға Абай ата шығып, балалармен қоштасады.
Ал, балалар, Абай айтқандай
- Еңбекқор боламыз ба? (боламыз)
- Мейірімді боламыз ба? (боламыз)
- Білімді боламыз ба? (боламыз)
- Сабырлы боламыз ба? (боламыз)
- Әдепті боламыз ба? (боламыз)
- Өсекші боламыз ба? (болмаймыз)
- Өтірікші боламыз ба? (болмаймыз)
- Адал боламыз ба? (боламыз)
Көріскенше күн жақсы, балалар!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×