Қос қайың
1 көрініс. Сүгір, Досан және анасы. Сүгір күй шертіп отырады.
Исатай: Еске алсақ сұм сұрапыл соғыс жылын,
Жүрегін жұлып кеткен қанша мыңның.
Ұлын, ерін іздеген жоқтауменен
Тыңдау қиын аналардың зарлы мұңын.
Тай - құлындай тете өскен бір ананың,
Қос ұлы жетелеген көкке арманын
Бірі Сүгір екіншісі Досан еді,
Бұзбаған ауылының жыр қаймағын.
Түспейтін домбырасы қолдарынан
Жүрген жері қос ұлдың той мен думан
Ағайынды екеуі ән салғанда
Тыңдаған ел өнеріне таңдай қаққан.
Екеуі де ер жетіп білім қуған
Еңбегімен ауылына үлес қосқан
Екі жылдай қаладан білім алып
Ұстаз болып ауылға бірге оралған.
Кәрі белі келтірмей жаздыруға
Сүйеніш таяқ ұстап бір қолына
Аяңдап келуші еді мектепке ана
Қос құлынын көруге арасында.
Анасы: Айналайын, ақылдым Жамбыл атаңдай күйші боларсың, Құдайым сендердің қызықтарыңды көруге жазсын!
Досан: Анашым біз барда сен ондай сөзді айтпашы. (Балалары анасын құшақтайды)
2 көрініс. Досан мен Сүгір кең далаға қарап тамсанып тұрады.
Сүгір: Досан, бауырым, осындай байтақ елдің болашағы мына біздердің қолымызда. Кішкентай бауыр – қарындастарымызға әліпбиді үйретіп, Асқар таудай әке, асылдай ана, мәңгі ыстық Отан ұғымын түсіндіреміз. Керемет емес пе?!
Сүгір: Өмір маған құшағын жайса дәйім,
Жарқылдатып жүремін найзағайын.
Майыспаймын қашан да елім үшін,
Махамбеттер ұстаған найзадайын.
Туған жердің мәңгілік жыр - әнін де,
Жаттап өскем жасымнан, жүрегімде.
Ақ арманым,
Қуатым,
Бар бақытым,
Сен өзіңсің, Ұлы Отан,
Тірегім де.
Досан: Өсірді бізді анашым тұмсықтыға шоқтырмай,
Жалғыздықты жолдас қып, әке орнын толтырды - ай.
Қиындыққа төтеп берген қара шашың ақ шалды - ау,
Ана сенің жүрегің кең, мейірімің зор қандай!
3 көрініс. Құстар сайрап артынан дүмпуілдердің дауысы шығады. Юрий Левитан радиодан соғыс басталғанын хабарлайды. Досан мен Сүгірдің анасы жүгіріп шығып балаларын құшақтайды. Қорқыныш пен үрей.
Іңкәр: Ер азамат аттанды Отан үшін
Басуға қас дұшпанның қорқау күшін
Перрон басы қоштасу, жылау, сықтау
Аттандырып бірі ерін, бірі ұлын.
Ақ жол тілеп тапсырып бір аллаға,
Қос ұлын аттандырып қан майданға
Көздің жасын сығымдап ана да тұр Сүйеніп кәрі досы таяғына.
Мектепке де салынды қара құлып
«Соғыс бітсе» ойдағы жалғыз үміт.
Отан үшін ұлы еңбек майданына
Жас та, кәрі кірісті білек түріп.
4 көрініс. Перрондағы қоштасу.
1 солдат Бекарыс: Біз жеңіспен ораламыз. Хат жазып тұрам. Жазған хаттарымды балапандарыма оқып отыр. (Құшақтасып қоштасады.)
2 солдат Ерасыл: Жүргенімде қуанышпен қамданып,
Керек - жарақ заттарымды қолға алып,
Жиырма екінші саратанда қырық бірдің
Батыстан дауыл соқты долданып.
Таң алдында сағат бесті соққанда
Жынды неміс сылтау тапты жоқтан да,
Тұтқиылдан тыныш жатқан самарқау
Шекараға келіп салды ойранды.
Осы хабар уақытында алынды,
«Соғысқа!» - деп сонда дабыл қағылды,
Қуанышты жас жүректі суытып,
Баса қалды лапылдаған жалынды.
3 солдат Іңкәр: Қатық құйып ішкен күнім зереңге,
Елім, сені енді қайтып көрем бе?!
Қайғыменен, жетімдікпен өсіп ем,
Қызықты күн енді көрмей өлем бе?!
Отаныма берген бірақ антым бар,
Деді бізге: «Ал, соғысқа тартындар!»
Ұлы Отанды қорғаңыздар, аянбай,
Арттарыңда сізге сенген халқың ба
Досан мен Сүгірде поезға отырды. Анасы қол бұлғап қала берді.
Анасы: Қос құлыным, жайқалған қос қайыңым,
Аман жүрші, сендерсіңдер бар уайымым.
Қос мүшемді жұлып алды - ау мына соғыс...
Сендер үшін жан беруге мен дайынмын.
5 көрініс.
Командир: Сап түзел! Жауынгерлер сендер ақыр демдерің қалғанша Отан үшін күресуге даярсыңдар ма?
Солдаттар: Дәл солай, жолдас командир!
Командир: кез келген ұрысқа дайын болыңдар! Алға сарбаздарым.
Әділ: Соғыс деген немене? Тек қана апат қырғын ба?
Арман, тілек, ақыл - ойды апаратын құрдымға
Соғыс деген аққан соры ақсүйектің, құлдың да
Соғыс деген төккен ары, қыздың және ұлдың да
Диана: Соғыс деген, сотқарлардың қолындағы найзасы
Қолданады, долданады таусылғанда айласы
Соғыс деген, зұлымдардың айнасы
Соғыс деген біреулердің шығыны да,
Біреулердің пайдасы........
Нұрай: Бүгін тарих - жыр әсем
Қара шаштар қар шалған.
Соғыс жайын сұра сен
Мың өлімді қарсы алған
Солдаттар мен маршалдан!
Айдос: Соғыс жайын сұра сен
Махаббаттан ерте өлген,
Жанған бір кез аспаннан,
Ормандардан өртенген,
Жараланған тастардан!
Бекарыс: Соғыс жайын сұра сен,
Азынаған желдерден,
Қан боп жүзген көлдерден,
Көп адамды құшақтап
Жатқан сонау дөңдерден!
Айпара: Соғыс жайын сұра сен
Бітпей қалған жырлардан,
Жағылмаған шамдардан,
Шашылмаған нұрлардан,
Атпай қалған таңдардан!
Диана: Соғыс жайын сұра сен
Отамалы оттардан
Жайпап өткен жер үстін,
Соңғы атылған оқтардан
6 көрініс. Солдаттар орман ішінде от жағып отырады. Дөңгелене отырған солдаттар. Жандарына жараланып қалған қатардағы жауынгер Гриша келіп отырады.
Гриша: Құлайын деп бара жатам құлдырап,
Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап,
Сол кезде бір ән естимін жақыннан,
Аққан бұлақ секілденген сылдырап.
Сөндім - ау деп, өлдім - ау деп ышқынып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып,
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,
Сүгір жаралы солдатқа: Халің қалай Гриша, тәуірмісің?
Жаралы солдат: Қойшы, Сүгір шыбын шаққанға да адам өле ме екен?!
Бәрі күледі.
Солдаттардың бірі: Әй, қалжақбас!
Гриша: (Досанға қарап): Сен немене поэма жазып отырсың ба?
Досан жымиып қана: Анамызға хат жазып......
7 көрініс. Анасы шамның жанында хат оқып отырады.
Амансыз ба, анашым! Қалыңыз қалай? Ауырып қалған жоқсыз ба? Бізді уайымдамаңыз. Бізде бәрі жақсы. Тек сізді сағынғанымыз болмаса… Шашыңыздан иіскеп, маңдайыңыздан сүйгім келеді.... Біздің ротада әр түрлі ұлттың жауынгерлері бар. Мен Отан үшін соғысқа аттандым ғой. Сізді жалғыз қалдырып кеткеніміз үшін кешіріңіз. Соғыс...... мұндайды ешкім де тілемеген. Біз жеңіспен ораламыз» Тірі күнімізде туған жеріміздің бір уыс топырағын да жауға бере қоймаспыз. Анашым, Аман болыңыз!
Диана: Ауыл тегіс майданнан хат күтетін
Хат, хабар жалғайтындай бар үмітін
Қара қағаз алған үй азан - қазан
Ауыл болып қайғысын бөлісетін
Қос құлыным келер деп аман - есен
Жеті күлше таратып күнде көрсең
Келген хатты оқытып қайта - қайта
Ана да жүр көрем деп бәрін елмен.
Бүршік жарған қайыңның қос шыбығын
Мектептің ауласына әкеп бір күн
Отырғызды өссін деп зәулім болып
«шаршағанда ұлдарым сая қылсын».
Анасы: (күрекке сүйеніп тұрады): Қос құлынымның маңдайларынан иіскеп, құшағыма басар күнге жеткізе көр я Аллам.
Сүгір: Досан, бауырым бізді ертең үлкен ұрыс күтіп тұр. Егерде мен.......(Досан ағасының қолынан ұстай алады.)
Досан: Олай деме, екеуіміз де аман - есен жеңіспен ауылға ораламыз.
8 көрініс: Окоптағы солдаттар.
Сүгір: Дүрбіні берші,..... Әп бәлем 5 - 6 ауы бір жерге тығылып алыпты. Қазір мен сендерді...(Минаны лақтырмақ болады)... жақынырақ баруым керек.
Сүгір окоптан шығып жауға жақындамақ болады.
Досан: Қайда барасың Сүгір?
Сүгір минаны лақтырып жауды жарып жібереді де өз – өзіне: Жарайсың солдат!
Қайта бұрылып окопқа оралмақ болғанда, оқ тиіп жатып қалады.
Досан: Ағатай, Сүгір.... аға.... аға (окоптан шығып жерді бауырлап ағасына қарай кетеді)
Командир: Жау жақындап келеді. Шықпа. Қатардағы жауынгер Қасенов,.. саған айтып тұрмын.
Досан ағасын киімінен тартып окопқа әкелмек болады.
Сүгір: Досан, бауырым, Отаным саған аманат...... анамыз саған аманат...
Досан: Аға, аға.... ағатайым....... анашым!
Орнынан түре келе.... Алға. аааа..... Алғааа.... Урааа
Фашистердің кеудесіне қадалған оғына қарамастан жерге тізерлеп жүріп келеді... шалқасынан құлайды. Аспанға қарап жатады.
9 көрініс. Анасы жүрегін ұстай алып қайың жанында үнсіз отырады.(ақырындап көзін жұмады)
Исатай: Қос ұлын сағынумен аңсауменен
Ана да мәңгілікке өтті өмірден
Ізінен жоқтатпайтын ұрпақ емес
Қос қайың қалды зәулім көк тіреген.
Көз жасымен суарған қос қайыңы
Ананың қос ұлына махаббаты
70 жыл жеңіс туы желбіреді.
«Енді соғыс болмасын» ел тілегі
Кешегі Отан үшін болған шайқас
Қанша ананың жүрегін тілгіледі. («О, аналар» әні.)
Аружан: Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Ербол: Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды.
Батысқа қарап елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
Көтерді бәрін ауырдың,
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Ақерке: Кетерде солдат жарының,
Ішінде қалған ана жыл.
«Көкемді айтпай танырмын», -
Деп бір сәби бала жүр.
Қайрылмай қалай кетесің,
Хабарсыз қалай ол тоқтар?
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Нұрай: Көңілдей тұнық көк аспан,
Бақыты жанған әр үйдің.
Күлкісі балғын жарасқан,
Ұйқысы тыныш сәбидің.
Әлі де туған жер үстін,
Кезіп жүр ағаш балдақтар.
Әкеден қалған жеңістің,
Сақтаңдар туын, солдаттар.
Үн қосып жайсаң өмірге,
Бұлбұлдар бақта ән салса да.
Жазылмай жүрген көңілде,
Жара бар әлі қаншама.
Исатай: Мен соғысқа бармадым, мен соғысты көрмедім
Бірақ көрдім, солдаттың үйіне кеп өлгенін
Құмарлана құша алмай сағынышын жеңгемнің
Құлағанын үйге кеп, өз көзіммен көргенмін
Нұрай: Мен соғысқа бармадым, мен соғыста болмадым
Жүрді бірақ майданда мен жіберген қолғабым
Көрдік бірақ құрбы қыз толмай жатып солғанын
Жібіткенін көргенмін, әлдекімнің тондарын
Айдос А: Жанап өтті балалық, бала болып өспедік
Күңіренген жерлерден намыс, ыза гүлі өсті
Көрдік, су боп аққанын аға - апай қандарын
Аналардың көз - жасын, әке - аға өлімін
Көрдік қызыл аспанды, көрдік жетім өмірін.
Исатай: Жауыздар жасағанда қастандығын,
Бейбіт елге бір зұлмат басталды күн.
Сұм фашистің тарихтан білеміз ғой,
Қырық бірде соғысты ашқандығын.
Және біздер білеміз қырық бесте
Бас сауғалап олардың қашқандығын.
Жаулап алам деп келіп,
Бабамыздың
Жеңе алмаған рухының асқарлығын.
Отан үшін от кешкен батырлардың,
Ерліктері өшпейтін дастан бүгін.
Даңқтарын олардың тілеймін мен,
Ғасырлардан ғасырға асқандығын.
Байқап тұрсаң сол жылдар келісті кім?
Қазанынан қайғының ел ішті мұң.
Жарылған бомбалардың әсерінен,
Сорпасы қайнап жатты жер үстінің.
Батыс жақтан бір қауіп төніп келді,
Тарылтам деп Кеңестің кеңістігін.
Ақырында бабалар Берлинді алып,
Біржолата құлатты неміс туын.
Есепсіз ерліктердің арқасында,
Тойлап жүрміз біз бүгін ЖЕҢІС КҮНІН.
Сұм соғыстан аман сау қалған ерлер,
Отан үшін отқа да жанған ерлер,
Бәріңіз де біздерге қымбатсыздар,
Құрметті де қадірлі ардагерлер!!!
Айдос А: Армысыңдар, ағалар, от кешкендер!
Ақ тәндерін боршалап оқ тескендер.
Армысыңдар, ағалар, ардагерлер!
Ар сыналған жылдарда от кешкендер.
От кештіңдер, қып - қызыл шоқ кештіңдер!
Аяр жаумен аянбай өштестіңдер.
Көзін жоймай гитлершіл жендеттердің.
Беттен қайту, бел шешу жоқ дестіңдер.
Ер өлімін көрдіңдер достарыңнан,
Қайтардыңдар қанды кек қастарыңнан.
Куә оған бұл күнде протез қол,
Қақпақсыз ми бүлкілдер бастарыңнан.
Бастарыңнан айналдық, қолдарыңнан,
Айлар тусын әманда оңдарыңнан,
Қара орманды халқыңның ортасынан
Төрлетуге сендерге жол жарылған.
Сендер бізге қашан да үлгісіңдер,
Тым алысты көрсетер дүрбісіңдер.
Адамзатқа жақсылық әкелуде
Жапырақты, саялы, бүрлісіңдер.
Тұлғаларың әрқашан биік тұрар,
Батыр деген бір сөзге сыйып тұрар.
Ізгіліктің, ерліктің, қайсарлықтың
Өсиетін шүмектеп құйып тұрар.
Кеуделерің, біздерге кең сарайдай,
Мейірменен қарайды бір тараймай.
Сендер жайлы толғансам оралардай
Ойы отты жол, ұшқынды сөз алаудай.
Әділ: Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Ардагерлер азайып барасыңдар.
Қастерлейді халқымыз қаһарманын,
Жүр есінде сан жарық, сапарларың.
Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер,
Қалды - ау сиреп бұл күнде қатарларың.
Іңкәр: Ежелден халықтар бостандық қалайды,
Ертеңгі күніне үмітпен қарайды.
Сондықтан әлемді аралап,
Тыныштық ұраны тарайды.
Тыныштық тулары биікке самғасын,
Тыныштық ұраны қиырды шарласын.
Жетім боп ана мен балалар,
Ойран боп от басы қалмасын.
Қара бұлт тағы да аспанды торлады,
Самсады қарайып зеңбірек орманы.
Жол берме соғысқа, адамзат,
Сен ғана тыныштық қорғаны.
Сапқа тұр, ақ ниет адамдар,
Кел, қосыл бейбітшіл шеруге,
Тыныштық жауларын жеңуге.
Азамат: Елге қауіп төнбесін,
Егестен адам өлмесін!
Есен – аман болайық,
Енді соғыс болмасын!
Өртенбесін туған ел!
Шайқалмасын асқар бел!
Шайқалмасын шалқар көл!
Жасасын Жеңіс!
Бақытты елім күле бер!
Тәуелсіз болып болашағына жүре бер!
Болмасын соғыс!
Болмасын соғыс!
Болмасын!
Осы тілекпен барша халайық түрегел!
Оқушылардың орындауында «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген»
"Қос қайың"
- gulmirash
- 6 желтоқсан 2015
- 4903
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Қос қайың атты сценарий, соғыс зардабы жайлы
Ұқсас жаңалықтар:
Соғыстан қайтқан солдаттар
Жаутаңдап қарап дала тұр, Көз жасын сүртіп жаңа бір. Хабарсыз ұлын сұрауға Жолыңды тосып ана жүр....Жеңіс күніне арналған өлеңдер
Ұлы жеңістің 79 жылдық мерекесі жақын қалды. Осыған орай мектептерде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бұл өлеңдер сол кезде қажет боп қалар деп ойлаймын...Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран
Атырау облысы, Атырау қаласы, М. Отаралиев атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалім Жуманалиева Шынар...Өткенін білмеу – болашаққа қиянат
Алматы облысы, Көксу ауданы, Мұқыры ауылы, Жапсарбаев атындағы орта мектептің химия - биология пәндерінің мұғалімдері Наурызбаева Гульназ Чапетқызы...Бейбіт күн жасасын әлемде (9 мамыр жеңіс күніне)
Мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, Отанын сүюге, оны қорғауға баулу. Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, оларға патриоттық тәрбие бере отырып, өз...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.