Сайтқа кіру Тіркелу

Есенжанов Хамза Ихсанұлы

Есенжанов Хамза Ихсанұлы
Дүниеге келгені: 1908
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы
Қайтыс болғаны: 1974 Алматы
Мансабы: жазушы
Есенжанов Хамза Ихсанұлы (25.12.1908, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы — 5.12.1974, Алматы) — жазушы.
Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын (1928), Алматы мемлекеттік университетін (бұрынғы ҚазПИ) бітірген (1933),
Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік өнертану институтының аспирантурасында оқыған (1934 — 1936). Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы (1932 — 1933), КСРО ҒА-ның Қазақ филиалында әдебиет пен фольклор секторының меңгерушісі (1936 — 1937) қызметтерін атқарған.
1937 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясының, кейін Қазақ опера және балет театрының директоры қызметін атқара жүріп, ҚазПИ-де орыс әдебиеті тарихынан сабақ береді.
20 ғасырдың 30-жылдары республикалық басылымдарда “Үлеңтінің жағасында”, “Қызыл құмақ”, “Күшке — күш” сияқты әңгімелері мен “Жер шарында” атты пьесасы жарияланды.
1938 жылы жалған саяси айып тағылып, 20 жылға жуық уақыт сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын тартты. Елге оралған соң, 1956 жылдан өнімді шығармалық еңбек жолын бастады.

Шығармашылығы
Жазушының басты шығармасы — “Ақ Жайық” трилогиясы (1-кіт., 1957; 2-кіт., 1959; 3-кіт., 1965) Батыс Қазақстандағы тұтас бір кезеңнің оқиғаларына арналған. Автор отарлық езгіден қиналған халық бостандығы мен бақыты үшін күрескен ерлердің жиынтық бейнелерін (Хакім, Әлібек, Әділбек, Мүнариа, Шолпан, Нұрым) жасаумен қатар, нақты тарихта болған адамдардың (Дмитриев, Әйтиев, Қаратаев, Белан, т.б.) өмір жолын шебер суреттеді. 1963 жылы трилогияның заңды жалғасы болып табылатын “Көп жыл өткен соң”, ал 1970 жылы “Ағайынды Жүнісовтер” романдарын жазды. Соңғы екі кітапта жаңа өмір құрған елдің сан қырлы тұрмыс-тіршілігі мен әділет үшін күресі, адамның азамат ретінде қалыптасуы бейнеленген. “Ақ Жайық” трилогиясы мен “Көп жыл өткен соң” роман-дилогиясы 5 кітаптан тұратын тұтас эпопея іспетті. Есенжанов өмірінің соңғы жылдары “Қарт қазақ”, “Жайын ілерде”, “Жар”, т.б. әңгіме, очерк, әдеби-сын мақалалар жазды. 1978 — 1981 жылдары жазушының 6 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Есенжанов — М.Шолоховтың “Тынық Дон” романының 1-және 4-кітаптарын, И.С. Тургеневтің “Рудин”, И.П. Шуховтың “Үшпенділік” романдарын, А.С. Пушкиннің “Дубровский” повесін, т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар бастауыш, орта мектептер үшін оқулықтар жазды. Қазақстан Мемлекеттік сыйлық лауреаты (1967).

Есенжанов Хамза Ихсанұлы
Есенжанов Хамза Ихсанұлы (1908-1974) – жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербор) Мемлекеттік өнертану институтының аспирантурасын бітірген. 1932-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы әдебиет пен фольклор секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1937 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясының, кейін Қазақ опера және балет театрының директоры қызметін атқара жүріп, Қазақ педагогикалық институтында орыс әдебиеті тарихынан сабақ берді. 20-шы ғасырдың 30-шы жылдары республикалық басылымдарда қаламгердің «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл құмақ», «Күшке ? күш» сияқты әңгімелері мен «Жер шарында» атты пьесасы жарияланды. 1938 жылы жалған саяси айып тағылып, 20 жылға жуық уақыт сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын тартты. Елге оралған соң, 1956 жылдан өнімді шығармашылық еңбек жолын бастады. Жазушының басты шығармасы ? «Ақ Жайық» трилогиясы. Бұл үлкен еңбекте жазушы Батыс Қазақстан өңіріндегі революциялық қозғалысты, Кеңес өкіметінің қалай орнағанын суреттейді. Жазушының ұзақ жылдар бойғы еңбегі кезінде әдеби ортада лайықты бағасын алды. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов трилогияға «Еуропа үлгісінде жазылған тұңғыш шығарма» деп баға берді. Автор отарлық езгіден қиналған халық бостандығы мен бақыты үшін күрескен ерлердің жиынтық бейнелерін (Хакім, Әлібек, Әділбек, Шолпан, Нұрым) жасаумен қатар, нақты тарихта болған адамдардың (Дмитриев, Әйтиев, Қаратаев, Белан, т.б.) өмір жолын шебер суреттеді. 1963 жылы трилогияның заңды жалғасы болып табылатын «Көп жыл өткен соң», ал 1970 жылы «Ағайынды Жүнісовтер» романдарын жазды. Соңғы екі кітапта жаңа өмір құрған елдің сан қырлы тұрмыс-тіршілігі мен әділет үшін күресі, адамның азамат ретінде қалыптасуы бейнеленген. «Ақ Жайық» трилогиясы мен «Көп жыл өткен соң» роман-дилогиясы 5 кітаптан тұратын тұтас эпопея іспетті. Жазушы өмірінің соңғы жылдары «Қарт қазақ», «Жайын ілерде», «Жар», т.б. әңгіме, очерк, әдеби-сын мақалалар жазды. 1978-1981 жылдары жазушының 6 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Жазушы көркем аударма саласында да өнімді еңбек етіп, М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының 1-ші және 4-ші кітаптарын, И.Тургеневтің «Рудин», И. Шуховтың «Өшпенділік» романдарын, А.Пушкиннің «Дубровский» повесін, т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар бастауыш, орта мектептер үшін оқулықтар жазды. Ақын Сағат Әбдуғалиевтің «Хамза Есенжанов» атты өлеңінде зұлмат жылдардың құрбаны болған қаламгердің тартқан азабы, көрген қиындығы, сатқындардың құнсыз тірлігі баяндалған. Орал қаласындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына қаламгердің есімі берілген. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том

Әдебиетiмiздiң тарихында өзiндiк орны бар белгiлi қаламгер Хамза Ықсанұлы Есенжанов қазақ халқына талай тың дүниелер сыйлады. «Ақ Жайық» трилогиясы кезiнде оқырманды елең еткiзген кесек туынды болатын. Ол қандай тақырыпта жазса да оқырманын бей-жай қалдырған емес. Төменде ақын Әбу Сәрсенбаевтың 1979 жылы қаламгер iнiсiнiң 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жазған мақаласын стилiн сақтай отырып оқырман назарына арнайы ұсынып отырмыз. Мақаланы редакцияға әкелiп тапсырған Әбекеңнiң жары — Райхан жеңгей. Әбу СӘрсенбаевЖалпы қазақ әдебиетiн, оның iшiнде романдар саласын әңгiмелер болсақ, Мұхаң, Сә-бең, Ғабең, Ғабиден бастаған әулеттi шоғырдан кейiн есiм-дерiн атамай өтуге болмайтын тағы да бiр топ әдебиет жұлдыздары бар. Бұлар бозбалалық шақтарынан бастап-ақ сонау әулеттi шоғырларды саялай, солардан үйрене жүрiп, балапан прозамыздың iргесiн қаласуға септiгiн тигiзген Саттар Ерубаев, Ғабдол Сланов, Зейiн Шашкин, Хамза Есенжанов топтары. Әрине, бiрден жетiлiп кетпеген-ақ шығар. Әйтеуiр қанатымен су сепкен қарлығаш болғандары хақ. Осылардың арасынан Зейiн Шашкин әдебиеттiң қасиеттi ордасына бет түзеген алғашқы адымдарын сонау 1927 жылдан бастаса да, өз тiлектерiнен тыс ұзақ мерзiм үзiлiс жасауға мәжбүр болды. Сөйтiп әдебиетке қайта оралар сапарларын елуiншi жылдардан бастаған бұл екi қаламгер өкiнiштi жылдардың есебiн қайтармақ болғандай ерен қимыл жасады. Шабыттары да қайту теңiздiң жаңадан тасуы iспеттес ақ толқын өрiп, дарын арнасын кемерледi. Бөгелiп қалған бұлақ көзiнiң мұндай күштi серпiн жасауы табиғи заңдылық та шығар-ау. Әйтеуiр осы бiр қос дарын аз ғана мерзiм iшiнде оқырмандар сезiмiн ұйытып аларлық шебер де, өнiктi де жазып, ортадан оза көрiнiс бердi. «Тоқаш Бокин», «Доктор Дарқанов», төрт кiтап-тан тұратын «Ақ жайық» романдары қазақ совет прозасын шырайландыра да, шоқтықтандыра да түстi.Бүгiнгi сөз — жасы жетпiсте, сонау 1928 жылғы тұңғыш әңгiмелерiнен бастасақ қаламгерлiк сапарына жарты ғасыр толған, көпсалалы тарихи романдардың авторы Хамза Есенжанов төңiрегiнде ғана болса керек едi ғой.

Алайда дараламай, өскен ортасымен алған дұрыс шығар. Жаңылмасам, Хамза Есенжановты ең алғаш 1930 жылдары қазақ ғылымының қара шаңырағы Абай институтының әдебиет балапандарын аялайтын қасиеттi кең залында кездестiрсек керек. Бұл тұста үлкенде де, кiшiде де бәрiн бiлсем, бәрiне де үлгерсем деген қанағатсыз бiр ұмтылыс болатын-ды. Жаза ма, жоқ па бәрiбiр, әйтеуiр бiр жақсы лебiз тыңдауға құштарланғандар Абай институтының кең залындағы жиындардан қалмауға тырысар едi. Осындай кеңестердiң бiрiне «Еңбекшiқазақ» газетi редакциясынан Ғали Орманов, Әбдiрахман Мусин, Ғабдол Сланов төртеуiмiз бара қалдық. Әбдiрахман қысылып-қымтырылуды бiлмейтiн, ашық-жарқын адам болатын. Бiздi қолтықтап барып, шеттеу тұрған бiр топ жас жiгiттермен таныстырды. «Менiң ағаларым…» Қiл бiр таза киiнген сындарлы сұлу жiгiттер кiшiлiк iзет бiлдiрiп, қолдарын ұсынды. Шалғайдағы қалыңқы ауылдан таяуда келген қысылшаң кезiм, аты-жөнiмдi өзiме де естiлер-естiлмес ерiн ұшымен ғана күбiрлеп ұяң сәлемдестiм. Шүйiркелесiп те үлгерген жоқ едiк, екiншi есiктен шалқақтай адымдап шыққан шағын бойлы, жалтыр шеке қара жiгiт сәл қарлығыңқы жарқыншақ дауыспен, тiстене ашу бiлдiрдi: «Әй, Хамза, Тайыр, Мұқаметжан, Сағыр, қашанғы күтемiз…» Өзгелерi бiрден кiлт бұрылды да, кермеге қоярдай сындарлы сұлу, талдырмаш жiгiт менiң Әбдiрахман iнiмнен қолын босатып ала алмай, сәл кiдiрiп қалған едi. Ашулы қара тағы да дауыс көтердi. «Әй, қураған, мына бiреу кiм өзi? Бөгеме анау кербездi. Сұлудың бәрi қыз емес…» Оң қолын ендi ғана босатып алған сындарлы жiгiт бұрыла берiп биязы ғана жымиды. «Ағатай-ай, тентексiң-ау…» Алдыңғылардың бiрi жалт бұрылып, көзiне түскен кекiлiн желкесiне қаға тастап, жұлып алғандай шекесiнен қарады да, сындарлы жiгiттi асықтырды. «Пай, шандозым-ай, сұлудай сыланбай болсаңшы. - Мынау қара бақсы түтеп тұр… Бiздер түгiл төбемiздегi мықтының өзiн түтуге дайын…» Кербез басын шұлғып, арқаға қақты. «Әй, ақиығым-ай, кiл бiр осылай сөйлейсiң-ау…»Толық танысып үлгiрмеген алғашқы дидарласуымыз осылай аяқталған едi. Бұдан кейiн сол жiгiттердi үнемi институт манында, театр залында, Жазушылар одағында көретiн болдым. Кейде дуылдаса келiсiп «Еңбекшiқазақ» редакциясына да кiрiп шығады. Мүмкiн ретi де солай келетiн-дi, тiптi топтарын жазбайтын. Бұлардың бiрiн-бiрi әзiлмен қағытатын жарасымды мiнездерiне, шынайы достық-тұтастығына, бiр сөзден-ақ аңғарылып тұратын бiлiмдарлығына сүйсiне қарар едiк.

Қазақ астанасында келешегiнен үмiт күттiретiн осындай бiр шоғыр әулет өсiп келе жатты: «Әуелбек Қоңыратбаев, Сағыр Қамалов, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Қажым Жұмалиев, Белгiбай Шалабаев, Зейiн Шашкин, Әбдiлдә Тәжiбаев, Есмағамбет Исмайылов, тағы өзгелер — бiрiн-бiрi толықтырып, бiрiмен бiрi жарасым тауып тұратын. Осы балаң дарындардың iшiндегi дене сымбаттысы да, бет пiшiннен көрiктiсi де Хамза болатын. Бұның сөйлеген сөзiнде де, ақырын жымиған әдемi күлкiсiнде де бiр табиғи биязылық жатар едi. Қүлген кезде бетiне ойнап шыққан жұқалаң қызғылт реңнен iшкi жан сұлулығы аңғарылатын-ды. 1936 жыл. Мен қазақ мемлекеттiк баспасына ауыстым. Ол кезде бүкiл әдебиет, бүкiл оқулық осында шоғырланған болатын. Бiр күнi профессор Құдайберген Жұбанов бес-алты жасты ертiп баспа директоры Киселевтың кабинетiне кiрдi. Солардың iшiнде Хамза мен Есмағамбет бар едi. Директор Сабыржан Үкенов екеуiмiздi шақыртты. Профессор бiздермен бас изеп амандасты да, әңгiмесiн жалғастырды. Әңгiме келешектiң жүгiн көтерер өте бiлiмдi жас әулеттер төңiрегiнде екен. Болашақ осылардiкi дей келiп, Мұхаметжанның, Әлiбектiң, Қажымның, Есмағамбеттiң, Хамзаның есiмдерiн мақтанышпен атады. Хамза Гольдонидiң «Екi мырзаға бiр қызметкерiн», Тургеневтiң «Рудинiн» аударып жүргенi әңгiмелендi. Құдайберген ағай есiмiн атаған сайын Хамза соншама ыңғайсызданып отырды. Кешiкпей профессор ұсынған жас бiлiмдарларға әдебиет оқулықтары тапсырылды.Профессор қателеспесе керек. Сол күз бұл жас дарындар әрқайсысы әр тұстан шаң көрсетiп, үмiттi қауымды қуанышқа бөледi. Хамза мен Мұхаметжан оқулықтарын сәттi аяқтап, кезектi әдеби-ғылыми жұмыстарына кiрiстi. Қажым, Есмағамбет әдебиет теориясымен шұғылданды. Сағыр Қамалов «Ер Тарғын» опереттасымен жарқ ете қалды. Бұл опера сахнаның «Қыз Жiбектен» соңғы белесi едi. Жас дарын шоғырларының осы сәттегi жүрекжарды қуаныштары сiздiң кiрпiктерiңiзге де мақтаныш моншақтарын сабақтар едi. Олар халық әндерiнiң басын шебер құрастырып, орын-орнына пайдалана бiлген композитор еңбегiн бағалай тұрса да, либеретто авторын тiптi биiк құрметтесе керек. Ол кезде ауыр қоңжиып қалған денелi Сағырды қолдарына көтерiп бара жатты. Мүмкiн тiптi маған солай көрiнген шығар-ақ.Мiне, жас дарындар шоғырының араларындағы достық осындай кiршiксiз болатын. Мен бұларды бiрiнсiз бiрi тыныстай алмастай сезiнер едiм.…Соғыстан кейiнгi жылдар әдебиетiмiздiң ортасы толып, шексiз бiр шалқыған тұстары болды. Қаламгерлердiң бiрi майданнан, бiрi өзге сапардан оралды. Талайлары-ақ көңiл дәптерiне жазылған күрделi шығармалармен келiптi. Солардың бiрi Хамза Есенжанов болатын. Бiрақ та алып-қашпа асаулығы жоқ, биязы адам көнiл дәптерiнде жазылған тарихи романдарды қағазға кешiрiп болғанға дейiн ешкiмге жар салған жоқ. Шұқылай жүрiп, «Тынық Донның» аудармасына қатысты. Мүмкiн осының өзi де ұлы жазушының тақырыптас шығармасынан үйрену жолдары болар.

Тайыр Жароков пен Хамза Есенжанов шығармаларының өлке тарихындағы іздері
Бүгінгі орта, заман, қоғам бір басқа, бірақ біздің әрқашан өзіміздің түп тарихымызды, тамырымызды, ұлттық құндылықтарымыздың бастауын, сонымен қатар оларды сақтауға, дамытуға зор үлес қосқан аға буын өкілдерін ұмытпауымыз керек екендігі - бұл ешбір дау туғызбайтын аксиома. Осы бағытта өткен тарихымыз бен қазіргі кезімізді екшелеп, материалдық және рухани байлығымызды жинақтап, зерделеп, келесі ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, олардың тарихи танымдары мен эстетикалық талғамдарының қалыптасуларында музей мекемесінің алатын орны ерекше екендігі хақ. Қазақ рухани әлеміне небір өнер мен әдебиет дүлдүлдерін сыйлаған киелі Ақ Жайық өңірінің, қасиетті Нарын құмының қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Хамза Есенжанов пен Тайыр Жароковтың өмірі мен шығармашылықтарында ерекше орын алатыны сөзсіз. Мәдениетті – қоғамның өмір сүруінің қозғаушы күші деп санайтын біздің музей мекемесі өмірбаяндары облыс тарихымен бірге өрілген саңлақ ақын – жазушылардың өмір және шығармашылық жолдарына қатысты жәдігерлерді жиыстыруды өздерінің басты міндеттерінің бірегейі санайды. Өйткені ақынды, жазушыны тану арқылы біз рух және руханияттың тылсым сырына үңілмекпіз. Олардың тілі–бір ұлттікі болғанымен, жазғандары, көкейдегілері – адамзаттікі. Кейінгі буын өкілдерінің адамзаттық биікке шығуларында, одан үйренулерінде осы арыстарымыздың өмір жолдарын бейнелейтін жәдігерлер сәл де болса себеп болса, бұл музей орындарының көкірегі ояу азаматты тәрбиелеуге қосқан тамшыдай болса да үлесі деп білеміз. Осы жерде қазақтың талантты ақын ұлдарының бірі, бұл өмірден ерте баз кешкен, отыз алты жыл ғұмыр жасаған (1948-1984) Сағат Әбдуғалиевтің “Хамза Есенжанов” атты өлеңіндегі зұлмат жылдардың құрбаны болған қаламгердің бұралаңға толы өмір соқпақтарын айта келе, “Жампоздарды жаратқанда нар етіп, Жасық итке тумысынан тар етік” “Ақ қарындай өзің басқан Сібірдің, Шашыңыз да ерте кетті ағарып” “Залалы ащы зауалдардың зәуінде, Аға сені отырамын үлгі етіп” деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Бұған біздің облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақтаулы тұрған жәдігерлер, тарихи-танымдық құжаттар куә бола алады. Облыстық мәдениет басқармасының ұсынысымен музей қызметкерлері түйірлеп болса да, Хамза Есенжанов пен Тайыр Жароков туралы мағлұматтар жиып, мұражайға жәдігерлер жинаумен айналысуда. Айта кетуіміз керек, бүгінгі таңда музей қорында жинақталған асыл ағаларымыздан қалған көз - жәдігерлер бұл тек биылғы жылдың ғана еншісінде емес. Ардақты жандарға қатысты, олардың өмір кезеңдері мен шығармашылық жолдарын бейнелейтін, оларға куә болатын жәдігерлерді облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына жиыстыру өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастау алады.

Сонау 1977,1978 жылдары ақын Тайыр Жароковтың жары Мунира апамыз тапсырған : Жазу үстелі құралдары Мрамордан жасалған сия сауытғ Ақынның Сувенир қаламы, Кестелі тақиясы, Барқыт шапаны, Ақынның таңдамалы шығармалар жинақтары, Ақынның үні жазылған граммпластинкалар сынды заттары, Сол кездегі жергілікті фотографтардан алынған Орал қаласына Тайыр Жароковтың 70 жылдық салтанатына келген кездегі ақын жанұясының фотосуреттері негізінде; 1974 жылы Хамза Есенжановтың музей қорына өз қолымен тапсырған Автобиографиялық анықтама «Ақ Жайық» кітабы Фотолары негізінде Жазушының ұлы Алихан Есенжановтың 1998 жылы тапсырған Хамзакеңнің костюмы, қаракөл қалпақтары сынды жеке заттары негізінде асыл ағаларымыздың біздің музейдегі жәдігерлері қорының іргетастары қаланды. Биылғы жыл Хамза Есенжанов пен Тайыр Жароковтың қорларын толықтыруда жемісті жыл болды. Облыстық мәдениет басқармасының тікелей тапсырмасына сай қос қаламгердің 100 жылдық мерейтойлары қарсаңында олардың қорларын толықтыру мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына ағаларымыздан қалған баға жетпес мұраларды әкеле алуға қол жеткіздік. Ең басты жетістігіміз Хамза Есенжановтың жұмыс кабинеті мен жеке кітапханасы және біздің биыл қол жеткізген Сағынғали Сейітовтың жеке қоры арасынан шыққан Тайыр Жароков туралы заңғар замандастарының машинкаға басылған естелік жазбалары (машинопись) бүгінгі күні біздің баға жетпес жаухарларымызға айналды. Бұлардан басқа жазушы ағаларымыздың, олардың отбасы мүшелерінің өмірлерінің әрбір кезеңдерін бейнелейтін жеке мүліктері, ресми құжаттары, алған кәдесый-сияпаттары да біздің музей тұлғасында мемлекет қарауына алынды. Осы жәдігерлердің бір бөлігін құрайтын киімдер тобына (Хамза Есенжановтың қаракөл қалпағы, макинтошы, София апамыздың жеке бұйымдары, Тайыр Жароковтың кестеленген тақиясы) қарап отырып, қаламгерлердің өздерінің және олардың жұбайларының өз кездерінде киім кию мәнеріне тектілікпен зор мән бергендіктері байқалады. Биыл әкелінген жәдігерлер арасындағы еріксіз өзіне назарын аударатын заттардың бірі-бұл Софья апаның ұлы Әлиханға өз қолымен тіккен күртешесі. Бұл заттың ерекшелігі -киім Сібірде түрме адамдары киетін материалдан тігілгендігінде. Кіп-кішкене ғана бұйым. Ал қанша сырды өзіне бүгіп жатыр десеңші!! «Сандуғаштың сайрау үшін, сұңқардың самғау үшін жаратылатыны сияқты, Тайыр поэзия үшін туған адам еді», - деп, ақын Тайыр Жароковтың өлеңмен өрнектелген шығармашылығына әділ баға берген Сағынғали Сейітовтің әулетінен биыл музей қорына ақынның да жеке қоры алынды.

Осы жеке қор екшеленіп, зерделену кезеңінде құжаттар арасынан Сағынғали Сейітов жинақтаған Тайыр Жароков туралы заңғар замандастарының машинкаға басылған естелік жазбаларының (машинопись) жинағы табылды. Бұл жазбалар баспа өнімі болып шықпаған, оқырман қауымға беймәлім дүниелер. Яғни авторлар Алексей Брагин Друг мой Тайр Дихан Әбілев Жайсаң жан, жалын ақын Әбу Сәрсенбаев Аңызды адам Мұхаметжан Қаратаев Тайырмен тізе қосқан шақтар Әди Шәріпов Адамгершілігіне ақындығына сай еді Тұманбай Молдағалиев Жан еді ау жайсаң сол ақын атты естелік жазбаларын топастырып, жинақ қылып шығару алдағы күннің міндеті деп білеміз. Жинақтарда авторлардың түзетулер жасаған жазбалары, қолған қолдары сол күйінде тұр. Қазіргі таңда деректемелердің барлығы тиянақты зерттеліп, олардың мұражайға экспозиция ретінде орын алуына мүмкіндік жасалуда. Мұражай қызметкерлерінің тынымсыз еңбектері арқасында қазақ әдебиетінің қос қаламгерінің бізге беймәлім немесе оның өміріндегі көлеңке қалған тұстарын бейнелейтін нақты артедеректер зерделеніп, оның бүгінгі ұрпақпен қауышуына мүмкіндік туды. Айта кетерлік бір жайт, қаламгерлердің киімдері, заттары мен құжаттарын ұқыпты жинап, аялап, осы күнге жеткізе білген, олардың ұрпақтарының, яғни бүгінгі Есенжановтар мен Жароковтардың еңбектері ерекше мәнге ие. Сөзіміздің дәлелі, Хамза Есенжанов 1920-1927 жылдары Жымпитыда жетіжылдық мектепте оқығаны бәрімізге мәлім. Сол кезеңнің тамшысындай ғана дерегі бала Хамзаның «Мектеп оқушысы билетінің» билет школьника біздің қолымызға тиюі. Бұл жәдігерлер музей қонақтарына, зерттеушілерге әдебиет алыптарының аяулы шын мәніндегі бейнесін бізге жақын әрі түсінікті етіп көрсетуде мол септігін тигізбек. Хамза Есенжанов әулетінен алынған 390 экспонаттың ішіндегі жазушыға ол өте жақын қарым-қатынаста болған академик Қажым Жұмалиевтың өткен ғасырдың 60 жылы сыйға тартқан домбырасы да өз алдына бір әңгіме. Ғасырдың қос перзенттеріне арналған музей экспозициясы олардың туған жерлерін бейнелеу материалдарынан бастау алып, олардың өмірі мен шығармашылығы жайлы сыр шертететін бірегей фотосуреттер, кітапханалары, қалың қауымға онша белгілі емес құжаттар, мұрағаттық материалдардың фотокөшірмесі, және олардың отбасыларының жеке заттары, алған сый сияпаттары секілді заттар мен олардың шығармаларындағы кейіпкерлердің прототиптері туралы мол экспонаттарды қамтиды. Мұражайдағы қаламгерлердің алған жоғары үкіметтік наградалары – бұл тарихи құндылық және антиквариат болып саналады. Олардың әрбір тұтынған заттары бұл ғажап адамдардың сұлу да көркем, мағыналы өмірінен хабар береді. Күзгі, қысқы пальтолары, макинтош, плащтары, қолға ұстар өрнектелген таяқтары мен шапан, тақиялары – барлығы да, құдды бір кеше шешіп қойғандай ұқыпты күйінде жинаулы. Осы бір мерейтойға орай музей қызметкерлерінің күшімен Тайыр Жароковқа арналған «Замана жыршысы», Хамза Есенжановқа арналған «Ғасыр перзенті» атты шағын кітапшалар жарық көрді.

Ендігі біздің алдымызда білім ордаларымен бірлесіп, халқымыздың ардақты ұлдары Тайыр мен Хамзаның өмірі мен шығармашылығы жайлы кейінгі буын оқушылар мен студенттер жастар арасында үлкен насихат сабақтарын жүргізу міндеті тұр. Қазақта “айтпасаң білмейді...” деп келетін аталы сөз бар. Сол айтқандай, барымызды жарқыратып басқаларға көрсету жағы, терең тамырлы ел екенімізді насихаттау мәселесі – бұл нәзік те күрделі мәселе деп қарастырғанымыз жөн. Ел болмақ осы асыл ағаларымыздан қалған жәдігерлерге тіреліп тұр ма екен? Мәселе – сонда. Елдік – ұлы ерліктен басталатын ірі істерден де көрінеді. Елдік – тарихтың бір бекетіндегі кіші істерден де көрінеді. Оның үстіне бұл жәдігерлер– бұйым ретінде кішкене ғана зат болуына қарамастан, тарих үшін де болашақ үшінде үлкен іс деп білеміз. Әдебиет тарихшысы, қазақта алғаш Орхон тастарын сөйлеткен түрколог, ұстаз Мырзатай Жолдасбеков экранға шығып, “Сүйінші! Абылай ханның қамқа тоны табылды!”-деп көз жанарында баға жеткісіз байлыққа кенелген жанның оты ұшқындап сөйлегенде, әрине, көп кісі Мырзекеңнің қуанышын өз дәрежесінде түсіне қоймауы да әбден мүмкін. Есесіне жәдігерлік жайын жақсы білетін әрбір азамат Мырзекеңмен бірге қуанарына күмән жоқ.

Ендеше ғылым мен білім дамыған осы заманда біздің қазақтың аяулы азаматтарының қолдарының табы қалған әрбір жәдігер заттарды күндердің бір күнінде қастер тұтылмай, тартылар өнегеге айналмай ізім-қайым жоғалады-ау деп ойламай, қазірден бастап жиыстыра беруіміздің мәні зор болмақ. Ендеше, Музей ісі – өнер мен ғылым буданынан туатын, қызметкерінен ізгілік пен кісіліктің алты атасын талап ететін өте нәзік әрі күрделі іс деп қабалдағанымыз жөн. ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСУЫМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ -“МӘДЕНИ МҰРА” мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жасалған осы бір кішкене ғана ісіміз көкірегі ояу көзі ашық азаматты тәрбиелеуде тамшыдай болса да үлесін тигізсе біз мақсатымызға жете алдық-ау деп ойлауға мүмкіндік бергендей.

БҚО, Теректі ауданы, Приречный ЖОББМ,
ІІ санатты информатика пәні мұғалімі
Айшуаков Мерлан Адилович

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Абай жолы романы туралы

Абай жолы романы туралы

Әуезов өзінің роман - эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энцик. деңгейде жан - жақты ашып көрсеткен. Қазақтың дана ұлы...
Фариза Оңғарсынова туралы слайд

Фариза Оңғарсынова туралы слайд

«Әулиекөл ауданы әкімдігінің білім бөлімінің №2 Аманқарағай орта мектебі» ММ Дайындаған мектеп кітапханашысы: Бесенова Алтын Аубакировна...
Орал қаласының мұражайларына саяхат

Орал қаласының мұражайларына саяхат

Сабақтың мақсаты: Орал қаласында орналасқан мұражайлар туралы түсінікті қалыптастыру. Міндеті: Білімділік: Сөздер мен сөз тіркестерінің мәнін ұғуға...
Әдеби кеш

Әдеби кеш

Бұл сыныптан тыс жұмысым Ғабит Мүсіреповтың 110 жылдығына арналған. Балаларға өмір белестерінен аз ғана болса үзінді көрсету Солтүстік Қазақстан...
І.Жансүгіровтың Құлагер поэмасы (реферат)

І.Жансүгіровтың Құлагер поэмасы (реферат)

Қысқаша өмірбаяны Қарағаш ауылында жәдитше бастауыш мектепті бітіреді. Болашақ ақынның бұдан соңғы біраз уақыты ауылда өтеді. 1919 жылы. Ташкенттегі...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×