Өзiн - өзi тану сабағының жоспары
Мұғалім: Қожакеева Г. Ә.
Сабақтың тақырыбы: « Аялай біл, сен деп соққан жүректі»
Құндылық: « Сүйіспеншілік»
Қасиеттері: Мейірімділік, Жақсылық, Қамқорлық
Сабақтың мақсаты: Оқушылардың бойына жақын адамдарына деген құрметін сүйіспеншілік арқылы ұғындыру.
Сабақтың міндеттері:
Білімділік: Оқушыларға мейірімділік, жақсылық, қамқорлық қасиеттері туралы түсінік беру
Дамытушылық: Оқушылардың мейірімділік, қамқорлық таныту, жақсы істер жасай білу іскерліктерін дамыту.
Тәрбиелеу: Оқушыларды мейірімділікпен жақсылық жасауға, қамқор болуға тәрбиелеу. Ресурстар: оқулық, дәптер, ватман, маркер, ән мәтіні
Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасып, оларды түгелдеу, көңіл - күйлерін сұрау.
5 Т – ережесі «Тәртіп, талап, тыныштық, тазалық, татулық»
Балалар ережені есімізге түсіріп, сыныптың тәртібін сақтап, оқып - білуге талаптанып, тыныштықты орнатып, тазалықты сақтап, бүгінгі күнімізді татулықпен өткізейік.
Тыныштық сәтi. Нұрға бөлену Әуен
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ - қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек — қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте - бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан - жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан - жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір — түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады.
Рахмет.
Оқушылар өз әсерлерімен бөліседі.
2. Үй тапсырмасын тексеру.
Оқулықтың 65 - бетіндегі Р. Ақдемірдің «Ана махаббаты» атты мәтінді үйден оқу және өз ұсыныстарын жинақтап, осы әңгімедегі ерекше естеріңде қалған, риясыз сүйіспеншіліктің көріністерін суретке салып келу тапсырылады. (Оқушылардың үйден салып келген суреттерін талқылау).
Сұрақтар:
- Балалардың саяхаттан бас тартуларының себебін қалай түсіндірер едіңдер?
- Отбасындағы жарасымдылықтың сыры неде?
- Осы мәтіннен риясыз сүйіспеншілік қалай көрініс тапты?
- Ананың махаббаты риясыз сүйіспеншілікке жата ма?
3. Дәйексөз:
«Адамның жақсысы - адамға сүйіспеншілікпен қарағандар»
Абай Құнанбаев
- Абай Құнанбаев атамызды есімізге түсірейікші, оның қандай шығармаларын білесіңдер?
- Қандай адамдар жақсы адамдар?
- Сүйіспеншілікпен қарау деген нені білдіреді?
- Риясыз сүйіспеншілік дегенді қалай түсінесіңдер?
Дәйексөзді оқушыларға бір – екі рет қайталатып, жатқа айтқызып, дәптерге көшіріп жазғызамыз.
4. Оқиғаларды әңгімелеу. (Сұхбат)
«Ана махаббаты» аңыз әңгіме
Бір күні балалары бір келісімге келе алмай анасына келіп сұрақ қояды:
- Анашым, сіз біздердің қайсысымызды ерекше қатты жақсы көресіз?
Анасы үндеместен, шырақты жағып былай дейді:
- Мынау - шырақ, ол — мен!
Оның жалыны - менің сендерге деген сүйіспеншілігім. Осыдан кейін анасы тағы бір шырақты алып, өз шырағы арқылы жақты.
— Бұл менің - тұңғышым, оған мен өз жылуым мен сүйіспеншілігімді бердім. Қараңдаршы, екінші шырақты жағуыммен менің жылуым, сүйіспеншілігім азайды ма?
— Жоқ!
- Менің шырағымның жалыны бір қалыпты.
Сонымен анасы қанша баласы бар сонша шырақ жақты. Шырақтың жалыны көбейіп, одан сайын көп жылу берді…
Аналарың сендерді үнемі сүйіспеншілікке бөлейді, ал сендерде аналарыңды үнемі риясыз сүйіспеншілікке бөлеңдер!
Сұрақтар:
1. Балалар не себепті келісімге келе алмады?
2. Ана өз сүйіспеншілігін қалай білдірді?
3. Риясыз сүйіспеншіліктің мәні неде?
5. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.
Оқушылар 3 - топқа бөлінеді.
1 - топ «Ана» тақырыбына арналған өлеңді толықтыру керек.
Аялай біл, сен деп соққан жүректі,
………………… таси берсін, дәулетің.
Айналамда нәзік жанды ……………,
…………….. бір - бірінен көмекті.
Ауырмашы мәңгі соқсын ………..,
………….. қанша рет өтті түндерің
Сүрінгенде күш беріп …………….,
Қалайша сен барда мен қартаямын?
Аялай біл, сен деп соққан жүректі,
Әрқашанда таси берсін, дәулетің.
Айналамда нәзік жанды адамдар,
Аямайды бір - бірінен көмекті.
Ауырмашы мәңгі соқсын жүрегің,
Ұйқысыз қанша рет өтті түндерің
Сүрінгенде күш беріп аяладың,
Қалайша сен барда мен қартаямын?
2 - топ Тірек сөздер беріледі сол сөздерді пайдаланып «Ана - өмірдің — гүлі, тіршілік басы» шағын эссе жазу.
Тірек сөздер:
Аяулы, ардақты, алақаны, ақ сүті, мейірімді, қымбат, мәпелеген, әлдилеген, кең пейіл, қамқор, күн шуағы, нұр шашады.
3 - топ «Ананың мейірімі» тақырыбында сахналап көрсету.
6. Топпен ән айту.
Ана туралы жыр. Сөзі: Ғ. Қайырбековтікі
Әні: Ш. Қалдаяқовтікі
Әлемнің жарығын сыйладың сен маған
Даланың әр гүлін жинадың сен маған
Сен бердің құстардың қанатын самғаған
Балалық қоштарың өзіңе арнаған
Қайырмасы:
Әлдилеп, аялап өсірген жемісің
Самал жел саябақ құшағың мен үшін
Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін
Көңіліңді көктемдей көзіңнен танимын
Өтеуге борышын анашым жан сырым
Іздедім сен үшін әлемнің асылын
Әлемнің байлығын сыйлар ем кеш мені
Сыйлар ем ай - күнін қолыма түспеді
Қайырмасы:
Ете көр қанағат, әзірге берерім
Балалық махаббат, балалық жүрегім
Бол риза анашым, қолдағы осы бар
Өзіңе арнаған әнімді қосып ал
7. Үй тапсырмасы.
№ 16 - сабақ: Мәтінмен жұмыс. С. Байжановтың «Адамды сүйе біл» әңгімесін оқып келу.
Дәптермен жұмыс. «Өздеріңнің жақындарыңды қалай қуантар едіңдер?» ойтолғау жазып келу.
Сабақтың соңғы тыныштық сәтi.
Қорытынды:
Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан - жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл Ананың құшағында мейір алып жүрген біз – алтын Ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейікші!
Бүгінгі керемет сабақ үшін сіздерге көп рахмет!
Баяу музыка қосылады. Көзімізді жұмып, тыныштықта бүгінгі сабақты есімізге түсірейік. Енді, бүгінгі өткен сабағымыздан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық сол жөнінде ойланайық. Осының барлығын жүрегімізге салып, көкейімізге түйіп алайық. Жайлап, көздеріңізді ашуға болады.
Аялай біл, сен деп соққан жүректі
- Гүлназ
- 7 қараша 2015
- 7256
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Аялай біл, сен деп соққан жүректі, өзін өзі тану сабағынан сабақ жоспары
Ұқсас жаңалықтар:
Өзіңмен үйлесімді өмір сүру
Өз – өзімен үйлесімді өмір сүру туралы түсініктерін кеңейту. Оқушыларға үйлесімді өмір сүру туралы түсінік беру;...Ойнай білу де - өнер
- шыдамдылық, сабырлық, ақылдылық адами қасиеттердің өмірдегі маңыздылығын түсіндіру - жағымды қарым - қатынас жасау іскерліктерін дамыту -...Ақылды тыңдай білу де өнер
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, №19 мектептің өзін - өзі тану мұғалімі Тілеубаева Алтын Ысқаққызы...Аялай біл сен деп соққан жүректі
Тайпақ мектеп - гимназиясы Мұғалiм: Батырова Г. Н....Аялай біл, сен деп соққан жүректі
Құндылық: Сүйіспеншілік Қасиеттері: Мейірімділік, аялау, адамгершілік қасиеттерді жете түсіну Мақсаты: Жаныңда жүрген жақын адамдарды ( отбасы...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.