Сырлы үй сегіз қанат қоса тіккен,
Жинапты қазынаны биік жүктен.
Ең арты кесе, аяқ та алтын-күміс,
Таңғалдым: мұнша байлық қалай біткен!
Бір келген жолаушыға қиыр шеттен,
Көрсетіп қазынасын мақтан еткен.
Жиналған бір орынға топас күшпен —
Момынның жасы шығар сығып төккен.
Байлыққа азулылар күшпен жеткен,
Аямай байлық үшін арын төккен.
Кедейдің маңдай тері, табан ақы,
Бақ емес, қыдыр емес дарып біткен.
Құралған ондай байлық арам дерттен
Бейнетсіз рахат болып түскен тектен.
Әлсіздің адал малын тартып алып,
Дейді екен: «құдай бізге нәсіп еткең».
Не үшін кім берді екен шенді шекпен,
Қандайлық қызметі үшін халыққа еткен?
Еңбегін момын елдің күшпен талап,
У үшін алған шығар елге сепкен.
Байлық пен дүниені қылғаң мақтан,
Сол үшін падишаға елді сатқан.
Бар байлығы жинаған көздің жасы,
Еңбекпен бір малы жоқ терлеп тапқан.
Кемдік жоқ онда енді мал мен бақтан,
Толықсып төрт құбыла шалқып жатқан.
Неғұрлы бақ пен дәулет артқан сайын,
Соғұрлы уландыра елді шаққан,
Сары жез — ит қарғысын шен деп таққан,
Ел сатқан, пара берген — сөйтіп жаққан.
Қозғалып дүлей дауыл топандатса,
Болмассың жаққа құрлы қалқып аққан.
* * *
Қызы бар жалғыз үйде жеке жатқан,
Он сомдық ылғи алтын шолпы таққан.
Білімсіз көп наданның бірі бұ да,
Несі артық бояп қойған қуыршақтан?
Қыздық да күтушісі бір талай жан,
Көркі жоқ көрген кісі қалатын таң.
Күтінген күнге тимей бояма бет,
Тәкаппар, доғал сөзді, мінезі паң.
Сол қыздан басқа ұл жоқ тұқым болар,
Ие жоқ бақ-дәулетін ұстап тұрар.
Десе де қанша балам — қыз-жолаушы,
Қашан кетер, кім білсін, қайда қонар.
Ерке қыз неше жылдай бай таңдады,
Омбы, Семей арасын сайқалдады.
Көңіл сүйіп кездескен кейбір жастар,
Азулы атасына айта алмады.
«Аламын, құшамын» деп қызыққан көп,
Шал өлсе малына ие болалық деп.
Мал менен жасау болса болды оларға,
Білім менен саналы ой неге керек!
Сол қызға өткен жылы Асыл келді,
Қазақтан «зор оқыған» масыл келді.
«Бүкіл қазақ тағдыры өз қолымда»,—
Деп еді, қыз да көніп басын берді.
Қыз қандай, жігіт қандай теңін тапқан,
Дәріптеп қалың елге қылған мақтан.
Бұлардың бар жұмысы — түске дейін
Ақ үйде құшақтасып ұйықтап жатқан.
Бесінде ұйқы қанып тұрар зорға.
Таранып, күнде жаңа киер торқа.
Қолынан іс боп өнер еш нәрсе жоқ,
Сөзбенен барлық тағдыр осы қолда.
Бұл-дағы бір масыл ғой кедей сорға,
Тек қана байлар үшін жайлы жорға.
Құлқынның құлы болып ардан безген,
«Халқым» деген басшының ісі сол ма?!
Сондайлық «зор» күйеуге қолын артып,
Қақпас шал мақтанады тасып-шалқып.
Сорпаға шығарлары солар болса,
Мен оны құяр едім итке қалқып.
Қос үй
- ramuk_b
- 23 қазан 2018
- 969
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Қос үй өлеңі, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдері
Ұқсас жаңалықтар:
Байлық, кедейлік туралы мақал-мәтелдер
Байлық не керек, Адалдан жимасаң. Билік неге керек, Әділдік құрмасаң!...Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ашуың – ашыған у, ойың – кермек. Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық, Кім көңілді көтеріп, болады ермек?...Епті тышқан бидайды таси берген
Епті тышқан бидайды таси берген, Шәкірті де көп екен қасына ерген. Қақпан құрған адамның айлаларын Алып тастап, жем жеген талай жерден....Қызы бар жалғыз үйде жеке жатқан
Қызы бар жалғыз үйде жеке жатқан, Он сомдық ылғи алтын шолпы таққан. Білімсіз көп наданның бірі бұ да, Несі артық бояп койған қуыршақтан?...Байлық туралы мақал мәтелдер
Бай баласы балпаң, Жарлы баласы — жалтаң. Мал байдікі, Жан құдайдікі....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.