Сайтқа кіру Тіркелу

Туған ел, отан туралы өлеңдер топтамасы

Отан туралы

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен...

Мұқағали Мақатаев

Туған еліме

Үміт қып менен қарайсың,
Көңіліңе медеу санайсың.
Балалыққа жарасам,
Аталыққа жарайсың.
Қайтейін, елім, қимаймын,
Қия алмай жанды қинаймын.
Қимай қалсам, ішіңде
Тағы тыншып сыймаймын.
Алты қырдан ассам да,
Сөздеріңді сыйлаймын,
Тек қалауым сіздерден:
«Серіктікті» милаймын.
Сіздерге әкеп шашуға,
Ілім, білім жинаймын.
Келді хатың мен шаршап
Отырғанда дамығып,
Хабарыңа бек аңсап
Сүзіліп көңілім талығып.
Сөзіңнен көріп өзіңді,
Құшақтай алдым қамығып.
Кім сүртті сонда көзімді,
Қамықпайын не ғылып?
Сөйлесіп гүлдей жайнады,
Булыққан көңілім тарығып.
Қапалы лебізің айдады,
Гүл самалға малынып.
Хатың болып бір айна,
Қарай қалдым аңырап.
Баяғы Махмұт жоқ, қайда?
Өзімді қаппын жаңылып.
Сарғайған түсі өзгерген,
Шаң басып, кеуіп қақырық.
«Кімсің?» - дейді кез келген,
Достына жалғыз танылып.
Айнадан көріп бұл түсті,
Кете жаздым жарылып.
Қуат бітті бір күшті
Жеңілерлік тағдыр жаңылып.
Мысал етіп бұл жөнге,
Көрсетейін мынаны:
Қуаты күш вулкандар
Сөнгендей біраз тұрады.
Өлусіреп, әлсіреп,
Түтіні кейде шығады,
Булыққан сайын қуатты
Бойына жиып нығады.
Ал, қуатпен атылды,
Кім қарсылық қылады?
Бетін жапқан тау - тастар,
Быт - шыт болып сынады.

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Менің елім

Көкірегімнің үміті мен тілегі
Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі.
Күн астында көк төбелер түледі —
Менің елім, менің елім — гүл елі!

Айтпағым бір ағыл - тегіл сыр еді —
Шежіреңе ол өлең болып кіреді.
Мендегі өнер сен деп өмір сүреді
Менің елім, менің елім — жыр елі!

Қанат қомдап таң атқанда шығыстан
Торғайым бар қыраныңмен бір ұшқан.
Жүрегім бар жүрегіңмен ұғысқан,
Менің елім, менің елім — гүлстан!


Салқындап саясында самал - көлдің,
бұла өскен баяғыдан балаң менмін.
Сіміре саумалыңды, бұл жолы да,
Сабылып, сағымды өлке, саған келдім.

Тағы да топырағыңда жаңарды ізім,
Сен десем бал - бұл жайнап жанар жүзім.
Бір пейіл,
бір ықылас — қолда бары,
әкелген базарлығым — сол болады.
... Тікенге балтырымды талатып ем,

ал қазір дала барқыт, дала — кілем.
Кетіп ем сол даладан шыбық мініп,
Оралдым бір талаптың қанатымен.
Сырым бар тереңімде көрінбеген,
жырым бар шебер қолмен өрілмеген.
Әйтеуір біреуімін көп балаңның
өзінді елім деген, жерім деген!

Жұмекен Нәжімеденов

Қазақ жерлері

Мың жеті жүз отыз бір сәнасында,
Біз кірдік Руссияның фанасына.
һүнерсіз бостығымыз көрінген соң,
Қызықбас кім қазақтың баласына?
Жылында мың сегіз жүз алпыс сегіз
Қазналық, деді, жердің һәммәсін да.
Таралып жылдан жылға жер - суымыз
Мұжықтың кетті бәрі қаласына.
Қадірдан халық билеген ақсақалдар,
Бұл іске фәһім назар саласың ба?
Темірді қызуында соқпай қалып,
Нәсіліңнің көз жасына қаласың ба?
Кір жуып, кіндік кескен хайран жерлер,
Мұжыққа, хош аман бол, барасың да.
Қасиетті бабамыздың зияраты,
Қалдың ғой көшесінің арасында.
Моншаға зияраттың тасын алып,
Ағашын отқа мұжық жағасың да:
Таба алмай бір барғанда еш белгісін,
Көзден жас көлдей болып ағасың да.
Шалқар көл, аққан бұлақ, жайлы қоныс
Орман - тоғай кетті ғой ағашың да.
Ойласам мұның бәрін хиялы боп,
Хафадан ішім оттай жанасың да.
Әуелде жерімізбен кіріп едік,
Тұрмақта ғаділдіктің саясында.
Айрылсаң қалған жерден осы күнгі
Топыраққа малды қазақ бағасың да.
Адасты ғақылынан қара халық
Білгіштер өзің хайлә табасың да.
Қазағым, жерің қайда ата мекен,
Қазақ қазақ болғалы мекен еткен.
Хазірде бәріңізді қуып шығып,
Орныңа қала салып хахол жеткен.
Шығарған жер өлшеуге землемерлері
Қала үшін кеткен бізден жақсы жерлер.


Тәтті су, тұщы судың бәрі сонда,
Табатын бұған хайлә қайда ерлер?
Зеңгір тау, аққан бұлақ шалқар көлдер,
Кетті ғой бетегелі биік белдер.
Қысқарып жер кеткен соң өрісіміз,
Қалды ғой жатақ болып хайран елдер.
Ащы су бізге қалды шөл далалар
Жақсы жер қалдырмады егін салар.
Қалайша тау мен тасқа баға алады
Қоралы қой, қосты жылқы байларда бар.
Мінекей келді мұжық көшкен бұлттай
Қазақтың қояр емес жерін құртпай.
Келді де егін салып байып кетті,
Жалқау ма бұлар тәңірі - ай біздің жұрттай.
Көрдің ғой бұл уақытта тарылғанын,
Алынбас илтифатқа жалынғаның.
Он бестен кісі басы десятина
Жер берсе сонда қазақ нешік хәлің?

Міржақып Дулатұлы

Туған елім

Менде сөйлер сөз болса –
Өзің берген сөзің ғой!
Менде көрер көз болса –
Өзің берген көзің ғой!

Шаттық құшқан шеруде,
Күйді өтерген өзің ғой!
Қиындықты жеңуге
Үйреткен де өзің ғой!

Толқығанда сезім – ой,
Әппақ арым, тілегім.
Туған елім өзің ғой –
Арқа сүйер тірегім!

Туған елім, өзіңнің,
Жазираңды кездірдің.
Жайма – шуақ кезімнің,
Рахатын сездірдің!

Туған елім – гүл елім,
Қасиетіңді білемін.
Өзіңе деп жүремін –
Лүпілдеген жүрегім!

Бәкір Тәжібаев

Жан дала – жәннат дала

Өзіңсің, Қазақстан, ән, арманым да,
Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.
Бір нәрсе жетпейді деу қате болар
Өзіңдей ұлан байтақ далам барында.
Гүл дала – Қазақстаным.

Сен үшін бар сөздіктен сөз таңдайын көп,
Сен барда басылмайды жез таңдайымда от.
Мен сенен кете алмаспын, амалсыздан
Бір кетсем, оралармын бозторғайың боп.
Ән дала – Қазақстаным.

Сен барда ғажап шебер, ғажап ұстамын,
Түсінем өзендердің саз ағыстарын.
Қалай ақын болмайын, мен түгілі
Ұшады көгіңе жыр жаза құстарың.
Қырандар қанатында даңқы кеткен,
Дән дала – Қазақстаным.

Сен менің шұғылаға толған даламсың,
Жасампазым, сан асу жолдарды аларсың.
Бабамның көздерінің қарашығы ең,
Баламның бақытына да қорған боларсың.
Жан дала – Қазақстаным.

Керемет өріледі гүл өңірде өлең,
Кезің қандай өрік пен шие гүлдеген.
Жүрегіме сыйғызып бар бейнеңді,
Қалсам деп ем өзіңнің жүрегіңде мен.
Кең дала – Қазақстаным.

Керегі жоқ даңқ дейтін маған сөренің,
Жетер біраз есіңде қала алса өлеңім.
Халқым маған сенеді әлсіз демей,
Үйткені мен, туған жер, саған сенемін.
Жасай бер, Қазақстаным.

Күләш Ахметова
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×