Сабақтың тақырыбы: «Өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары»
Қауіпсіздік ережелері: Өрт шыққанда не істеу керек?
Тілсіз келіп, тұтқиылдан тап беретін жаулардың бірі - өрт. Соңғы кезде еліміздің бірқатар өңірлерінде жиі өрт шығып, қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан жарақат алып, қайтыс болғандар да бар. Соңғысы Астана қаласындағы жеке секторда шағын үйде өрт шығып, 5 бүлдіршініміз көз жұмған еді. Осыған байланысты «Білімділер порталы» редакциясы өрт кезіндегі қауіпсіздік ережелерін ұсынады.
Өрт шыққанын білгенде…
Өрттің ауқымы кішкентай болса, крандағы сумен, болмаса қалың дымқыл матамен өшіруге тырысыңыз;
Өрт ауқымды болса, 101 нөміріне хабарласып, өрт шыққан мекен - жайды, ненің қалай жанып жатқанын айтыңыз. Өзіңіздің атыңыз бен нөміріңізді де беріңіз. Ол өрт сөндірушілерді күтіп алып, өрт ошағына жедел апаруға керек. “Менен де басқалар хабарласқан шығар” деп отыруға болмайды;
Ғимараттағы барлық тоқ көздерін ажыратып, газ құбырларын жабыңыз;
Егер өрт көп қабатты ғимараттың төменгі қабатында шықса, ғимараттың жоғарғы қабатына немесе төбесіне шығып, көмек күту керек;
Далаға шығу жолдарында от болмаса, тез арада ғимаратты тастап шығыңыз;
Өрт шыққан аумақтан өту үшін синтетикалық киімдерді шешіп, орнына жүн немесе мақтадан тігілген киім кию керек. Киімдерді сулап, басыңызға ішік, жейде, орамал сынды қалың дымқыл жамылғы жабыңыз. Дәл осылай мұрныңыз бен ауызыңызды да жабу керек. Ол түтіннен уланып қалудың алдын алады;
Есіктерді қатты жабыңыз. Себебі от оттегі келіп, жел соққан сайын өрши түседі;
Түтіннің арасынан еңкейіп, тізерлеп немесе бүк түсіп өту керек;
Пәтерден шықпас бұрын есіктің ар жағында оттың бар - жоғын тексеріңіз. Ол үшін есікке жақын барып, оның тұтқасы сияқты металды жерлерін ұстап көріңіз. Ол ыстық болса, есікті ашпаңыз. Керісінше, есіктің саңылауларын дымқыл матамен бітеп тастаңыз. Есіктің бер жағына су шашыңыз;
Ауыз - мұрныңызды дымқыл матамен жауып, пәтердегі барлық адамдарды балконға алып шығыңыз. Балкон болмаған жағдайда, терезені ашып, сырттағыларға белгі беріңіз. Олардың сізді естігеніне сенімді болсаңыз, барлық адамдарды алып, жуыну бөлмесіне кіріп, есігін ішінен мықтап жабыңыз. Ол жерде суды ағызып, үстілеріңіздегі барлық киімді сулау керек. Сол жерде көмек күтіңіз;
Өрт шатырда немесе жертөледе шықса, өрт сөндірушілерді шақырып, олар келгенше өрт шыққан аумаққа апаратын есік - терезелерді, люктарды жауып тастау керек;
Өрт шыққан үйден адамдарды эвакуациялау кезінде балалардың төсектің астына, сөрелер мен қуыстарға тығылып қалатынын естен шығармаңыз.
Не істеуге болмайды?
Киіміңізге от тигенде жүрмеңіз. Ол оттың одан сайын өршуіне әкеледі. Одан да киімді шешуге тырысу керек, болмаса еденге жатып аунау керек. Егер жаныңыздағы адамның киімі жанып жатса, оны өшіру үшін үстіне дымқыл мата жабыңыз;
Терезелерді ашып, түтінді шығаруға болмайды. Таза ауа отты өршітеді;
Лифтті қолданбаңыз. Өрт кезінде электр тоқтары өшірілетін болғандықтан, лифт кез келген жерде тоқтап қалуы мүмкін;
Қорқынышқа бой алдырып, жоғарғы қабаттан секіруге болмайды.
Зардап шеккендерге алғашқы көмек
103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақырыңыз;
Күйік алған адамдардың үстіндегі киімін шешуге болмайды. Күйген жеріндегі киімін қиып, теріге жабысқан күйі қалдыру керек. Күйікті спирттелген немесе марганец ерітіндісіне батырылған матамен жабады;
Өте үлкен күйікке шалдыққан адамды үлкен матаға немесе төсек жаймасына орап, ыстық сусын беріп, жылылау керек;
Түтінге уланған адамды таза ауаға алып шығу қажет.
Өрттің алдын алу үшін:
Үйде темекі шекпеңіз. Толық сөндірілгеніне көзіңіз жетпей терезеден лақтырмаңыз;
Тамақ істеп жатқанда газ плитасын қараусыз қалдырмаңыз;
Электр тогы мен газ құбырларын үнемі тексеріңіз. Қандай да бір ақау барын байқасыңыз, бірден арнайы мамандарға хабарласыңыз;
Өртке арналған сатылар мен төтенше жағдайда шығатын есіктерді жаппаңыз;
Өрт сөндіргішті қолданып үйреніңіз және оны отбасыңыздың мүшелеріне де көрсетіңіз. Себебі, өрт шыққанда оның нұсқаулығын оқып тұруға уақытыңыз болмайды;
От жағуға арналған сіріңке, оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз;
Балаларыңызға Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің нөмірлерін жаттатыңыз:
Өрт сөндірушілер – 101
Полиция – 102
Жедел жәрдем – 103
Газ апатынан құтқару қызметі – 104
Құтқару қызметі – 109
Есіңізде сақтаңыз! Қауіпсіздік ережелерін сақтау – өміріңізді сақтап қалудың бірден - бір жолы!
Өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары
- ramuk_b
- 7 ақпан 2019
- 7709
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары, Өрт тілсіз жау
Ұқсас жаңалықтар:
Қауіпсіздік техникасының ережелері
ДК - де жұмыс істеуді бастау алдында қойылатын қауіпсіздік талаптары: 1. ДК электр тогына қосылмаған жағдайда сымдардың, ДК - дің корпусының...Сақтықта қорлық жоқ
От – өмір сәні. Отсыз тіршілік жоқ. От жағылмаса тамақ піспейді, үй жылымайды. Оттың пайдасымен қатар зиянды жағы да жоқ емес. Қандай зияны бар?...Қауіпсіздік ережелері (технология пәні бойынша)
ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ Қол инесімен жұмыс: 1. Үнемі арнаулы қобдишада сақтау керек. 2. Инені киімге қыстыруға болмайды. 3. Тігіс кезінде ине жібін...Апатты жағдайлар және олардан сақтану жолдары
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, №25 Т. Рысқұлов атындағы мектеп - гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Джумадилова Айгерім Араловна...Есептеуіш техника кабинетіндегі жұмыс тәртібі мен қауіпсіздік техникасының ...
Сабақтың мақсаты: Білімділік: Оқушыларды қауіпсіздік ережесімен, компьютер сыныбында өзін - өзі алып жүру ережелерімен, көз жаттығуларымен, төтенше...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.