Рухани жаңғырудың бір қыры
«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүкіл тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек»
Н. Назарбаев
Рухани тазару ілімінің алғашқы ұшқындары адамзат тарихында тым ертеден пайда болып, заманның талабына сай түрленіп өркендеп келген. Ең көне дінге саналушы Буддада көне дәуірдегі рухани тазару ұғымдары күні бүгінге дейін сақталып жеткен. Мысалы нирванға жету - рухани тазарудың нәтижесінде жүзеге асатындығы көрсетілген. Осы күнгі барлық дәстүрлі дінде өзіндік рухани тазару ілімі бар. Ал діннің өзін рухани тазару туралы ілім деседі. Сондығынан болар, дінді ұлттық әдеп - ғұрып ретінде танитындар бар.
Кез - келген шағын не аумақты қауымдастың рухани азғындауы олардың құрып жойылуына әкеліп соғатындықтан, ол қауымдастықты сақтап қалу үшін азғындықтан арылатын жол іздестіріліп, жоба көрсететін рухани тазару үрдісінің болуын талап етеді. Біздің арғы тегіміз Түркі заманының бастап, Алаш дәуіріне дейін рухани тазарудың бірнеше кезеңі болғандығы, өткендігі тарихтан белгілі.
Рухани тазару ілімін «халық санасын шаю» іліміммен ауыстырған кез де қазақ тарихында болды. Мәселен Тәңіршілдік дүние танымын, шамандық сенім - нанымын ұстанып, ру - тайпа қауымдастығы руханиятына қызмет атқарып келген, бақсы - балгер, көріпкел тәуіптер қойдай қырылып, қоғамнан аластатылған бір дәуір өткені рас. Сол шақта бір туар рухани ұстаз А. Яссауи рухани тазару ілімін қайта жаңғыртып хал ілімін жасады, пенделік кәмелеттігін ұсынды. Осы арқылы Қожа Ахмет Яссауи халықтың ұлттық салт - санасы мен дінді үйлестіре білді. Рухани тазару ілімі сол шақтан даму, жетілу, көркею бағытына түсті. Бірақ, ол даму тарихында талай құлдырап, талай көркейіп, тіпті кейде үзіліп қалып, Ұлы Дала Ұлық Ұстаздарының көрегендігі әрі батылдығы арқасында Егемендік дәуіріне жетіп те үлгерді. Әсіресе, кеңестік дәуірде, интернационализм мен жауынгер атеизмнің дәуірлеген шағында рухани тазару ілімі «халық жауының улы идеологиясы, зиянды қаруы» аталып, түп тамырымен үзіліп, жойылып кете жаздады.
Бірақ ұлттың тарихи жадынан оны ешкім де, ешқашан өшіре алмайтынын айғақтап, жаңа ғасыр басында РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҒА ұласты. Бүгінгі - Рухани жаңғыру - қазақтың рухани тазару іліміне сүйеніп жүзеге асырылады, заманауи кемел кісі осы негізде қалыптасады. Заманауи кемел кісінің тұрпаты, кісілік бейнесі, ақыл - ой парасатының деңгейі, білім - біліктілігінің өресі әрине, Ұлы Даланың Ұлық Ұстаздарының ұсынған, үлгі еткен, жан - жақты қарастырған «Толық адам»,«Текті тұлға» қатарлы өнегелік ерекше жандарға сәйкестендірумен қоса, заман талабы таққан жаңа сапа, асқын адамшылық қасиеттер арқылы толықтырылады. ЗАМАНАУИ КЕМЕЛ КІСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ БАРЫСЫ ОНЫ ДАМУ, ЖЕТІЛУ КЕЗЕҢДЕРІНЕ СӘЙКЕС ҮНЕМІ ТЕКСЕРІЛІП, БАҒАЛАНЫП, СЫНАЛЫП ОТЫРАДЫ. Осы бағыттағы қазақтың өткен дәуірдегі педагогикалық бір әрекетін қысқаша әңгімелейік.
Адамдардың сана - сезімін, адамшылығын жоғары деңгейге көтеру оның тәжірибесі мен ақыл - ойына, зердесіне байланысты. Әрбір КІСІ, бойында иманы бар, өмірдегі кездескен мәселелерді, міндеттерді, мақсаттарды іс жүзінде шешуге тырысуы тиіс. Егер адамның түсінігі жеткілікті дәрежеде болмаса, білімі жетіспесе, онда ол қоршаған ортаны сыни көзбен түсініп, тұжырым жасауға қабілеті жетпейді. Сонымен бірге, егер КІСІ біліммен ғана сусындап, рухани мәдениетке көңіл аудармаса, онда оның алған білімі жеткіліксіз, сыңаржақ болып қалады. Сол себепті әрбір адам, халқымыздың рухани мәдениетінің барлық бағытынан нәр алып, жан - жақты дамуы қажет. Сонда ғана ол жан - жақты дамыған салауатты азамат болады.
Ол адам - қоғамдық өмірдің барлық қарым - қатынастар саласында, барлық әлеуметтік құрылымды өзгертуге ат салыса алатынын халқымыз ұзақ жылдық КІСІ жетілдіріп, өңдеу тәжірибесі арқылы қорытқан. Мысалы, қазақта:- бес асылды бойға сіңіру;- алты барлықтың қадірін білу;- жеті атасын саралап, тегін тектей алу;- сегіз парыз - қарызды өтеу;- тоғыз жаудан аулақ болу;- он қағиданы ұмытпау сияқты өмір заңдылықтарын білмесе оны ұстанып басшылық етпесе, ол адам - КІСІ дәрежесіне көтеріле алмаған - деп есептеледі. Бұлардың сыртында, қазақ ғалым - ғұламаларының, ойшылдарының ақын - жыраулары мен би - шешендерінің айтып кеткен аманат өсиеттері, даналық тұжырымдары мен пайымдауларын еске сақтап, терең түсініп, ұлағат еткендер ғана КІСІ аталатын. Арамызда, ата сақалы аузына шыққан аталар мен самайын ақ шалып, әже аталса да, КІСІЛІК дәрежеге көтеріле алмағандар аз да болса кезігуі текті тұлға өңдеп жетілдіруде, тәрбиелеп қалыптастыруда кеткен қателіктің кесірі екені жасырын емес. Сондағы олардың игермей қойған, ескермей кеткен, өмір қағидалары мен заңдылықтары нелер еді?
1. Жастықтың қадірін білу: жастық шақ – қайта айналмас алтын дәуір, өнер - білім үйренетін, әрқандай қиындықты бұйым ғұрлы көрмей, аңсаған арманға жетіп, бақыт - байлық жарататын, арындаған, жалындаған, дәуір екенін шынайы ұғынып, және оны ғанибет біліп, жастық шақты мәнді, мағыналы өткізуге күш салу. Жастықтың қадырын білу - уақыттың қадырын білу. Уақыт әрі сыншы, әрі сарашы, әрі қатал безбен. Қазақтардың сағат сатып алсаң да уақытты сатып ала алмайсың деп ескертуі өте орынды. Уақытты босқа өткізбей, мәнді пайдалану үлкен мәдениет.
2. Денсаулықтың қадірін білу: қазақ халқы «бірінші байлық – денсаулық»- деп, денсаулықты бәрінен жоғары қояды, денсаулыққа ерекше көңіл бөліп, түрлі әдіс - амалдарды қолдана отырып, денсаулықты қорғау, денсаулықтың қадір - қасиетін ұғынуды дәріптеген. Қазақтың тұтынған, ішіп - жеген ас - суы, әрі табиғи, әрі өте таза болған. Тазалықты ерекше дәріптеп, адам ағзасына қылдай зияны тиетін бір де - бір дәмді аузына салмаған. Әрі жасына сай келетін тамақтар мен ауқаттанған. Қарттарға жылы - жұмсағын, нәрлі жұғымдысын ұсынса, жастарға әл - қуат берелік, күштілерін таңдаған. Жеткіншектерге «бір аяқ қымыздың, екі аяқ желігі бар»- деп, қымыздың өзін шақтап ішкізген. Қырыққа келмей ашыған немесе бозаны ауыздарына да алғызбаған. Тамақты аузынан шыққанша обырланып, қомағайланып алуды үнемі шектеген. Киімнің өзін жыл мезгіліне сәйкес киіндіріп, «тоғыз қабат торқадан, тоқтышағымның терісі артық» - деп, ғұмыр кешкен өлкесінің ерекшелігіне сай киіндірген.
3. Өмірдің қадірін білу;« Өмір деген – бұйым емес қолдағы, Өмір дейтін – ұлы бекет жолдағы». /М. Мақатаев/ «Өмір - теңіз, өтіп кетем демеңіз, Ізгіліктен жаралмаса кемеңіз» /Рудаки./ «Өмірдің қызығын көрудің бір - ақ жолы бар батыл болып, жеңілістер мен ауыртпалықтардан қорықпау» /Дж. Неру / Өмір жолы көшкен керуен соқпағы тәрізді. Оның бұлтарысы да, жазығы да көп. Асуы қиын асқарымен қатар, төмен қарай құлдырап өтер ылдиы да болады. Керуен жолы кейде ұзақ, кейде қысқа келеді. Бірақ қауіп - қатерсіз, қиындықсыз болмайды. Ойламаған жерден жел тұрып, сұрапыл дауыл соғады, қалың жауын нөсерлей құйып, бұрын суы толарсақтан келер тайыз жыра, кенет сарылдай аққан, өткел бермес, долы өзенге айналады, көшті бөгейді. Бұндай бөгеттен тек шаршамайтын, талмайтын керуен ғана өте алады. Тоқтамай көшіп өзінің деген жеріне жетеді.( І. Есенберлин.) Көз өтті. Біріне - бірі жалғасып келіп, біріне - бірі айқасып жатқан әдемі шақ, қымбат күндер жүрегіңді жүз бұрап, сол күйінде қайтадан есіңе түседі.
Бір тізбегі – сегіз жылдық бақытты шағың, бала кезің; одан соң оқумен өткен он жылың, одан кейін – армия, майдан. Шынын айтқанда менің өмірім - қазақтың жас жігітінің өмірі жаңа ғана басталды.( Б. Бұлқышев) Өмір дегеніміз - баға жетпес асыл зат. Өмірді дүниеде еш нәрсемен салыстыруға болмайды. Өмір әрқашан өз бағытымен енеді. Өмірді қалай өткізуімізді өзіміз білеміз, өз еркіміз. Өмір дегеніміз - баға жетпес бақыт. Өмірге келген әрбір адам соны лайықты өткізу керек. Өмір дегеніміз - адамның шыр етіп дүниеге келгенінен о дүниеге өткенге дейінгі аралық. Сол аралықта пенденің қуаныш - қайғысы, демалып, тіршілік етуі, жақсылығы мен жамандығы, яғни бір сөзбен айтқанда сол ортаға қалыптасуы. Өмірдің өзі өзен бір ағынмен жүріп отырады. Бірде асау - толқындар кездессе, бірде жайшуақ күндер болады. Өмір дегеніміз - Алла тағаланың бізге берген сыйы, бір мүмкіндігі. Өмір кейде жұмсақ, кейде қатал болады. Бірақ адам өмірге қайталап келмейді. Әрбір қиындықтармен күресе білу керек. Өмір дегеніміз - адамға бір - ақ рет берілетін баға жетпес тәңірдің сыйы. Осы өмірін әркім әрқилы өткізіп алады. Өмірдің әрбір сәтін мәнді де, сәнді де өткізу керек.
4. Халықтың қадірін білу; Халық күллі бақыт - байлықтың қамбасы, дүниенің қожасы екенін шынайы түсінуге тиіспіз. Халықсыз қара жерде құлазитынын ұғыну. Көппен көрген ұлы - той. Елдің күші – селдің күші. Жаңғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас. Көпті жамандаған көмусіз қалар. Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде. Мұның бәрі халық үшін, елің үшін, Отаның үшін еңбек етіп, баршаға пайдаңды тигізіп, ұлтыңа жан ашырлықпен, ұлтжандылықпен қараудың қарапайым ережелері. Бұл асыл қасиеттер бала бойына, жас шағынан, ана сүтімен сіңісіп, КІСІ болып қалыптсасу барысында толысуы тиіс. Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді. Береке бірлік қайда болса, ынтымақ игілік сонда топтасады. Сондықтан халықтың қадірін білу ең маңызды қағида.
5. Ағайын - туыс, дос - жаранның қадірін білу; есейген әрбір адам, ұрпағына, туыс туған, дос - жаранның көрсетер көмегін, тигізер ықпалын, демеу - сүйеуін жас шағында айтып, ескертіп, олардың алдындағы борыш міндетін ұғындыру арқылы олардың қадір - қасиетін бағалай алатын халге жеткізетін. Кешегі отағасы - әкеде суық қабақ, отанасы - шешеде өр мінез, қазыналы қарттарда ақылман абыздық болған. Иә, кешегі отбасында; сотқарын сүмірейтіп отырып, түзеп алатын талқысы, жетесізін желкелеп отырып жөнге салатын айбары, жалқауын зорлап отырып еңбекке жұмылдыра алатын уыты, дөрекілерді жүндей түтіп, жібектей мінезді ұл мен қыз жасай алатын тезі, бәрі-бәрі болған. Осының бәрінде, әкенің орны ерекше еді.
«Әке - асқар тау, ана қайнар бұлақ, бала - жағасындағы құрақ». Әке әркімнің сүйенер тіреуі. Әке әркімге қымбат. Әкені ардақтай білу ата салтымыз. Отбасында, әкенің отырар орыны, жатар жайы, ішер асы, сөйлер сөзі, атқарар қызметі бәрі - бәрі айрықша еді. Оның жаңағы аталған тұтынатын бұйымы, іс - әрекеті бала үшін киелі де, салмақты. Мысалы әкенің бас киімі қайда тұру керек, оны қалай дайындап, ұсыну керек, басқа адам немесе балалары киюге болама, жоқ па? Тізе берсек, әкеге қатысты әдептің қалыптары мен өлшемдері көп - ақ.«Алты аға бірігіп әке болмас, жеті жеңге бірігіп ана болмас»,«Өсірген баптап баласын, әкеден үлгі аласың. Бар өнерін үйреткен, әкелер тіптен салмақты - ақ. Айтайын шын жүрекпен, Әке деген ардақты - ат. Ту етемін, қашанда, Әкетайым, ардақтап!» Құрмет пен ардаққа лайық әкені өмірге дайындаған ұлттық үрдісіміз негізі осал емес! Әке - сыйламағанның жақыны кем. Ана сыйламағанның ақылы кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде. Ана мен әкенің тәрбиедегі орны туралы түсінік қазақ халқында ерте қалыптасқан әрі ауқымды - ақ. Туысқандық мейірім.
«Туысы бірге түтпейді, түбі бірге кетпейді», «Ағайынның азары болса да безері болмайды», «Қанды қалпақ кисе де, қиыспайды туысқан» деп, қазақ, туыстың ешқашан қиыспайтын нәзік сезімін көрсетеді. Ағайын арасында қандық, тектік қатынастың сырлы байланысы бар екенін байқай білген. көңілге шаттық құятын аса мәнді құбылыс. Иә, достық - біздің туымыз, ұранымыз. Достық ел мен ел, халықтармен халық арасын байланыстыратын дәнекер. Достық адам мен адамды туыс - тыратын, адамның мейірін өсіретін, мәртебесін көтеретін, рухани дүниесін байытатын ұлы күш.
Достасу дегеніміз - ең алдымен, адамның біріне - бірінің сенімі, бірін - бірі терең түсінуі, біріне - бірінің қалтқысыз көңіл күйі, біріне - бірінің жолдастық көмегі, ақыл кеңесі. Ертеректе ел ішінде Әйтінбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Әйтімбет шешенге замандастары:- Достық нешеу?- деп сұрақ қояды. Сонда Әйтімбет тұрып:- Достықтың екі түрі болады. Бірі адал достық та, екіншісі - амал достық.- Дұрыс - ақ. Енді оларды қалай ажырата аламыз?- дегендерге: - Адал достық өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өрісі қысқа болады, адал дос қашан да жаныңнан табылады. Ал, амал досты басыңа іс түссе, іздеп таба алмай қаласың деген екен.«Жаман дос көлеңке - басыңды күн шалса қасыңнан қалмайды, бұлт шалса маңыңнан табылмайды». А. Байтұрсынов: Адамға адал жолдас табу қиын Көбісін дос жасайды ақша, бұйым, Досым деп көрінгенге сене берме, Ахмет, бар болса егер баста миың.
6. Қолда бардың қадырін білу: айналадағы әке - шеше, ағайын туыстың ғана емес ел - жұрт, қауым - қоғамдағы өнер - білімі асқақ, ой - парасаты өрелі, адамшылығы жарқын, мінезге бай өнегелі жандарды қадірлеп, оларға сүйеніп КІСІлік қалпын игеру, солардың айтқанына көніп, үйреткенін үғу баршаға парыз болған. «Қолда барда алтынның қадырі жоқ, қолдан шығып кеткен соң, өкіндім - ай»- демекші барында естілер мен білімділерден естіп біліп, үйреніп қалу абзал борыш.
Абай атамыздың «Егер есті кісі қатарында болғың келсе, өткенге ой жібер, «күніне бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал», «Өмірді қалай өткіздің екен», не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппін деп ой жүгіртіп отыр» Қолда бардың қадырын білмеу ысырапшылыққа, мақтаншаққа, шашып - төгетін астамшылыққа апарады. Жеріміз кең, еліміз бай, ауылымыз бақуатты, жұртымыз асып - төгілген дәулет ұстап отыр деп марқаюмен қатар, барға қанағат етіп, дұрыс жұмсап, орынды жаратуды үнемі есте сақтаған, шүкіршілік жасаған адам асып - таспайды, салиқалы КІСІ болады. Қазақ халқы бүгінгі өз қамын ойлаумен қоса ұрпағының келешегіне үнемі қам жеген, бар байлығын соларға арнап, сақтап, қорғап, байытқан жұрт. Бар екен деп басқаға тарту - тарта бермеген, жер байлығын, ел байлығын қызғыштай қори отырып, үнемшілдік пен ұқыптылықпен игере білген. Ұрпағының бірі екеу болу үшін, азының молаюы үшін барын салған. Қазақта, аш - жалаңаштық, бас панасыздық, тақыр кедейлік тарихтың көп кезеңінде болған емес. Ал, қырғын - жойқын, ашаршылық, тентіреушілік қатарлы зобалаңдар жауларымыздың жасаған арнайы, сұмпайылығы, зымияндығы болатын.
Он үште - отау иесі деген сөз бар. Бұл есеюдің басы. Ертеде әке - шешеден бірдей айырылған, бірнеше балалар топтасып жетім қалатын жағдай да болатын. Егер, осы балалардың ортасында он үшке толғаны жоқ болса, ағайын - туыстары олардың мал - мүлкін бөліп алып, асырап бағатын. Балалардың біреуі он үшке толған болса, ұлды үйлендіріп, қызды тұрмысқа шығарып, ол шаңырақты не ұлға, не күйеу балаға бастыратын. Олар бауырларын асырап бағып, қатарға қосатын - ды. Шаңырақ басқан күйеу - күшік күйеу болмайтын. Балдызының алды 13 - 15 ке толған соң, оны отау иесі болдырып, үйлендірген соң өз ата - анасына, еліне, руына кететін-ді. Он үш жаста өз басын ғана емес, бір шаңыраққа ие болатын, бауырларын асырап баға алатын дәрежеге жеткізіп, қазақ ұрпағын өмірге дайындаған. Бұл салт шығыс жұртының көпшілігінде болған. Осы дайындықтың игерілу дәрежесін жыл сайын Наурыз айында жастардан емтихан алып, сынақтан өткізіп отырған. Мысалы, осы шақта қыздардың күресіне дейін ұйымдастырған. Бозбалалар мен бойжеткендердің үйренген өнерін, алған біліміне бақылау жасаған.
Екінші мүшел - 25 жас.(Ұлтжандылықтың ұшқыны алаулаған шақ) Бозбалалықтан өтіп, (бойжеткен, қалыңдық атанудан өтіп жар болған жас) жігіттік жетілу, азаматтық нығаю, адамгершілік толысу жасы. Қазақтың бәрінің шаттықпен еске алатын қайрат - күштің, талап жігердің алаулау жасы. Жігіттік шақ халық талқысына түскен, жамағаттың сынынан өтіп, танылуы тиіс кезең. Сондығынан болар, Жігіт сыны, қыз сыны, әйел сыны, жігіт сұлтаны, азамат байқауы, додасы, сынағы, жарысы қатарлы сан түрлі әйгілену, анықталу, шаралары өмірге келген, оларға қойылатын талаптар мен сынақтар жасалып, оларды өткізу тәртібі, ережесі ұсынылған. Осылай жұрт тезінен өткен жігіттер мен қыздар КІСІ болып қалай қалыптасып келе жатқанын қауымға көрсетіп, сынақ тапсырып отырған. Бұл үрдіс дәстүрге айналуға бүгінгі таңда толық мүмкіндігі бар. Жалпы әлемдік педагогикалық-психологиялық ғылымда мынандай аксиомалар бар.
1. Егер үштен он үш жасқа дейін балаға өз ұлтыңның, өз халқыңның әдеп - ғұрпын игертіп үлгермесең, онан соң бала өздігінен ізденіп, қалаған әдеп - ғұрпын игеріп алады. Бұлай дағдыға көшкен жасты қайта қайыру мүмкіндігі тым аз. Бізде бұл заңдылық ескерілмейді. Оның зардабын тартып ақ келеді. Алайда, әліде кәперімізге ешнәрсе кірер емес. Тек киіну әдебінің өзінен талайды бастан кешіп жүрміз. Ал, ауқаттану, дем алу, тіпті сәлемдесудің өзінде, қазақ діліне сәйкеспейтін қылықтар тым көбейіп барады. 2. Адам интеллектісінің 40 - 50% бес жаста, 60 - 70% жеті жаста, 9 жаста 92%- ға дейін және 15 жаста толық қалыптасатыны ғылыми дәлелденген. Интеллект қалыптасу шағында баланың басын білгеннің зияны жоқ деген қағиданы желеу етіп, баланың келешегіне қажетті деген данышпандықты бетке ұстап жалпақ білімді тықпалаудың еш қажеті жоқ. Ал, жалпыға ортақ (жалпақ біліммен ортақ білімнің арасы жермен көктей) білімді сауаттылықты толық игерту керек. Бізде ортақтық сауаты толық ашылмаған өрен ғылым негізін игеруге жіберіледі, тінті кейбіреулер маман « игеріп» шығады. Ойын оқушыға толық айтып жеткізе алмайтын «мұғалім», дәрілік түбіртек (рецепт) жазуға шорқақ дәрігерлердің кезігетіні де осыдан болады.
Аталмыш заңдылықтарды қазақ жұрты тым ерте аңғарған. Алғашқы мүшел жасында, ұл мен қызға әдептілікті қолынан жетелеп жүріп ( ата - ана, ағайын туыс, мұғалім ұстаз, тәрбиеші тәлімгер), өздері үлгі өнеге көрсетіп үйретіп ұқтырған. Балалық шағында қыз бен ұлға зияткерлік ойындарды мейлінше мол ойнатып, олардың интеллектуалдық зиянын дамытатын амал - тәсілдерді көп керектенген. Айталық: жұмбақ айтыс, қара өлең айтыс, ауызша есептеу(қазақтың қара есебі) түрлері, жыр дастаннан бастап термеге дейін жаттатқызу, зияткерлік ойындар (тоғызқұмалақ, хан дойбы, шахмат т. б.) есептеуге және санын табуға арналған асық ойындарын пайдаланған. Сөз соңында, жастардың кісілік сапалар мен асыл қасиеттерді игеру, биязы әдеп пен жібек мінез байлығын көріп байқап, сынап тексеру туралы бір ауыз пікір қосайын. Бірінші. Он бес жасқа толған ұл мен қыз ағайын туыс, ата ана алдында, қара шаңырақ көлемінде есеп беріп сынақ тапсыратын шараны әр жыл сайын Наурызда, Республика көлемінде барлық әулетте өткізіп тұруды дәстүрге айналдыру. Екінші. Он сегіз жасқа шыққан қыз бен жігіт ауыл, кент, шағын аудан көлемінде ата - аналарға өнер көрсетіп, педагогикалық - дәрігерлік коммисияға жазбаша емтихан тапсыру;
Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым - жазушы)
Рухани жаңғырудың бір қыры
- Абай аға
- 28 желтоқсан 2018
- 2507
- 0
- 100
Ілмек сөздер: рухани жаңғыру, бір қыры, жаңару, діни, Ғылыми іргесіз инновациялар болмайды
Ұқсас жаңалықтар:
Адамшылық безбені керек пе?
Адамлық асыл қасиеттерлін қалыптасуын қалай біле аламыз...Жатырқағаным, жанашырым екен
Иманипедагогика - көшпелі мәдениет пен түркі өркениетінен рухани бастау алатын қазақ халқының ұлттық болмысына, халықтық тәжірибесіне сай балалар мен...Рухани жаңғыру тәрбие сағаты
Сабақтың мақсаты: Рухани жаңғыруды сипаттау және патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту; Оқушылардың бойында ұлттық сананы...Өмір теңіз
Атырау облысы, Исатай ауданы, Нарын селосы, жалпы білім беретін Нарын орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бөбек Есмағанбетова...Өмір қымбатсың маған
Алматы облысы, Жамбыл ауданы Үңгіртас орта мектебі өзін - өзі тану пәнінің мұғалімі Мұқанова Ләззәт...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.