Тақырыбы: «Ән жұлдызы - Шәмші аға»
(Ш. Қалдаяқовтың туғанына 80 жыл толуы қарсаңында)
Мақсаты: Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өмірі, өнерімен және шығармашылық жолымен таныстыру. Сазгердің әндерін көпшілік назарына ұсыну, сазды әуенге деген сүйіспеншіліктерін арттыру;
Түрі: әдеби сазды кеш.
Барысы: хор «Менің Қазақстаным»
(әнұран айтылып болғаннан кейін сахна сыртынан әннің шығу тарихы баяндалады, баяу музыка ойналып тұрады.)
Оқушы - Әр адамның өз өмірі сияқты әр әннің де өз шығу тарихы бар. Ол кезде Ақмоланы Целиноград деп атап, бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермек болып жүрген кез еді. Сөйтіп, қазақ жері бөлшектенгелі жатқанда оның асқақтығын жырлайтын ән керектігін сезіп Шәмші аға ән жазды.
6 қаңтар 2006 жыл, Республика Парламентінің бірлескен отырысында Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысымен Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні мемлекетіміздің Әнұраны болып қабылданды. Шын мәнінде бұл Әнұран патриоттық сезімді оятып, рухыңды көтеріп, көңіліңді тасытып, санаңды серпілтіп, бойыңа күш - қайрат беріп, жігеріңе жігер қосып қанаттандырады.
Кітапханашы сөзі: Отырарда өзінің туа біткен дарын, талантымен ел жүрегін жаулап алған, сөзімен де ісімен де, қоғамдық асқақ ойымен, бүкіл болмыс тірлігімен келер ұрпақ, кейінгі біздің бәрімізге де өнеге болған исі күллі адамзатқа ортақ заңғар тұлға аз емес. Сондай өнер айдынындағы алыптардың бірі, әрі бірегейі, «Вальс королі»атанған әйгілі сазгер, ғасыр сыйлаған қайталанбас тұлға Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 80 жыл толғалы отыр. Бүгінгі өткелі отырған әдеби сазды кешімізді мына өлең жолдарымен бастағалы тұрмыз:
Жаралған аға еліңе әсем ән үшін,
Әсем ән екен тағдырдың берген бағы шын.
Еркіндік сүйген еңселі дархан даламен,
Әніңе қостың сыңсыған Сырдың ағысын.
Уа, Шәмші аға, көңілің неткен кең еді,
Берері мол еді алыпты ажал бөгеді.
Алыстаса тау асқақтай түседі емес пе,
Жыл өткен сайын асқақтап Шәмші келеді.
(Д. Пасатбаев)
I бөлім Ғасыр сыйлаған қайталанбас тұлға.
Слайд (әншінің өмір жолдары, шығармашылығымен таныстыру.)
Оқушы: Әйгілі сазгер Ш. Қалдаяқов туып өскен жері Отырар ауданының Шәуілдір ауылы. Композитор, Қазақстанның халық әртісі. Тәуелсіз еліміздің Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнінің авторы. 1950 жылы Сарыағашта Қапланбек мал дәрігерлік техникумын бітірген. 1951 - 1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды. 1955 жылы Ташкенттегі музыка училищесінің музыка - теориясы факультетіне қабылданды. 1956 - 1962 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясының композиция факультетінде профессор В. В. Великановтың класы бойынша оқыған. 1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысқан. Қазақ ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде көрінді Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармасының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, жарға, дос - жаранға деген сүйіспеншілік - Шәмші ағаның шығармашылығының басты тақырыбы.
І жүргізуші:
Сұлу Арыс жаралғандай ән үшін
Бір кездері тапқан да еді әншісін.
Бұл күндері баяу ағады сарқылып,
Іздей ме екен төл перзенті Шәмшісін
ІІ жүргізуші:
Жырымды бүгін арнасам сізге айып па,
Өмірден озған ағаға асыл ғайыпта.
Арыстың әсем жағасындағы арулар,
Жүргендей бүгін ескексіз мініп қайықта
Ән «Арыстың жағасында» орындайтын хор класының оқушысы Айгерім Жакесова
Оқушы: Әншінің азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын: «Ақ ерке - Жайық», «Отырардағы той», «Сыр сұлуы», « Көгілдір көкше» т, туындыларын жұрт ерекше қабылдады. Композиторлық марш екпінді жігерлі, шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным»әні жоғарыда айтқанымыздай егемен еліміздің ән ұранына айналды. Сондай - ақ «Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр», «Ақ бантик» т, б көптеген әндер Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева сынды көптеген әншілердің репертуарынан берік орын алды. Осылайша Ш. Қалдаяқов артында мол музыкалық мұра қалдырды.
І жүргізуші:
Арманға құлаш сермеген, Арайлап таңның атқанын
Кеудесін жыр кернеген, Бұлақтың сыбдыр қаққанын
Шәмші аға қазақ елінің, Ұнатқан жан өзгеше,
Бағына туған ер ме екен? Шәмшіге теңеу таппадым.
ІІ жүргізуші:
Есінде ұрпақ сақталдың, Аяулы асыл анаға,
Санасында сақталдың. Баға жетпес дараға.
Қайықта жүріп ән салған, Жүректі тербер сыздатып,
Өзіңе теңеу таппадым. Сыйладың әнді «Анама»
Ән «Ана туралы жыр» орындайтын хор класының оқушысы Зинуллин Жанболат
Оқушы: Әлемге әйгілі сазгердің есімін мәңгі есте қалдыру ісі де өз жалғасын табуда. Атап айтқанда бүгінгі таңда Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, композитор туған өлке Отырарда бір музыка мектебі, бір орта мектеп, бір ауыл Шәмші ағамыздың есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдында даңқты сазгердің ескерткіші орнатылған. Туған жері Шәуілдір ауылындағы Ш. Қалдаяқов орта мектебінің ауласына орнатылған Шәмшінің ескерткіші 2006 жылы 22 қыркүйек күні салтанатты жағдайда ашылды. Сол сияқты 1991 жылы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым»деген деректі телефильм түсірілді. 2005 жылы Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің ұйымдастырылуымен Алматыдағы Республика сарайында Шәмшіні еске алу кеші өткізілді.
І жүргізуші: Ән өмірінің жарық жұлдызындай сәуле шашып, айрықша із қалдырған Шәмші Қалдаяқов - күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Сондықтан да қырық жыл бойы біздің аспанымызда махаббат пен сағынышқа толы Шәмші әуендері әуеледі. Бірде - бір қуанышты дастархан Шәмшінің әуезді әуендерінсіз өтпейді. Оны шырқаған әншілер де, тыңдаған тыңдаушылар да ерекше ләззат алып жігерленіп, рухына рух қосады.
Ән «Ақ бантик» вокал класының оқушысы Қоңқабаев Сағадат
Оқушы. Халқының несібесіне туған перзенті жөнінде кең байтақ Қазақстанда өз құрмет - ықыласын, ой - пікірін жинақтаған небір абзал азаматтар әншінің өнерін қадір тұтатын отандастарымыздың естеліктеріне тоқталсақ: (Слайд) 2002 жылы «Шәмші ғұмыр»атты естеліктер мен мақалалар жинағы, жазушы Оралбек Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов» атты повесі, жазушы Құттыбек Баяндиннің «Ән ғұмыр»атты деректі кітабы. «Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясы» Қаламгер Ә. Телғозиевтің Шәмші жайлы жазған деректі мақаласы, «Шежірелі Отырар»кітабында сазгердің ғұмырнамасы тереңірек сыр шертеді. Бұдан басқа да «Әндер», «Бақыт құшағында», «Сағынышым менің», «Менің Қазақстаным», «Шәмші әлемі» атты әндер жинағы жарық көрді.
ІІ бөлім: «Ән салдырған мәңгілікке өлмейтін»
/ұлы сазгерге арналған жыр - шашу/
ІІ жүргізуші: Шәмші ағамыз бір сөзінде.
.... Өмірге, адамдарға құрметі жоқ кісіден өнерпаз шықпасы керек. Мен де адамдарға ғашықпын.
Сендер менің әл - Фарабимен жерлес екенімді ұмытпаңдар.
Ол да, мен де Отырардың перзенттеріміз деген екен.
«Отырардың ерке ұлы Шәмші ағаға» оқитын Өтепов Райымбек
Артында өнер өшпес мұра қалды,
Әніне табындырып барша жанды.
Қазақтың сазгер ұлы, сал - серісі,
Ғасырдың ұлы елдің маңдай алды.
Ел аузында айтылар өзге қыры,
Дайын тұрды кімге де әзіл, шыны.
Ақ пейіл көңіліне берген шығар
Әнұранға айналып отты жыры.
Ұлылықты өзің - ақ дәлелдедің,
Жарқырадың ұлыдай кемеңгерім.
Әнмен тербеп әлемді сен тұрғанда,
Мүмкін емес ұлы аға төмендеуің.
Аты аңызға айналды Шәмші бүгін,
Тиісті еркелеуге елге дүйім.
Жүректен орын алған сазды әуенің,
Көтерер алты алаштың көңіл күйін.
Вальстің королісіз - ақ, өзі алтын,
Бағалай білген қазақ өнер парқын.
Әуеннен күмбез салған өзіңізді,
Құрметпен тағзым етер сізге халқым.
М. Мақатаев./ Шәміл - ау! Шәмші қайда? Шәмші қайда?
Оқитын хор класының оқушысы Ахбалин Диас
... Сол күдер ғой - жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп айызың тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін қуаныш па,
Өз - өзінен жүрегім ән салады.
Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл - ау!
Шәмші қайда?
Шәмші қайда?
Шәмшіге айт,
Тағыда бір таңдандырсын,,
Жандырсын жүректі, жандырсын!
Мәңгі өлмейтін Махаббатым айта жүрер!
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!
Шәмшіге арнау.
Оқитын хор класының оқушысы
Жанаев Еренбақ
Отырарда туып, өсіп, ержетіп
Жалауын әннің көтердің аға өрге тік.
Сіз де өттіңіз опасыз мына жалғаннан
Ғашықтардың жүрегін әнмен тербетіп.
Кетті аға, әнің қазақтың жерін шарықтап,
Көгершін болып көк аспанында қалықтап.
Байлық пен мансап бақытқа бастар жол емес,
Қоныпты сол кез басыңа аға, анық бақ.
Әніңе қосып Ақжайық, Каспий, Арқа елің
Ғашықтардың жүрегін аға өртедің.
Жалаң аяқ көбелек қуған сәбиін
Іздейді бүгін кіндік қан тамған Сарыкөлің.
Ол рас аға өмірден сыйды аз көрдің,
Қиындыққа сыр бермей өтті жаз көңілің.
Қайыққа мінген Сыр сұлу күтіп жүр ме екен
Бір соғар деп оралмай кеткен сазгерін.
Жабыны жоқтап, тұлпарды көзге ілмеген,
Санасыздар қызғаныш отын үрлеген.
Бүгіндер жүр бармағын шайнап өкініп,
Уағында қадіріңізді білмеген.
Әніңе бөлеп бозторғай ұшқан қырқаны,
Ән салдың аға таңға ұрып тағы бір таңды.
Әлемнің қазір төрінен биік дауыспен,
Әніңіз сіздің Ән ұран болып шырқалды.
Күніңіз туды төріне өнер өрлейтін,
Ерлер де шықты, намысын ердің тербейтін
Өлді деп сізді кім айта алар жан аға,
Ән салдырған мәңгілікке өлмейтін.
Ән «Шәмші аға» орындайтын домбыра класының оқытушысы Самат Макарұлы
Осымен ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовқа арналған сазды кешіміз аяқталды.
Ән жұлдызы - Шәмші аға
- Ләйлі
- 31 қаңтар 2014
- 15494
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Ән жұлдызы Шәмші аға, Шәмші Қалдаяқовқа арналған сазды кеш
Ұқсас жаңалықтар:
Қыздарға ән арнар, тек арада - Шәмші жоқ
Бұл күнде әнші көп, Көзінде жанбаған жалын от. Кешегі дәп сенше жазатын, Бірақта - Шәмші жоқ....Біз тұрғанда Шәмші өлмейді, басқа Шәмші еш келмейді
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, № 194 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аяпова Динара...«Нәр берген ән бұлақтан» Шәмші Қалдаяқовтың еске алуға арналған ән кешінің ...
Әдеби - музыкалық кештің мақсаты: 1. Ән өнерімізге жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған, «Вальс падишасы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың...Шәмші Қалдаяқов
Павлодар облысы, Ақсу қаласы, №4 орта мектебі Әлмағанбетова Гүлжан Семёновна..."Сағындырған әндер-ай" Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдығына арналған ән байқау ...
Мунайтбасова Жулдыз Темирхановна Ақтөбе облысы,Шалқар қаласы № 1 орта мектеп тәлімгері...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.