Сайтқа кіру Тіркелу

Бесіктің жабдықтары

Бесіктің жабдықтары ши, жөргек, құс төсек, жастық, көрпе, жаялық, кепіл, таңғыш және жапқыштан тұрады.

1. Ши. Бесік жабдықтарының үстінен ұзына бойы жайылатын тоқылған ши төсеніш. Түбек бекітілетін тұсы ойық болады.

2. Жөргек (қаузау). Шидің үстінен төселетін, түбек тұсы ойық келген, жұқа киіз немесе арасына мақта, жүн салынып сырылған көрпеше.

3. Құс төсек. Түбек тұсында дөңгелек ойығы бар, жөргектің үстінен төселетін, арасына құс мамығы салынып, қабылған жұмсақ төсеніш.

4. Жастық. Бесік енімен бірдей етіп жасалады. Арасына құс мамығы толтырылады.

5. Көрпе. Жұқа матадан тігілгені – жаздық көрпе, арасына мақта, түйе жүні салынып, қабылғаны – қыстық көрпе.

6. Жаялық. Сәбидің денесін орайтын жұмсақ шүберек.

7. Кепіл. Түбек ойығын төңіректеп төселетін, сәбидің жалаңаш тәнін қажамас үшін жамбас тұсына, тізесіне қоюға арналған кішкене жұмсақ жастықшалар.

8. Тартпа бау (қолбау, тізе бау). Оны таңғыш деп те атай береді. Ұштары бесіктің екі жанындағы сабау ағаштарға таңылады, біреуі бөленген сәбидің көкірек тұсынан, келесісі тізеліктің үстінен түседі. Ол биязы жүннен тоқылады немесе екі - үш қабат матадан сырып, кеуде, тізеден оралатын тұстары жалпақтау етіп жасалады. Тартпаның екі ұшы арқалыққа байланады.

9. Бесік жапқыш (жабу). Бесіктің көлеміне сай, жұқа матадан кестеленіп тігіледі. Бөленген сәбиді маса мен шыбыннан, желден, күн көзінен, суықтан қорғайды.

Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды.

Бесіктің құрылысы

1. Арқалық (арыс, белағаш) – ұзындығы 70 - 75 сантиметр, ұстап тұруға ыңғайлы, бесіктің ең үстіңгі, көлденең, жұмыр бел ағашы.

2. Бөген (алдыңғы бас, артқы бас) – негізінен жас тал мінсіз жонылып, жақсы әрленіп, морға қыздырылып, қыртысын сыртына қарай иген бесіктің екі басы.

3. Жақтау. Ол – төртеу. Екі үлкен жақтаудың ұзындығы арқалықпен бірдей, қос бөгеннің аңғарларын керіп тұратын екі қысқа жақтаудың ені бесік еніне тең.

4. Шабақ. Бұл да – төртеу. Екі бөгеннің аяқтарын қосып тұратын ұзын жақтауларға біркелкі қашықтықта көлденең қашалып бекітілген бесік еніндей тақтайша.

5. Сабау. Ол – екеу. Екі бөгенді қосып тұратын екі ұзын жақтаудың астына түсетін, бесік ұзындығына тең жұмыр ағаш.

6. Жорға. Бұл да екеу. Бөгендердің иілген басына қарама - қарсы бекітіледі, оның астыңғы қыры қайқы – бесіктің табаны. Табанның қайқылығы бесіктің бірқалыпты жеңіл тербелуін қамтамасыз етеді. Бесіктің осы бөлігі – жорғаны қазақтар табан деп те атай береді.

7. Тақтай. Бесіктің түбек орналасатын, төсек салынатын ортасындағы бөлігі.

8. Шүмек. Бесіктегі сәбидің кіші дәреті үшін қойдың асық жілігінен бір басы тесіліп, екінші басының төменгі жаны ойылып жасалған түтікше. Кейде айрықша аппақ болуы үшін оны алғаш пайдаланар алдында сүтке қайнатып алады.

9. Түбек. Сәбиді бесікке бөлегенде жаялығы былғанбас үшін бесіктің ортасындағы тақтайды тесіп орнататын алмалы - салмалы киіз қалта. Шағын шыны құтылар (банкілер) пайда бола бастасымен содан түбек жасалатын болды. Шүмектің ұшы түбекке сұғынып тұрады.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×