Сайтқа кіру Тіркелу

Шешен сөздер

Әкем тірі, ағам ірі болды
Шоңға сәлем берем деп Байдалыньің бір жас баласы келіпті. - Қай баласың? — дейді Шоң. — Байдалының баласымын,— дейді бала. — Байдалының мен көрмеген қай баласысың? — Жалға жүріп бұланбаған баласымын, Топқа түсіп сыналмаған баласымын. Әкем тірі болды, ағам ірі болды, Сондықтан билік құра алмаған баласымын,— дейді. Сонда Шоң балаға тура қарап: «Қасқа айғырдың баласы қасқа тумаса да, төбел туады» деген осы екен - ау»,— депті.

Ақылды деп кімді айтамыз!
Бір мәжілісте бас қосып сөйлесіп отырғанда Шоң биге Мұса мырза: - Ақ сауыт деп нені айтамыз, Арғымақ деп нені айтамыз? ’ Ақылды деп кімді айтамыз, Ер жігіт деп кімді айтамыз? — деп сұрақ қойыпты. Бұған Шоң: - Ақ сауыт деп айтамыз, Атқанда оқ өтпесе. Арғымақ деп айтамыз, Желгенде жылқы жетпесе. Ақылды - деп айтамыз, Тозған елді септесе. Ер жігіт деп айтамыз, Жауға тастап кетпесе! — депті.

Қазыбек пен Бұхар
Бұқар жыраудың өте қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қаздауысты Қазыбек би келеді. Төсекте жатқан Бұқар жырау: — Бірден онға дейін санның мағнасын маған ешкім айтып бере алмады, Қазыбек, сен айтып берші,— деген екен. Сонда Қазыбектің берген жауабы: Бір дегеніңіз — бірлігі кеткен ел жаман. Екі дегеніңіз — егесіп өткен ер жаман. Үш дегеніңіз — үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман. Төрт дегеніңіз — төсекке шыға алмаған кәрілік жаман. Бес дегеніңіз — білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман. Алты дегеніңіз — аймағын билей алмаған адам жаман. Жеті дегеніңіз — жетем деген мақсатына жете алмаған жаман. Сегіз дегеніңіз — серкесіз бастаған қой жаман. Тоғыз дегеніңіз — толғанғаныңыз. Он дегеніңіз — өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.

Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім
Ноғайлының ханы Жәнібек халықты жиып: — Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім табады? — депті. Жиналған халық көп дағдарып: Үш арсыз; ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз. Үш ғайып: қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып,— деп шешіпті. Бірақ үш жетімді ешкім таба алмапты. Сонда Жәнібек хан: — Елде келмеген кім қалды? — деп сұрапты. — Келмеген Қарабас шешен қалды,— депті халық. Жәнібек Қарабасты шақыртып алып әлгі сөздің шешуін содан сұрапты. Сонда Қарабас:— Жетім үшеу емес, бесеу еді ғой! — депті де: Оты жоқ жер жетім, Басшысы жоқ ел жетім. Елінен ауған ер жетім, Тыңдаусыз сөз жетім, Жоқтаусыз қыз жетім,— дейді.

Ақтайлақ пен Қанай шешен
Ақтайлақ шешен Қанай шешеннен: — Ер басында бақыт нешеу? Кемдік нешеу? Құлазу нешеу? — деп сұрайды. Сонда Қарауыл Қанай шешен былай деп жауап береді: — Ер басында бақыт — бесеу, кемдік — үшеу, құлазу — төртеу. Астындағы атың жүрдек болса, Жалғанның пырағы: Алғаның жақсы болса, Үй мен қонақтың тұрағы: Әкең — асқар тау, Шешең — қайнар бұлақ, Балаң жақсы болса Екі көздің шамшырағы. Міне — бес бақыт осы. — Атың шабан болса, Жалғанның азабы; Алғаның жаман болса, Дүниенің тозағы; Балаң жаман болса, Көрінгеннің мазағы. Міне,— үш кемдік осы - — Қалың ел көшсе, Көл құлазиды, Қаптаған мал кетсе, Бел құлазиды. Нарқын танымаған Сөз құлазиды, Қатарынан айрылған Шал құлазиды. Міне,— төрт құлазу осы.

Баталы ер арымас
Ұлы жүздің арасында Қайдар деген жігітті ел билемекке белгілейді. Сонда көпшіліктің ішінде бұрын жол көргендері айтыпты: — Сен Арғын Алшағыр биден бата ал, «Баталы ер арымас» деген. Онсыз билікке айтқан сөзіңде пәтуа болмайды,— дейді. Содан кейін Қайдар Алшағырға келіп сәлемдеседі. Алшағыр: «Шырағым жолың болсын, қандай бұйымтайың бар еді?» — депті. Қайдар: «Бір - екі ауыз сұрайтын сұрағым бар еді»,— дейді. — Бірінші — тумай жатып әкем өлді, туған соң үш айдан соң шешем өлді. Ер жетіп мал таптым, тапқаным құралмайды, ұраға жығылады, ұры алады, өле береді. Жасымда жетім қылып зарлатты, өскен соң кедей қылып қақсатты. Мен құдайдың несін алдым? Осыған айтар ақылыңыз бар ма? — депті. Алшағыр айтыпты: — Балам, сен жетім емессің ғой, дүниеде үш жетім бар. Басшысы келіспесе ел жетім, ұқпасқа айтқан сөз жетім, жаңбырсыз жер жетім. Ол жетімдіктерге сен жатпайсың. Бақ - дәулет келер болса, Отыңның басы ұйым болар, Үйің күнде мейман жиын болар. Кедейлік келер болса, Бұта түбі үйің болар. Кедейлікке қарсы тұр, Келетұғын көрінбей. Бір мінсе иығыңнан түспейді, Қайнатқан қара желімдей. Қарау болма ашық бол Сараңдыққа берілмей. Мал тап, алысқа кет, Жалқаулыққа жеңілмей. Мал арыстанның аузында, Түрікменнің төрінде, Табарсың оны қайраттансаң ерінбей. Бақ - дәулет келуіне мен кепіл, Ар - ұятыңды текпей жүрсең, елірмей. Атың Қайдар екен, айдарсың, Топтап малды байларсың. Тасымай жүр, тасыған төгілер. — Ақылмен жүрсең, рулы елді жайларсың,— деп ақылын айтып, батасын беріпті.

Қайтып кірер есікті қатты серіппе
Орта жүз Қошқарұлы Жәнібек он үш жасқа келгенде үлы жүзде Қараби деген аузы дуалы, өзі білімді би бар деген даңқын естіп, содан барып бата алуға жолға шығады. Ол қазақ пен қалмақтың жауласып жатқан кезі болса керек. Бұлардың барар жолын қалмақтар басып алып, олар өте алмай үйіне қайтып келіп үш жыл жатады. Төртінші жылда жол ашылып, Жәнібек он алты жасында Қарабидің еліне келеді. — Шырағым, кімнің ұлысың? — дейді Қараби. — Қошқарұлы Жәнібекпін,— деп жауап береді бала. — Мен сені осыдан үш жыл бұрын күтіп едім, неге кешіктің? Жәнібек себебін айтады. Қараби қонақасын беріп, ертеңіне: — Не қалайсың, шырағым? — дейді. — Сізден бата алайын және өсиет боларлық өз аузыңыздан сөз естиін деп келіп едім,— дейді Жәнібек. Сонда Қараби батасын беріп былай деген екен: Бедері жоқ қамқадан, Берік тоқылған бөз артық. Берекеті жоқ ағайыннан, Берік сөйлескен жат артық. Пайданы алыстан қылғайсың, Залалды жақыннан қылғайсың, Тышқан да інінің айналасына оттамайды, Оны да есіңе алғайсың. Қайтып кірер есікті Қатты серпіп жаппағайсың. Қайтып көрер досыңа Қайрылмастай сөз айтпағайсың. Осыны есіңе ала жүрсең, ешкімнен Кем де, қор да болмайсың.

Білгендерден ғибрат ал
Абыз жүз жиырма жасқа келіп отырған шағында, Әсет би көрісе кеп былай деген екен: — Е, Абыз, жасыңыз келіп қалды. Абыз айтушы еді деп айтып отыратын бір сөз айтыңызшы,— депті. Сонда Абыз былай дейді: Ата - ананың қадірін Балалы болғанда білерсің. Ағайынның қадірін Жалалы болғанда білерсің. Балалықтың қадірін Саналы болғанда білерсің. Асыл менен жасықты Бағалы болғанда білерсің. Бостандықтың қадірін Жабылғанда білерсің. Қалтаңдағы ақшаңды Қағылғанда білерсің. Ден саулықтың қадірін Ауырғанда білерсің. Ақ бетіңнің қадірін Қан кеткенде білерсің. Ақ білектің қадірін Әл кеткенде білерсің. Жиырма бестің қадірін Жас өткенде білерсің. Қара көздің қадірін Нұр кеткенде білерсің. Татулықтың қадірін Дос кеткенде білерсің. Жақсы әйелдің қадірін Өлгенінде білерсің. Жақсы туыс қадірін Көмгенінде білерсің. Аяқ - қолдың қадірін Ақсағанда білерсің. Отыз тістің қадірін Қақсағанда білерсің. Қызыл тілдің қадірін Тоқтағанда білерсің. Білгеніңді сөйлеп қал, Білгендерден ғибрат ал!

Жақының үшін жақсының жағасынан алма
(Төле шешен айтты деген сөз) Шақшақұлы Жәнібек батыр Төле биге: «Түзу мылтық, ұш - қыр құс, жүйрік ит, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат - бесеуін жиып қойдым. Боз бала болып ерлік қылайын ба? Үлгі алып, билік құрайын ба? Елінде кәрің болса — жазулы тұрған хатың. Жайлаған көліңнің алдында төбе болса — ерттеулі тұрған атың деуші еді, ақыл сұрайын деп келдім»,— дейді. Сонда Төле шешен: — Менен ақыл сұрасаң Өгізге ер салма, Қанатың талар. Наданға көзіңді салма, Сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, Сенімің кетер, Дұшпаныңа шыңыңды айтпа, Түбіңе жетер. Жал - құйрығы қалың деп Жабыдан айғыр салма, Жаугершілік болғанда, Жағдайлап мінер ат тумас. Жақының үшін Жақсының жағасынан алма, Жерің тарылар. Ит жүгіртіп, құс салсақ Әуейі боларсың. Әйел алсаң, Көріктіні алма, тектіні ал. Мақтаншақ жігіт жисаң Жөніңнен шығарсың. Ұрыншақ ат жаз жарға, Қыс қарға жығар. Тұмау түбі құрт болар, Тұман түбі жұт болар, Ақылдың түбі құт болар. Қарап отырғанша Бір нәрсеге жарап отыр. Кәсіп болмай нәсіп болмас, Қабырғадан қар жауса Атан менен нарға күш, Ел шетіне жау келсе Қабырғалы биге күш. Менің ақылым осы,— депті.

Жерден ауыр не?
Балаби қартайған шағында халқын жиып: Жерден ауыр не? Судан терең не? Оттан ыстық не? Көктен биік не? — деп, төрт сұрақ берген екен. Ешкім шеше алмапты. Сонда Балаби өзі айтқан сұрақтарын өзі былай деп шешкен екен: Жерден ауыр дегенім — ақыл, білім. Судан терең дегенім — оқу, ғылым. Оттан ыстық дегенім — фани жалған, адамның өмірі. Көктен биік дегенім — тәкәббардың көңілі.

Үш нәрседе қадір жоқ
Амандықта қадір жоқ,— Алдырған күнде білерсің. Денсаулықта қадір жоқ,— Ауырған күнде білерсің. Қолда бар жақсының қадірі жоқ, Айрылып өлген күні білерсің.

Дүзде жүрсем батырмын
Толыбай деген кісі әрі батыр, әрі шешен болыпты. Ас пен тойда кедеймін деп ығыспай батыр, билерге, баймырзаларға сөз бермейді екен. Бір жолы тойдан қайтқан бір топ бай - мырзалар қонақасыдан ұялтып кету үшін Толыбайдың үйіне сау ете түсіпті. Бұл кезде Толыбай жалаңаяқ, жалаңбас тары түйіп жатса керек. Келген мырзалар үй сыртынан: — Ассалаумағалейкум, Толыбай батыр! — дейді. — Ағалайкумассалам, жайсаң мен қасқалар, Кедейшілік ердің түсін басқалар. Дүзде жүрсек батырмыз, Үйде отырсақ қатынбыз, Қатын ауру, бала жас, Тары түйіп жатырмыз. Таудан үлкен талабым бар, Ит ішпейтін шалабым бар, Түссеңдер міне лашық, Кетсеңдер жолдарың ашық! — депті Толыбай шешен. Сонда келген адамдар разы болып, ат, шапан беріп қасына ала жүрген екен.

Байдалы мен Майтолық
Ағайынды Торайғыр мен Шоң әкесі өлгеннен кейін араздасып, кергісіз болыпты. Сонда Түсіп дегеннің шақыруымен Байдалы қарт татуластыруға келеді. Байдалы Шоңның ағасы Торайғырға былай дейді: — Торайғыр мен Шоңбысың мақтап жүрген, Бар білгенің осы ма сақтап жүрген? Араздасып екеуің аулақ кетсең, Құзғын қарға жемей ме жақтап жүрген! Сонда Торайғыр «айтқаныңды қабыл алдым» дейді. Байдалы «әуелі аға бауырдан болады, іні тастан болады, ініңнің барда аяғына жығыл» дейді. Торайғыр «мақұл» дейді. Бірақ Байдалы аз ойланып: «Жұртқа бұл жаман үлгі болар»,— деп, інісі Шоңға былай дейді. — Қарағай бойы қар жауса, Жұтамайды сауысқан. Қанды қалпақ кисе де, Шыдамайды туысқан. Оңғандықтың белгісі Өзі ұрысып, табысқан. Оңбағанның белгісі Өткен істі қуысқан. Сонда інісі Шоң ағасы Торайғырдың ел тұрмай ертемен үйіне келіп, түндігін ашып, шәугімін асып жатқанда, Торайғыр төсектен басын көтеріп алып, ет жүрегі езіліп, інісі Шоңға: — Жақсы кісі ақылымен тәуір болады, Мінезі қорғасындай ауыр болады, Құлағы өсекті естімейтін сауыр болады, Кедейдің жалғыз керіндей Құйрығы шолақ, арқасы жауыр болады. Осы мінездің сенде біреуі де жоқ, біреудің тілі тиіп қалса, қолы тиіп, сүйегімізге таңба болып қала ма деп өтірік араз болып жүр едім деген екен.

Жетестің кәрілік туралы айтқаны
Қара кісі руының Жағал деген бір азаматы жасы сексенге келіп қартайып отырған кіші жүз Жахайым Жетес бимен әңгіме үстінде: — Иә, Жетеке, сіз сексенге келдіңіз, әрбір он жылды бір белеске қойғанда, не нәрсеге теңер едіңіз? — деген екен. Сонда Жетес сәл ойланып алып: - Е, қарағым - ай, мен он жасымда асық ойнадым, қызығына тоймадым, қатар балалардың асығын ұтып қоймадым; жиырмаға келдім, бойға жетіп бойладым, онда да балалықты қоймадым. Жиырма беске жеттім, жақсы іске сүйіндім, жаман іске күйіндім, барымды бойға киіндім, сұлу қыз - келіншек болса, соған шүйілдім; отызға келдім: қызыл алтайы түлкі болдым, қыран бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым, қатар құрбымның көңілін қалдырмадым; қырыққа жеттім: арғымақтай аңқылдадым, тау қырандай шаңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым, дариядай сарқылдадым. Елуге келдім: биік бір қара төбенің басына шықтым, алды - артымды тегіс көрдім, бірақ қай жағы алыс, қай жағы жақын екенін біле алмадым; алпысқа жеттім: алты тарау жолға кездестім, қайсысына түсуді білмей дағдарысқа ұшырадым. Жетпіске келдім: жеңілгенімді білдім, билікті бала - шағаға бердім, айтқанына көндім, жетегіне ердім; тап осы күні сексендемін: алдым терең құз, артым биік жар, сол жағым — су, оң жағым — от, қалай қарай қозғалсам да, маған тірілік тірлік емес - ау! — деген екен.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×