Жаңару
Өмір деген не? Жаңа туған адам дүниенің есігін қағып, бірінші баспалдаққа шығады. Оның алдында — бұраңы көп, мехнаты көп ұзақ жол — өмір жолы.
Адам бір жоғары көтеріліп, біресе төмен түседі, тағы да жоғары көтеріледі. Осы бұраң жолмен ол тез жүріп, асыға ұмтылып, алға басады. Ол — ширақ, ол — шат. Ол осы жолының бір жерге жетіп таусыларын да біледі. Бірақ одан ол қорықпайды. Оған қымбат — сол бұраңы көп ұзақ жол.
Мәңгілік өмір бір көшке бір көш жалғасып, ұрпақ ауысып, ел жаңарып отыратын сол ұзақ жолда.
Мен — жиырмадағы жас жігітпін. Мен өмір жолының біразын жүріп тастасам да, алдымда әлі талай қыр бар. Менің алтын жолым жиырмасыншы ғасырдың биік қырқасынан асып, алға қарай, жоғары қарай тартып барады. Ол жол менің Отанымның кең далаларынан өтеді. (120 сөз)
(Ғ. Мүсірепов)
Қабылан
Көктем шығуы - ақ мұң екен, Қабыланның барлық мінезі, жүріс - тұрысы, күнделікті әдеті, төңірекке көзқарасы, бәрі - бәрі де өзгеріп сала берді. Оның біздің есіктің алдына келгеніне, міне, төрт ай болды. Осы төрт айдың ішінде Қабылан көз алдымызда жүрсе де, бәрімізден ұрланып ержеткен секілді. Осы көктем шығып, наурыз торғай келгенге дейін ол көзі шыныдай жылт - жылт етіп, алдындағы адамға тек балалық қызығушылықпен басын қалт-құлт еткізіп қарап отыратын кіп-кішкене күшік еді.
Алды адамнан бастап өмірдегі тірі мақұлықтың бәрін белгілі дәрежеде есейтетін, ой қосатын тіпті барлық мінезінің күрт өзгеруіне тікелей әсер ететін үлкенді - кішілі кездесетін сол өмірдің уақиғалары ғой. Қабыланның да мінезіне күрт өзгеріс енгізген сондай бір уақиға болды. (110 сөз)
Ауылда
Көп ауылдың күзгі әдеті бойынша, Абай ауылы да жаз тігетін үйлерін жығып, жиып қойып, оның орнына қоңырқай, кішілеу үйлер тіккен. Әйгерім отауы да қазір басқаша.
Кішілеу, шағын үйдің ішіне текемет, тұскиіз, түкті кілем ұсталған. Биік төсек орнына, қалың салынған көрпесі, құс төсегі, жастық, бөстегі көп жерден төсек орнаған. Абай мен Әйгерім отырған төсек алды қалың жүнді арқар терісімен жабылған. Төрде отырған қонақ болса, олардың астында ұзын қара сеңсеңнен мол етіп құрап тіккен кең бөстек жайылған. Шағын үйдің ортасын қазан - ошақ алғандықтан, бұл күнде Абай кітабын дөңгелек үстел үстіне салып оқымайды. Көбіне жер төсек үстіне үйіле жиылған көрпе - жастыққа арқасын сүйеп, қолға ұстап отырып оқиды. Әйгерім көбіне кесте тігеді, ал қалғандары тоғыз құмалақ ойнайды. (111 сөз)
(М. Әуезов)
Табиғат аясында
Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлытаудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі еседі. Күн батып, ымырт жабылып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгірт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бой ұсынған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердің арасымен үш салт атты келе жатыр еді. Бұлардың беті — қалың таудың іші. Күнбатыста, алыста жауын бар еді. Сол алыста күн күркіреп жатты. Анда - санда көкжиектің тұсында күн жарқылдап тұр. Бұлт қалың, жарқылдағы күшті еді. Қара барқан тартып, қараңғылана бастаған аспанда түксиіп қатал қабақ, құлазып жүдеген иесіздік білінгендей. Үлкен жарықтың өшер алдында сөніп, бір лап етіп жанғанындай, күнбатыста жарқ еткен нажағай жарығы мен күңгірт даланы әлденеге үміттендіріп тұрған сияқты. Тау бөктеріндегі қоңыр жел ақырындап бұрала соғып, салбыраған шерлі күйін қозғағандай болады. (118 сөз)
Құмға салған сурет
Әке - шешеден ерте айырылған Әбілхан тіршіліктің ауыртпалығын тартты. Қой соңында күндер өтті. Жұрттың баласы хат танығанда, мұның қолынан келетіні — тас бетіне, құмға сурет салу, тас пен ағаштан мүсін жасау. Ол машықтанып жүрген ісіне қарап ұстадан қолдау естіді. Білсем, үйренсем деген құштарлық арта түсті.
Ақыры ол аты шыққан шежіре қарт Сағымбекке барды. Шежіренің ақылымен Жаркентке келді. Бір сыныптық білімі жоқ суретшінің өмір жолы осылай басталды. Ата - баба айналысып көрмеген өнерге жол табу оңай болған жоқ. 1929 жылы атақты суретші Николай Хлудов өнерге талпынған бірінші қазақ жігітін қуана қарсы алды. Бос уақытында көркемсурет өнерінің әліппелік заңдарын үйретті.
Сол бала Әбілханның қазақтың сурет өнерінің ең басында тұрып, атақты суретші Әбілхан Қастеев атанарын ешкім білмеді. Құмға сурет салудан басталған балалық талап үлкен өнерге осылайша жол салды. (121 сөз)
Туған ел
Туған ел! Бұл кішкентай үйіңнің табалдырығынан басталады. Содан шетсіз, шексіз қияға өрлеп кете барады. Оның жұпар атқан жусаны, жүректей болып желмен лүпілдей соққан қызыл гүлдері, кеудеңе құйылған мөлдір ауасы - осының бәрі - бәрі сенің туған еліңді құрайды.
Туған жерсіз адамның күші жоқ. Алыс кетсең, өз үйіңнің мұржасына дейін сағынасың. Туған жерің түсіңе енеді. Алыстан сені қол бұлғай шақырады.
Туған ел мағынасы тереңде жатыр. Балғын балалық шақ. Өзен үстінде үйіріліп ұшқан шағала. Кемеріне жайлап соққан көгілдір көл. Күннің қызғылт шанағына бөленген үйлер — осының бәрі тұтас тұрған туған ел. Ал, енді ананың бесікте жатқанда айтқан әлдиі, әженің тамылжыта төккен тамаша ертегілері, туғандарыңның мейірбанды күлкілері — осының бәрі туған еліңнің керемет сипаттары! Туған елдің тілі барша жанға түсінікті. (113 сөз)
Толық нұсқасын қарау
Қазақ тілінен диктанттар жинағы №8
- aiboll
- 5 қазан 2016
- 58482
- 0
- 100
Ілмек сөздер: Қазақ тілінен диктанттар жинағы, қазақ тілі, диктант, диктанттар жинағы
Ұқсас жаңалықтар:
«Абай жолы» роман - эпопеясының қысқа мазмұны №18
Бүгін Семей қаласында Абайдың Қысатай деген туысқанының пәтерінде ән шашу, жиын болып жатты. Жиналғандар Абай, Қысатай, Шұбар, Көкбай, Ысқақ пен...«Абай жолы» роман - эпопеясының қысқа мазмұны №12
Көктемнің шапағаты соншалық, табиғат күрт жаңара түсті. Абай кітап оқудан еш шаршамаған. Ол орыс тілін жетік меңгергендей Пушкиннің «Дубровский»...Қазақ тілінен диктанттар жинағы №1
Содан бері бір жылға тарта уақыт өтті. Тағы да міне, күз келіп қалды. Жомарт күз! Береген күз. Алтын күз деп жылдың осы тамаша мерзіміне қастерлеп...Қазақ тілінен диктанттар жинағы
Басқалардан оқшау қала бастаған жаралы киік оқ тигеніне қарамастан, шоқақтап келеді....Мұхтар Әуезов «Жетім» әңгімесі
Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы Бестерек орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Хазез Алтынгуль...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.