Сайтқа кіру Тіркелу

Қазақ тілінен диктанттар жинағы №3

Қазақ тілінен диктанттар жинағы

Бала би
Бала бидің атасы азан шақырып қойған аты — Бименбет. Бала би — лақап аты. Бименбет әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалады. Әкесінің інісі Арғынбайдың атын ерттеп, қасына ереді. Арғынбай бидің алдына келген үш даудың шешімін айтып, Бименбет көзге түседі де, Бала би атанып кетеді.
Төрт кісі бірлесіп, бір ақсақ ешкіні семіртіп соймақ болып қырманға жібереді. Және де сойғанда кім қай аяғын алатынын алдын ала белгілеп қойса керек. Ешкі бір күні шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып бақырып, қырманды айнала жүгіріп, содан қырман өртенеді. Өртке кінәлі кім деп іздегенде үш сау аяқтың иесі «Отқа жұғысқан да, қырманға өрт қойған да шүберек байлаған ақсақ аяқ», — деп ауру аяқтың иесін айыпты қып шығарады. (110 сөз)
(«Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабынан)

Жайықта
Көктемде Жайық өңірінде аққулар қос - қостан ұшып келеді. Талқайраңдағы көк шалғынға киіз үй тіккенбіз. Сыртта тұрып, сыбызғының үніндей сұлқылдаған аққулар даусын тыңдадым. Тобымен орман ішінде қонды.
Таңертең ерте оянып, тысқа шықты. Шығыс жақ — қызыл шақпақ. Сүрлеумен өзенге қарай жүгірдім. Кешкісін қармақ аяғына кіріп кетіпті.
Жалма - жан көйлегімді шешіп тастап, аққудың қасына жүзіп жеттім. Аққу су сабалап сыңсыды. Ауызын ашып, айбат шекті. Аяғынан ұстадым да, қармақтан босаттым. Рақмет айтқандай, бір сұңқ етті де, арғы беттегі жасыл құрақ ішінде қиқу салып, мұны тосып жүрген тобына барып қосылды. Өзен жағасын әнге бөлеп, аққулар аспанға көтерілді. (97 сөз)

Шоқан Шыңғысұлы
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, географ, ағартушы, демократ. Ол қазіргі Қостанай облысында 1835 жылы туған. Балалық шағы Сырымбет тауының бауырында өткен. Өз әкесі - Шыңғыс, ұлы атасы — Уәлихан. Арғы атасы — Абылай.
Шоқан Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында болды. Ол жас күнінен тарихи өлең, жыр, аңыз әңгімелерді қызыға тыңдап, құлақ түріп өскен.
Ол Құсмұрын бекетінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын жазып алған. Сырымбетте аңыз, жырлар сюжетіне сурет салатын болған.
Шоқан табиғатынан алғыр, зерек болған. Ол қазақ мектебінде оқып арабша хат таниды. Содан кейін орта Азияның түркі тілдерін меңгерген.
Ол Омбыда кадет корпусында оқыған. Шоқанның ісі өлмейді. (100 сөз)

Менің атам
Мен атамды көрген емеспін. Папам да оның бейнесін көз алдында елестете алмайды.
— Атаң жайсаң жан еді. Соғыс басталғанда жиырма бір жаста болатын. Өзі сұранып майданға аттанды, — дейді әжем.
Бір күні «Ауылымыздың ардагерлері» деген тәрбие сағаты етті. Сынып жетекшіміз, Зәуреш апай, балаларға менің атам туралы да айтып берді.
— Нұғыман атай не бары жиырма бес жасында біздің жарқын өміріміз үшін жанын пида еткен. Батыр атаның бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Есімі ел есінде мәңгі сақталады! — деді ол. Сол кезде мені мақтаныш сезімі кернеді. Екі қолымды партаның астына тыға қойдым.
«Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», «Ел намысы — ер намысы». (93 сөз)

Аю және бөрене
Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал арасына кез болыпты. Ағаш басындағы бал арасына тамсанып, аузынан сілекейі шұбырып, оны жегісі келіпті. Аю ағаш басына өрмелеп, ұяға жақындағанда, ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасапты. Балға ұмтылған аю бөренені итеріп жіберді. Ары серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралғанда аюдың басына сарт ете қалады. Қара күшке сенген ожар аю ашуланып, бөренені одан бетер қатты итереді. Өз салмағымен қайта оралған бөрене аюдың басына тағы да сарт етеді. Аюдың құлағы шыңылдап, басы айналады. Бұған ызаланған аю күшімен бөренені үшінші рет итеріп жібергенде, қайта оралған бөрене аюдың басын қақ айырып, ағаштан ұшырып түсіріпті. (100 сөз)

Көктем
Май жұлдызының бас кезі. Жердің беті кілемнің түріндей жап - жасыл, таң атып, күн шығып келе жатыр. Таңертеңгі түскен шықтың тамшысы қызарып шығып келе жатқан күннің сәулесіне шағылысып, өсімдіктердің басы күмістей жылт - жылт етеді. Қалың тоғайдың арасынан ирек - ирек болып аққан жіңішке өзеннің үстінен көтерілген аппақ тұман, шықпен буланып, маңдайы терлеп, төмен қарап тұрған талдар, талдың арасымен сылдырап аққан өзеннің суы, анадайдан қарайып көрінген жардың жағасында жағалай қонған елдің қыстауы. Көктің жүзі көкпеңбек теңіз секілді. Шөптің басы қимылдарлық жел жоқ. Тып - тыныш. Табиғаттың барлық нәрсеге ықылас көзбен күліп тұрған күні еді. (90 сөз).
(С. Дөнентаев)

Ел мұраты – Тәуелсіздік
Тәуелсіздік – мемлекеттік тұрғыдан алғанда еліміздің еркіндігі, елдің тізгінін өз қолына алуы, өз билігінде болуы.
Қазақстан Республикасы – халықаралық деңгейде басқа елдермен терезесі тең түсетін тәуелсіз мемлекет.
Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі», — деп жарияланды.
Мемлекетімізде іс қағаздары қазақша жүргізіліп, тіл мәртебесі жылдан - жылға көтеріле бастады. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың: «әкесі баласымен, атасы немересімен, ері әйелімен, әкімдер халықпен, әлеумет бір - бірімен ана тілінде сөйлессін», — деген ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, тіл саясаты ойдағыдай орындалып келеді.
Ел тәуелсіздігінің болашағы жарқын болсын! (77 сөз).

Тірлік қамы
Әкеміз үш ағайынды кісі болатын. Өздері сондай ұйымшыл, аз ғана шаруаларын ортақ ұстап, біріне - бірі үнемі жалғасып отыратын еді. Сондықтан өз малдарын өздері бағып, біріне - бірі үлкен, кішілік етпейтін. Мал түлігі болғаннан бастап, жазда аз ғана жылқыны бағу, қыста түйе, сиыр сияқты ірі қараны өріске шығарып, кешке қораға жинау міндетіме айналды. Мың тоғыз жүз он бірінші жылы ауыл қыстауға келісімен әкемнің нағашыларының ауылына бардым. Өйткені ауыл арасы қыста қанаттас болғанымен, жазда бөлек жайлап, қысқа қарсы сағыныса қатынасатынбыз. Мен келсем, ол ауылда ерекше бір жаңалық басталыпты. Әкемнің нағашы ағасы малды, әрі атқамінер, кісілікті ауылдан болатын. Солар Семейден бір ноғай жігітін жалдап әкеліп, балаларын орысша оқыта бастапты. Олардың балалары да мен құралыптас болатын. (111 сөз)

Қырманда
Қырман қызып, қамбаға астық құйыла бастаған шақ еді. Бала - шағаға дейін қырман қызығында жүретін - ді. Ерсілі - қарсылы егіз арбалар қырман мен егістік арасын ақшаңдақ жолға айналдырды. Аумағы алты қанат үш үйдің орнындай қырманда алты түйе шырқ көбелек айналады. Жас сабан сары түйедей әп - сәтте үйіліп қалады. Үстінде бала - шаға асыр салады. Бір топ қатын - қалаш жел жақта тары ұшырып жүр. Ағаш күректермен ақ маржан тарыны көсіп - көсіп алады да, жоғарыдан төмен суылдатады.
Баданадай - баданадай алтын дәндер шаң - тозаңнан арылып, жал - жал боп үйіліп жатады. Сол мол ырыздықты еркін кешіп, ұзын шұбақ жаюлы жатқан алашалардың үстіне әкеп бірнеше адам тарыны шапшаң - шапшаң електен өткізеді. Қиқым - сиқымнан әбден тазартысымен қапшықтап, таразыға салып, ауыздарын шуда жіппен сықита тігіп, дереу арбаға тиеп, қоймаға жөнелтіп тұрған екінші топтағылар да айрықша қам - қарекет үстінде еді. (125 сөз)

Толық нұсқасын қарау
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×