Сайтқа кіру Тіркелу

Абай – дара, Абай – дана қазақта

Сабақтың тақырыбы: «Абай – дара, Абай – дана қазақта»
Мақсаты: Оқушыларға Абай өлеңдерін және қара сөздері мен поэмаларын терең меңгерту, мәнерлеп жатқа айту, сөз өнерінің қыр – сырымен таныстыру. Халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, дәстүр мен жаңашылдық, оның адамзат тарихымен тығыз байланысы жайындағы білімдерін қалыптастыру
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, слайдтар, Абайдың суреттері
Барысы: І Ұйымдастыру
ІІ. Құрметті ұстаздар мен оқушылар! 6 Б сыныбының «Абай – дара, Абай – дана қазақта!» атты ашық сабағымызға қош келдіңіздер!
Көп адам дүниеге бой алдырған
Бой алдырып аяғын көп шалдырған
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.
Қазақтың ұлттық философиясының негізін салушы, жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлаған кемеңгер ойшыл, данышпан ақын, тарихи тұлға – Абай Құнанбаев. Абай атамыз адам тіршілігінің сан – саласын қамтып, кешегі мен бүгінді, болашақты ұштастырған дана әрі дара ақын. Халық тарихи дамудың қаншама асуларынан асып, қандайлық биігіне көтерілсе де Абай аты мен Абай сөзі әрдайым оның аузындағы жыры, көкірегіндегі иманы, санасындағы ар - ұжданы болып қала береді.
Ақын мұрасы – халқымыздың сарқылмас асыл қазынасы.
Ендеше, кемеңгер ойшыл, данышпан ақынның өмірге келуі жайында бейне фильмді тамашаласақ. (1 минут)

Мұғалім: Ұлы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы жайында оқушылардың еңбегіне кезек береміз.
Оқушы: Аружан.
Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері - Абай Құнанбаев. Дана ақын – Абай 1845 жылы тамыз айында, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауында туған. Абайдың әкесі Құнанбай өз еліне атағы шыққан аға сұлтан. Зерделі зерек ел ағасы, ірі тұлға. Абайдың анасы – Ұлжан, әжесі – Зере.
Жүрегім шырақ етіп жандырған кім,
Жырымен жан сусынын қандырған кім.
Өзіне - өзі орнатып ескерткішті,
Мұра ғып, кейінгіге қалдырған кім.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен кім,
Үнінен әділдіктің лебі ескен кім.
Арманын аттандырып келешекке,
Біздермен осы күнгі тілдескен кім.
Тайсалмай, мыңмен жалғыз алысқан кім,
Жауына найза сөзін шанышқан кім.
Өзендей құйған бәрін көк теңізге,
Лермонтов, Пушкиндермен табысқан кім
- Ол Абай Құнанбаев - ұлттың мәңгі ұйтқысы.
Оқушы: Балнұр
Сегіз жасар Абай өзінің зеректік қабілетіменен көзіне ілігіп, үміт күтер, ата жолын ақтар бала болар ма деген ой салады. Міне осы себептен әкесі Құнанбай Абайды Семей қаласына апарып, әуелі Ғабдулжаппар молдаға оқуға береді. Бұл молданың қарамағында екі жылдай оқып, мұсылманша бастауыш білім алады. Бұдан кейін он жасар Абай, бір басқыш ілгері дәрежедегі, жабық оқу орны, мешіт жанындағы медресеге түседі. Медресенің соңғы жылында Абай мұсылманша оқумен тоқтамай, Семейдегі «Приходская школаға» түсіп, үш айдай орысша да оқыған. Бұл Абайдың орысшаны игеріп кетуіне негіз болған.

- Қазақтың ақыны, данышпаны көп болғанымен, Абай біреу - ақ, Абай бар елдің мерейі үстем.

Оқушы: Ораз
Он үш жасында Абайды әкесі Құнанбай оқудан шығарып, ел билеу әдісін үйретеді. 60 - жылдардың аяқ кезінен бастап Абай аздап оқыған орысшасын өз бетімен оқу арқылы дамытып, орысша кітаптарды көп оқиды. Семей кітапханасынан кейде өзі барып, кейде арнайы кісі жіберіп кітаптар алдырады. Сөйтіп жүріп, ол 1870 жылы Петербургтен жер аударылып келген жас революционер Михаэлиспен кездеседі. Кітапханада Лев Толстой кітабын сұрап тұрған қазақы адамды көріп таңырқаған Михаэлис оған таяп келіп, жөн сұрайды. Екеуінің таныстығы осыдан басталып, кейін үлкен достыққа айналады.

Оқушы: Мирас
Бұл жылдары Абай орыстың ұлы классиктері Пушкин, Толстой, Лермонтовтармен қатар революционер – демократтар Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Салтыков - Щедрин, Некрасовтардың және Еуропаның ақын, ғалым, философтарының да еңбектерімен танысып, әдеби білімін, философиялық ой - пікірін, дүниетану көзқарасын кеңейте түседі. Абай орыс әдебиеті мен публицистикасын тек оқушы, үйренуші ғана болып қойған жоқ, оларды қазақ даласына насихаттаушы, өзінің мазмұнына түрі сай, көркем аудармашы арқылы оның идеясы мен мазмұнын да, эстетикалық қасиеттерін де қазақ оқушыларына дәл жеткізуші болды.

Оқушы: Қажымұқан
1886 жылы Абай «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» өлеңдерін жазды. Ақынның бұл өлеңдерінің күні бүгінге дейін мәні зор. Ақын айтқан: өсек, өтірік мақтаншақтық, еріншектік, орынсыз мал шашу сияқты теріс әрекеттер әлі де бар. Ал, талап, еңбек, ғылым, қанағат, рақым да, біздің қазіргі тәрбиеге дәл келеді. Абай қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерді. Ол өзіне дейінгі қазақ әдебиетіндегі кемшіліктерді қайталамады. Шығыс, батыс, орыс мәдениетін өз шығармаларына үлгі етіп, сол арқылы өз өлеңдерінің сапасын жоғарылатты, ұлттық түрді сақтай отырып, оған интернационалдық нәр берді, әдебиетімізді шын өнер дәрежесіне жеткізді.

Мұғалімнің сөзі
- Абай Құнанбаевтың өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі - сыртқы қылық қасиеттерін жасауға мінез – бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер.
Абайдың ешкімге ұқсамайтын мораль, өсиет, толғау тәрізді көркем сөздерінің бірі – қара сөздер. Абайдың қара сөздері 1890 - 1898 жылдар арасында жазылған. Жалпы саны 45 жол оның әрқайсысы өз алдына жеке шығарма. Абай қара сөздеріндегі негізгі ортақ тақырып адам бойындағы адамгершілік, адамзаттық, тазалық, ақтық жөніндегі тәрбиелік ойлар айтылады.

Оқушы: Досымжан: 31 - ші қара сөзі
- Бұл қара сөздердің мәні: уайымсыздық, салғырттық, ойыншы – күлкішілдіктен аулақ болу керек. Себебі бұл нәрселер - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.

Оқушы: Дана: 7 - ші қара сөзі
- Дүниеге келген әрбір нәрестеге, біріншіден, тән азығы керек. Яғни қарны тоқ, шөлі қанған, ұйқысы жеткілікті болуы қажет, әйтпесе бойы өспейді, қайраты артпайды. екіншіден адам баласына жан азығы да керек. Ұлы ақын жан азығына да болып жатқан сан түрлі құбылыстардың мәнін, сырын, суретін тануды, әсерленуді жатқызады.

Мұғалім:
Абай адамның адам болу қағидасымен шектелмей, адамтану туралы ойын әрі дамытып, тереңдете берді. Ойшыл ақынды көп толғандырған ендігі бір мәселе – адамның барлық жағынан жан - жақты жетіліп, «толық адам» болу мәселесі. Толық адам болу үшін адам бойындағы ең негізгі қасиеттер – қайрат, ақыл, жүрек тең болуы қажет деп тоқтамға келеді.

Көрініс.

Әдемі киінген қыз бала кеуде тұсына қызыл түстен жүрек бейнесін ілген.

Жүрек: Зина
- Мен адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп, еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын – мен. Әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен таралады.
(Жүрек жанында тұрған «Ақыл» мен «Қайратқа» қарата сөз сөйлейді:)

- Ей, ақыл! … Амал да, айла да – бәрі сенен шығады, жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені – сен екеуінің де іздегенін тауып беріп жүресің – соның жаман.

- Ей, қайрат! Сен де жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің – соның жаман.
(Ортада бой таластырған үшеуге әділ төрелікке «Білім» ата келеді. Басына шалма ораған, ойлы, қолында кітап.)

Білім: Ораз
- Сенің үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Осы үшеуінің басыңды қос, соның ішінде жүрекке билет.

Мұғалім: Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерей тойына арналған бейне фильмді тамашалайық. (3 минут)

Мұғалім:
Абай жастардың білімді, дарынды, талапты болуын аңсады.
Оқушы: Қажымұқан «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат»
Оқушы: Жаннұр «Адам болам десеңіз»
Оқушы: Зина «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»
Оқушы: Жанерке «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы»
Мұғалім:
Ақын қоғамдық қайшылықтар негізінде ауыр тұрмыстағы халықтың аянышты өмірін, қайғы - қасіретін, күйзелісін, шебер бейнелеген. Атамыздың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңін тыңдап тамашалаңыздар.
Оқушы: Дана: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі

Мұғалім:
Абай атамыздың «Желсіз түнде жарық ай» әнін тыңдаңыздар.
(Клип қойылады оқушылар хормен қосылып айтады.)

Мұғалім:
- Табиғаттың әсемдігі тек қана тіршілікпен жарасымды. Тіршілікті аялағанда ғана табиғаттың тамаша болатындығы айқын. Табиғат тіршілік үшін қажет болса, тіршілікке табиғат қажет. Абай атамыз табиғатты тамаша суреттеумен қатар тіршіліктің онымен байланыстылығын дәл тауып, әдемі де, тартымды жырлай білген.
Ендеше Абай атамыздың жыл мезгілдеріне арналған өлеңдерін оқушылардың орындауында тыңдап, тамашалаңыздар.
Оқушы: Мейіржан: «Қыс»
Оқушы: Аружан «Жазғытұрым»
Оқушы: Ахмет «Жаз»
Оқушы: Әсем «Күз»

Абай атамыздың сөзінің терең мағыналы, ешқашан ескірмейтін шындық екенін нақыл сөздері мен мақал - мәтелдерінен байқауға болады.
1. Адал еңбектен мал іздемек - ол арлы адамның ісі
2. Еңбексіз мал дәметпек - қайыршылық
3. Адам баласына адам баласының бәрі дос
4. Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез
5. Досыңа достық – қарыз іс
Дұшпаныңа әділ бол
6. Кімде – кімнің әділеті жоқ болса, оның ұяты да жоқ.
7. Нысап, ұят - бұл әділеттен шығады
8. Өз қайратыңа сүйеніп еңбек ет, еңбек етсең қара жер де береді, құр тастамайды.
9. Еңбек қылмас еріншек, адам болмас
10. Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле

Мұғалім сөзі:
- Абай Құнанбайұлы – дүние жүзіне танымал әлемдік деңгейдегі ақын. Ақынның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО - ның шешімі бойынша 1995 жылы дүние жүзі елдерінде мерекеленді. Абай оқулары ағылшын, француз, неміс тілдерінде Еуропада өтті. Абай шығармалары әлемде тоғыз тілге аударылып басылып шықты. Бұл басылымдарға өзге елдің дүние жүзі ғалымдары мен жазушылары өз ойларын білдіріп, Абай бейнесін аша түсті. Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай атамыздың есімі мәңгілікке халық жүрегінде сақталады. Абай қазақтың атын әлемге таратқан, артына өшпес мұра қалдырған дана әрі дара, ұлы тұлға.
- Биылғы 2015 жылы ақынның 170 жылдық мерей тойы тойланғалы отыр. Біздің де ұлы іс - шараға азғана болса да, үлесімізді қосу мақсатында ашық сабағымызды атап өттік.
Ашық сабағымызды аяқтай келе, бүгінгі кешіміздің куәсі болып отырған ұстаздарымызға алғыс айтамыз.
Оқушыларға тілерім, Абай атамыз аңсаған білімді, дарынды, талапты болуларыңа тілектеспін.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×