Өлең жазып жүрген талапкерлердің бәрін бірдей ақын дей алмаймыз. «Өлеңге әркімнің - ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы», - дейді Абай. «Жүзден жүйрік шығады, мыңнан - тұлпар», - дейді халық даналығы. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан нағыз ақындар тарихта сирек кездеседі. Сондай сирек кездесетін, нағыз табиғи дарынды қазақ ақындарының бірі - Мағжан Жұмабаев.
Мағжан таудай талантымен қоса жан - жақты терең білімді, жоғары мәдениетті, адамгершілігі зор, жаны таза, биік арлы, өнегелі интеллигент болған. Ол адамзат баласына бірдей бауырмал - гуманист, нәсіліне қарап алаламайтын адал жүрек, ақ көңіл - интернационалист. Осындай қасиеттің бәрі түгел болмаса, Мағжан тарихта мәңгі - бақи қалатын үлкен ақын да болмас еді.
Мағжан - қазақ поэзиясының саздылығын, әуезділігін арттырған, соған көңіл бөле отырып, арғысы француз, бергісі орыс символистерінің өлеңдерінен дәстүр тапқан ақын. Европа ақындарының шығармашылығындағы мөлдір бұлақтан сусындай отырып, оны қазақ поэзиясының сұлулығымен үндестіре білген ақын.
Мағжан қазақ поэзиясының жарық жұлдызы - ұлы Абайға еліктей отырып, ұлы ұстаз жолын ұстанғанымен, өзінше жол табудан әсте жалықпай, көп іздеген жан. Өлеңдеріндегі табиғат суреттері, оның тылсым шақтары, ақын көңіл күйімен, мұң - қайғысымен, қуаныш - шаттығымен қат - қабат келіп отырады. Осының бәрі тұтаса келіп суреттеп отырған дәуірдің бейнесін толық ашып береді. Мағжан поэзиясы жайлы Ж. Аймаутов былай деген екен: «Мағжанның қай өлеңі болса да қазақ әдебиетінің тарихынан қалайда сыбағалы орын алуы талассыз ақиқат».
Ақын өзін немесе өзінің лирикалық кейіпкерін ғана емес, айналасындағы жастарды да "арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты" қалыпта көргісі келеді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш – жастар. Олай болса, өмір бойы "алаш" ұранын көтеріп өткен Мағжан үшін жастардың орны бөлек. Өзінің "Мен жастарға сенемін" деп аталатын өлеңінде ол жас жеткіншектерге үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан қыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен сүйкімді мінезді, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. Соған мақтанады. Шабыттана жырлайды. "Мен жастарға сенемін!" деп асқақтай сөйлейді. Мағжан жастарға арнаған сөзінде:
«Жастар! Алда жүрген, Алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңдар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді - түн, жақынды - жат, пайданы - зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді ойлаңдар!» - дейді.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін!..
... «Алаш» - айбынды ұраны,
Қасиетті Құраны.
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!
Тау суындай гүрілдер,
Айбынды Алаш елім дер.
Алтын Арқа жерім дер
Мен жастарға сенемін!..
... Мен сенемін жастарға!
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда!
Мен жастарға сенемін!
Осындай ұранмен бүгінгі күнде Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінде барлық мамандықтар бойынша «Мағжантану» факультатив сабағы бірнеше жылдар бойы жалғасып, өз нәтижесін көрсетіп келеді.
Мағжантану пәнінің мақсаты - жалынды ақын Мағжан Жұмабаев мұрасын жас ұрпаққа таныту, олардың азаматтық ұстанымының, ұлттық ой - санасының қалыптасуына ықпал ету.
Міндеттері:
1. Колледж оқушыларының ақын өмірі мен шығармашылығын тануға деген қызығушылықтарын арттыру, ақынның рухани мұрасын, ақын өмірі жайлы мәліметтерді игеруді насихаттау;
2. поэзияға деген сүйіспеншілік тудыру;
3. шығармашылыққа баулу;
4. Қазақстан Республикасының жастар бағдарламасын қолдау және ҚР - ның «Тілдер туралы» Заңын жүзеге асыру.
Мағжан әлемінің жұмбағын ашуға оқушыларын қызықтырып, сабақтың тартымды өтуіне көп көңіл бөліп отыратын пән оқытушысы Касенова Айман Капеновнаның еңбегі ерекше. Арнайы жасалған жоспар бойынша сабақтарда Мағжан өлеңдері кеңінен талданып, мазмұны ашылып, өлеңдері жатталады. Ақын сөзіне жазылған әндері айтылады. Әр оқушының ақын мұрасына деген көзқарасын кеңейтіп, шығармаларына деген сүйіспеншіліктерін арттыру үшін сабақ түрлі әдіс - тәсілдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Жыл сайын сабақтарын нақтылау ретінде ашық сабақ көрсетіп тұрады. Облыстық, қалалық Мағжан шығармаларын жатқа оқу сайысында бірнеше жыл қатарынан оқушылары жүлделі орындарға ие болып келеді.
Мағжан поэзиясының көркемдігі жайлы Ж. Аймауытов былай деген екен:... Ол жүректің қобызын шерте біледі, жүрегінен жас қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма, бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбіңі көрініп тұрады». Ендеше:
Ғибрат аларлықтай кейінгі біз,
Ақындық дауысынан қалдырған із,
Поэзия әлеміне жарық берген,
Ұлы Абай болғанда, Мағжан – жұлдыз - дей
келе айтарым біздер үшін Мағжантану мәңгіге жалғаса бермек.
Жырымен жұртын оятқан
- Салтанат Беркутовна
- 18 қараша 2020
- 33238
- 0
- 100
Ілмек сөздер: Жырымен жұртын оятқан Мағжан, Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы
Ұқсас жаңалықтар:
Мағжан Жұмабаевтың "Мен жастарға сенемін" өлеңінің тәрбиелік мәні
Жастардың қазіргі замандағы бейнесін анықтап, оның осы замандағы атқаратын рөлін зерттей отырып, жастарымыздың қазіргі тәрбиелілігі жоғары деңгейде...Мен жастарға сенемін
Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты – Қырандай күштi қанатты....Мағжан Жұмабаев “Түркістан”өлеңі
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – орта ғасырлық сәулет өнерінің үздік асылы болып табылады. Бұл теңдессіз сарайлар кешені 30 әр түрлі бөлмелер мен...Мағжан Жұмабаев өмірі мен шығармашылығына арналған дидактикалық материалдар
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар? Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?...Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясының хантәңірі
Сабақтың мақсаты: 1. Білімділік: Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы мен жазушылық қызметінен алған мағлұматтарын толықтыру, пысықтау...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.