Сайтқа кіру Тіркелу

Сырдың саңлақ сардары

Қызылорда қаласы,
№101 орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Молдағажиева Сауле

Тақырыбы: Сырдың саңлақ сардары.
Мақсаты: Бұқарбай батырдың өмірі мен ерен еңбегін дәріптеу.
Сырдың саңлақ сардары (Батыр бабамыздың рухына бас иеміз)
«Кенесары ханмен бір болған,
Нысанбайға жыр болған.
Қиын-қыстау сәттерде,
Еліне қалқан, ту болған…
Секілді еді дара шың
Шиыршық атып тұратын
Көрсе жаудың қарасын...»
(Ә. Тәжібаев «Бұқарбай батыр – нағашым»толғауынан)

Халқымыздың ауыз әдебиетінен өзімізге таныс кейіпкерлер бейнесінің ерекше болатындай, мен баяндағалы отырған Бұқарбай бабамыздың да өмірге келуінің өзі ерекше екен. Батырдың әкесі Естекбай орта бойлы, кең жауырынды, өзі қара күштің иесі, алпауыт қайратты кісі болса керек. Айқасқан адамын қамшымен бір тартып құлататын, мінезі ауыр, көп сөйлемейтін тұйық, барынша адал адам болыпты. Әйелі Зағипа көп жылдар бойы құрсақ көтермей, бір жолы Бұқардағы Баһуадин деген әулиенің бейітіне түнеп, түсінде әулие аян беріп: «Он ұл берейін бе немесе он ұлға татитын бір ұл берейін бе?» десе керек. Әкесі сасқалақтап: «Бір ұл берсең де ризамын», - депті. Әулие батасын беріп: «Бір өзі он ұлға татитын ұл бердім, еліңе қайта бер», - деген екен.

Айтса айтқандай, Бұқарбай батыр жасынан балалық ойыннан жерініп, ат жалын ерте тартып мініп, ел тануға ертерек кіріседі. Он тоғыз жасында күрес үстінде түйе палуанды жеңіп, найзагерлігімен, шабандоздығымен қазақ жұртына даңқы тарап, елге қамқор, абыройы артық адам болған екен.

Еліміздің азаттығы жолында мың өліп, мың тірілген, жері мен елінің тұтастығын көзінің қарашығындай қорғауды мақсат еткен Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісін тарихтан жақсы білеміз. Бұқарбай батыр қалың қазақты атқа қондырған осынау көтерілісте Кенесарының ең сенімді серігі бола білген. Алғашқы шайқастардың бірінде 500 адамдық орыс жазалаушы отрядымен болған ұрыста Бұқарбай батыр үлкен ерлік көрсетіп, ат үстінен жаяу әскерге әдіс-айлалар қолданып, найзагерлік танытады. Бұл ұрысқа қатысқан Ағыбай, Наурызбай үшеуі шағын сарбазбен орыстарды ойсырата жеңіп, көптеген қару-жарақтарды қолға түсіреді. Осыдан соң батырға «мыңбасы» атағы беріледі.

Ақмола бекінісіндегі әскер басы Карбышевтің гарнизонын талқандауда да батыр мыңдық жасағымен лап қойып, өзі ат үстінде түрегеліп, бой көрсетіп, басқалардан атан бойы алда, ерекше көзге түсіп келе жатады. Елдің абырой-атағына арқалы әруақтардың да жебеуі септігін тигізді ме, шабуыл сәтті аяқталады. Осы ұрыстағы батыр ерлігі туралы «Кенесары - Саржан» поэмасында мынадай өлең жолдары бар:

Екі жүздей күреңді,
Жалғыз қырып Бұқарбай.
Қатарынан бір асқан,
Айнала шауып екі күн,
Ақмола үстін шаңдатты.
Қағындысын қаққандай,
Босағасын қандатты...

Батыр бабамыз Кенесарының Қоқан хандығына қарсы шабуылында да Созақ, Сауранды алатын жан қиярлық күресте асқан ерлік көрсеткен. Өз жасағымен бірнеше мәрте шабуылға шығып, түпкілікті жеңіске ауқымды үлес қосқанын орыс ғалымы И. В. Аничковтың жазбаларынан білеміз.
Кенесары қосынының айтулы батырларының бірі – Бұқарбай «Әкең Бұқарбайлап» барлық уақытта ең қиын жерлерде, қамал бұзуда, тікелей шабуыл жасауда жүреді екен.

Бұқарбай батыр өмір кешкен заман қолға қару алып жауға түсумен қатар, шартқа жүгініп, дауға түсер де заман болатын. Қиян-кескі майданнан оралған саңлақ сардар ағайын арасындағы дау-дамайды шешіп, билік өнерін де жүргізіп отырған. Бірде ол Арқадағы ағайынды аралап, қасындағы серіктерімен бірге бір ауылға келеді. Төбе басында жиын болып жатыр екен. Орталарында бір жігіт пен қыз қосақтаулы байлаулы тұрады. Сөйтсе, Таңсықбай дегеннің сұлу қызы Құралай үйіндегі малшымен көңіл қосып, аяғы ауырлап қалады. Намыстанған әке оларды ат құйрығына байлап, өлтіруге үкім шығарады. Батыр ақсақалдармен сөйлесіп, қыздың әкесіне: «Бұл мүсәпірлердің қанын жүктемеңдер, босатыңдар, мен жолаушымын, жандарын маған саудаға беріңдер. Мына жігіт Жетірудан екен, елге барған соң, қалың малын айдап әкеліп берейін, »- десе, ешкім тыңдамайды. Екі жасты ат құйрығына байлай бастаған кезде найзасын кезеніп аттан салып, екеуін босатып алады. Жігіт байдың жылқысын сегіз жыл баққан екен. Сөйлесіп, ақысын әперіп, жігіт пен қызды туыстарына жеткізіп салған екен.

Бұқарбай, Сейіл өтті Жетіруда,
Таусылмас тәңірім үйген үлкен жота.
Би Бостай, Тама Өмірбай, Өтетілеу,
Шықпаған кеңесінен ешбір қата.

Омар Шораяқтың осы өлең жолында қанша салмақты ой-пікір жатыр. Бұқарбай мен Сейіл бірімен-бірі тағдырларын жалғастырған түбі бір туыс, адал жүректі тарихи тұлғалар болған. Бұқарбай батыр өз дәуіріндегі Досбол шешен, Мысық би, Бозжан, Сейіл, Сәдір билермен бірге ел ықыласына ие болып, олармен бірге ел істеріне араласып, небір даулы мәселелердің шешімін тауып отырған. Әсіресе Бұқарбай батырдың көптеген жерді аралап, бұйырған дәм-тұзды тата жүріп, әр түрлі елдің салт-дәстүрі мен жеке адамдардың жан дүниесін зерттеген, дүниеге пәлсапалық және жеке өзіндік көзқарасы бар адам болғандығын байқаймыз.

Бабамыздың тәуелсіздік жолындағы табанды күресі, бейбіт өмірде де еңбекпен айналысып, егін егіп, Сырдария сағасынан арық қаздырып, су әкелгені, шешендік қасиетімен дау-шарларды шешіп, елінің тілегін тілеуі - бізге үлгі.

Біз – батырдың ұрпағымыз. Елін қорғаған, жерін жауға бермеген қас батырларымызды ардақ тұтып, қадірлейміз. Бүгінде батырдың кіндік қаны тамған, өмір кешкен, майдандарға аттанған жерінде өз атымен аталатын ауыл бар, онда өзінен өрген ұрпақтары өмір сүреді. Қызылорда қаласының ең үлкен көшесінің бірі батыр атымен аталады. Еліміздің ертеңі зор, бақыты мол болып, ұлы батыр есімі 200 жылдық тойында ғана ескеріліп қоймайды, болашақ ұрпақ мыңдаған жылдар есіне алып, мәңгі үлгі етеді деп сенемін.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×