Сабақтың тақырыбы: Алгоритм жазу жолдары. Алгоритмнің график түрінде кескінделуі. Алгоритмдік тіл және программалау тілі ұғымы. Алгоритмдік тілдің жалпы ережесі.
Сабақтың мақсаты:
Білімділігі: Оқушыларды алгоритмнің жазылу жолдарымен таныстыра отырып, қарапайым алгоритмдерді және блок - схема құра білуге үйреу;
Дамытушылығы: Оқушылардың қарапайым алгоритмдерді және блок - схеманы құру дағдасын қалыптастыра отырып, логикалық ой - өрістерін дамыту;
Тәрбиелік: Оқушыларды ұқыптылыққа, жинақылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: теориялық сабақ
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру
2. Өткен материалдарды қайталау
3. Жаңа сабақты түсіндіру
4. Сабақты бекіту
5. Үйге тапсырма
Өткен материалды қайталау сұрақтары
• Алгоритм ұғымы қайдан шықты?
• Алгоритм дегеніміз не?
• Алгоритмнің негізгі қасиеттерін ата?
• Алгоритмнің үзіктілігі дегенді қалай түсінуге болады? Мысал келтір.
• Алгоритмнің нәтижелігі дегенді қалай түсінуге болады: Мысал келтір.
• Алгоритмнің жалпыламалығы дегенді қалай түсінуге болады? Мысал келтір.
• Алгоритмнің түсініктілігі дегенді қалай түсінуге болады? Мысал келтір.
• Алгоритмнің формальды орындалуы дегенді қалай түсінуге болады? Мысал келтір.
Жаңа сабақ түсіндіру
Алгоритм жазу жолдары
Алгоритмді компьютерде орындау үшін оларды алдын - ала жазып алу керек. Жалпы жағдайда, алгоритм жазудың келесі түрлері қабылданған:
1) табиғи тілдегі жазылуы;
2) белгілі бір түйінді сөздер – терминдер арқылы қысқаша тізбекті түрде жазу;
3) графиктік жолмен жазу;
4) программалау тілдеріндегі жазылуы.
Бірақ табиғи тілде жазылған алгоритм компьютерде орындалмайды, өйткені бұл жағдайда дәлдік, нақтылық сақталмайды. Алгоритмдерді графиктік жолмен жазу, кейіннен осы программалау тіліндегі программаға айналдыру жұмысы мемлекеттік стандартпен бекітіліп, ақпарат өндеу жұмысында кеңінен қолданылады.
Алгоритмнің графиктік түрде кескінделуі
Алгоритмнің графиктік түрде кескінделуі – кең таралған әдіс. Бұл – жазудың түсінікті, анық, көрнекі түрі болып табылады. Алгоритмдерді графиктік жолмен жазудың мемлекеттік стандарты анықталған. Онда кез - келген амал белгілі бір геометриялық фигурамен өрнектеледі. Олар фигуралар немесе блоктар, амалдар немесе операциялар символы деп те аталады. Блоктар бағытталған сызықтармен байланысып, бірінен соң бірі ретімен орналысады. Ақпарат өңдеудің әрбір буыны немесе орындалатын операциялар реті алгоритм схемасымен айқындалады. Алгоритм схемасын оның блок схемасы деп аталады. Алгоритм блоктарының ішінде орындалатын іс - әрекеттің мазмұны жазылады. Блок схемада пайдаланатын фигуралар оның блоктары, ал оларды бір - бірімен қосатын сызықтар байланыс сызықтары деп аталады.
Байланыс бағытын көрсету
Блок - схема құрудың төмендегідей ережесі бар:
1) блок - схеманың басын және соңын міндетті түрде көрсетіп тұратын блок болуы керек;
2) блок - схемада бірімен – бірі қосылмай қалған блоктар болмауы керек;
3) блок - схемада блоктар орындалу реті бойынша тізбектеле орналасуы қажет;
4) арифметикалық амалдарды орындайтын блоктардың бір ғана ену, бір ғана шығу
сызығы, ал шарттың орындалуын тексеретін ромб түрінде логикалық блоктың бір ену, екі шығу сызығы болу қажет. Орындайтын міндетіне қарай блоктар
негізгі және көмекші болып бөлінеді. Негізгі блоктарға өңдеу, шартты тексеру, енгізу және шығару блоктары жатады. Көмекші блоктарға алгоритмге түсініктеме беру, алгоритм басы, соңы және байланыс
сызықтары жатады. Мысалы: y = a + b формуласы бойынша есептеу алгоритмнің схемасын құрайық. Алгоритмдер құрылымы блоктардың өзара байланысуы бойынша үш түрге: сызықтық, тармақтық және циклдік болып бөлінеді. Олар осы есепте көрсетілген блоктармен қатар, шартты тексеру арқылы таңдау, цикл басы блоктарымен кескінделеді.
Алгоритмдік тіл және программалау тілі ұғымы
Алгоритмдік тіл деп – орындалатын әрекеттерді, амалдарды бірыңғай және дәл жазуға арналған, өз тіліміздің кейбір сөздерімен пайдаланатын белгілер мен ережелер жүйесін айтады. Алгоритмдік тіл бір жағынан табиғи тілге жақын, сондықтан оны қарапайым мәтін түрінде жазады және оқиды. Алгоритмдік тіл – математикалық белгілер сандар, шамалар мен функция атаулары, арифметикалық белгілері, жақша және басқа да символдармен қатар белгілі бір қызмет атқаратын терминдер қамтиды. Алгоритмдік тілде мәтін құруға пайдаланылатын қарапайым белгілер – тілдің символдары деп, ал ондай символдар жиынын – оның алфавиті деп атайды.
Алгоритмдерді жәні алгоритмдік тілде құрылған амалдар тізбегін компьютерге түсінікті командалар мәтіні түрінде жазуға арналған жасанды тілдерді программалау тілдері деп атайды. Паскаль, Си, Дельфи, Бейсик, Фортран тәрізді программалау тілдері – ағылшын тіліндегі кейбір сөздерді алгоритм құруда кеңінен пайдаланады. Ол сөздердің саны онша көп емес, оларды түйінді сөздер деп атайды. Әр компьютердің өзінің машиналық тілі болады, ол командалар тілі немесе кодтар тілі деп аталады. Алгоритмдік тілде және программалау тілінде программа жазу – ыңғайлы болып табылады. Оларды белгілі бір машинада орындау үшін сол программалау тілін машина тіліне автоматты түрде аударатын түрлендіргіш программалар болуы керек, оларды транслятор деп атайды. Трансляторлар үш түрге бөлінеді: интерпретатор, компилятор және ассемблер.
Интерпретатор – берілген прогамманың әрбір жолын (командасын) жеке - жеке аударып отырып орындайтын транслятор түрі.
Компилятор – бірден барлық программа мәтінін толық аударып машина тіліндегі бір модуль түріне келтіреді де, сонан соң сол модульді компьютер жадына қайта жазып алып, оны кейін тек біздің алауымыз бойынша орындайды.
Ассемблер – тек автокод түрінде яғни ассемблер тілінде жазылған программаларды ғана машина тіліне аударады.
Алгоритмдік тілдің жалпы ережесі
Программалау тілінің негізгі болып табылатын, алгоритмдік тілде қолданылатын шамалармен және оның ережесімен танысайық. Бұл ереже алгоритмнің жазылуын компьютерде орындауды ыңғайлап ретке келтіреді.
Алгоритмдік тілде өрнектелген әрбір алгоритмнің мазмұндық сипатын ашатын атауы, яғни тақырыбы болады. Тақырыпты арнайы бөліп көрсету үшін оның алдына алг (алгоритм) түйінде сөзі жазылады. Алгоритмнің тақырыбынан кейін, жаңа жолдан оның командлары жазылады. Ал алгоритм командаларының басталуы мен аяқталуын көрсету үшін басы және соңы түйінді сөздері пайдаланылады. Командалар осы екі түйінді сөздің арасында жазылады да, сол жазылу реті бойынша орындалады.
Алгритмнің бірінен кейін бірі орындалатын, белгілі бір нәтиже беретін бірнеше командасының тізбегін серия деп атайды. Алгоритм тақырыбынан кейінгі бөлігі алгоритм тұлғасы деп аталады, ол басы және соңы түйінді сөздерімен шектеліп тұрады. Сонымен, айтылған ережеге сәйкес алгоритмнің жалпы өрнектелуі мынадай болады:
алг алгоритмнің атауы
арг A, B, C, D, X
нәт Y, R1, R2
басы
алгоритм командалары (серия)
........
соңы
Кез келген шаманың мәнін есептеу өрнекпен беріледі. Алгоритмдік тілде өрнектер сандық мәнді және сандық емес символдық мәнді де қабылдай алады. Алгоритмнің атқарылу барысында өрнек мәнін есептеп, оны басқа бір айнымалыға теңестіруді мәннің меншіктелуі деп атайды. Меншіктеу процесі меншіктеу командасы арқылы жүзеге асырылады. Оның жазылу үлгісі мынадай:
Айнымалы: = өрнек немесе y: = ax – b
Мұндағы айнымалы шамаға өрнек мәні меншіктеледі немесе у айнымаласына ax – b өрнегінің мәні беріледі, «: =» - меншіктелу таңбасы, оның сол жақ бөлігіне кез келген айнымалы шама, оө жақ бөлігіне кез клген өрнек орналасады.
Сабақты бекіту сұрақтары
• Алгоритмді өрнектеу, жазу тәсілдері дегеніміз не?
• Алгоритмдерді графиктік түрде кескіндеу ерекшіліктері қандай?
• Блок - схема дегеніміз не?
• Негізгі блоктарға және көмекші блоктарға нелер жатады?
• Алгоритмдік тіл, программалау тілі дегеніміз не?
• Түйінді сөздерге нелер жатады?
• Кодтар тілі дегеніміз не?
• Транслятор дегеніміз не? Оның қандайтүрлері бар?
• Интерпретатор, компилятор және ассемблердің айырмашылықтары қандай?
• Меншіктеу командасының құрылымы қандай, ол қалай жазылады?
Алгоритм жазу жолдары. Алгоритмнің график түрінде кескінделуі. Алгоритмдік тіл және программалау тілі ұғымы. Алгоритмдік тілдің жалпы ережесі.
- nurtalgat
- 13 мам 2013
- 60388
- 0