Сайтқа кіру Тіркелу

Ертегілер сыр шертеді

Ертегілер еліне сыр шертеді (химия пәні бойынша)
Металдар патшалығы
Ерте заманда «Металдар патшалығы» болыпты. Олар жарықта күн сәулесімен шағылысып, түнде ай нұрымен сәулеленген сұлу шаһарда өмір сүрген. Патшалықты ақылды, салмақты, әрі көріктілігімен ерекшеленетін «Алтын» басқарыпты. Алтынды барлық металдар жақсы көргенмен мыс қана ұнатпапты. Мыс алтынның ақылдылығын, сұлулығын іштей қызғанады. «Мен де сұлумын, ол сары болса, мен қызыл - сарымын, тіпті алтыннан да көріктімін, мен неге патша болмаймын?» деген ойлар мысқа маза бермей, бір күні қастандық жасапты. «Металдар» патшалығы түнгі ұйқыға кеткенде патша сарайына ұрланып кірген Мыс Алтынды өте сақтықпен шаһар сыртына алып шығып, жерді терең етіп қазып көміп тастайды. Сөйтіп, өзі ешкімге білдірмей Алтынның орнына барып жайғасады.
Күн артынан күн өте береді. Мыс таңертең тұрғаннан кейін күнге қарап бетін ысып әлекке түседі. Күн ысыған сайын қошқыл тартып, жүдей түседі.
Бір күні бұл өзгерісті Алтынның жылдам әрі ақылды уәзірі Сынап байқап қалады. Сынап металдарды жинап алып былай дейді: «Мына патша біздің бұрынғы падишамызға ұқсамайды, бұл менің білуімше залым Мыс. Біздің патшамызға қастық жасап, өзі оның орнына патша болмақшы. Бәріміз мұның көзін жояйық. Алтынды тапқызайық»,- дейді.
Металдардың бәрі бірауыздан Сынаптың айтқанына келіседі. Жиналып келіп Мысқа: «Біздің патшамыз қайда, сен оны қайда жасырдың? Сен Алтын емес екеніңді мойында. Біз саған бәрібір Алтынды тапқызамыз!»- деп есін шығарады. Бұлардың айтқанын өркөкірек Мыс тыңдағысы да келмейді. Әбден ашуланған металдар Мысты жанып жатқан отқа тастап жібереді. Мыс табан астында тотығып, беті қошқылданып шыға келеді. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген халық мақалы осындайдан қалса керек. Амалсыз Мыс өзінің істегенін металдар алдында мойындайды. Алтынды шаһар сыртындағы көмген жерінен шығарады. Жер астында қанша жатса да, Алтын бұрынғыдан да нұрлана түседі. «Алтынды тот баспайды» деген сөз осыдан шығыпты.
Мыс болса өзінің қателігінен көп опық жеп, өз ісіне өкінеді. «Енді мен осылай өмір бойы қап - қара болып қаламын ба?»- деп жылап жібереді.
Ежелден ақылды Алтын кек сақтамай, Мысты кешіреді. Мысты сутек толтырған ыстық моншаға шомылдыртады. Содан Мыс баяғы қалпына келеді.

Май
«Ертеде химия елді мекенінде органикалық зат ұлтынан шыққан Май деген бір толық қыз болыпты. Оның анасының аты Глицерин, әкесінің аты Карбон екен. Майдың сыныптастары көп болғанымен, тұйық мінезі май Сумен ойнағанды ұнатады. Су екеуі гидролиз ойнын ойнауға еш жалықпайды. Майдың көршілері органикалық еріткіштер. Май олармен ойнамаған соң, олар кей кездері дөрекілік танытып ренжітіп кетеді. Достары Майдың үйіне қонаққа барғанды ұнатады, себебі Май оларды тамаққа тойғызып үйлеріне қайтарларында маргарин мен майонез беріп жібереді, кей кездері сабын, олиф, бояу, лак сияқты сыйлықтар да беріп отырады екен. Сонымен Май деген қыз осындай екен.

Мыс сақина
Бір ауылда Жантас пен Жандос деген замандастар өмір сүріпті. Бірде олар кездейсоқ кездесіп қалыпты. Амандасып, хал - жағдайын сұрасқан соң, мына әңгіме аясында сөйлесіпті.
Жантас: - Жандос, мына заманда қарын тойдыру үшін қалай да ақша табудың жолын іздеген жөн.
Жандос:- Жантас, не ойлағаның бар? Қане ортаға сал.
Жантас:- Елдер осы Құдайдың тегін суын да сатып жүр. Қыста қалың жауған қардан көсіп - көсіп алып, ерітіп, газ толтырады да «минералды су» деп бізге сатады.
- Астапыралла.
- Ал біздің олардан бір жеріміз кем бе?
- Сонда біз не істеп сатамыз? Дымымды құртпай айтсаңшы.
- Міне, көрдің бе мына сары сақинаны. Апамнан «бұл қандай сақина?» деп сұрап едім, «Мыс сақина ғой» деді. Алтынға қатты ұқсамайды. Мүмкін күміске айналдырып, біреулерді сан соқтырып кетерміз.
- Қалай?
- Мына сиқырлы сұйықтықты кеше апайдың көзін ала бере зертханадан ұрлап алғанмын. Қазір осыған мына сақинаны тез салып, аузын жаба қоямын. Шамалыдан соң сақинамыз күміс болып шығады.
Міне Жантастың ойы дәл келіп, 20 - 30 секундтан соң күміс түсті боп шыға келеді.
- Ойбай - й, мынауың шынымен - ақ күміс болды ғой. Мен сенбей тұрсам.
- Көрдің бе, ағаңды. Сиқыршы болдым да шықтым. Енді сенің міндетің - осы «күміс» сақинаны сатып келесің. Бөліс - 1/3.
Содан Жандос «күміс» сақинаны сату үшін химиялық той - думанға келеді. Думанның дәл ортасына келгенде Жантас шығып:- Халайық, мынадай үлкен той - думанда мына бір алаяқ біздерге сап - сары жез сақинасын күміс деп алдап сатпақшы. Әй, мынаның қай жері күміс?
Жандос түк түсінбей сары сақинаны ұстап тұрады.
- Әй, Жандос! Сен өзің дайын нанды жеп, қарыныңның тойғанын ғана ойлайтын алаңғасар ма десем, менің күміс сақинамды сатып жіберіп, орнына жез сақинаны әкеп, мені ақымақ қылғың келе ме? Мен саған көрсетейін ақымақты.
Жантас Жандосқа тұра ұмтылады. Ел - жұрт оларды ажыратып әкетеді. Жантас кетіп қалады.
Жандос:- Міне, қызық. Сау басыма сақина тілеп алдым. Шынында мендегі Жантастың сақинасын кім, қалай ауыстырып алды? Қап - ай ұят болды ғой.
Зерде:- Жандос досым, қапаланба. Сен еш нәрсені жоғалтқан жоқсың. Жантастың саған берген сақинасы қолыңда тұр.
- Ол сақина күміс болатын.
- Иә, бастапқыда мыс сақинаны сынаптың (II) нитратының ерітіндісіне салғанда ағарып, күміс сияқтанады. Бірақ сен оны саудалап жүргенде біраз уақыт өтіп кетті, әрі қолыңмен сынапты сүртіп жібердің, әрі ол буланды, содан сақина қайтадан бастапқы қалпына келді.
- Шын айтып тұрсың ба, достым?
- Иә, шын. Химияның осындай таңғажайыптары болады.
- Ух, көңілім орнына түсті ғой. Енді химияны жақсылап оқып, Жантасты менде бір қатырмасам болмас,- деп химияның құпия заңдарын ашуға кірісіпті.

Сәрсембек – спирттер.
Мен сіздерге өзімнің көршілерім жайлы айтпақпын.
Көршімнің аты - Сәрсембек. Оның екі ұлы бар. Үлкенінің аты - Кеңес, кішісінің аты - Береке. Екеуі де үйлі - баранды. Береке бұл күні еңбек демалысында. Оның Мерей, Эльмира, Перизат, Бану есімді қыздары бар. Әкелері Береке біреумен ұрысса қызарып, долданып шыға келеді. Қыздарының мінездері де әкелеріне тартқан.
Мерей – мінезі қиын, егер көп тиіссең өлтіре салудан тайынбайды. Дуалағыш қасиеті де бар, соқыр етіп тастауы мүмкін. Мерей химиялық лабораторияда формальдегид алып, химиялық препараттар, пластмасса жасайды.
Эльмираның мамандығы дәрігер. Дәрігерлер ішімдікке тәуір деп көп ешкім жуымайды. Бірақ, елден қалмайды. Эльмирамен араласқан адамдар жеңілтек, дөрекі болып кетеді.
Ал, Кеңес ағаның балаларының мінездері тіпті өзгеше. Оның Эленора және Гүлнара деген екі қызы бар. Бұлардың қасиеттері ерекше, биязы, тәрбиелі, қылықтары тәтті.
Эленора - елдің тілін тапқыш, ешкімді ренжіткісі келмейді. Бірде мен оның мына қасиетіне риза болдым. Бірге жол сапарға шықтық, күн қатты аяз болатын. Машинамыз тоқтап қалды, сонда Эленора бізді аман алып қалды. Гүлнара - майлы кірлерді жуып, үнемі жаңартып отыруға құмар. Бұларға қалай сүйсінбессің?
Осы әңгімені айтып отырған ағаларың – Федя.
Сұрақ: Сәрсенбек, Береке, Кеңес, Мерей, Эльмира, Перизат, Бану, Эленора, Гүлнара кімдер? Федя деген кім?
Жауабы: Федя - фенол, Сәрсенбек - спирт, Береке - бір атомды, Кеңес - көпатомды, Мерей - метил спирті, Эльмира - этил спирті, Перизат - пропил, Бану - бутил спирті, Эленора - эленгликоль, Гүлнара - глицерин.

Металдар патшасы
Грециядағы Сиракуз қаласының патшасы Гиерон өзінің зергерлеріне таза алтыннан тәж жасауға бұйрық береді. Зергерлер тәжді уақытында жасап, патшаға құрметпен табыс етеді. Тәждің әдемілігіне қызыққан патша әрлі - берлі аударыстыра қарап, осылар пендешілік жасап әлдебірдеңелер қоспады ма екен деп күдіктенеді де, ұлы Архимедті шақырып тәждің тазалығын анықтап беруді өтінеді. Архимед зергерлердің ұрлығын әшкерелеп, тәжге күміс қосылғанын дәлелдейді. Ұлы Архимед оны алғаш тәждің салмағын өлшейді. Одан кейін тәжді су толтырылған ыдысқа салды. Соңында тәждің салмағын ығысып төгілген судың салмағына бөлу арқылы анықтады.

МЫРЫШ
Ертеде бір елдің айтқанынан қайтпайтын, қаһарлы патшасы болыпты. Бірде ол өзінің бүкіл сарайын кетпейтін, әрі бүлінбейтін ақ бояумен бояғысы келіп, сарай шеберін шақырыпты. Патшаның тапсырмасын тыңдаған шебер:
«Ондай бүлінбейтін бүкіл сарайға жететін бояуды қайдан аламын?»- депті. Ашуланған патша оған бір тәулік қана уақыт беретінін, орындамаса жазалайтынын ескертеді.
Тұйыққа тірелген сарай шебері бір металл қаңылтырды алып, оны ішінде қарын сөлі(5% HCl) бар ыдысқа салады. Ыдыста газ бөлініп, реакция жүреді. Шебер алынған ерітіндіге күйдіргіш сілті қосады. Сол кезде аппақ қардай тұнба түзіледі де, қайтадан еріп кетеді. Бірде ерітіндіге күйдіргіш сілтіні ептеп мөлшермен қосып ақ тұнба алады. Оны ерітіндіден бөліп алып, пеште жоғарғы температурада қыздырып бәрімізге белгілі ақ бояуды алыпты. Сол бояумен патшаның бүкіл сарайын бояп, патшаны разы етіпті.
Қаңылтыр неден жасалған?
ZnàZnCl2àZn(OH) 2àNa2ZnO2àZn(OH) 2àZnO

МЫС
Әкесі шамға қарап отырып қиялға шомады. «Шіркін, адам қызығатындай қымбат асыл зат жасап шығарсам!»- деп армандайды. Әкесінің қалың ойға берілгенін байқаған қызы:
- Әке, не ойлап отырсыз?- дейді.
- Қызым, қымбат затты қалай алсам деп ойлап отырмын, - дейді әкесі.
- Балауыз шамнан ба?
- Жоқ, балауыз шамның тұғырынан.
Әкесі шамды жағады. Тұғырда қара қақ пайда болғанша күтеді. Қара қақты алады да, қышқылға салады, сол кезде көк түсті ерітінді пайда болады. Осы ерітіндіге күйдіргіш сілті қосқанда алдыңғы тұнба тіпті әдемі көк түске айналады. Алынған қоспаны кептірген кезде кереметтей тамаша бояу алыпты.
Әкесі ғажайып бояуды қалай алды? Балауыз шамның тұғыры қандай заттан жасалған?
Жауабы: CuàCu2OàCuOàCuSO4àCuCO3àCu(OH) 2

КӨМІР
Жаздың жанға жайлы күндерінің бірінде Алмас шопан атаның үйіне демалуға келді. Көмекші немересінің келгеніне атасы қатты қуанды. Бір күні қой жайып жүріп, Алмас қара тас тауып алды. Онымен сурет салып көрді де, қара із қалдыратынын байқады.
Түсте от жағып, сүт пісіріп ішіп, маужырап ұйқысы келді. Бала ұйықтап кеткенде қолындағы тасы сусып, отқа түсіп кетеді. Тас от алып, түтінденеді. Осы кезде жауған өткінші жаңбыр түтінді жерге сіңіреді. Одан ауыр әкті су ағады. Жарқырап күнде шықты. Күн сәулесінің жылуынан әр жерде әкті су, Ұсақ кепкен ақ тастар шашылып жатады.
Оянған Алмас жаңбырдың қара тасты ақ тасқа айналдырғанын көріп, таң - тамаша қалады.
Ақ тасты алып жерге жазып, сызып көреді. Оның да өзіндік ақ ізі бар.
Қара тас не? Ақ тас қалай пайда болды?
Жауабы: CàCO2àH2CO2àCa(HCO3) 2àCaCO3

Тастан қызу алу
Бір күні Асқар екі жолдасымен аралдардың біріне қайыққа мініп, аң аулауға барды. Көп ұзамай теңіз дауылы көтеріліп, бірте - бірте қайықты теңіздің ортасына қарай алып бара жатты. Үшеуі де тоңып, қалтырай бастайды. Кенет аралдың сұлбасы көрінді.
Олар жағаға келіп тоқтады. Ең алдымен жылынып, тамақ әзірлеу үшін от жағуға кірісті. Жел, жаққан оттарын өшіре берген соң, олар отты тастармен қоршай бастады. Тастар аппақ және жұмсақ болды. Отындары жақсы болғанымен, не себептен екені белгісіз, олар қатты үрлемесе, оттары сөніп қала берді. Сонда да олар бірігіп, қатты жалын тұтандырып тамақтанып алып, ұйқыға кетті.
Олар таңертең оттың сөніп қалғанын байқайды. Отты тұтандыратын сіріңке үшті - күйлі жоқ. Сол кезде «енді қайтеміз» деп ойлайды. Содан Асқар тұрып, «мен отсыз да жұмыртқа пісіре аламын» деді. Ол үшін кешегі отты қоршаған ақ тастарды отпен жанасқан жағынан ұсақтап, кішкентай қазылған шұңқырға салды. Ұсақталған кесектермен шикі жұмыртқаны араластырып салды да, үстіне су құйды. Тастар бажылдай бастады, бу шығып, біраз уақыттан соң жұмыртқалар тәуір - ақ пісіп шықты. Достары аң - таң болды. «Сен өзің сиқыршысың ғой» деді. Бірақ бұл ешқандай сиқыр емес.

Оксид, қышқыл, негіз және тұз
Ерте – ерте, ертеде, ешкі құйрығы келтеде, химияның жерінде, элементтер елінде «Бейорганика» деген шал өмір сүріпті. Оның 4 ұлы болыпты. Бір күні шал балаларын жинап алып өсиет айтыпты: «балаларым, мен қартайдым, төрімнен көрім жақын. Талапты азамат ертеңгі күнін ойлап, бір апта уақыт беремін, жан - жақты зерттеп, шарлап, әрқайсыңның жаныңа сүйеніш, өміріңе азық болар зат әкеліңдер» - депті. Ұлдары әке сөзін құп алып, жол жүріп кетті. Уәделі күні сапардан ұлдары олжалы оралыпты. Оның ұлдары кімдер? Олжалары не?
Жауабы: ұлдары оксид, қышқыл, негіз және тұз
1. оксид – қышқылдық, негіздік
2. негіз - сілтілер, негіздер
3. қышқыл - оттекті, оттексіз; негізді
4. Тұз -?
Содан бері балаларына осы олжалары өмірлік азық болып келеді екен.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×