Құдайтану баяны: Пұтқа табынушылардың оянған үміті
Исаның миссиясының айқын табиғатына қатысты көптеген болжамдар болды. Шамасы, Інжілге оның өз аузымен айтқан сөздерінің аз ғана бөлігі енген және ондағы деректердің көпшілігіне – Исаның өлімінен кейін – Әулие Павел салдырған шіркеулерде болған бертіндегі оқиғалардың әсері тиген. Әйтсе де мәтіндегі кейбір сөздер Исаның өмірі мен ілімінің яһудилік сипаты болғанын растайды. Галилеядағы керемет жасаушылар да қарапайым адамдар болғаны белгілі. Олар да қайыр сұрады, уағыз айтты, ауруларды емдеді және жындарды қуды. Мессия секілді, осы әулие галилеялықтардың да көптеген шәкірті болған. Кейбіреулер «Павел секілді, Иса да Гиллель мектебінің фарисейі болған» деп жорамалдайды. Павелдің өзі христиандықты қабылдар алдында, фарисей болғанын айтып кеткен, ол тіпті Раввин Ғамлилдің аяқ жағында отырған деген мәліметтер де бар. Исаның көзқарастары шынымен де фарисейлердің пікірлеріне жанасады. Ол қайырымдылық, сүйіспеншілік пен мейірімділік мицвоттың ең маңыздылары деп есептеген. Ол да фарисейлер сияқты Тәуратқа адал болған, тіпті оның дін ережелерін көптеген замандасына қарағанда қатал ұстанғаны белгілі. Сонымен бірге Гиллельдің «алтын ережесін» уағыздайды, яғни бүкіл Заңды бір оймен беруге болатынын айтады: «барлық жағдайда адамдардың өздеріңмен қалай қарым - қатынас жасағанын қалайтын болсаңдар, олармен де сондай қарым - қатынас жасаңдар, өйткені бұл – заңда жазылып, пайғамбарлардан қалған өсиет». Матфей Інжілінде Иса «кітапшылар (көшірмешілер) мен фарисейлер» қарсы айыптаушы сөздер айтады, онда оларды екіжүзділер дейді, бірақ миссиясы ізгілікке құрылған адамның шынайы фактілерді бұлай бұзуы шындыққа жанаспайтын сияқты. Мәселен, Лука Інжілінде де, «Апостолдар әрекетінде» де фарисейлер туралы жағымды пікірлер білдірілген. Егер де фарисейлер, шынында, Исаның дұшпаны болып, оны жазалауды ұйғарса, Павел өзінің бұрын фарисейлермен бір болғанын айтпас еді деп қосқымыз келеді. «Матфей інжіліндегі» антисемиттік реңк кейін туындаған, 80 - жылдарда орныққан иудаистер мен христиандар арасындағы шиеленісті бейнелеген болуы керек. Інжілде Иса фарисейлермен жиі дауласады, алайда бұл пікірталастар достық рәуішті немесе қатал Шаммай мектебімен келіспеушілікті баяндайды.
Исаның өлімінен кейін, оны шәкірттері Құдай деген шешімге келеді. Алайда бұл бірден бола қойған жоқ. Құдай бейнесіндегі Иса туралы доктрина тек төртінші ғасырда қалыптасқанына ілгеріде көзіміз жетеді. Адаммен кірігуге негізделген христиандық сенім баяу және күрделі жолмен қалыптасты. Исаның өзі құдайлыққа талаптанбайды. Шоқынған кезде аспаннан шыққан дауыс, оны «Құдай ұлы» деп атайды, бірақ бұл, ең алдымен, оның сүйікті Мессия болғанының дәлелі болуы керек. Мұндай жоғары кәудүрлікте ерекше көрінген ештеңе жоқ: раввиндердің көпшілігі Аспан Даусы – бат кол (тік. ауд.: «Дауыс қызы») деп аталатын ерекше рухани халді бастан кешірді, ол – нағыз пайғамбарлық көріністерге ұқсас болды. Бір күні осындай бат колды Иоханан бен Заккай естиді де, оған және оның шәкірттеріне түскен Киелі Рухтың оты, раввиннің миссиясын растап кетеді. Иса өзін «адам баласы» деп атаған. Бұл атау төңірегінде де аз дау болған жоқ, бірақ арамейлік түбір сөз (бар наша) адамның әлсіздігі мен жалғанның өткіншілігін білдіретін болуы керек. Олай болса, Иса өзінің адам секілді ерте ме, кеш пе дүниеден өтетінін түсіндірмек болды.
Інжілде Құдайдың Исаға белгілі бір құдайлық күштер дарытқанын, солар арқылы оның емдеу мен күнәларды кешіру кереметтерін орындай алғаны айтылған. Осылайша, адамдар Исаға қарап, тірі және болмысы айқын Құдайға ұқсас бейнені көрді. Бұған бір күні оның шәкірттерінің де көзі күмәнсіз жетеді. Бұл сюжет барлық дерлік синоптикалық Інжілде («Жаңа Өсиеттің» алғашқы үш кітабы осылай аталады) сақталған және болашақта христиандар үшін маңызды болды. Иса биік тауға (қалыптасқан нұсқа бойынша, бұл – Галилеядағы Табор тауы) Петр, Жақып және Иоанмен бірге көтеріледі де, сол жерде «көз алдарында өзгереді: оның жүзі күндей ағарып, Оның киімдері нұрдай жарқырап шыға келді». Сосын, Иса қасындағы Ілияс және Мұсамен сөйлеседі, сәйкесінше олар пайғамбарлар мен Өсиет бейнесінде болды. Петр есінен танып қала жаздайды; өзінің не айтқанын түсінбестен, «осы оқиғаның естелігі ретінде, тауда үш бұта қойып кетсек жаман болмас еді» деп күмілжиді. Осы сәтте тау шыңын жарық шашқан бұлт орайды да (кезінде Синай тауына түскендей), бат кол мыналарды айтады: «Бұл – Менің Сүйіктім, Онда Менің Жарылқауым бар, Оны тыңдаңдар!». Ғасырлар өткен соң, осы көріністің қасиетті мәніне ой жүгірткен христиан гректер сол кезде Иса адамилығының түрленуі арқылы, Құдай «күштері» жарқырап көрінді деген қорытындыға келеді. (жалғасы бар)
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Құдайтану баяны: Пұтқа табынушылардың оянған үміті
- ramuk_b
- 20 қараша 2024
- 367
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Пұтқа табынушылар, құдайтану, Исаның миссиясы
Ұқсас жаңалықтар:
Құдайтану баяны: Пұтқа табынушылардың оянған үміті
Филон Александрияда платонизммен суарылған яһудилікті уағыздап, ал Гиллель мен Шаммай Иерусалимда бір - бірімен дауласып жатқан кезде, Палестинаның...Құдайтану баяны: Бір құдай
Кез келген ресми доктрина Құдайдың тылсым құпия екенін жоққа шығармайды. Раввиндер әрдайым Құдайдың мүлде танылмайтынын атап өткен....Құдайтану баяны: Бір құдай
Үрейге толы 70 - жылдардың басында фарисейлік Палестинада иудаизмнің ең құрметті де беделді бағытына айналады....Құдайтану баяны: Бір құдай
Филон өлген жылы Александрияда еврейлер ереуілі басталды, барлық жерде еврейлер тарапынан көтеріліс шығу қаупі үдеді. Б. д. д. І ғасырда Африканың...Құдайтану баяны: Бір құдай
Даналықтың табиғатына құдайлық тән емес; оны да Құдай жаратқаны ерекше сөз етілдеі. Р - дің баяндауынша, ол Құдайдың «даңқы» іспетті....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.