Сайтқа кіру Тіркелу

Қайырымды қоян

Мейрам күні әке - шешесі кішкене баласын қонақ шақырып келуге жұмсайды. «Ана ағаңды, мына атаңды, әне бір жездеңді шақыр...» - деп, екеуі көптеген адамның атын айтады.

Бала көшеге шығысымен - ақ шақыр деген кісілерінің аты - жөнін ұмытып қалады. Үйге барып, қайыра сұрауға бата ал­майды. Ол тұрып - тұрып: «Ауылдың адамын тегіс шақырайын, солармен шақыр деген адамдары да келер», - деп ойлайды. Сөйтіп, ол үй біткеннің бәріне кіріп, ауыл адамдарын тегіс қонаққа шақырады. Барлығы да шақырғанына риза болып, келетіндіктерін айтады. Бала үйіне қайтады.

Түсте қонақтың алды жинала бастайды. Ауылдың барлық адамы жиналып, енді тек дастарқанның жайылуын күтеді.
Баланың әке - шешесі жиылған жұртты көргенде шошып кетіп:
- Мұнысы несі? Мұнша жұртқа тамақты қалай жеткіземіз? - дейді.

Бала шақыр деген адамдарын ұмытып қалғандықтан, үйге кел деп жұртқа түгел хабар бергенін мойнына алады.
Жұрт дастарқанның жайылуын сарғая күтумен болады. Ақыры әке - шешесі үйдегі барлық тамақты дастарқанға қояды. Бірақ онысы жиын топқа аздық етеді.

- Өзің бүлдірген істі өзің жөнде! - деп ата - анасы баласына ренжиді.
Бала көз жасын сорғалата үйден атып шығып, тоғайға кетіп қалады. Ағаш түбіне отырып, ағыл - тегіл жылайды.

Кенет ескі досы - қоян жүгіріп оның қасына келеді. Бұл қоянды ол кішкене көжек уақытында тауып алып, үйінде бағып өсірген соң, тоғайға алып келіп қоя берген болатын.

Бала өз жайын қоянға айтып береді.
Қоян артқы аяғына шоқиып отырып, қалқан құлағымен бәрін тыңдап алады, сонан кейін алдыңғы екі аяғымен баланың қолынан ұстайды да:

- Жарайды, қапаланба, достым! Үйіңе қайт, бәрі де жақсы болады, - дейді. Соның артынша тоғайға кіріп жоқ болады.

Қоянның айтқан ақылын алып, бала аулына қайтады. Үйіне келсе, дастарқандағы асты ішіп - жеп болған қонақтар та­ры да тамақ дәметіп отыр. Кейбіреулері үй иесіне келіп, ұрса бастайды. Ашуланған біреулері:

- Беретін еш нәрсең болмаған соң, қонақ шақырып нең бар еді?! - дейді.
Осы кезде қонақтың біреуі терезеден сыртқа көз жіберіп шошып кетеді де, серіктерін қасына шақырады. Алғашында бәрінің де зәре - құты қалмағанмен, артынша жүректерін тоқтатып, олар да қайран қалады. Көше түрлі аңдарға толып кетіпті, барлығының да көтерген жүгі бар, тура үйге қарай келе жатады.

Аюлар балды қораға кеспек - кеспегімен домалатып әкеліп кіргізеді. Қасқырлар бірнеше тұтас қойдың етін әкеледі. Бұғылар мүйізіне іліп шелек - шелек сүт әкеледі. Түлкілер тауық пен қоян етін алып келеді, тиін мен қояндар шелек - шелек жаңғақ пен жидек теріп әкеледі. Баланың үйіне осы тағамның бәрін әкелуді өзінің ормандағы достарынан өтінген қоян еді. Ол қонақтарға өзін бала қалай асырап өсіргенін, сосын тоғайға қалай апарып қоя бергенін түгел айтады.

Аңдар әкелген тамақтарын қораға үйіп - төгеді де, жұбын жазбай, қайтадан тоғайға кетіп қалады. Таң қалған қонақтар үндей алмай, ауыздарын ашып тұрып қалады.
Әке - шешесі қуанғаннан не істерін білмейді. Ал бала ол екеуінен де бетер қуанып, қоян досына риза болады.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×