Сайтқа кіру Тіркелу

Әдептілік – тәрбие бастауы

Мақсаттары: 1) Оқушыларға үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға үйрету, сәлемдесу туралы мәлімет беру оның инабаттылық, әдептілік, адамдық қасиеттің негізгі арқауы екенін ұғындыру;
2) Жаман әдептен аулақ болуға, ата - анаға мейірімді, айналадағы заттарға ұқыпты қарауға баулу;
3) Адамгершілікке, жолдастық сыйласымды қарым - қатынас жасауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: Өнегелі сөздер, мақал - мәтелдер, суреттер.
Әдісі: Ауызша баяндау, талдау, сұрақ - жауап, топтық жұмыс.

Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі.
- Қайырлы күн жас достар! Бүгінгі күндерің сәтті болсын!
Сенің жақсы азамат болып өсуің – ата - анаңның, ұстазыңның тілегі. Қоғам алдында адал, достарыңа жанашыр, ата - анаңа қамқоршы, кішілерге үлгілі болып, өзіңнен үлкеннің ақыл - кеңесін тыңдауың керек. Бойында осындай қасиеттері бар баланы кім дейміз?
- Әдепті, сыпайы, ұқыпты, тәртіпті, адал, шыншыл, кішіпейіл.
- Дұрыс айтасыңдар! Бүгінгі тәрбие сағатымыз «Әдептілік – тәрбие бастауы» деп аталады.

І бөлім: «Ой ашар» (сұрақ – жауап)

1. Әдептілік дегенді қалай түсінесің? (әр топтың жауабын тыңдау)
1 - топ: Әрбір адамның әдептілігі оның сөзінен, жүріс - тұрысынан, өзінен байқалады.
2 - топ: Әдептілік дегеніміз – өзін - өзі кез - келген ортада ұстай білуі. Әдепті адам – әдемі адам.
3 - топ: Ата - ананы сыйлауды, өзіңе, достарыңа жауапкершілікпен қарауды, адамгершілік қасиеттерді сақтауды әдептілік белгісі деп білемін.

Мұғалім:
- Қай халық болмасын бір - біріне жылы мейір мен кеңпейілділікті, достықты, өзара жақындықтарын білдіріп, амандық – саулық сұрасып, өзінің аман екенін білдіруі – сәлемдесуінде.
Адам баласы қашан да тыныш, бейбіт бір - бірімен сыйласып өмір сүруді аңсаған, армандаған. Сондықтан сәлемдесу – әдептілік ғана емес, имандылықтың да нышаны, белгісі ретінде қабылданған.

Мұғалім:
Сәлем - сөздің анасы,
Сәлем – сөздің сарасы,
Сәлемдесер үлкенге
Қазақтың әр баласы.
Сәлем – сөздің анасы,
Білгені жөн әр қазақтың баласы.
Үлкен мен де кішімен,
Сәлемің түзу болсын деп
Үйретер ата - анасы,- дей келе келесі бөлімді бастаймыз.

ІІ бөлім: «Сәлем бере білейік»
(әр топқа тапсырма беру)
1 - топ: Кішінің үлкенге сәлем беруі (ата мен бала)
2 - топ: Екі дос немесе екі құрбының бір - бірімен сәлемдесуі
3 - топ: Наурыз тойында сәлемдесу немесе көрісу

ІІІ бөлім: «Жақсыдан үйрен – жаманнан жирен»
(әр топқа өлең оқылады, ұйқас жауап айту)
1. Бұрылатын қызға да,
Ұрынатын ұлға да.
Төбелеспей жүрмейтін,
Қандай бала бұл тұрған? (тентек, сотқар)

2. Кітап түбі қырқылған,
Күнделігі жыртылған.
Сабаққа да самарқау,
Қандай бала бұл тұрған? (бұзық)

3. Сабақ айта білмеген,
Шақырмасаң жүрмеген.
Сабақ бетін ашпайтын,
Баланы сен кім дер ең? (жалқау)

1. Сыйлап үлкен ағаны,
Сәлем берген баланы
Кім дейміз? - Әдепті екен бұл дейміз.

2. Таудай биік талабы,
Жақсы оқитын баланы
Кім дейміз? - Үлгілі екен бұл дейміз.

3. Кітап, дәптер, қаламы
Кір шалмаған баланы
Кім дейміз? - Ұқыпты екен бұл дейміз.

- Міне, оқушылар бізде жақсы істерді үйреніп, жаман әдеттен, қылықтан бойымызды аулақ ұстауға әдеттенуіміз керек. Оқу құралдарымызға, киген киімдерімізге, ас атасы – нанға ұқыптылықпен қарау керек. Өздерің білетін ізгілік, адамгершілік, әдептілік туралы мақал - мәтелдер айтайық.
1. Әдепті бала ата - анасын мақтатар,
Әдепсіз бала ата - анасын қақсатар.
2. Мейірімділікті анадан үйрен,
Әдептілікті данадан үйрен.
3. Сыйламаған жолдасын, сыйлай да алмас өз басын.
IV бөлім: «Ой толғаныс»
(әр топқа жеке тапсырма беру, қорғау, пікірлерін айту)
1 - топ: «Әдепсіз балаға хат»
2 - топ: «5 жол өлең» құрастыру (өз тобына)
3 - топ: Жағдаяттан шығу (оқу, танысу, өз пікірлерін айту)

Жағдаят:
Жұмыстан келген анасы ұлына: - Ауырып тұрғаным, жата тұрсам ба екен? – деді.
- Жата беріңіз, - деді компьютер ойынының қызығына түскен ұлы назар аудармастан. Анасы төсегіне барып жатты да, ұлына көрпенің үстінен тон жаба салуды өтінді. Ұлы орнынан салдыр - күлдір еткізіп, ренжи тұрды да, үн - түнсіз оның өтінішін орындады.

• Бала анасына жанашырлық білдіре алды ма?
• Сен оның орнында болсаң не істер едің?

(Топтағы оқушылардың пікірлерін тыңдап болған соң, қорытынды ойды мұғалім айтады).
Талқылау: Мұғалім топта қажетті сезімді тудыру үшін соған сәйкес оқушының сезім дүниесіне әсер ететіндей жағдайлар туғызуы тиіс. Сол себепті бұл жағдаятты оқушылардың өздеріне талқылату, жанашырлық сезімдерді туғызып қана қоймай, оның бекуіне жағдай жасалу керек.

5 жол өлең
Үлгі:
1. Зат есім Айша
2. Сын есім әдепті, сыпайы
3. Етістік оқиды, жазды, үйренді
4. Сөйлем Менің Айша деген құрбым бар.
5. Синоним Айша – оқушы.

V бөлім: «Жылы лебіз»
(әр топ орнынан тұрып шеңбер құрып, бірге айтады)
1 - топ: Басымыз аман болсын!
2 - топ: Аспанымыз ашық болсын!
3 - топ: Күніміз жарық болсын!
Соңы
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×