Тәрбие сағатының тақырыбы: Қос жұлдыз
Тәрбие сағатының мақсаты: Оқушылардың Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің маңыздылығын ұғынуларына жағдай туғызу. Ұлы Отан соғысында туған жерін қорғаған Қазақстан азаматтары туралы мәлімет беру. Аттары аңызға айналып, ерлік істері барша ұлтты таң қалдырған қазақтың қос батыр қызы Мәншүк Маметова мен Әлия Молдағұлованың жарқын өмірі және Ұлы Отан соғысындағы ерлік істерін ұрпаққа үлгі етіп, өнеге ету. Оқушылардың бойына патриоттық сезімін ояту.
Отан сүйгіштікке, ерлікке, адалдыққа баулу.
Көрнекілігі: слайд, нақыл сөздер, сурет
Тәрбие сағатының барысы:
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Балалар Ұлы Отан соғысы, Ұлы Жеңіс деген сөздер естіп жүреміз. Бүгін осы сөздердің мағыналарына тереңірек үңілеміз.
1941 жылы 22 маусым күні таң шапағы жаңа ғана арайланып келе жатқан кезде, елімізге қауіп төнді. Халқымыз адам айтқысыз қиын кезеңге душар болды. Фашистік Германия елімізге опасыздықпен басып кірді.
1 - оқушы: Бұлт түнеріп аспаннан,
Талай көзден жас тамған.
Тұтқиылдан жау тиіп,
Қырғын соғыс басталды.
2 - оқушы: Отаным, еркелеймін енді кімге,
Өзіңмен нені болса, көрем бірге.
Қалайша қабырғама батпас менің,
Басыңа қатер күні төнген күнде.
Соғыс басталысымен барлық ер - азаматтар Отанын қорғауға аттанып кетіп жатты. Арттарында жылаған балалары мен жарлары, ата - аналары қалып жатты.
(Слайд көрсетіліп тұрады.)
5 - оқушы. Гитлершілдер соғыстың бас кезінде 190 дивизияны, 5 мыңдай самолетті, 3700 танкті, 50 мыңдай қару мен минометті шабуылға шығарды. Жерімізге басып кірген жау әскерлерінің жалпы саны 5 миллион адамға жетті.
6 - оқушы. Осы сұрапыл соғыста жауды талқандап Ұлы Жеңіске жетуге қазақстандықтар да сүбелі үлес қосты. Жүздеген мың қазақстандықтар қолына қару алып, өз Отанының намысы мен бостандығы үшін күресті.
7 - оқушы. Қазақстандықтар Брест қамалын қорғады, Мәскеу түбінде өлімге бас тікті, Сталинград, Курск доғасындағы шайқастарда ерекше көзге түсті. Берлинді шабуылдады, Рейхстагқа Жеңіс туын тікті.
8 - оқушы: Тарихи деректерге қарағанда 1942 - 1945ж 1млн. 196мың. 164 қазақстандық майданға аттанып тең жартысы оралмаған. Көптеген жауынгерлеріміз ерлік көрсетті. 518 қазақстандық Кеңес Одағының батыры - атағын алды.
9 - оқушы: Атап айтсақ Қасым Қайсенов, Нұркен Әбдіров, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев сияқты аты аңызға айналған батыр аталарымыз.
10 - оқушы: Осы қырғын соғыста ерлермен қатар елін қорғаған қос қазақтың батыр қызы болған. Ол Мәншүк Мәметова және Әлия Молдағұлова. Оларды біз қазақтың қос шынары, қос жұлдызы деп қатар атаймыз.
Мұғалім:(слайдтар бойынша әңгімелеу) Мәншүк Мәметова Жеңсікәліқызы (Жиенғалиқызы) 1922 Батыс Қазақстан қазіргі Орал облысының Орда ауданында туған. Мәншүктің ата - анасы ерте қайтыс болды да, бес жасар баланы оның тәтесі Әмина Мәметова бауырына басады. Мәншүктің балалық шағы Алматыда өтті.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк медицина институтында оқып, соңымен бір мезгілде республика Халық Комиссарлары Советінің секретариатында қызмет етіп те жүрген. 1942 жылдың августында ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынады да, майданға аттанады. Өз бөлімінде Мәншүк таңдаулы пулеметші атанады. Алғашында бригада штабында қызмет етті, кейіннен пулеметшілер бөлімшесінің командирі болды.
11 - оқушы: Мәншүк атыс толасында,
Жүр орманның арасында.
«Мені ал, мені ал» деп алуан гүл,
Қолына оның таласуда.
Тығылып гүл омырауға.
Сұрағандай жанға дауа,
Ант еткендей тұрды Мәншүк,
Гүлді жауға таптатпауға.
12 - оқушы: Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін,
Оқ борап, снарядтар қаққан ызың.
Қаптаған қалың жаудан тайсалмаған,
Мен көрдім пилоткалы қазақ қызын.
Мұғалім: Әскердің қиындығын Мәншүк ерлермен қатар көрді - жер жорғалап, судан жүзіп, қалың ну ормандардан өтті, пулемет атып үйренді. 21 - ші гвардиялық атқыштар дивизиясының ең жақсы пулемет атқышы атағына ие болды. Ол ержүректің үлгісі болды, оны дивизия жауынгерлері мақтан тұтқан. 1943 жылдың 15 - ші қазанында Псков облысындағы Невель қаласын босату үшін өте қатал соғыс болды. Мәншүк өзінің әскери бөлімінің шабуылын пулемет отымен қолдады. Мәншүктің басына оқ тиді. Соңғы күштерін жинап, Мәншүк пулеметін ашық жерге алып шығып, жолдастарына жолды тазалап, фашистердің тікелей бетіне атқан. Өлі Мәншүк пулеметтің саптарын қолына тастай қатты қысып алған. Сол қан майданда Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапты.
Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылдың 1 - ші наурызында неміс басқыншыларымен соғысу майданындағы қолбасшының әскери тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны үшін, көрсеткен ерлігі үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Мәншүк соғыстан аттанған Алматы қаласына Кеңес Одағының түпкір – түпкірлерінен алғыс хаттар барды. Невель қаласында Мәншүк атында көше бар. Батырдың туған жерінде мемориалдық музей, Орал қаласында да музей ашылды. Невель Орал, Алматы қалаларында ескерткіш орнатылып, Алматыдағы 28 - орта мектеп пен медициналық институт алдында ескерткіш тақта қойылған. Қазақстанның ақын жазушылары Мәншүк Мәметова туралы көптеген өлең, поэмалар жазды.
13 - оқушы: Даламыздың даңқысың,
Балауса гүл, балғын қыз.
Жанын қиып, халқы үшін
Жанып түскен ақ жұлдыз.
Мәңгі жасап жерде енді,
Биік бол деп таулардан.
Сенің балғын бейнеңді,
Жасап қойдық мәрмәрдән.
Мұғалім: Бұл өлең жолдары Батыр қыз Әлия Молдағұловаға арналған.(Слайд бойынша көрсете отырып, әңгімелеу)
Әлия Молдағұлова(шын есімі Әлия) Нұрмұхамедқызы 1924 жылы 15 маусымда Қобда ауданы Көкбұлақ деген жерде туған. Әлияның әкесі Нұрмұхамбет Сарқұлов кезінде бай тұқымынан шыққан ұрпақ ретінде қудалаған адам. Ал анасы Маржан 1932 - 1933 жылдары ашаршылық кезінде картоп еккен бақша күзетшісінің оғынан қаза болған. Сегіз жасында жетім қалып, Әубәкір деген ағасы өз тәрбиесіне алады. Кейін ол ағасы Санкт -Петебург (Ленинград) қаласын көшіп келеді де Әлия сол қалада оқиды. Отбасының жағдайын байланысты Әлия кейін балалар үйінде тәрбиеленеді. Әлия ерекше ұстамды, зерек, жаңалыққа бой ұрғыш болып өседі. Соғыс басталғанда ол небәрі 17 жаста болған екен. Сол кезде майданға өзі сұранып, атқыштар даярлайтын бөлімді бітіреді. Майдан даласында: Сіз жауынгерлік тапсырманы орындауға нәзіксіз ғой? Майданға қалайша келдіңіз? Жасыңыз нешеде? деген сұрақтарға - Мен Молдағұловамын. Қазақстандықпын. Жасым 17 - де. Майданға өз бетіммен келдім. Қандай болсын жауынгерлік тапсырманы орындауға дайынмын. Керек болса, Москва қорғағанда өлген біздің 28 бауырлар сияқты өлеміз.
Әлия Молдағұлова 54 - ші атқыштар бригадасын 4 - ші батальонның 3 - ротасының мергені. Ұрыс басталғанға дейін оның есебінде өлтірілген 35 неміс болды. Новосокольники ауданының солтүстік жағында болған шайқастарда Молдағұлова асқан тұрақтылық, ержүректілік, батылдық көрсетті. Сапында Әлия болған 4 - ші батальон жауды Казачиха деревнясынан қуып Новосокольники – Дно темір жолын кесіп, тастау бұйрық алды. Жауынгерлік қарсыласқан жау торабына лап қойды.
Ержүрек жауынгерді байқап қалған гитлершілер сол шақта борандатып оқ жаудырды. Әлия жараланып етбетінен түсті. Әлия жараланғанына қарамастан «Алға!» деп атой салып қайтадан жүгіре жөнелді де бірінші болып жау траншеясына басып кірді.
4 - ші батальонның Әлия болған он қанаты түгел атакаға шығып қысқа ғана ұрыстан кейін жаудың қорғаныш шебін бұзып өтті.
1944 жылдың 14 қаңтар айында Әлия Молдағұлова Казачиха түбінде ерлікпен қаза тапты.
1944 жылдың 4 маусым айында Совет Одағының Батыры атағын берді.
14 - Оқушы: Қыр қызы орындады берген антын
Халқына адал болу ердің салты
Ел үшін қасық қанын аямаған.
Жүректе мәңгі өшпейді Әлия, Мәншүк аты.
Ән «Әлия» орындайтын Иманбаева Айсұлу
Мұғалім:
Әлия – Мәншүк ер қыздары елімнің
Әлия – Мәншүк – гүл қыздары жерімнің
Әлия – Мәншүк аттары әнге айналған
Әлия – Мәншүк қос жұлдыз көкте жайнаған.
Қазақтың қос батыр қызы, қос жұлдыз қызы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Маметованы халқы ешқашан ұмытпайды.
Мұғалім: 1945 жылыдың 9 - мамырында біздің еліміз Фашистерді жеңді. Көптен күткен Ұлы жеңіс келді.
Алдымызда үлкен мереке келе жатыр. Ұлы Жеңіске 76 жыл толып отыр.
15 - оқушы:
Тоғызыншы мамырды жылда тойлап,
Келеміз біз, кетеміз өткенді ойлап.
Ағаштарға сыйлады жас жапырақ.
Гүл сыйлады далаға көктем де ойнап.
Жауды жеңді аталар ерлік етіп,
Шабыстарын тұлпарлар келді үдетіп.
Жұрт көшеге шығады ту көтеріп,
Жеңіс туын көтеріп желбіретіп.
Мінетін кезіміз де атқа бекіп,
Көрген емес есеміз жатқа кетіп.
Жеңіс тойын тойлайды балалар да
Әпкелердің ерлігін мақтан етіп.
16 - оқушы.
Жеңіс деген – жақсылықтың сыңары,
Жігер менен құштарлықтың құралы.
Күрескердің арманы мен ұраны,
Қуаныш пен мерекенің бұлағы.
Хор: «Әрқашан күн сөнбесін»
Соңында бұлттар, күн, құстарға тілектер жазып тақтаға ілеміз. Бейбіт өмірдің аспанын бейнелейміз.
Қос жұлдыз
- Дикен
- 27 сәуір 2021
- 27386
- 0
- 100
Ілмек сөздер: Жеңіс күніне арналған тәрбие сағаты, бастауыш сыныптарға
Ұқсас жаңалықтар:
Ұлы даланың батыр қыздары
Кеңес Одағының батыр қыздары Әлия мен Мәншүктің биік тұлғасын суреттеу арқылы - ұлтын сүйетін, еліміздің өсіп - өркендеуіне өз үлесін қосатын табанды...Ер есімі - ел есінде
Мақсаты: Балаларды ҰОС батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы ерліктерімен таныстырып, отан сүйгіштік рухта тәрбиелеу,...Бала Мәншүк
Сандугаш Аязбаева...Қызы батыр ел - ұлы ел
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарауылкелді орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі: Абенова Бибигуль Амангалиевна...Ұлы жеңіс - жасасын!
Ұлы жеңіс - жасасын! (тәрбие сағаты) Тақырыбы: «Ұлы жеңіс жасасын!» Мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, отанын сүюге, оны қорғауға баулу. Отанға...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.