Қазақстан табиғаты
Менің Қазақстан деген кең байтақ туған өлкем бар. Егер биік таудың басына шығып қарасаң, оның көркіне көз тоймайтын сұлу табиғатын көресің. Ұшы - қиыры жоқ сайын дала, көгілдір орман - тоғайлар, ақ басты Алатаулар, көгілдір айдын шалқар көлдер - қазақ елінің сұлу табиғатын бейнелейді. Бұл - менің Қазақстан деген өз елім.
Қазақстан табиғаты дегенде ең алдымен көз алдыңа тасты жарып өскен қарағайлары бар Оқжетпес тауы, мөлдір Бурабай көлі мен оның Жұмбақтасы келері анық. Сонымен бірге ақ басты Жоңғар Алатауының сілемдері мен тұп - тұнық Алакөл де Қазақстан табиға - тының сұлулығын әлемге әйгілеп тұр емес пе? Ал Алтай тауы ше? Небір сұлулық атаулы Алтай маңында екені айдан анық. Қия жартастардың үстінде мүйізін көтеріп қайқиып тұрған арқарлар мен аспанда қалқыған қыраны, орман толы құстары мен аңдары Қазақстан табиғатына ерекше сән береді. Баянауылдың жайқалған көк кілемі мен Көкшетаудың мың бұралған биші қайыңдары, Жайық өзені мен Каспийдің асау толқындары – бәрі - бәрі менің туған елім Қазақстаныма көрік беретін, әлемде ешнәрсеге тең келмейтін әсем табиғат.
Мен өз елімнің табиғатын сүйемін, оның иісі жұпар шашқан ауасын, тауы мен тасын, топырағын сүйемін.
Құрманғожа Айғаным
Егер мен эколог болсам...
Эколог маманы - өте маңызды және жауапкершілігі мол мамандық. Табиғаттың әр түрлі алуан өзгерістерін зерттеуші ғылымдардың бірі – экология.
Егер мен эколог болсам, табиғат аясына, өзен - көлдерге саяхатқа шыққан адамдардың қоқыстарын, қалдықтарын барлық ұйымдарда, оқушылар арасында жинауды ұйымдастырар едім. Себебі табиғатқа шығып демалушылардың барған жерін жаудай жапырып, қалдықтарды шашып кететіні, өрт қауіпсіздігін сақтамайтыны бәрімізге аян.
Егер мен эколог болсам көп ағаштар отырғызып, ормандар өсіріп, бау - бақшалар егер едім. Себебі өсімдіктер адам денсаулығына пайдалы. Сонымен бірге адамдар таза оттегін жұту үшін, әр үйдің ішіне көп гүл отырғызуға тапсырыс берер едім.
Қазіргі күндері мұхит, өзен - көлдерге көптеген жуындылар төгіле береді. Егер мен эколог болсам сол жуындыларды тазалайтын құралдар ойлап табар едім. Сонда судағы балықтар да көптеп қырылмас еді. Адамдар дала жануарларына да көп зиян келтіреді. Соны тоқтату үшін, қандай да болсын тиісті шаралар қолданар едім. Және де көптеген қорықтар салғызар едім.
Қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлығын сақтау – болашаққа деген қамқорлық, өзіміздің денсаулығымызды сақтау емес пе? Жалпы табиғатты қорғау – Қазақстанда тұратын әрбір азаматтың басты міндеті деп санаймын.
Әбділманова Назгүл
Күз.
Бізде үш ай жаз, ал жаздан кейін күз басталады. Қыркүйек, қазан айларында үлкен көліктердің, комбайындардың, тракторлардың дауысы жиі естіледі. Сонда адамдар егін егіп, тракторлармен шөп тасып, сабан тасып, көліктермен көмір, отын сатып алып, комбайындармен шөп шауып, жем тасып жатады. Күзде ағаштардың жапырақтары сарғайып, жерге түсе бастайды. Балалар сурет сабағында күздің бейнесін салады. Сенбілік күнінде балалар тырнауышпен, сыпырғышпен, күректермен жерге түскен сары жапырақтарды мектептің алдынан жинайды. Кейбір ағаштардың сары, қызыл, қоңыр жапырақтары бар, кейбір ағаштардың жапырақтары жерде жатыр. Ал оңтүстік жақ болса, олар өздерінің алмаларын, қарбыздарын, қауындарын жаңа ғана жей бастайды. Ағаштардың сары, қызыл, қоңыр жапырақтары — күздің айрықша белгісі болып келеді.
Болатова Айғаным
Ана тілім - байлығым.
Қазақ тілі — асыл қазынам. Қазақ тілі — өте бай, көркем, икемді, жетілген, құлаққа жағымды естілетін тіл деп ойлаймын.
Қазақ тілі — мен үшін бір үлкен тау. Ол Гималай тауынан да үлкен. Ол таудың шыңына шығу өте қиын. Бірақ, ол таудың үстіне өрмелей бастасаң, ол — қызық, көркем тау. Оған ары қарай мінгің келе береді. Әрбір адам ананың сүтімен бірге ана тілін бойына сіңіреді. Ана сүті қандай ақ, таза болса, біздің тіліміз сондай ақ және сондай таза болуы керек. Сонда ғана басқа елдің өкілдері бізге сыйластықпен қарайды. Сонда ғана басқа елдермен тереземіз тең болады.
Қазақ халқының ұлы ақыны, философ, аудармашы — Абай Құнанбайұлы, менің ойымша, қазақ тіліне көп еңбек сіңірген кісі.
Ал қырғыз ақыны Сарноғаев: «Ана тілін сүймеген адам, халқын сүйіп те жарытпайды»,- деп айтқан. Біз ана тілін қадірлемесек, онда дүниеге әкелген анамызды да, ел - жұртымызды да, Отанымызды да қадірлемейміз деген сөз.
Қазіргі кезде дүние жүзінде шамамен 5651 тіл бар екен. Қазақ тілі осы тілдер ішінде 70 орынға ие болып отыр. Менің ойымша, бұл жаман көрсеткіш емес. Қазақстан әлі жас ел, әлі бәрі алда деп ойлаймын. Енді 20 жылдан кейін, мүмкін, Қазақстан бірінші орында тұрады.
Ата - бабаларымыз қазақ тіліне ерекше көңіл бөлген. Бізге көптеген мақал - мәтелдер қалдырған. Ата - бабаларымыз қазақ тілін асыл мұра, сарқылмас қазына ретінде қалдырып кетті. Бұл атадан — балаға жалғасып келе жатқан ұлы тіл. Біздің ең басты парызымыз, міндетіміз қазақ тілін ары қарай көркемді етіп, қазақ тілін дүние жүзіне таныту.
Бекенова Айғаным.
Ана — өмір тірегі
Ана... Бүкіл әлемнің әдемілігі, бар тіршіліктің мәні осы бір ғана ұғыммен өзектесіп жатады екен. Ана сөзінің аясында асыл, аяулы, ардақты саналатын құдіретті сезімдер тоғысып жататыны әркімге де ақиқат. Аналар әлеміне ерекше мейірім шуағы, шұғылалы сезім сәулесі, даналықтың нұры тән. Анасыз өмір — тұзсыз ас сияқты. Өмірге жаңа келген балаға ананың бесік жырын айтуы үлкен тағлым, білім, салт - дәстүрді үйретеді. Әрбір адам тәлім - тәрбиені, ар - ұятты және тағы басқа адами қасиеттерді ана сүтімен бірге бойына сіңіреді.
Мен де өз анамнан адал да арлы, мейірімді де, қайырымды, ибалы да инабатты болуды үйрендім. Менің анам үйде бізге ақылшы ана, кейде ол қатал ұстаз, кейде жақын құрбы, дос. Біз қуансақ та, ренжісек те анамызбен сырымызды бөлісеміз. Анамыз үнемі көңілімізді тауып, бізге әрқашан ақылшы, көмекші бола біледі. Бір сөзбен айтқанда менің анам — алтын адам.
Қазіргі кезде көп балалар анасының айтқан сөзін тыңдамайды, ананың қадірін түсінбейді. Менің ойымша бұл дұрыс емес. Ана адамда жалғыз ғана. Біз аналарымызды құрметтеп, әлемнің бар жылуын соларға сыйлайық, балалар.
Бекенова Айғаным
Қазақ тілі — асыл қазынам
Тіл тек қана оқитын кітап емес, ол халықтың жаны, оның қуанышы, қайғысы, байлығы. Әр халықтың бір - біріне деген ыстық сезімін оятатын, достастыратын да, табыстыратын да, араздастыратын да осы тіл. Тіл бізге ананың дауысындай, ақ сүтіндей, жеп отырған нанымыздай, туған жердің ауасындай, мөлдір бұлақтай қажет. Осы баға жетпес тіліміздің арқасында біз тәуелсіз мемлекет болып отырмыз. Біз өз ана тіліміздің құрып кетпеуіне, жойылмауына үлес қосуымыз қажет.
Әрбір адам ана тілін қастерлеп, құрметтеуі керек. Өйткені ол ата - бабамыздан қалған асыл мұра, үлкен қазына.
Ендігі бір мәселе, өзіміз қазақ бола тұрып, өз ана тілімізде сөйлей алмаймыз. Көптеген қазақтың қара көз қыздары мен жігіттері өз ана тілін білмейді, тіпті түсінбейтіндері де бар. Осы мәселе мемлекет басындағыларды да алаңдатса ғой. «Балық басынан шіриді» дегендей ең алдымен өкімет бір қатаң шара қолдануы керек, сонда ғана халық дүр сілкініп қазақ тілін үйренуді қолға алар еді. Қазіргі еліміздегі ана тіліміздің ахуалы ойландыратын - ақ нәрсе. Менің ойыма қазір мына өлең жолдары оралып отыр:
Жас ұрпақ, тоқтат, ойлан, жетер енді,
Еңсеңді ез ой басқан, көтер енді.
Тіліңнің тұмшаланған бұйдасын шеш,
Дәстүрін ұстап мықты өсер елдің.
Сұлтаншәріп Тілектес.
Күз.
Жаз бітіп, күз келді. Жазғы жылы күндер жоқ. Өзен - көлдер суық. Бұрынғыдай суға шомылмаймыз. Адамдар жеміс жидектерін, көкөністерін жинайды, және олар қалың киіне бастайды. Күзде балалар мектепке барады. Адамдар отын, көмір, шөп, сабан әкеледі. Шөптер қурайды. Аңдар да қысқа дайындалады. Ағаштардың жапырақтары сарғаяды. Жапырақтар жазда жасыл болады да күзде сарғайып, түседі. Ағаштан түспеген жапырақтар ұшып кетеді. Күзде егін жинайды. Комбайындар бидай жинап, оны жүк машинасына салады. Жүк машиналары бидайды диірменге апарады.
Диірменде бидайдан нан жасайды. Жасаған нандарды дүкеншіге апарады, дүкенші нанды сатады. Міне осылай нанды жасайды. Күзде ауа райы да өзгеріп, күн қысқарып, түн ұзарады.
Қалымжан Аслан
Таза болса табиғат, аман болар адамзат.
Туған жердің төсінде
Дос болайық, табиғат,
Табиғатты қадірлеп,
Аман болар адамзат.
Тұрғанбек Данияр
Мен елімді сүйемін,
Жеріме дән себемін.
Ауа таза болсын деп,
Жылда ағаш егемін.
Сәрсенбаев Дәулетяр
Табиғатым тамаша
Түсінем сені жаныммен.
Сырласамын оңаша
Қарағаймен, қайыңмен.
Ерғали Шыңғыс
Табиғатты ойлаңдар,
Бүлдірмеңдер, ағалар.
Арттарыңнан біз еріп
Келеміз ғой, ағалар.
Мырзағали Алмас
Әкем — тірегім, анам — жүрегім
Әкем - анам жүрегімде
Қалады бұл өмірде.
Қосамын ән мен жырға
Сағынып жүргенімде.
деп, мен мынау төрт жол өлең шумақтарымен өзімнің әке - шешеме деген ыстық сезімімді білдіргім келеді. Шынында да әке — өмірдің шырағы, ана — өмірдің шуағы. Әрбір адам әке - шешесін сағынады, оларсыз өмір сүре алмайды. Ата - анасыз өсіп жатқан жетім сәбилерге қандай қиын, ойлаңдаршы, балалар. Оларды жылағанда жұбататын, мәпелейтін ешкім жоқ. Ал, ата - анасын тыңдамайтын балалар да бар ғой. Ондай балалар әке мен шешенің қадірін түсінбейді деп ойлаймын.
Айналайын, балалар,
Бәріңнің де анаң бар.
Шын ниетпен сыйлаңдар,
Анаға жақсы қараңдар! - деген өлең жолдары кім - кімді де жай қалдырмасы анық. «Ананың қарызын Меккеге үш рет арқалап апарсаң да өтей алмайсың» деген нақыл сөз бар ғой.
Адам қанша жасқа жетсе де ата - ананың орны бөлек. Менің жүрегімдегі әке - шешеме деген іңкәр сезімімді айтып жеткізу қиын. Мен оларға деген алғыс сезімімді сабағымды жақсы оқып, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіні сыйлап, тәрбиелі, саналы азамат болғаныммен білдіргім келеді. Мен өзімнің ата - анамның мәңгі тірі жүргенін қалар едім.
Сұлтаншәріп Тілектес
Менің итім
Біздің үйде Сұрмойнақ деген тазы ит бар. Оны кішкентай күнінде әкем екеуміз даладан тауып алған едік. Әлі есімде, қатты жаңбыр құйып кеткен, біз әкем екеуміз егін басынан үйге қарай жүгіріп келе жатсақ, бір кішкентай күшік үсті - басы малмандай су, бүрісіп отыр екен. Тіпті қыңсылауға да шамасы жоқ. Біз оған жанымыз ашып көтеріп үйге алып келдік. Күшік жылы үйге кірген соң да, көпке дейін дірілдеп отырды. Алдына келген асты жапа - тармағай жеп алғанына қарап біз күшіктің аш құрсақ боп жүргенін білдік. Біраздан соң бойына жан кіріп, ол үйде ары - бері жүріп қарай бастады. Сөйтіп ол өзіне ең жылы жер тауып алды да, сонда барып жатты. Біз күшікке Сұрмойнақ деп ат қойдық. Содан бері ол бізге бауыр басып кеткен.
Қазір Сұрмойнақ бізбен бірге қой бағады, сиыр айдап әкелуге көмектеседі, тіпті кейде суға да бірге барады. Ол өзінің қызметін қалқысыз орындайды. Үйге бөтен кісі келсе, бізге бірінші хабар беретін де сол. Біз бос уақытымызда бірге ойнаймыз. Мен итімді жақсы көремін. Ол менің ең жақын досым.
Қалымжан Аслан
Мектебім
Мен Абай орта мектебінде 4 - ші сыныпта оқимын. Маған өз мектебім өте ұнайды. Мектеп біздің екінші үйіміз тәрізді. Мұғалім апай екінші анамыздай, ол бізді өте жақсы көреді. Бізде әрбір сабақ қызықты өтеді.
Сабақтан бос уақытымда кітапханаға барғанды жақсы көремін. Бұрынғыдай емес, қазір кітапханада жаңа әдеби оқулықтар көбейіп келеді. Маған әсіресе, ертегілер ұнайды. Кейде біз сыныпта ертегі көріністер қойып ойнаймыз. Басқа біреудің рөлінде ойнаған өте қызық. Біздің мұғалім кейде қоян болса, кейде аю бола алады. Мен де өскенде актриса болғым келеді.
Мырзағалиева Майра
Жаз
Жазда күн жылынады. Күн нұрын шашып, айнала түрлі құстардың дауысына, балалардың күлкісіне толады. Балалар жаз болса, көлге шомылуға, жидек теруге барады. Маған сол ұнайды. Мен қабат - қабат киім кимей, бір - ақ көйлекпен жүргенді жақсы көремін, сондықтан маған жаз ұнайды. Жазда көбелектер гүлден гүлге қонып ұшып жүреді. Мен көбелекті ұстап алып қызығып қанатының әдемілігіне қарап тұрамын да, ұшырып жібере саламын. Айтпақшы, көбелектер құстардан қорғану үшін қулық істейді екен. Мысалы, ақ көбелек ақ гүлге қонады, қызыл көбелек қызыл гүлге қонады. Сонда оларды қарлығаш таба алмай қалады екен. Тағы да маған жаздың ұнайтын себебі жылдың бұл мезгілінде барлық оқушылар демалысқа шығады.
Жаз туралы бір тақпақ айтқым келеді:
Жаз айлары бола берсе,
Жеміс - жидек тола берсе.
Қуанар ем күнде мен
Үйге бала тола берсе.
Бірақ, ылғи да жаз бола берсе біз күзді аңсайтын шығармыз деп ойлаймын.
Дәулетжан Әмина
Ең үздік шығармалар
- Жұпар
- 30 маусым 2014
- 13790
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Оқушылардың үздік шығармалары, әр түрлі тақырыптарда жазылған
Ұқсас жаңалықтар:
Табиғатты аялайық (шығарма)
Табиғат тіршіліктің құт - берекесі. Табиғатты қорғау міндетіміз....Менің анам
Менің анамның есімі Тілектес. Менің анам өте мейірімді, ақылды, сыпайы, жақсы адам. Мен анамды өте - өте жақсы көремін. Менің анам әрдайым сабақ...Туған ауылым
Ақтөбе облысы, Темір ауданы Кеңқияқ орта мектебі 1"а"сынып оқушысы Аққу Назерке Асылбекқызы Мұғалімі: Турмагамбетова Акслу Жеткеровна...Көктем
Ақтөбе облысы, Темір ауданы Кеңқияқ орта мектебі 1"а"класс оқушысы Аққу Назерке Асылбекқызы Мұғалімі: Турмагамбетова Акслу Жеткеровна...Қазақстан - туған өлкем, табиғатың қандай көркем!
Тақырыбы : Қазақстан – туған өлкем, Табиғатың қандай көркем!...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.