Бастауышым шамшырақ – балғын бөбек балбұлақ!
Қош келіпсіздер, құрметті ата – аналар, қымбатты әріптестер, ақ жаулықты апалар, оқушылар! Бүгінгі күн осында отырған бәріміз үшін ерекше күн. Оның ерекшелігі сол, осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларыңыз білімнің негізі болатын бастауышта оқып, білім алып, қанаттарын қатайтып бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.
Бесіктегі баланың,
Күлгенін көрген - бір мұрат.
Алдына түсіп ананың.
Жүргенін көрген - бір мұрат – дегендей, бастауыш сыныпты бітіруші түлектерімізді ортаға шақырайық!
Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да,
Мұндай күй болған сірә қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,
4 ә – сынып түлектерін ортамызға!
Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға келеді.
Мұғалім: Сіздердің алдарыңызда Тәуелсіздігіміздің 22 - ші жылдығы қарсаңында бастауыш сыныппен қоштасып тұрған ҚР болашақ президенті, министрлері, академиктері, профессорлары және бизнесмендері!
Мұғалімнің кіріспе сөзі: «Талаптарыңа нұр жаусын!» деп «Бастауышым шамшырақ – балғын бөбек балбұлақ!» атты ертеңгілігімізді ашық деп жариялаймыз.
Архат: Армысыздар жас достар,
Болашаққа жол бастар.
Білім деген ғажаптың,
Келешегі қазақтың,
Басталады сендерден.
Амангүл: Қоштасу тойын бастайық,
Ән мен биге басайық.
Өнерімізді көрсетіп,
Құрметіне бұл тойдың.
Ән мен шашу шашайық.
(Архат табақты ұстап тұрады, ал Амангүл шашу шашады, себебі ұл балаға шашу шашуға болмайды)
(Көңілді музыка ойнап тұрады)
Ортаға ертекші шығады:
Ерте, ерте ерте ме екен, әлде мүлде келер күн бе екен, әлемде мектеп деген мықты патшалық болса керек. Оның тұрғындары сондай ақылды, білімді, өнерлі болыпты. Ол патшалыққа жамандық атаулы мүлде жоламаған екен. Ол патшалық үш хандықтан тұрады екен. Ең кіші «Балбұлақ» хандығында кішкене бүлдіршіндер өмір сүріпті. Тәп - тәтті бүлдіршіндер кез келген мейманды тәтті қылықтарымен баурап алады екен. Уақыт өте келе 10 жасқа толған «балбұлақтықтар» «Орталық» хандыққа өтеді. Ол хандықта алған білімдерін жалғап, сапалы білім мен өнерге баулитын Жоғары хандығына өтіп отырыпты. Бүгін міне, 2013 жылдың 24 мамыры да айтулы күн болып қалмақ. Дәл осы күні «Балбұлақ» хан өзінің үлкен ағасына қонаққа келген болатын.
Орта буын хандығының патшасы:
Пай, пай, қош келдің бауырым!
Бастауыш патшалығының ханшайымы:
Қош көрдім, ағатай! Өзіңді сағынған екенмін. Кел төс қағыстырып амандассам деп едім.
Орталық хан: Әрине, еркем! Кел, кел.
(Екеуі құшақтасып амандасады)
Балбұлақ хан: Аға, менің хандығымнан тағы бір қарлығаштарым ұшқалы отыр. Ақ батамды тілеп, сенің хандығыңа өткелі отырған бүлдіршіндерімнің жұмысымен келген едім. 2008 жылы тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған кішкене бүлдіршіндер бүгін міне ақыл – ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды ажырыта алатын шәкірт болды.
Орталық хан:
Е, бауырым, уақыт деген сиқыршы ғой! Міне көзді ашып – жұмғанша кешегі кішкене бүлдіршіндер де есейген екен. Сенің хандығыңнан келген барлық балаларға өте разымын. Десек те, сен білесің, менің хандығыма өту оңай емес, мен хандығыма өнерлі, білімді шығармашыл балаларды қабылдаймын.
Балбұлақ хан:
Аға, жылдағы дәстүрді бұзбағым жоқ! Ендеше сол балалардың өнері мен білімін көрсетер сәтте келген екен. Ал, ендеше сынақтан өтуге дайынсыңдар ма?
Данара:
Мектебім, алтын ұям, нұрын жарық
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.
Өтті мұнда сан сабақ,
Жаныма сіңді сенің асыл киен,
Сарқылмас бастауысың ұлылықтың,
Мектебім, саған мәңгі басымды ием.
Өзіңсің балауса көктемім,
Мен сенен нәр алдым көктедім,
Өмірде алғашқы өткелім, МЕКТЕБІМ!
Нұрсұлтан:
Өнеге ошақ тәрбиең, бір сене қуат аламын.
Жарылқашы тәңір ием, таудай ғой менің талабым.
Мектебім – мәңгі бапкерім, қарызбыз саған бәріміз,
Өзіңе деген парызды, ақтаймыз әлі талай біз.
Адель:
Мектебім, сүйікті мектебім,
Бауырыңда түлеймін, жетемін,
Сен бұлақ, мен қайың бұр ашқан
Өзіңнен нәр алып көктедім.
Мектебім, жылы ұя бесігім,
Күнде ашық мен үшін есігің
Білімнің шуағы мол сепкен,
Ұстазым, қымбат қой есімің!
Амангүл:
Білімнің қайнар бұлағы, өнердің жарық шырағы.
Тұрағы өзің, мектебім, шәкірттің асыл қырағы.
Мектебімде шырқалмаған жыр бар ма?
Мектебімде айтылмаған сыр бар ма?
Мектебімде алаулаған жас жалын.
Кетер мәңгі сөнбей талай жылдарға.
Суюмжан: Армысың сен, алтын ұя мектебім
Саған айтар жыр - алғысым көп менің
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім!
Ән «Аяулы мектебім»
2. Сәуле: Ұстаз еңбегі - ұлы еңбек.
Сондықтан да ұлы ақын Абайдың:
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, - деп айтуында терең ой жатыр.
1. Ситора:
Мектеп – кеме, білім – теңіз!
Барар жерге тез жетеміз.
Адаспаймыз ұлы жолда,
Ұстаз берген білім қолда.
3. Айжан:
Әріптерді үйретіп,
Жақын болған кім бізге?
Жамандықтан жиреніп,
Ақын болған кім бізге?
Десек, ол жан - мұғалім
Қапастағы елдердің
Мұңын айтқан кім бізге?
Көрікті сан жерлердің,
Сырын айтқан кім бізге?
Рахмет, саған мұғалім!
Еркебұлан: Бағып – қағып, күндіз – түн мәпелеген,
Болғаның жоқ анадан, әкеден кем.
Ұстазым, керек десең самғап барып,
Көктегі күннің нұрын әперер ем.
Азат: Анамдай сүйем мен,
Шеберін ғылымның.
Ұстаздан үйренем,
Өнерін білімнің,
Үйретіп іс сазын,
Мың жаса ұстазым!
Жаслан: Сүйікті мұғалім,
Бес алсам ұнадым,
Екі алсам сынадың,
Алдыңда әрқашан,
Бас иіп тұрамын,
Сүйікті мұғалім!
Ән: «Мұғалім ол біздің»
Мұғалім: Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайрандаған.
«Қыз өссе» елдің көркі деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам! – деп мың бұралған бишілерімізге кезек береміз.
Өзбек биі
Көрініс: «Пәндер айтысы»
Математика: Достар, жүріңдер. Ғылымға барып ақыл – кеңес алып, даудың төрелігін сұрайық.
Ғылым: Бұл не айқай, бұл не шу?
Математика (тізерлеп амандасып, қолын көкірек тұсына қойып):
- Ғылым аға, біз пәндер сізден бір даудың төрелігін сұрай келдік.
Ғылым: Ендеше, баяндаңдар.
Математика: Қымбатты мәртебелім, өмірде менің орным ерекше. Өйткені адам баласына керегі мен. Мен есеп болмасам, адамдар сағатты, сауданы, жерді т. б. ғалымдар есебін қалай есептей алады.
Ана тілі: Жоқ, Мәртебелі Ғылым, адам баласы ана тілі болмаса тіл қоры, тіл байлығы, сөйлеу, тілдесу мәнін білмес еді.
Қазақ тілі (жүгіне отырып, қолы көкірек тұсында):
- Қазақ тілі болмаса дауысты, дауыссыз дыбыстарды айыра алмас еді. Қазақ тілінде қанша әріп барын да білмес еді. Буын, жұрнақты ажырата алмас еді. Мемлекеттік тілде еркін сөйлей алмас еді.
Ағылшын тілі:
- Тоқтаныз, Қазақ тілі. Сен осылай сайрап тұрғанда мен де қарап қалмаспын. Әлемде үш тұғырлы тіл жайлағанда ағылшын тілінің орны ерекше. Өйткені, мен арқылы компьютер, бүкіл дүние жүзі ғаламторға еркін самғай алады.
Орыс тілі (басын иіп): Ғылым тақсыр, менің айтар датым бар. Орыс тілі болмаса, қалайша ол үш түрлі тіл болмақ? Мен арқылы адамзат баласы сөз мәтінің аударып, ресми тілде сөйлеп, орыс тіліндегі көптеген кітап қоры арқылы білімін шыңдап жатыр емес пе?
Дүниетану:
- Ал, мен арқылы адамзат баласы таза ауада дем алып, денсаулығын нығайтып, табиғат аясында тынығып, салауатты өмір салтын құра алады. Мен оларға таза ауа беру арқылы ерекшемін. Менсіз сіздердің күндеріңіз не болмақ?
Дене тәрбиесі (спорттық қимыл көрсетіп):
- Қымбатты достар, барлығыңның сөздеріңді тыңдап мен бір ойға калдым. Сіздер айтқан құбылыстарды іске асыру үшін ең алдымен дене қозғалысы ширақ, шымыр болу керек қой.
Ғылым: Өнер, сен неге үнсіз қалдың?
Өнер: Мен достарымның сөзін тыңдап қайран қалып тұрмын. Ақыры бір - бірімізбен байланысты екенбіз деп сабырлықпен әдеп сақтап тұрған жайым бар. Олай болса, адам баласына тазалық, әдептілік, мәдениетті сөйлеу, сыпайы, тәртіпті, үлгілі болуды қалаймын.
Ғылым: Барлығынның жауаптарынды тыңдадым. Десек те өмірде адам баласына әрқайсыңның керекті екендерінді ескертемін. Сондықтан «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген ұранды қағида етіп, татулықпен тарқасайық, достар.
Мұғалім: Мың бұралған бишілерімізге кезек береміз. Қазақ биі.
Надир:
Білім алған өзіңнен,
Шәкірттердің бірімін.
Бақытты етіп өсірген,
Анама басты иемін!
Айсымбат:
Дүниеге әкелген, ол да сенің анашың,
Ақ сүт беріп өсірген, ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген, ол да сенің анашың,
Мәпелеген баласын, аман болшы анашым!
Амангүлдің орындауында Ән «Анашым»
Диас:
Анамдай мейірімді құшақ ашып,
Тұрасыз Мадина апай амандасып.
Әр уақыт жылы сөзің шабыт беріп,
Барамын болашаққа қадам басып.
Ермахан:
Қолыма алғаш қалам ұстатқызған,
Апайым әрқашанда қымбат маған
Сабырлы да, салмақты қалпы менен
Қажымай үйретуден бір танбаған
Көреміз көзіңізден мейірімді.
Сеземіз анамыздың алақанын.
Қыран ана секілді күтіп баптап
Ұшырған ұясынан балапанын.
Жаннұр:
Әліппе даңқыл жол ашты,
Жаңадан пәндер жалғасты.
Әліппе сырын ұқтырған,
Рақмет, ұстаз алғашқы - дей келе алғашқы ұстазымыз Мадина апайды ортаға шақырамыз.
Оразбек:
Мектебім, айтар әнім, сан рет қайталадым.
Өзіңнен алғанымды, өзіңе қайтарамын.
Мектебім қия алмаймын, көп нәрсе қиялдаймын.
Мәңгілік оқушың боп, қалуға ұялмаймын.
Мектебім – асқар әнім, ұстазым – дастан әнім,
Білімнің бол бұлағым, өзіңнен басталғанмын!
Ән «Мектебім»
Есенбек:
Бастауышым - балбұлағым,
Лаулап жансың шам - шырағың.
Өзің берген біліміңмен.
Самғап ұшты тау қыраның.
Элмира: Риза болшы ұстаз қауым ардақты,
Шәкірт жүрек сізге арнау арнапты
Жылдар жылжып, айлар зулап өтсе де,
Бастауышты орта буын жалғапты.
Ситора: Әдемі ғой ән сабағы мектептің,
Жүректерге әсемдікті сепкен кім.
Даурия апай, бас иеміз сізге де,
Ән мен сазды бізге талмай үйреткен!(Даурия апайға сыйлық ұсынылады)
Амангүл: Өтті сенде қызық шағым.
Бастауышым - балбұлағым.
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын!
Қош бол, қош бол (Бірге сыныппен)
Сүйікті бастауышым!
Ән «Бала тілегі»
ВАЛЬС!!!
Ата - аналарға сөз.
«Орта буын» хандығының патшасына сөз берейік:
Бұйрық. 2013 жыл. 4 «Ә» сынып балдырғандары бастауыш патшалығынан орта буын патшалығына қабылдансын. Қабылданбас бұрын жылдағы дәстүрге байланысты ант берілсін!
1. Бастауыштағы қызықты күндерді мәңгі естен шығармауға.
(Ант етеміз – хормен бірге)
2. Әліппе ұстатқан алғашқы ұстаздың еңбегін ақтауға.
(Ант етеміз – хормен бірге)
3. Орта буында оқитын басқа пәндерден қорықпауға.
(Ант етеміз – хормен бірге)
4. Бастауыш патшалығының атына кір келтірмеуге.
( Ант етеміз, Ант етеміз, Ант етеміз) – 3 рет ақырғысын.
Мұғалім:
Өздіріңмен адымдап аспандаймын,
Сендер барда ешкімнен жасқанбаймын.
Бастауышты бітіргелі тұрған сендер,
Ал мен тағы бір белестен асқандаймын.
Мен үшін бәрің бірдей, қарақтарым,
Орындалсын арман, тілек талаптарың.
Самғаңдар биіктерге, қайырмасын
Енді ғана қатайған қанаттарың.
Иә, қатайды қанаттарың.
Тағы бір өтсем бе деймін санап бәрін,
Мінекей, бүгін міне бәріңе де,
Қимастықпен қараймын мен ШӘКІРТТЕРІМ!!!
Мұғалім: Жұлдызыңды жақ! Бұл сөз тек сіздерге арналады, бастауыш сыныпты аяқтағалы түрған түлектер!
Ұстаздарыңыз соған тілекші. Жолдарыңыз болсын, түлектер!
Аттанарда ұрпағым бақ жолына,
Түссін деп тура нақ жолына,
Арнайы ақ матадан жол төседік,
Ырым ғып түлектердің Ақ жолына!
(Ақ жолмен түлектер шығарып салынады)
Бастауышым шамшырақ балғын бөбек балбұлақ
- Сандугаш Аязбаева
- 10 сәуір 2014
- 21285
- 0
- 0
Ілмек сөздер: бастауыш сыныппен қоштасу, іш шара сценарийі, қош бастауыш сынып
Ұқсас жаңалықтар:
Бастауышым – балбұлағым
Бұл оқу тамақ болар қарны ашқанда, Жол табар қараңғыда адасқанда. Мал озбас біле білсең білім озар, Ақыры керек болар бір сасқанда, -...Бастауышым - балбұлағым
Мақсаты: бастауыш сыныпты бітіруді салтанатты түрде атап өту Міндеттері: 1. Оқушылардың еліміздің тәуелсіздігін алғанына 24 жыл толу қарсаңында...Сарқылмас ұлылықтың бастауысың, Саған мәңгі бас ием, Бастауышым!
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Шалқия кенті, №86 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Смат Айжан Нұржәліқызы..."Қош бол, бастауыш сыныбым!" сынып сағаты
Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы Чириковка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі: Жағыпарова Венера Ерғалиқызы...Бастауышым – балбұлағым
Бастауыш сыныбымен, алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, әр баланың ерекшелігін таныта отырып, сәт – сапар тілеу....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.