Сайтқа кіру Тіркелу

Бесік жыры

Сабақтың тақырыбы: Бесік жыры
Сабақтың мақсаты: Ұрпақ тәрбиесінде ата – бабамыздың ұстаған жолын, көп балалы болуды бақыт деп санаған, баланың отбасындағы орнының жоғары бағаланғандығын паш ету; Бала тәрбиесіне байланысты салт – дәстүрлерді үйрету; Жаңа ғасырдың мұрагерлерін тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Мақал – мәтелдер, нақыл сөздер, сызбалар, суреттер.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен амандасып, назарын сабаққа аудару.
ІІ. Мұғалімнің кіріспе сөзі.
Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударған. Тәрбие ағаш бесіктен бастап жер бесікке дейін үздіксіз жүріп отырған. Халқымыздың бала тәрбиелеуде түрлі әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрлерді, жөн – жоралғыларды үнемі дамытып, өз тәжірибесінде кеңінен қолданған.
Ұрпақ – ғұмыр жалғасы, тіршілік көзі. Қай халық болсын, үмітін ең алдымен ұрпағынан күтеді. Жанған отын сөндірмей, түтінін түтететін артына ұрпақ қалдыруды көздейді. Бала – адамның бауыр еті. Халқымыз балалы болу бақытын байлыққа, мансапқа ауыстыра алмаған.
Бала - өмірдің жалғасы, көз қуанышы, шаңырақ иесі – деп, ұрпақты болуға, оның тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. Қазақ ұл баланың дүниеге келуін «Ұл туғанға күн туар» деп ерекше бақыт санаған, шаңырақтың иесі ұл бала деп білген. Ал қыз балаға «Дүниенің тұздығы, бастауы» деп қараған.
Халық тәрбиені бала іште жатқан кезде бастайды. Бала дүниеге келген соң жасалатын әр түрлі рәсімдер бар. Сол рәсімдерді еске түсірейік.
ІІІ. Бала – үйдің мерекесі.
Шілдехана – сәби дүниеге келген күні, кейде бір күннен соң өткізіледі. Шілдеханаға жастар, әйелдер жиналады. Көпшілік ән салып, көңіл көтеріп, кетерінде «Сәбидің бауы берік болсын» деген жақсы тілектер айтып, үйлеріне қайтады.
Ән: Шілдехана
Келесі той – бесік тойы. Әдетте сәбидің кіндігі түскен соң, жеті – сегіз күннен кейін салынады. Бесікке салуға бұл жолы жасы үлкен әйелдер мен әжелер жиналады.
Бесік – нағыз халық мұрасы, бабаларымыздың ғасырлар бойы тұтынып келген ата мүлік.
Бесік – көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты маржан сөз бар. Олар тегін айтылмаған.
Бесік – ұлттық өнеріміздің туындысы, салтымыздың жұрнағы, ұлттық тәрбие құралы. Қазақта бесікке салынған бала «бес түлейді» дегенде мәтел бар. Бұл бесікке жатқан бала дені сау, салмақты, шыдамды, бауырмал, батыл болып өсетіндіктен екен. Сондықтан да бесік қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептелген.
Бесіктің ең қарапайым түрі қайың, тал, тағы басқа оңай иілетін жеңіл ағаштан жасалған. Бесік құрамы он бес бөліктен тұрады (плакаттан көрсету).
Бір бел ағаш, екі бөген, төрт жақтау, төрт шабақ, екі сабау, екі жорғадан тұрады. Халық дұрыс бөленіп, бесік көрген баланың дені сау, тәрбиесі түзу болады деп есептеген. Сондықтан баланы бесікке бөлеудің мәні өте үлкен.
ІҮ. Сәбилік салт жырлар.
1 – оқушы: Бала туғанда.
Қуанып жан жүрегім қақ жарылып,
Қасірет басымдағы қалды арылып.
Ұл көріп, ұлы дүбір той жасаймын,
Атқан соң маңдайымнан таң жарылып.
2 – оқушы: Баланы майлап сылағанда.
- Тәу, тәу, тәу, сыламақ менен,
Қатып қалмақ сенен.
Менің қолым емес,
Бибі Фатима, Бибі Зухра қолы.
Ұмай ана, Бибі Қамбар ана қолы!
Тастай қыл, темірдей қыл,
Дерт үйге кірмесін,
Бала тимесін.
Бесікке керекті жабдықтар – жөргек, жастық, қолбау, аяқбау, түбек, шүмек. Бесікке бөленген нәрестенің кіші дәреті шүмек, ал үлкен дәреті бесік тесігі арқылы түбекке жиналады. Түбек түбіне күл салып, жиі – жиі ауыстырылып отырады. Шүмек өте әдемі етіліп, қойдың асық жілігінен жасалады. Кейбіреулер айрықша аппақ болу үшін сүтке қайнатып та алады. Шүмек ұлға немесе қызға арналуына қарай екі түрлі болады.
Сәбиді бесікке кез келген әйел салмайды. Бұған ел – жұртына аяулы, құрметті, ұрпақты бәйбіше лайықты. Әлгі бәйбіше темірді отқа қыздырып, алдымен бесіктің арқалығын бірнеше жерден қариды. Мұнысы – жын – шайтаннан, пәле – жаладан аулақ болсын дегені.
Міне, балалар, біз бүгін осы рәсімдердің ішінен бесікке салу салтынан көрініс көрсетеміз.
Сәбиді бөлемес бұрын жиналған көпшілікке «Тыштырма» ырымы жасалып, құрт – кәмпит, бауырсақ, тәттілер үлестіріледі.
Біздің бүгінгі тыштырмамыз – ерекше тыштырма, сұрақты тыштырма.
«Тыштырма» сұрақтары:
1. Қазақтың төрт – түлік малын, төлін ата.
2. Қазақтың ұлттық тағамдарын ата.
3. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын айт.
4. Қазақтың ұлттық ойындарын ата.
Көрініс. «Бесікке салу» рәсімі.
Әже: Баланы бесікке саларда жастықтың астына айна мен тарақ салу керек. Бұл сәбидің «Жүзі жарқын болсын» дегені.
От ана: Сіз ауылымыздың қадірлі анасысыз. Сондықтан мына немеремді бесікке салып беруді сізден өтінемін.
Әже: Әуелі бесікті аластап аламын.
3 – оқушы: Бесікті аластау.
- Алас, алас, баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Алас, алас, пәледен алас,
Көзі жаманның көзінен алас!
Тілі жаманның тілінен алас!
Қырық қабырғасынан алас!
Отыз омыртқасынан алас!
4 – оқушы: Бесікке бөлеу.
Мойнымдағы тұмарым,
Тарқамайтын құмарым.
Тағдыр берген алсын деп,
Ақ бесікке салсын деп.
Бесігіне жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата қой!
Ән: «Бесік жыры».
5 – оқушы: Қойған ерте сайлап,
Басына үкі байлап.
Жат алаңсыз жайнап,
Ақ бесікке аунап.
6 – оқушы: Ақ бесікке сенің,
Алғаш тиді белің.
Кетпестей болып кейін,
Ұйықтатады бесік,
Жел қайықша тербеп.
7 – оқушы: Жігіт болып өс жылдам,
Өмірге жассың сен керек.
Бесігің балғын толған нұр,
Ұйықта бөбек, жас қазақ.
8 – оқушы: Бесік жыры.
- Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?
9 – оқушы: Бесіктен шешіп аларда.
- Анасы шешіп алсын,
Ұйқысы бесікте қалсын.
Балам бесіктен шықсын,
Пәлесі есіктен шықсын!
Ү. Білімнен асар байлық жоқ (сұрақ – жауап).
1. Ата – ана кімдер үшін өмір сүреді?
2. Қандай балалар болатынын білесің?
3. Баланың жасына байланысты атауларын білесің бе?
Бір жас – шақалақ, нәресте.
Екі – үш жас – бүлдіршін.
Үш – бес жас – балдырған.
6 – 7 жас – сәби.
8 – 12 жас – ойын баласы.
13 жас – мүшел жас (ересек бала).
Ән: «Анашым».
10 – оқушы: Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.
11 – оқушы: Қонақ күту салтымыз,
Оқып – біліп жатырмыз.
Салт – дәстүрі сақталса,
Арта берер даңқымыз.
Мұғалім: Балалар, бесікке байланысты қандай тыйым сөздер бар.
- Бесікті ашық қалдырма.
- Бесікті бір қолмен көтерме.
- Бесікті теппе.
- Бос бесікті тербетпе.
- Ұйықтап жатқан баланың бетінен сүйме.
Әндер: 1. Сұр қоян. 2. Ана. 3. Қара жорға
Қорытынды:
Бесік – қазақта киелі орын. Тұңғыш баласы жатқан бесікке немере, шөбересін бөлеген әжелер өздерін өте бақытты санаған.
Қазақта бесікті ашық қалдыруға болмайды. Себебі, халық ұғымындағы пері деген жамандық иелері баланың періштесін шошытады. Мұқағали Мақатаев ақын айтқандай, дүниедегі тыныштық сәбидің ұйқысында. Сондықтан да осы қасиетті, құтты мүлігіміз, сәбидің алтын ұясы – бесікті қадірлейік. Ендеше атадан мирас болып келе жатқан әрбір қазақтың жылы ұясы бесікті сақтай білейік.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Бесікке салу жоралғысы

Бесікке салу жоралғысы

Халқымыздың сан ғасырлық тыныс-тіршілігіне байланысты ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптары да бар. Соның бірі – бала туылғаннан...
Бесікке салу дәстүрі

Бесікке салу дәстүрі

"Бесікке салу" ежелден келе жатқан қазақтың көне дәстүрі. Ол қалай жүргізіледі, кімдер қатысады, не қойылады, осы жайлы толығырақ оқыңыз....
Қазақтың салт-дәстүрі, бесікке салу

Қазақтың салт-дәстүрі, бесікке салу

Мақсаты: Балаларды өз елінің дәстүрі және өмірімен таныстыру. Балаларды өз елінің салт - дәстүрін білуге құштарландыру, сұрақтарға толық жауап беруге...
Бесік - өмірге келген сәбидің ақ отауы

Бесік - өмірге келген сәбидің ақ отауы

Орындаушы: №21 орта мектебінің 2“А” сынып оқушысы Алшынбай Абылайхан Әділханұлы Ғылыми жетекшісі: № 21 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі...
Наурыз мейрамы  дәстүрлі мереке

Наурыз мейрамы дәстүрлі мереке

Алматы қаласы, №118 бала - бақша тәрбиешісі Шаймуханова Алия Бекенқызы...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×