Тақырыбы: Ата – баба дәстүрі – ұрпаққа өнеге!
Мақсаты: Салт – дәстүр арқылы балалардың бойына мәдени, рухани және адамгершілік құндылықтарды дарыту. Халқымыздың ғасырдан - ғасырға жалғасып келе жатқан салт - дәстүрі – «Тұсау кесу» рәсімін дәріптеу.
Барысы: Музыка әуенімен балалар залға кіреді.
Жүргізуші: Балалар, бүгін ерекше күн. Біздің тәрбиелік іс - шарамызға қонақтар келіп отыр. Олай болса, балалар, қонақтармен амандасайық.
Балалар қолдарын көтеріп кеудесіне қояды.
Күннің көзі ашылсын,
Көкке шуақ шашылсын.
Құтты қонақ келіпті,
Төрімізге еніпті.
Амандасу үлкенге,
Тәрбиенің басы ғой.
Ал, қанекей бәріміз,
Сәлем дейік үлкенге.
Сәлеметсіздер ме, апайлар!
Жүргізуші: Армысыздар, құрметті қонақтар! №2 «Айгөлек» балабақшасының «Ата - баба дәстүрі – ұрпаққа өнеге» атты тәрбиелік іс - шарамызға қош келіпсіздер!
Қазағымның салт - дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт - дәстүрді ардақтайық ағайын,
Қазақ атты үлкен, кіші, балдырған.
Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де,
Үлкен, кіші, жасымыз, кәрімізде.
Төрлетіңіз, қадірменді қонақтар,
Гүл - гүл жайнап мына біздің төрімізге.
- Балалар, біз қазақтың ұлдары мен қыздарымыз. Сондықтан, біз ұлтымыздың ата - бабамыздан жалғасып келе жатқан салт - дәстүрлерімізді ұмытпауымыз керек. Балалар, қазақ халқы сөз қадірін біліп, қастерлеп өнеге тұтқан. Салт - дәстүрлеріміз, мақал – мәтел, жұмбақ, айтыс өнері ұрпақтан - ұрпаққа күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Балалар, бүгін біздің тәрбиелік іс – шарамыз ата - дәстүріміз бен өнеріміз туралы өткізілмек. Балалар, сендер Отан, еңбек, өнер туралы мақал – мәтелдер білесіңдер ме?
Әсел.
Туған жердей жер болмас,
Туған елдей ел болмас.
Нұрсаят.
Отан – оттан да ыстық.
Елнар.
Бірлік болмай, тірлік болмас.
Д. Нұрай.
Әлсіз ат сүріншек,
Ақылсыз адам еріншек.
Бекзат.
Еңбек - өнер өрісі,
Өнер - өмір жемісі.
Жүргізуші: Қымбатты қонақтар, біз қазақ халқы әнге де, биге де өте бай, өнерлі халықпыз. Сондықтан да, қазір біздің балалар сіздерге ән айтып береді.
Хор. «Қазақ қызы»
Жүргізуші: Ал енді балалар, қазір сендермен бірге «Кім зейінді?» деген ойынды ойнап жіберейік.
Ойынның шарты: Мен сендерге сұрақ қоямын, сендер жауап бересіңдер.
Сұрақтар: 1. Қуанышты хабарды жеткізуші адам не алады?
(сүйінші)
2. Бала дүниеге келгенде қандай той болады?
(шілдехана)
3. Қай тойда беташар айтылады?
(үйлену тойында)
4. Үлкен адамдардың алдынан не істеуге болмайды?
(кесіп өтуге болмайды)
5. Тойда не шашылады?
(шашу)
6. Кішкентай бала енді жүріп келе жатқанда қандай рәсім жасалады?
(тұсау кесу)
Жүргізуші:
Көйлектері тал бойына жарасқан,
Сымбаттары ай мен күнге таласқан.
Бүлдіршіндер ортада би билейді,
Қимылы мен әуені үйлес тапқан.
Би. «Үкілі қыз»
Орындайтындар:
Жүргізуші: Балалар, ерте кезден той - думанды қыздырып жүрген тіл өнерінің бір түрі – айтыс. Айтыс арқылы ақындарымыз өздерінің ойларын, халықтың мұң – мұқтажын, өздерінің әзілдерін әндетіп жеткізген. Қазір сол айтыстың бір түрі «Қыз бен жігіт» айтысынан үзінді тамашалайсыздар.
Ортада
Әлібек.
Балабақша тойында,
Кім айтысар менімен.
Айтыс, айтыс болады,
Айтысқанда теңімен.
Гүлсая.
Айтыс, айтыс болады,
Шықса ақын теңімен.
Шешен болсаң көрейін,
Айтысып көр менімен.
Әлібек.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Қоса алдың ба мән беріп,
Қанша болды санап көр.
Гүлсая.
Бесті беске қосқанда,
Он болады ей.
Сен дейсің бе саусағын,
Санай алмай жүретін.
Екеуі қосылып: Білім, ғылым өнерге,
Қанат қағар кезіміз.
Ата салтын ертеңге,
Жеткізетін өзіміз.
Жүргізуші: Балалар, біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Ұлтымыз қазақ. Біз қазақ болғанымыз үшін мақтануымыз керек. Себебі, біз өз дінімізді, тілімізді, салт – дәстүрімізді жоғалтқан жоқпыз. Қазір мен бүлдіршіндерімізді ортаға шақырғым келіп тұр. Балалар, ана тіліміз туралы өлең шумақтарын айтып береді.
Бірханым.
Ана тілім жүрегісің анамның,
Ана – жүрек бір өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз маған керегі жоқ ғаламның.
Сенің әрбір тынысыңнан күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай тура қараймын,
Ана тілім егер сені білмесем.
Әлібек.
Тілім барда, қазағым бар, халқым бар,
Дәстүрім бар, ата жолы салтым бар.
Кең даламдай жиналмаған шалғайы,
Аңқау ашық мінезім бар аңқылдақ.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып - ақ алыңдар.
Д. Нұрай.
Жермен бірге тілімді,
Бабалар жаудан қорғаған.
Айтатын болсам шынымды,
Бәрінен қымбат ол маған.
Мемлекеттік тілім деп,
Көктегі жарық күнім деп.
Анамдай сені көремін,
Алдымнан шығар күлімдеп.
Жүргізуші:
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оралған мәні оятар.
Кейі сауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы оятар.
Жерлес сазгер Н. Алғашбаевтың «Егеменді Қазақстан» әні, орындайтын
(Шашу шашып, немересін ерткен әже кіріп келеді).
Әже: Ақ сандықты ашайын,
Шашу, шашу шашайын.
Бұл мереке ұлы той,
Бастаңғыны бастайын.
Жүргізуші: Сәлембердік, әже! Біздің балабақшамызға қош келіпсіз. Балалар, әжемізге сәлем берейік.
(Балалар әжемен амандасады)
Әже: Армысыңдар, балалар! бақытты болыңдар. Мен осы балабақшада салт – дәстүр туралы іс - шара өтіп жатыр деген соң немеремді ертіп келдім. Мен мына жаңадан тәй - тәй басып, жүріп келе жатқан немеремнің тұсауын ұзақ жылдар бойы жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәуелсіз елімізге өз үлесін қосып, ана тіліміздің мәртебесін көтеріп жүрген Нұрбибі қызыма кестіргім келіп отыр. Осы немерем тәтесі сияқты еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болса екен деп тілеймін.
(Тұсау кесу рәсімі жасалады)
Қаз - қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз - қаз, балам, қаз, балам,
Тақымыңды жаз, балам.
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық.
Қаз - қаз, балам, жүре ғой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай - құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер.
Жүгіре қойшы, құлыным,
Желбіресін тұлымың.
Елгезек бол, ерінбе,
Ілгері бас, шегінбе.
Жүргізуші: Қымбатты қонақтар. Той болған соң ауылдың алты ауызынсыз өтпейді. Қазір ортаға кішкене бүлдіршіндерімізден құралған «Айгөлек» оркестрін ортаға шақырамын.
Оркестрдің орындауында халық әндерінен «Попури»
Жүргізуші: Нұрбибі апай мен аналарымыздың құрметіне «Айгөлек» балабақшасының жұлдызы, облыстық «Ботақан» байқауының дипломанты Алданазарова Нұрайдың орындауында «Жан анам» әні
Жүргізуші: Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің!,- дей отырып, балаларымыздың дайындаған «Жаса, Қазақстан!» композициясын тамашалаңыздар.
Жүргізуші:
Әдет – ғұрып, салт – дәстүрі қазақтың,
Жарасымды, ұнасымды ғажап шың.
Ұмыт болған дәстүрлерді сақтайық,
Насихаттап, жаңартудан қашпайық.
Ата салтым, асыл мұрам, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,
Өткенімді бүгінменен жалғадым.
Құрметті қонақтар, апайлар, сіздер бүгін «Ата – баба дәстүрі – ұрпаққа өнеге» атты іс - шарамызды тамашаладыңыздар. Қазақ халқының әрбір тұжырымды ойы, мақал – мәтелі, тиым сөздері – тәрбиенің мол мұрасы екендігін, оның күнделікті өмірде қажеттілігін көрдік. Халқымыздың әде т – ғұрып пен дәстүрін, тарихын біліп, оны қастерлеп, бүгініміз бен келешегіміздің қайнар көзіне айналдыру әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Осымен бүгінгі іс - шарамыз өз мәресіне жетті. Уақыт бөліп келгендеріңізге көп – көп рахмет. Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын. Сау болыңыздар!
Қызылорда облысы, Әйтеке би кенті,
№2 «Айгөлек» балабақшасының тәрбиешісі
Әбіш Майра Әбдрейқызы
Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа өнеге!
- Maira Abish
- 15 қазан 2019
- 22926
- 0
- 100
Ілмек сөздер: тұсау кесу, балабақша, салт дәстүр, ойын сабақ балабақшада
Ұқсас жаңалықтар:
Қош келдін, Наурыз!
Мақсаты: Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру; Балаларды елін, Отанын сүюге, ұлттық салт - дәстүрін дәріптеуге тәрбиелеу;...Тұсау кесу. Тұсау кесу салт дәстүрі
Халықтық түсінік бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады. Тұсаукесер тойы да сүндет той секілді әрбір қазақ шаңырағында ерекше дайындықпен...Ана тілім - ардақтым
Жүргізуші: Қуаныш бүгін мереке, Шуағын шашып тұр әлем. Өнердің түскен жолына, Жас досым саған мың сәлем....Мен қазақ болғаныма мақтанамын
Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кенті, «Қарлығаш» балабақшасының әдіскер – психологы Арысова Мәншүк Сайлауқызы...Салт-дәстүр – асыл қазына
БҚО, Теректі ауданы, Приречный ЖОББМ информатика пәні мұғалімі Айшуаков Мерлан Адилович...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.