Жүргізуші: Төгілтіп көк жүзінен Ақшақарды,
Ақ көрпе жапты бүгін бақшаларды
Мен келдім, есіктерді ашыңдар деп
Жаңа жыл күллі әлемге жар салады,
Жаңа жылдың таңы неткен арайлы,
Ақ мамыққа бөлеп алды маңайды.
Жаңа жылмен құттықтаймын деген үн,
Қанаттана кең алқапқа тарайды.
Құрметті ата - аналар, бүлдіршіндер! Бүгінгі «Күншуақ» пен «Бөбек» тобының «Келді міне, Жаңа жыл! Атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер! Келе жатқан ит жылы бәріңізге бақыт, шаттық, отбасыларыңызға береке мен бірлік, молшылық ала келсін. Ендеше, шырша тойымыздың алғашқы құттықтау сөз кезегін балабақша меңгерушісі Сарбиназ Талапқалиқызына береміз.
Жүргізуші: О, жараңдар, жараңдар!
Қызықтаңдар, қараңдар!
Келді бізге қонаққа
Ормандағы аңдар да,
Қандай тату өздері,
Күлімдейді көздері
Кәне, кәне келіңдер,
Жаңа жылды көріңдер.
(осы кезде аңдар келеді: Аю, қоян, қасқыр, түлкі, бауырсақ)
Жүргізуші: Кел, балақай шырша дайын,
Қол ұстасып ән салайық
Жаңа жылдың жарқын айын
Әнмен, бимен қарсы алайық.
Ән: «Аппақ, аппақ жапалақтап» (хор)
Жүргізуші: Жаңа жылда келеді,
Бізге қарай жылыстап,
Тақпақ айтып берейік
Думандатып қол соқсақ
(балалардың тақпақтары)
Мадина: Жаңа жылым мол болсын,
Басқан қадам оң болсын!
Төрлет, төрлет, Жаңа жыл,
Бізге құтты жыл болсын.
Айшат: Төрлет енді жаңа жыл,
Үлестір құт береке
Көп қуаныш ала жүр,
Көп болсыншы мереке.
Рысбек: Оралдың өлкеме,
Жаңа жыл армысың
Оранды ақ көрпеге,
Асқар - тау қарлы шың.
Әмірхан: Тамаша, тамаша!
Шыршамыз тұр жараса
Басында әсем жұлдызы,
Көз тоймайды қараса.
Ақжайна: Қуанатын шақ болсын,
Достарымыз ақ болсын,
Бізге келген жаңа жыл,
Құт береке бақ болсын.
Аружан: Той мереке, салтанат,
Думандатты шартарап
Келді міне, жаңа жыл,
Тартуларын арқалап.
Айару: Келді тағы Жаңа жыл,
Қуантумен біздерді
Құтты болсын қуаныш,
Құттықтаймыз сіздерді.
Камшат: Жасыл желек жамылған
Асыл моншақ тағынған
Міне, сұлу шыршамыз,
Көптен күтіп сағынған.
Жүргізуші: Ертегілер еліне
Біз шығамыз сапарға
Тамашалап көруге
Шақырамыз сіздерді, - деп «Бауырсақ» ертегісін тамашалаймыз.
Жүргізуші: Жүзімізге күлкі ойнап,
Естіледі әніміз
Жаңа жылды қарсы алып,
Би билейік бәріміз.
Би: «Қояндар мен аюлар» биі «Күншуақ» тобы
Жүргізуші: Айта берсек таусылмас,
Жаңа жылда, жаңа жыр,
Кел оданда, халайық,
Ойын ойнап алайық.
Ойын: «Ситуациялық сұрақтар»
Жүргізуші: Ән салыңдар, күліңдер
Жайнап гүлдей жүріңдер
Жаңа жылды тойлайық,
Ән салайық, ойнайық.
Ән: «Топ – топ балақан» хор
Жүргізуші: Балалар, біздің ортамызға Аяз ата мен Ақшақар көрінбейді ғой, кәне бәріміз Аяз ата мен Ақшақарды шақырайық.
Балалар: Аяз ата, Ақшақар
Аяз ата: Амансыңдар ма, балалар!
Құтты болсын балалар,
Келген жаңа жылдарың,
Алаңдамай өсіңдер,
Еркелеп ұл - қыздарым
Өткен жылы келіп - ем,
Бәріңді де көріп - ем.
Жыл өткізіп келем деп,
Уәдемді де беріп - ем
Ойларың мен бойларың да
Бірдей өсіп қалдыңдар ма?
Ал, мен кіммін айтыңдаршы,
Мені тани алдыңдар ма?
Ақшақар: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Жаңа жылдарың құтты болсын!
Сүйсіндірер маңайды,
Ақшақармын арайлы
Жалт - жұлт еткен жүзімнен
Күміс сәуле тарайды
Ақшақармын, аппақпын,
Қалай тыным жатпақпын
Менсіз қыстың сәні жоқ,
Әнмін, жырмын, тақпақпын.
Жүргізуші: Аяз ата, Ақшақар қош келдіңіздер! Төрлетіңіз. Біздің балаларымыздың сіздерге арналған тақпақтары, ән - билері бар қабыл алыңыз.
Қазима: Жаңа жылда барлық үйге
Аяз ата келеді,
Жаңа жылда сәбилерге
Сыйлық әкеліп береді.
Жанель: Шыршамыз қандай әдемі,
Ойыншықтар тағынған
Аяз ата келіп тұр,
Көптен күтіп сағынған.
Аян: Ақ қырауға малынған,
Сақалы да, мұрты да
Аяз ата сағынған
Сәлем берді жұртына.
Адайхан: Бар баланың қонағы,
Төрлет ата жоғары
Жұрттың бәрі атадай
Қашан мырза болады.
Жанель: Жаңа жылды қарсы алып,
Барлық бала ән салып,
Ақшақар жүр би билеп,
Қол соғады барша жұрт.
Сабыр: Тақпақтарды жаттадың
Би де үйрендік көрсін деп.
Аяз ата шаттанып
Бізге риза болсын деп.
Сабина: Аяз ата сыйға берген
Әр түрлісін ойыншықтың
Сол шыршаға әрбір жерден,
Жарқыратып қойып шықтым.
Нұрсұлтан: Қараңдар, мынау шыршаға,
Неткен әсем көрікті
Жаңа жылдық думанға
Аяз ата келіпті
Жүргізуші: Шырша құрып алаңға,
Жылға шашу шашайық
Тойлап көңіл ашайық
Биден шашу шашайық.
Би: «Гномдар» биі «Бөбек» тобы
Жүргізуші: Балалар, біздің ортамызда ескі жыл. Тауық жылының да айтары бар екен.
Ескі Тауық жылы: Рахмет, балалар! Мен сендерді ұмытпаймын, сендерге сенемін. Міне, сендермен қоштасатын кез келді. Сау болыңдар!
Жүргізуші: Жаңа жыл - ит жылын қарсы алу.
Ит жылы: Армысыздар, халайық!
Бармысыздар, халайық!
Жаңа жылда жұп жазбай,
Бірге қарсы алайық.
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен ит жылымын. Мені шын ықыласпен қарсы алғандарыңа рахмет! Жаңа жылдарың құтты болсын!
Жүргізуші: Ит жылы қош келдіңіз, төрлетіңіз! Балаларымыздың сізге арнаған тақпақтары бар қабыл алыңыз!
Амина: Әкелсін жыл ырыс құт,
Әлемде болсын тыныштық.
Ән салайық жаңаша
Жаңа жылым тамаша.
Арман: Аяз атам, ақ атам
Берекелі ақ батаң
Қош келдің Жаңа жыл!
Жаңа өлең, жыр айтам.
Дария: Арайлы бақшаның
Үзілмейді жақсы әні
Гүлденеді бақшалар,
Жауса жаусын ақшақар.
Бейбарыс: Көрдің бе Аяз атаны,
Аппақ екен сақалы.
Аппақ екен мұрты да,
Аппақ екен шапаны.
Расул: Жаңа жыл, жаңа жыл
Сені күттім елеңдеп
Өзіңменен ілесіп,
Аяз ата келер деп.
Нұржан: Келіңдер, келіңдер!
Біздер бірге айналып,
Қуантайық атаны,
Билейікші келіңдер.
Саяжан: Тамаша сый алып,
Келді Аяз атамыз
Шаттанып, қуанып
Шырқап ән айтамыз.
Жүргізуші: Келді, міне жаңа жыл,
Қарсы алайық бәріміз
Күліп, ойнап, би билеп,
Ән салайық бәріміз.
Ән: «Жаңа жыл» хор
Жүргізуші: Аппақ қардай көңіліміз пәк болсын!
Аппақ қардай арымыз да ақ болсын
Жаңа жылға жаңа қадам басайық
Бір Алламыз жанымызға жақ болсын,
Жүздеріңнен көрем шаттық арайын
Болсын солай әрбір күнің, әр айың
Жаңа жылдарыңыз құтты болсын ағайын,
Жылдан жылға жаңа жылымыз ұлассын! – деп жаңа жылдық ертеңгілігіміз аяқталды. Келіп тамашалағандарыңызға көп рахмет! Қош сау болыңыздар.
«Бауырсақ» ертегісі
Автор: Ерте, ерте, ертеде,
Тоғай бар еді жемісті.
Тоғай асқан белесте,
Үй тұрыпты келісті.
Мекен етіп сол үйде,
Кемпір мен шал күй кешті.
Тіршілік қып еңбекпен,
Айлар өтті күн өтті.
Шал: Қыстың қамын ерте ойлап,
Отын жардым, кемпірім.
Қайран жастық кетті ойнап,
Таусылады еп – демім.
Кемпір: Енді шалым деміңді ал,
Берсем деймін ас адал.
Пісірсем бе бауырсақ,
Әттең, ұным тым аз – ақ.
Шал: Қаптың түбін қырнадым,
Екі уыс ұн жинадым.
Енді кемпір кіріссең,
Бітер еді тез ісің.
Кемпір: Балқаймаққа шыладым,
Май да қосып былғадым.
Енді піскен бауырсақ,
Демін алсын, шырағым.
Автор: Күн шуағын бағыттап,
Бауырсаққа шашады.
Кенет нанға жан бітіп,
Жан – жағына қарады.
Келді икемге қолдары,
Аяқтары қимылдап,
Билеп – билеп домалап,
Кетті орманды аралап.
Қоян: Мен боламын сұр қоян,
Кім екен бұл ән салған?
Иісің қандай аңқыған,
Қазір сені жеп қоям.
Бауырсақ: Атам қойма қырнаған,
Екі уыс ұн жинаған.
Әжем маймен сылаған,
Балқаймаққа шылаған.
Суытып та сынаған,
Бауырсақпын зулаған.
Сенен де қашам сұр қоян! – деп қаша жөнеледі.
Автор: Бауырсақ айтып өлеңін,
Жүгіріп қаша жөнелді.
Келе жатып бір кезде,
Байқап қалды төбені.
Жан – жағына қараса,
Саңырауқұлақтар көрінді.
Бауырсақпен жарыса,
Би биледі көңілді.
Қасқыр: Мен аш құрсақ қасқырмын,
Неткен қиын тағдырым.
Іздегенім табылды,
Сенсің менің азығым.
Кішкентайсың, дәмдісің,
Жесем тояр мына ішім.
Дәміңдң татып көрейін,
Мұрнымды жарды иісің.
Бауырсақ: Атам қойма қырнаған,
Екі уыс ұн жинаған.
Әжем маймен сылаған,
Балқаймаққа шылаған.
Суытып та сынаған,
Бауырсақпын зулаған.
Қашып кеттім қояннан,
Сенен де, қасқыр, мен қашам! – қашып кетеді.
Автор: Бауырсақ қашты домалап,
Сары орманды аралап.
Кенет аспан түнеріп,
Жаңбыр жауды тамшылап.
Ызғарға да қарамай,
Зуылдады бауырсақ.
Дегенмен сәл кідірді,
Көріп қалды аюды - ақ.
Аю: Мен аюмын жәй басқан,
Менен бар ма күш асқан.
Кім екен бұл орманда,
Ұйқы бермей ән салған.
Иісің келді мұрныма,
Салсам сені аузыма.
Жеймін сені бауырсақ,
Боларсың маған ас - тамақ.
Бауырсақ: Атам қойма қырнаған,
Екі уыс ұн жинаған.
Әжем маймен сылаған,
Балқаймаққа шылаған.
Суытып та сынаған,
Бауырсақпын зулаған.
Қашып кеттім қояннан,
Қаштым зұлым қасқырдан.
Ұстатпаймын саған да,
Зулап өтем тас – қырдан.
Автор: Аюдан қашып жөнелді,
Өлеңін шырқап келеді.
Көңіл күйі тамаша,
Айтарлықтай жақсы еді.
Орманменен келеді,
Ән салып, би биледі.
Дем алайын дегенде,
Қасына түлкі келеді.
Түлкі: Сәлем, сәлем, бауырсақ!
Қайдан келдің домалап.
Тұрма менен сен алшақ,
Айтып берші жыр – шумақ.
Бауырсақ: Атам қойма қырнаған,
Екі уыс ұн жинаған.
Әжем маймен сылаған,
Балқаймаққа шылаған.
Суытып та сынаған,
Бауырсақпын зулаған.
Қашып кеттім қояннан,
Қаштым зұлым қасқырдан.
Ұстатпадым аюға,
Сенен де түлкі құтылам.
Түлкі: Бауырсағым жарадың,
Жеуге сені қимадым.
Көтердің сен көңілді,
Болшы менің қонағым.
Ал, достарым, тойлайық,
Ән салуды қоймайық.
Шаттанайық, күлейік,
Би билейік, тұрмайық.
Автор: Осылайша барлық аңдар бауырсақпен дос болып жаңа жыл кешін бірге тойлайды.
Маңғыстау облылысы, Түпқараған ауданы,
Баутин ауылы "Ақбота" балабақшасы
Жағалбаева Нұрсұлу Саматқызы
"Келді міне Жаңа жыл"
- А.Тогаева
- 18 сәуір 2018
- 2478
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Келді міне Жаңа жыл, жаңа жыл балабақшада, жаңа жылдық ертеңгілік сценарийі
Ұқсас жаңалықтар:
Жаңа жыл мерекесіне арналған тақпақтар
Дала нұр, қала нұр Құтты болсын Жаңа жыл Жасыл шырша жанында, Билеп барлық бала жүр Сақалы аппақ күмістей Тістері аппақ күріштей Нұр жайнаған ажары...Кел, жаңа – жыл төрле
Ертеңгілік іс – шараның тақырыбы: «Кел, жаңа – жыл төрле» Мақсаты: Жаңа жылға арнап ертегі кейіпкерлерімен бірге жаңа жылды қарсы алу кешін...Жаңа Жыл - Жаңа Жыр
Жаңа Жыл - Жаңа Жыр 1 - жүргізуші: Армысыздар, құрметті ата - ана, қымбатты ұстаздар, оқушылар. 2 - жүргізуші: Жаңа жыл мерекелеріңіз құтты болсын....Жаңа жылдық сценарий 2025 жыл
Келді, міне, сағындырып далама Келді, міне, Жаңа жыл қалама Ән салып, жұмбақ болып, тақпақ болып. Кәне, кәне келіңіздер Би билеп ән салып беріңіздер!...Төрлет, төрлет Жаңа жыл!
Даламызға қаламызға Жаңа жыл кіріп келеді Қартыңызға, балаңызға Жалынды сәлем береді....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.