Сайтқа кіру Тіркелу

Р. Нұрғали / Ай қанатты арғымақ

Ұлы Даланың рухани жауһары
Р. Нұрғали / Ай қанатты арғымақ
«Ай қанатты арғымақ» романындағы оқшау игіліктің бірі – шығарманың аты мен затына сай сұлу суреттелуі. Арғымақ ат пен адам арасындағы ара - салмақтың сараланып, ой көздеріне оқпан болуы – көркем дүниенің көркін үстеген. Жазушының жылқы әлемін жетік білуі, тұлпарлар тағдырын танып, шебер де шынайы бейнеленуі – шығармаға болмысты бояу сыйлайды.
Қазір қала тұрмақ, дала өңірінің өзінде жоқтың қасылық жағдайға душар болған жылқы жағдайы, атбегілік өнер, шашасына шаң жұқпайтын жүйріктерге алдын - ала сәуегейлік айтып, құмалақ тартып, баға беретін білікті сыншылар, бапкерлер, бәйге, атшабыстар «Ай қанатты арғымақ» романының тағы бір тың табысы десек артық бағалау болмас. Ұлтымыздың ұмыт қала бастаған дәстүрлік қағидалары да қанат жайып, «Табаны қызса тай озар, арқасы қызса ат озар, тегіне тартса, тұлпар озар тәрізді» байламдар билік құрып, «Төртеулеп жүріп, Көкқасқаға тамыр шөп жегізіп, ақ биенің сүтін ішкізіп, тас бұлауға түсіріп жаратты», «Қаншырдай қатқан, мейіздей кепкен жүйріктер оқ жыландай сусылдап ойқастап жүр» секілді сәулелі сипаттар сыр тиегін ағытып, суретті бейнелердің бесігі тербеледі.
Бала шағынан жылқы арасында, желідегі құлынмен жараса өсіп, жүйрік мініп, желдей ескен, арғымақ танып алысты аңсаған болашақ қаламгердің аттың ащы теріне телілік жасамай, алашапқын екпініне еліріп, есі кетпей, жүйрік пен жабының екі дай ерекшелігін екшеп, атадан көрген атбегілік көрегендігін көкірек - көзіне ұйытып, жан дүниесіне жинай білген жастың жазушылық қаламы жылқы, жүйрік жайын суреттегенде суырыла шауып, шабыттың шалқұйрығы бірден бауырын жазып, көмбеге көсіле тартады. Мұндай мазмұн әсіресе Көкқасқаға қатысты толғаныста шығарманың ширауын шешімдеп, болмысын байытады. Автордың оны Көкқасқамен үзеңгі қағысып, аламан шабыста итжығыс келе жатқан Сүйрікқара сезімі арқылы суреттеуі де табылған тәсіл.
«Шіркін - ай, қазіргі шалымы мынау, менің жасымда қалай сілтеді екен?! Сүйрікқараның өзі онға келген, оймақтай жері қалмай толған. Құлынында лақша секіріп жүрді, басқалардай тамағының асты іріңдеп, сақау шыққан жоқ. Байқап келеді, Көкқасқа мұның ғұмырын екі рет жасаған, кем салғанда жиырмада. Тектісін - ай сабаздың, өзгелер бұл тұста тарлан тартып, бозарып жүнжіп кетеді, тізеден - тізе қалмай мүжіліп, сарқайраққа айналады, көзі былшықтанып көрмейді. Ботакөз жылқының бәрі жүйрік, қырғи көз жылқының бірі жүйрік деуші еді. Сол «мыңнан бір шығатын қырғи көз осы болмасын».
Бұл бәйгенің бел қапталында келе жатқан Сүйрікқараның Көкқасқаға көңіл аударуы. Айтулы жүйріктің жан алаңы арқылы автор Көкқасқа жүйріктің биігін белгілейді. Халықтық тіл құнары қарапайым да қымбат, бай болмысымен баурап, жазушының жіті, жинақы желідегі ой ағыны әсерлі әлдиге бөлейді. Басы артық, аспа - төкпе, артық бояулардан бойын аулақ ұстайтын ұстамды суреткердің шығармасы шынайы, кейіпкерлері де кесек, жанына жақын тұрады.
Жарын мезгілсіз жоғалтып, жанын мұң меңдесе де, күйеуінің аруағына арнап ас тартып, қымыз құйып, ақ дастарқанын жайған Ақтамақ, қолы ашық, көңілі пәк, жұртқа тек жақсылығын ғана жалау еткен шежіреші, шынайы жүрек Құдайберген, Жұматпен тағдырдың тас шеңгелінде, көрлақатта, оспадар орыс патшалығының боданында, қайла ұстап, қара жұмыста ең қымбат та қимас күндерін бірге өткізген адал, ақкөңіл Тастан, қатарынан үш бірдей құлынынан қол үзіп, қайғы жұтып, қара жамылса да, жары Жұматтың жанын ұғатын, ішкі әлеуметтік жағдайды барлап, бағалай білетін Жанбике романның рухын ұстап тұрған ұтымды бейнелер.
Ал, бұған қазақ өнерінің қайта оралмас біртуар тұлғаларын қоссақ, нақты өмір шындығынан туған туындының абыройы аспандай түсері анық. Сұлу өнерлеріне сырттай қанық оқырман, олардың өмірімен қоян - қолтық қауышып, тірідегі ірі іс - әрекеттеріне қызық та қиын, әрі күрделі тағдырларына куә болады.
Қазақ театр өнерінің қарлығаштары, аттары аңызға айналған Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов тәрізді біртуар таланттардың тар жол, тайғақ кешулі өмір - өнерлері роианда нақты өмірлік сипатта суреттеледі.
Бұл тұста да жазушының зерттеушілік танымдылығы мен табандылығы тағы да көмекке келіп, көркем дүниенің жапырағын жайқалтып, құнарын молайтады. Тағдырлы кейіпкерлердің әрқайсысы бір - бір театрға тұрарлық табиғаты талантты туынды арқылы оқырманға ой салады. Жазушы олардың күнделікті ішкі қыр - сырын, дара туған тумысын таратып, тәптіштеп жатпайды. Таланттар табиғатындағы құлыпты құпиялардың кілтін мегзейді. Найзағайдай жарқ етіп жоқ болатын жалқы сәттік сәуледен із көрерлік ишарат жасайды.
Мұның бәрін жазушы текті таланттардың күнделікті қарапайым өмірінен өріп, репетиция, гатрольдік сапарлар сәттерінен саралап, сәулелендіріп отырады.
Жазушының тілі шұрайлы, халықтық бояуларға қанық. Өмірді көре білуі, тіршілікті тануы табиғи. Оны Алтай өңірі мен Семейдің сұлу даласын суреттеу айшықтары анық аңғартады. Әсіресе жазушы Қоянды жәрмеңкесінен қол беріп тұрғандай көрінеді. Уақыт, дәуір сол қалпында, айна - қатесіз кітапқа көшіп - қонған. Бұл да Рымғали Нұрғалидің өмір шындығын өнер шындығына айналдыра алған роман жанрындағы жемісі.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×