Шешендік сөздер
Бөлтірік шешен деген екен...
Бөлтірік әке - шешеден жастай айрылады. Бұғанасы қатпай байлардың қозысын бағып, отынын тасып, күлін шығарып, күнін көріп жүреді. Бірақ ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды. Бір күні жанашыр ауылдасы:
- Әй, Бөлтірік, сегізге келдің сергелдеңде жүрсің. Жаным ашып айтамын, сонау Балқаш деген жерде Қоңырбай атты бай нағашың бар. Соның саясын паналап ер жеткенің дұрыс қой, - дейді.
Бөлтірікке ой түседі. "Бұл жерде жаны ашитын адамым жоқ, маңдайымнан сипайтын қол жоқ. Одан да түбі бір, туысы бір нағашымды паналағаным дұрыс болар. Етіне тояйын, тайына мінейін, киімімді бүтіндейін" деген шешімге келеді. Көп ұзамай сол жаққа баратын керуенге ілесіп, нағашысының ауылына келіп жетеді. Бөлтірікті көрген нағашысы қуанып:
- Жиенжан, жақсы келдің ғой, не істерімді білмей отыр едім. Қолыңа шыбық ұстап, қозыға шық, - деп мал соңына салып қояды. Мұнда да ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды.
Бір күні Қоңырбай төңірегіндегі өзі теңдес байларды қонақка шақырады. Бөлтірік бұған қатты қуанады. Іштей "етке тоятын болдым, етке тоймасам да сүйек, сорпа тиетін шығар" деп ойлады. Байлар табақтағы сүйекті бір - бірден ұстап мүжи бастайды. Босағада отырған Бөлтірік балаға көз қырын да салмайды. Осы кезде үй сыртына бір топ атты адам келіп тоқтайды, ат дабырын естіген нағашысы Бөлтірікке:
- Әй, сүмелек, мына келген кімдер екен көріп кел, - дейді.
Бөлтірік тысқа шықса, бастарына сәлде ораған бес молда екен. Баланы көрген бір ересектеуі:
- Үйде кім бар? - дейді. Сонда Бөлтірік жұлып алғандай:
- Үйде өңшең иттер отыр, - дейді де ішке енеді.
Нағашысы Бөлтірікке қарап:
- Келген кімдер екен? - дейді. Бөлтірік бәріне естірте:
- Бес қатын келіп тұр, - дейді. Отырғандар бір - біріне таңдана қарасып:
- Еркек үстіне келетін қандай қатындар?!
- Біздің тоқалдарымыз болмасын!
- Аттарынан түсіріп, үйге кірсін де! - деп бұйырады нағашысы.
Бір кезде Бөлтірік бес молданы бастап үйге кіргізгенде, бәрі таңданып балаға қарайды. Бірақ, ештеңе айта алмай, қызарақтап күлгенсіп бір - бірімен сәлемдеседі. Молдаларды отырғызып болған соң, босағадағы отырған Бөлтірікке нағашысы одырая қарап:
- Әй, бала, сомадай болып отыра бермей, қонақтарға қой әкеп сой. Молдалардан бата сұрауды ұмытпа! - деп зекиді.
Бөлтірік қойдың ішінен бір қара қошқарды ұстап алып келеді де, есіктің жабығын көтеріп:
- Ал, молдекелер, бата қылыңдар? - дейді. Нағашысы қошқарды көріп:
- Әй, иттің баласы, саған бірдеңе көрінген бе, семіз ісектер тұрғанда, қошқар әкелгенің қалай? - деп қолындағы қамшысын кетереді. Сонда Бөлтірік нағашысына тіке қарап:
- Ұрсаңыз ұрыңыз, таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді. Иттің баласы болсам сізден аулақ кетпегенім ғой! Бұл - бір. Екіншіден, адам қожасы - қожа, қой қожасы - қошқар. Бұл қожа - молдаларға қошқар сойған лайық. Оған несіне намыстандыңыз, нағашы? - дейді.
Отырған жұрт сасып қалады. Сонда әлгінде келгендердің ішінен жасы үлкен біреуі тұрып:
- Баланың сөзі дұрыс, соя берсін, аллаһу - акбар! - дейді.
Нағашысы Бөлтіріктің соңынан шытынай қарап:
- Кешіріңіздер, молдекелер, мына қу жетімге бір нәрсе көрінген шығар. Сіздерді әлгінде "қатындар" деп айтты бұл жетім, - деп күйінеді. Сонда қонақтардың бірі:
- Біз де "үйде кім бар?" деп едік, "өңшең иттер отыр", - деп жауап берді. Сонда бұл балаға сүйек те тимегені ғой. Бізді қатын десе, басымыздағы сәлдеміз шығар. Бұл баланың тілегін орындап, ауылына тезірек қайтарған жөн болар түбі деген екен.
Бөлтірік шешен бір жазда Тезек төреге барады. Бөлтіріктің шешен, ділмәр ақын әрі батыр екенін сыртынан есітіп жүрген Тезек оны бар ықыласымен сыйлап, әңгіме, жырын тыңдайды. Бір жағынан әр қилы сөзге салып сынайды. Дәм, тағамды тартына алып отырған Бөлтірікке Тезек төре:
- Алып отырыңыз, Бөлтеке, қазы - қартаға мәнісіңіз жоқ қой? - Сонда Бөлтірік:
- Төрем, сіздің үйдің қайсыбір дәмін татып қарасам, бәрінен елдің көз жасының соры шығады. Мұндай ас бізге жақпайды, - депті.
Тезек төре әңгіменің бетін басқа жаққа бұрмақ болып:
- Бөлтеке, Ысты елі қанша түтін болады? - десе, ол кідірместен:
- Алты аталы алты мың ауыл Ысты, ат төбеліндей алпыс үйлі төреден аз емес шығар, - депті. Тезек төре үндемей отырыпты да тағы да бірде:
- Бөлтірігім, анау кермеде тұрған атымды сынап көрші? - дейді. Бөлтірік барып, атты ары - бері қарайды да:
- Бұл ат өз жылқыңыздың тұқымынан емес қой. Қайдан келген жануар өзі? Жаманбай Таздар ауылының жылқылары ылғи осындай құлан мойын, қара көк болушы еді, - деп қояды. Бөлтіріктің мұнысы ана бір жылы Тезек төренің сол елден бір үйір жылқы айдатып алғанын еске салу болатын. Шыдамы таусылған төре:
- Оны қозғамаңыз, ол алда қашан бітісіп, сіңісіп кеткен жылқы, - деп сипақтапты.
Тезек төре тағы да:
- Енді, анау босағада жатқан тазыма не айтасыз? - дейді.
Бөлтірік:
- Тазыңыз құмайы, жүйрік - ақ екен, дегенмен бір жаман әдеті бар көрінеді. Ит иесіне тартады деген емес пе, әр үйден ет ұрлап жей ме деймін, - көз қарасы соны айтып тұр дегенде уәжден ұтыла берген Тезек:
- Япыр - ай, басымның ауырып тұрғаны, - деп сылтауратады. Сонда Бөлтірік:
- Алла сақтай гөр, төре баласы мен түйе ботасы басы қисайса мал болмаушы еді - дегенде, Тезек төре Бөлтіріктің төтеннен сөз тапқырлығына тәнті болып:
- Шіркін - ай, қазақтан сендей уәж тапқыш шешен туа береді екен - ау, - депті.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Бөлтірік шешен деген екен...
- ramuk_b
- 24 қаңтар 2022
- 1115
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Бөлтірік шешен, айтқан сөздері, аңыз әңгімелер
Ұқсас жаңалықтар:
Қожанасыр туралы қысқа аңыздар
Қожекең басына сәлдесін орап, көшеде келе жатады. Біреу аптыға жүгіріп келіп: - Мына хатты оқып беріңізші! - деп өтініпті....Әпенді мен үш ұры
Қатын - ей, шам жақ, баққа түскен кімдер екен қарайық! — дейді. Қожайындарды көрген ұрылар тұра қашпақшы болғанымен көзге түсіп қалады. Ұрылардың...Жиен туралы
Қазақ қыздарынан туған баланы " жиен" деп, оларды ерекше еркелетеді....Сұраншыға
Батыр - ай, кедейшілік жаман екен, Бұл дүние азулының заманы екен. Қолдаушың арт жағыңда көп болмаса, Жауапсыз кедей жазған қалады екен....Әлменұлы Бөлтірік
Әлменұлы Бөлтірік (1771 – 1854) – қазақтың көрнекті шешені, биі, батыры болған зор тұлға. Туып өскен жері Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Шоқпар...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.