Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...
Ашығын айтқанда, өзімнің қандай адам екенімді де білмеймін. Көңілшек екенім рас. Алайда, жаным менің тым мейірбан, жүрегім менің өте жұмсақ. Сірә, сондықтан шығар Толстойдың "жауыздыққа, зорлыққа қарсыласпауын" менің де қолдайтыным? Солай ма?!
Адамдарды жауыз деп айта алмаймын, өйткені оларды аз білем. Мен зерттеуші емеспін, ақынмын. Адамзаттың қайғысы мен қуанышы мені жеке адамның өзінен артық қызықтырады. Адамдардың жаман екенін, жақсы екенін ажыратушы мен емеспін, өйткені өзім де солардың бірімін. Мені жұрттың тағдыры, оларды қоршаған ортаның шындығы, олар өмір сүріп отырған уақыт, оларды басқарып отырған қоғам қызықтырады...
Мұқағали Мақатаев "Күнделік"
Адам баласын бақытты қылмау үшін көз жазбай қадағалап отыратын бір қатыгез күш бар секілді. Онымен тіресу де, күресу де мүмкін емес. Алайда, ең соңғы тиынына дейін тоналған адамның бір ғана артықшылығы бар, ол – тонаушының бұдан әрі оған ештеңе істей алмайтыны, үйткені оның енді тонайтын да ештеңесі жоқ.
Төлен Әбдік "Тұғыр мен Ғұмыр"
Қайғы мен мұң екеуі ағайынды қасіреттер. Айырмашылығы мұң болашағыңды бұлыңғыр етсе, қайғы өткеніңді еске салып, өзегіңді өртеуге тырысады. Екеуі де адамның нақты шешім қабылдауына тосқауыл жасап, жігерін құм қылады. Бір жағынан, қайғы пенденің өмірін құлдырауға ұшыратып, рухын жасытатын жағымсыз күй. Ол ғапылдыққа түсіп, ғибадаттан жалығып, тұралап қалған кезде пайда болады. Жақсылыққа немесе өмірде қызықшылыққа кез болғанда бәсеңдеп, жалыны біртебірте сөне береді.
Наурызбай Тағанұлы "Үміт сəулесі"
Дала — кенен, адам — ноқат. Саған жайлы ма, жайсыз ба — далаға бәрібір; далада қалау болмайды. Тұрғың келсе — тұр. Тұрғың келмесе — жолың, әне. Ал адамға бәрібір емес. Адам жер таңдағыш: оған басқа бір жерде, басқа бір адамдардың арасында балпандай бақыт бардай, ал бүл арада тағдыр оны сарсаңға салып қойғандай көрінеді де тұрады...
Шыңғыс Айтматов "Боранды бекет"
– Сенімен тағдырымды қосқым келеді, – деді.
Жауап қатпадым.
– Сені не үшін жақсы көретінімді білесің бе? – деді ол. – Сенің қатыгездігіңнің астарында мейрімділік жымиып тұрады.
– Менің "Мендігіме" мейрімділік тән емес, – дедім.
– Қымбаттым, қателесесің. Сенің "Мендігіңе" жасандылық тән емес.
Аягүл Мантай "Балалық шағымның көктемі"
— Алыста тұрасыз ба? — дедім.
— Көңілі алыс адамға алыс, — деді қыз тағы да әзілдей күліп, — ал, көңілі жақын адамға....
— Алыс та жақын ғой? — деп мен де күлдім.
Ілияс Есенберлин "Ғашықтар"
Жалпы мен біреуге кітап бергенді ұнатпаймын. Үйге келгендердің көздері бірден кітап сөреме түседі. Сосын олардың біреуін таңдап, ала тұруға сұрайды. Көп адамның кітапты шын оқығысы келгендіктен емес, «мен де кітап оқушы едім» дегендей өзін көрсеткісі келгендіктен сұрайтындығын іштей сеземін.
Бақытжан Бұқарбай "Күміс кітап"
Жолдастар, жақсы оқысаңдар да, жаман оқысаңдар да өздерің үшін. Міне, мен жақсы оқыдым.
Бердібек Соқпақбаев "Балалық шаққа саяхат"
Алтындай боп көрінсе де, сырын білмейтін жігітпен жалғыз қалма, оңашаға барма. Қашан үйленгенше "жолыңда өлем" деген жігітке де жоныңды сипатпа. Қыз еркектің қасына әйел атанған түні ғана жатады. Қыз күніңді бағала. Ол дәуренің екі келмейді.
Махаббат жолында "әзәзіл" де жолығады. Бірақ сондай сәттерде жігіт жігіттігін жасау керек, әйтпесе оның несі жігіт?!
Санасыз жануарлар да бірін - бірі аяйды, біріне - бірінің жаны ашиды, олардан артыла алмасақ адам атанғанымыз бекер. Жануарлардан жоғары тұру - ол баршамызға адамдық міндет.
Бексұлтан Нұржекеұлы "Ерлі - зайыптылар"
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кітап үзіндісі: Қайғы мен мұң екеуі ағайынды қасіреттер
- ramuk_b
- 17 ақпан 2021
- 2240
- 0
- 0
Ілмек сөздер: кітап үзіндісі, кітаптан үзінді, жазушы ойлары, жазушының ішкі ойлары
Ұқсас жаңалықтар:
Кітап үзіндісі: Əйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді
Əйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені əйел - өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені əйел - киелі...Кітап үзіндісі
Ал, музыка тыңда, кітап оқы, қиял кез. Түбі сен осы бөлмеден не данышпан боп шығасың, не ақылыңнан адасып шығасың. Дулат Исабеков «Қарғын»...Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау...Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау...Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.