Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі. Ешбір өнерді тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай түрдегі өнерді алсақ та сән - салтанатпен ырғалып - жырғалып, бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келген жоқ. Барлығы да болымсыз кішкене ұрықтан жайлы топыраққа көміліп, белгілі шартпен бағылып, қағылған уақытта ғана бой жасап өсіп - өнген. Ана жатырында баланың бітуі сияқты сәті келген сағатта тіршілік белгісін бастап, тоғыз - тоқсан құбылып, ащы толғақ, ауыр азап ішінде туады. Олай болса, әрбір өнердің иесі болған ел сол өнерді туғызып өсірген анасы есебінде. Әрбір өнер өзінің туып - өсу жолында, анайы топырағы сияқты болған еліне міндетті. Ел тіршілігінің өткен күні сол өнердің бойы өсуіне қажет болған шарттың барлығын берген болады. Сондықтан елдің өз денесінен жаралған өнер әуелгі кезінде, өз елінің әдет - салтын, ұғым - нанымын, мақсұт - тілегін өзгеден бөлек пішінде, сол елдің өзіне ғана хас болған суретте қабылдайтын болған. Бұл хәлден тысқары жолмен өскен ешбір ел жоқ. Қай өнерді алсақ та әуелде өз елінің халық өнері болып, содан ілгері қарай басқан сатысында ғана көптікі болып, жалпы адам баласының ортақ теңізіне барып құяды.
Бүгінгі күнде қазақ елі бір туыстың үстіне жетіпті. Қазақтың театры туатын мезгіл болды деген пікірге келіппіз. «Өзімізден бірдеме жасалса екен», — деген тілекті де тілейтін болдық. Сондықтан біз жаңағы айтылған жалпы сөзді екі салаға бөліп, соның екі тарауына да ойланып қарап, көз салуымыз керек.
Жоғарғы айтқан жалпы пікірдің ішінде әрбір жұрттың өнері әуелі әр елдің тіршілік қалпындағы белгілі шарттарынан туады. Әуелгі туысында ұлт өнері болып туады дедік. Бұл хәлдің анығын білу үшін қазірде біз көтеріп отырған театр мәселесі өнерлі елдердің өмірінде қандай сатыдан өтті, театрдың өсіп - өрбіген тарихы не айтады. Соның тәжірибесі біздей елге қандай сыбаға ұсынады, соған көз салу керек. Мәселенің екінші жағы қазақ елінің өз қалпында театрға арналған қандай ұрық, қандайлық мүмкіндік бар, соны тексеруге арналу керек.
Осы жікке қарап мәселені мен екі бөлімге бөлемін. Біреуі, Европа театрының тарихынан азырақ мағлұмат беру болады. Екінші, қазақ топырағында театр өнерінің мүмкіндігі қандай, соған арналады.
Европа театрының тарихы өте кәрі заманнан басталады. Театр өнерін алғашқы туғызған ел — грек жұрты. Грек театрының басы осыдан екі жарым мың жыл бұрын басталған. Енді жоғарыда айтылған сөз бойынша театр тарихын қарағанда осы өнердің грек топырағында тууына қандай шарт, қандай хәлдер себеп болды? Сол шарт, сол себептерден туған грек театры қаншалық дәрежеде ел театры болды?
Осы мәселелермен танысуымыз керек. Екінші, осымен бірге қарастыратын мәселе — жалпы театр өнері гректе, я басқа жұртта белгілі заманда қандай халде болды? Өнер есебіндегі маңыз - мағынасы қандайлық еді? Театр тарихының қай буынына жетіп еді, сол жағынан қарау керек. Қай жұрттың театрын алсақ та барлығын да осы сияқты екі түрліден қарайтын боламыз. Осы әдіспен қарасақ, кейінгі қазақ театрына келген заманда да біздің жалпы пікір, мақсатымыз анығырақ, ұғымдырақ болар деймін.
Толық нұсқасын жүктеп алу
Жалпы театр өнері мен қазақ театры жайлы
- ramuk_b
- 7 сәуір 2020
- 2050
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Жалпы театр өнері мен қазақ театры жайлы, Мұхтар Әуезовтың теарт туралы жазғандары
Ұқсас жаңалықтар:
Корей музыкасы
Білімділік: оқушыларға барлық өнердің қайнар көзі халықта екенін түсіндіру. Корей халық музыкасы, өнері жайлы ұғым беру, өнерді сүюге, қадірлеуге...Жаңаөзенде 1 - желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президент күніне орай мәдени шаралар б ...
Жаңаөзенде 1 - желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президент күніне орай мәдени шаралар басталды 1 - желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президент күніне орай «Өзенмұнайгаз» АҚ...Ежелгі грек өнері
Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек арнайы негізгі орта мектебінің тарих - география пәнінің мұғалімі Жолдасова Эльвира Берлесқызы...Ең үздік актерлер
Қармақшы ауданы, Қызылорда облысы А. Жанпейісов атындағы № 105 орта мектептің технология пәнінің мұғалімі Бекниязова Мақпал...Өнердің түрлері
Қызылорда облысы, Жалағаш кенті, № 31 орта мектеп, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Н.Н. Әлімбетова Тақырыбы: Өнердің түрлері Сынып:10 ...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.