Мамлют қазақ мектеп – интернаты
Баяндама
Тақырыбы: «Білім деңгейлері төмен оқушылармен өткізілетін жұмыс»
бастауыш сынып мұғалімі Шаукерова Анаргүл Амангелдіқызы
Білім деңгейлері төмен оқушылармен өткізілетін жұмыс
Бастауыш сынып мұғалімінің құзыреттілігін дамыту - нәтижелі білім беру факторының бірі. Жүсіпбек Аймауытовтың «Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен, ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімділердің көздейтін түпкі мақсаты - осы. Ұстаз осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек» деген дана сөздері біздерге, яғни бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған сияқты. Біз қалай бала келешегіне жол салсақ, оның болашағы сондай болмақ екенін бәріміз жақсы білеміз.
Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Білім — біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік — сол білімді іске асыра білу дағдысы», деген екен. Расында да болашақтың бүгіннен де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде.
Оқушыларға ғылым негізін үйретіп, адамгершілікке тәрбиелейтін мектеп ішіндегі негізгі тұлға – мұғалім. Осы жерде менің ойыма Ахмет Байтұрсынұлының «Мектеп жаны - мұғалім», «Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деген дана сөздері оралады. Мектеп есігін ашқан жеткіншекті мәдениетті, қажырлы және табанды етіп қалыптастырады. Мұғалім сынып оқушыларының толық үлгерімі жолында күш - жігерін салып еңбек еткенде ғана, бұл міндеттерді орындай алады. Мұғалім өзінің барлық білігі мен білімін бүкіл оқу – тәрбие ісіне дұрыс ұйымдастырып, тиімді жүргізуге жұмсайды.
Осы жерде мен ой қозғау стратегиясы арқылы мына сұрақтарға көңіл аударуды ұсынамын
1. Оқушы үлгерімін қалай жақсартуға болады?
2. Оқушылардың сабақты үлгере алмауының себебі қандай?
3. Ол себептерді анықтап, жоюға бола ма?
Менің ойымша жоюға болады деп есептеймін. Оқушының сабақты нашар оқуының, сабақты үлгере алмауының басты себебі, оқыту жүйесінің сапасыз болуында. Педагогикалық талаптар мен әрбір пәнді оқыту әдістемесін шебер де толық қолданбаса, оқу жұмысы дұрыс ұйымдастырылмайды. Оқушылар өтілген материалдарды толық түсінбейді, үйге берілген тапсырманы орындап келе алмайды, не шала орындайды. Оқушының қатардан қалып қоюы әуелде уақ – түйектен басталуы мүмкін. Мысалы, оқушы сабақтың дұрыс өткізілмеуі себепті, өтілген материалдардың біраз жерін түсіне алмай қалады, болмаса көмескі түсінеді. Көпшілік оқушының үйінде түсінбегенін сұрап алатын кісісі болмайды. Осылардың салдарынан оқушы материалдарды меңгере алмайды. Жаңа сабақ өткен материалдарға негізделіп жүргізілетіндіктен, оны да шала түсінеді. Сонымен біртіндеп оқушы бағдарламаның бір бөлігін шала түсінген немесе мүлде түсінбеген болып шығады. Осыдан келіп оқушының сабақты үлгермеушілігі келіп туады.
Екіншіден - сабақ әдістемелік жағынан дұрыс өткізілсе де, бірақ, кейбір оқушылар сабаққа ынта қоймай, басқа жұмыспен айналысып (тәртіпсіздік жасап) не алаң көңіл болып отырады. Мұғалім мұндай оқушыларды байқамай қалады да, олар ақырында сабақ үлгірмеушіліктерге айналады.
Сабақтың сапасыз өтуі – мұғалім білімінің жеткіліксіз, тәжірибесінің кем, әдістемені жете меңгермегенінен болады. Дайындықсыз сабақ – қашан да нашар өтеді. Бұл да үлгермеушілікке айналады.
Сабақты үлгермеудің тағы бір себебі – мұғалім оқушының білім көлемін жиі - жиі тексеріп, есепке алмағандықтан. Оқушының нақтылы білімін саралап анықтамайды. Ережелерді құрғақ жаттауына жол береді. Сабақ үстінде жаттығу жұмысын кем жүргізеді. Содан барып оқушылар білгенін, үйренгенін іс жүзінде қолдануға қиналады.
Оқушылардың сабақты үлгермеуінің тағы бір себебі – үйге тапсырма беру мен оны тексеру, әдістеменің дұрыс болмауы. Өйткені кейде үйге берілген тапсырманың саны мен сапасына жете көңіл бөлінбейді, тапсырма мөлшерсіз, үстірт, қалай болса солай беріле салады. Сол себепті оқушы түсінбей қалады да, үйге барғанда орындай алмайды немесе шала, қате орындайды. Осындай бір біріне ұласқан кемшіліктерден келіп үлгермеушілік шығады.
Оқушының сабақ үлгермеуінің басқа бір себебі – мұғалім оқушының ата – анасымен тығыз байланыс жасамайды. Біріншіден, ата – ана оқуға қажетті жағдайды өз дәрежесіне туғызбайтындықтан, баласы сабаққа даярлана алмайды. Оқушының сабаққа көп келмей қалуынан (не ауырып қалып) өткен сабақты білмеуінен де күн тәртібінің болмауынан болған күнде де оны дұрыс орындамауынан үлгермеушілік шығады.
Сабақты үлгермеушілік – оқушының денсаулығына да бірден - бір байланысты. Оқушының бір жері ауырып отырса, сабаққа ықыласы болмайды. Не болмаса сынып ауасы жиі тазартылып тұрмаса да, оқушының көңілі сергек болмайды, тез шаршап, бойлары ауыр тартады, өтілген сабақты жөнді ұқпайды.
Оқушылардың сабақты үлгермеушілігінің және бір себебі – оларға бір - біріне жолдастық көмектің дұрыс ұйымдастырылмауынан, ұйымдастырылған күнде әрбір оқушының меңгере алмаған тақырыбына ғана нақтылап көмектеспей жалпылама қосыма сабақ түрінде өткізілуінен.
Сабақты үлгермеушіліктің тағы бір себебі – сыныптағы оқушы санының көп болуы, оқулықтың толық жетіспеуінен де.
Енді оқушылардың сабақты үлгермеу себептерін біліп алғаннан кейін, негізгі мақсат - оны болдырмаудың жолдарын көрсетуге тырысайық. Озат мұғалімдердің тәжірибелері сыныптағы оқушылардың сабақ үлгерімін толық қамтамасыз етуге болатындығын әлде қашан шешкен. Демек, барлық оқушының сабақты жақсы оқуын қамтамасыз ету – әрбір мұғалімнің қолынан келетін іс.
Біріншіден әрбір оқушыға сабақ барысында берілетін сұрақтарды алдын ала ойлап қою керек, тапсырманы да әрбір оқушының күші мен қабілетін ескере отырып, берген жөн.
Екіншіден мұғалімнің сабаққа ұқыпты даярлануы және сабақты сапалы өткізуінің жолдары мен әдістері үлгермеушіліктің болдырмау себептерінің бірі болып саналады.
Үшіншіден сабақ барысында оқушыларды қызықтыра білуі, дидактикалық материалдармен жұмыс, жарыс ұйымдастыру, топпен жұмыс, көрнекі – құралдарды көп қолдану.
Төртіншіден оқушылардың үйде орындап келген жұмысын мұғалім үнемі қадағалап, тексеріп отыратын болса, олар үйге берілген жұмысты тыңғылықты етіп орындауға дағдыланады. Бұл әдіс жалқау оқушыға да қозғау салып, тапсырманы дұрыс ұқыпты орындауға міндеттейді. Үй тапсырмасын тексергенде, оқуы нашар, сондай – ақ тапсырманы қалай болса солай орындайтын оқушылардың дәптерлерін жиі – жиі тексеру керек, сонымен қатар өзіне бөлек дәптер бастату. Бұл әдіс артта қалғандарды оқуға талаптандырып, олардың белсенділігін жақсартады.
Бесіншіден ата - ананың қадағалауы, қосымша сабақтар, сыныптан тыс жұмыстарды жолға қою, үйге тапсырылған жұмысты жақсы орындаған оқушыларды дәріптеп, көтермелеу, басқаларға үлгі етіп көрсету - үлгерімі төмен оқушыларды сабаққа ынталандырудың бірден – бір әдісі.
Алтыншыдан өткен материал жөніндегі оқушылардың ұғымын тексерудің тиімді жолдарына тоқталу. Жеке оқушыны тақтаға шақырып, тиісті сұрақтарға жауап алу. Мұғалімнің оқушыға берген сұрағы дәл, анық, ұғымды болғаны дұрыс. Мұғалім оқушының берген жауабының тек мазмұнына ғана көңіл аударып қоймай, тіліне де, сөйлемді құрастырып дұрыс айта білуіне де көп көңіл бөлуі керек. Оқушының тілін тек дұрыс сөйлеу, ойлау арқылы ғана дамытамыз. Бұл оқу, ана тілі сабақтарында ғана емес, барлық пәндерге де ортақ міндет.
Жетіншіден баға қою – өте жауапты кезең. Бағаны дұрыс қоймау оқушыларға үлкен кері әсер етеді. Бұның тәрбиелік және оқушылардың сабақты дұрыс оқулары үшін маңызды екендігін мұғалімдер ұмытпауға тиіс. Әр уақытта оқушылардың жауабына сәйкес өткен материалға қысқаша қорытынды жасап отыру – олардың білімін нығайтуға пайдасын көп тигізеді.
Сегізіншіден жаңа тақырыпты түсіндіру. Оқыту жұмысының нәтижелі болуы – материалды дұрыс түсіндіруге және сабақты дұрыс жабдықпен өткізуге байланысты.
Тоғызыншы бұл сабақ үстінде әдіс – тәсілдерді өзгертіп, түрлендіріп отыру, оқушылардың сабақ үстінде өз бетінше істейтін жұмыстарымен жаттығу жұмыстарын тиімді етіп, түрлендіріп жүргізу – олардың сабаққа белсене қатысуына жол ашады.
Күнделікті сабақ барысында кей пәндерден үлгерімі төмен оқушылар кездесіп жатады. Сондай оқушылармен мысалы: қазақ тілі пәні бойынша түрлі жеке жұмыс түрлерін жүргізуге болады.
Үлгермейтін оқушыларға қазақ тілі сабағында қазақтың төл дыбыстары ұ мен ү, ң мен н, ы мен і дыбыстары арасындағы ұқсастықтар қиындық туғызады. Осы қиындықты жою үшін әр сабақта жаттығу жұмысынан кейін міндетті түрде оқушы сөйлем ішінен осындай дыбыстарды тауып, сөздерде қолданылуына мән бергізіп, әр түрлі жаттығу тапсырмаларын орындату керек.
Мысалы: Төл дыбыстарды үйреткенде.
Ә әрпі сөздің 1 - буынында, жіңішке сөздерде қолданады.
Әже, әке, дәрігер, әрбір т. б.
Осы бағытпен қазақ тіліне тән дыбыстарды түсіндіру тиімді деп ойлаймыз.
Төл дыбыстарды бекіту мақсатымен сабақта мынадай ойын түрлерін қолдануға болады.
«Кім жылдам ойыны»
1. Тек қана ( а, е, ы, і ) дауысты дыбысы бар сөздер ойлап жазыңдар.
Мысалы:
Ы (ыдыс, ыстық, ыдырыс)
І (ілгіш, ірімшік, тіршілік)
Е ( береке, текемет, ермек)
2. Қай жағынан оқыса да мағынасы өзгермейтін сөздерді ойлап жазыңдар.
Мысалы: нан, қырық, қазақ, қызық, ара, кебек, кесек, қабақ т. б.
3. «Адасқан әріптер» ойыны. Дыбыстарды тіркестіріп сөз жасаңдар.
1. Р, О, Б (бор)
2. А, Ш, А, Ғ (ағаш)
3. К, Т, Р, Е, М, Е ( керемет)
Сауатты жазуға бағыттаудың тағы бір жолы оқушылардың үндестік заңын толық меңгеріп, қолдана білуі. Сабақта мынадай тапсырмаларды қолдануға болады.
Түбір сөздерге түрлі қосымшаларды қосып жазыңдар.
Үлгі: оқу +да, оқу + мен, оқу + ға, оқу + лық, оқу + шы
Сөз, жер, ат, бас, қол, батыр.
Шы, лық, да, ға, мен
Қарамен берілген сөздердің түбірлерін анықтаңдар. Түбірдің соңғы дыбысының өзгеру себебін түсіндіріңдер.
Үлгі: еңбегі - еңбек.
1. Еңбегі аздың өнбегі аз.
2. Ердің атын еңбек шығарар.
3. Жердің сәні – егін, ердің сәні – білім.
4. Кітап - білім бұлағы, бұлақ - өмір шырағы.
5. Еңбек түбі – береке.
6. Білімді мыңды жығады, білімсіз бірді жығады.
7. Білім - бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ әлдекімнің азығы.
Үлгерімі төмен оқушылардың ойлау қабілетін арттыруда түрлі тест жұмыстарының да пайдасы зор.
Оқушылардың сауаттылығын, көтеруде және бағалауда диктант түрлерінің мәні зор. Сабақта мынадай диктант түрлерін өткізуге болады.
Жаңа сөздерді бекіту мақсатында, көру, есте сақтау қабілеттерін дамыту мақсатында сөздік, көру диктанттарын өткізу.
Оқушылардың өтілген материалды қандай дәрежеде игергендігін анықтау және бекіту үшін терме және бақылау диктанттарын өткіземіз.
Осы диктанттардан кейін жіберілген қателерді анықтап, оқушы қатені неге жіберді, қандай тақырыптарды толық игермеген, олардың көп жіберетін қателері қандай деген сұрақтарға жауап беру үшін үнемі қатемен жұмыс жүргіземіз. Қатемен жұмысты мынадай тәсілмен жүргіземіз. Оқушы қатесін табады, ережесін анықтайды, дұрыс жазу емлесін түсіндіреді, басқа мысалдар келтіреді.
Бақылау жұмыстарын тексергенде жұппен жұмыс жасаймыз. Балалар жұпта бақылау жұмыстарын бір - бірімен салыстырып, бір - бірінің қателерін тауып алады және бір - біріне түсіндіреді. Бұл ізденісте қабілетті оқушылар үлгерімі төмен оқушыларға көмектеседі, жұппен жұмыс істелінеді. Оқушылар қателерін тауып түзетеді, теріс жазған себебін анықтайды, ереже шығарады, дәлелдейді. Мұндай жұмыс тәсілі оқушыларды бірінің жауабын бірі тыңдауға, мәдениетті қарым - қатынас жасауға тәрбиелейді.
Оқушының есте сақтау қабілетін, сауатты жазу дағдысын қалыптастыру үшін көшіріп жазу, ереже жаттау әдісі де оқушыға өте тиімді.
Қорыта айтқанда, сабақта әртүрлі грамматикалық тапсырмалар қолдану фонетикалық, морфологиялық талдаулар жасау, диктант түрлерін жүргізу, қатемен жұмысты ұйымдастыру, көшіріп жазу және ереже жаттау әдістері жақсы нәтиже береді.
Сонымен қатар әр пән бойынша алатын болсам өзім сабақтарымда жарыс әдісін қолданамын. Жарыс əдісімен баланың бəсекелестікке деген табиғи қажеттігін жеке тұлғаға және жалпы қоғамға сай қасиеттерді баулитын тəрбие арнасына бұруға болады. Өзара жарыса жүріп, оқушылар қоғамдық қылық тəжірибелерін тез игеріп, тəн - дене, адамгершілік, эстетикалық сапаларын дамытады. Жарыс əсіресе үлгерімі төмен оқушылар үшін аса қажет: өз нәтижелерін жолдастарының жетістіктерімен салыстыра отырып, өз білімдері мен ептіліктерін көтеруге болған қозғау күш алады, оқуы мен өзіндік тәрбиесіне ден қоя бастайды.
Мадақтау – тəрбиеленушілер әрекетіне ұнамды баға беру. Мадақтау ықпалы оқушының ұнамды көңіл - күй сезімін көтеруге негізделген. Осыдан да мадақтау балада өзіне деген сенім орнықтырып, жұмысқа деген жағымды көңіл қатынасын оятады, жауапкершілік арттырады. Мадақтау түрліше орындалуы мүмкін. Олар арасында тәрбие процесінде жиі қолданылатындары – қолдау, қуаттау, алғыс жариялау, құрметті құқықтар беру, мақтау қағаздары мен сыйлықтар беру және т. б.
4. Әрқандай мадақ жеке тұлғалық ерекшеліктерді ескерумен беріледі. Өзіне сенімі жоқ, үлгерімі төмен оқушыны қолдап - қуаттау қажет. Қандай да ұнамды сапасын танып, педагог сол арқылы балада сенім оятады, ұмтылыс пен дербестік, кедергілерден сескенбеу қасиетін баулиды. Өзіне тәрбиеші, төңірегіндегі адамдар сенімін артқан бала, өз кемшіліктерін де «жүгендеп», оңды жолға түсе бастайды.
Білім деңгейлері төмен оқушылармен өткізілетін жұмыс
- shaykerova78
- 6 мам 2016
- 16042
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Білім деңгейлері төмен оқушылармен өткізілетін жұмыс
Ұқсас жаңалықтар:
Сабақта ойын технологиясын қолданудың берер нәтижесі
Заман талабына сай қазіргі білім жүйесіндегі игі өзгерістер мен жаңалықтарды жүзеге асыруда ойын технологиясын қолданудың мәні зор. Ойын - баланың...Үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс папкасы
Үлгерімі төмен оқушыларда дамудың жеке варианттарының көп түрлілігі бар. Олар таным компоненттерінің қалыптасуының әр түрлі деңгейіне байланысты,...Қазақ тілі сабағында ойын технологиясын пайдалана отырып тілдік қорын дамыт ...
Ойын - бала әрекетінің негізгі бір түрі. Ойын арқылы адам баласының белгілі бір буыны қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психикалық ерекшеліктерін...Жаңа бағдарлама-жаңа бағыт
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы № 14 орта мектебі Бастауыш сынып мұғалімі...Жеке жұмыс жүргізу арқылы оқушы қабілетін дамыту
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, №249 мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі Сансызбай Айгүл Мұхтарқызы...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.