Сайтқа кіру Тіркелу

Қазақстан азаматтарын тұрғылықты мекен жай бойынша тіркеу жөнінде не білу керек?

Атауы айтып тұрғандай, ол көптеген мемлекеттік құжаттарға түзетулер енгізеді. Әйтсе де, азаматтар үшін маңыздысы — тұрғылықты мекен жай бойынша тіркелу жөніндегі директива болып отыр.

Мейрамнан кейінгі бірінші жұмыс күні — 4 қаңтарда ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің өкілдері брифингке шығып, тіркелу жөніндегі жаңа нормалар қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Атап айтқанда, осы бөлімше бастығының орынбасары Ғалия Сәрсенова тұрғылықты мекен жайы бойынша тіркелмегендерге айыппұл салу 1 ақпаннан басталатынын айтты. Алайда, кешке таман Ішкі істер министрлігі бұл расталмаған ақпарат екенін мәлімдеп, осылай болғаны үшін кешірім сұрады.

«Открытая Азия онлайн» қазақстандықтарды толғандырып отырған осы бір өзекті мәселе жөніндегі бар маңызды ақпаратты жинап ұсынады.

Жұрт айтып жүрген тіркелу туралы заң деген не?
Шын мәнінде, әңгіме тіркелу туралы жеке нормативтік акт туралы болып отырған жоқ. Қазақстанда ондай жоқ. 2011 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» Заң бар. Содан бері онда 51-баптың 2-тармағында ішкі көшіп-қонушылар (яғни, елдің бір аумағынан екінші аумағына өз еркімен қоныс аударатын азаматтар) тіркелуі тиіс делінген.

Ендеше, шу неден шықты?
Біріншіден, 2017 жылғы 7 қаңтарда күшіне енетін түзетулерден кейін біраз формулировка өзгерді.

«Халықтың көші-қоны туралы» Заңның ескі нұсқасында 51-бапта былай делінген:

«2. Ішкі көшіп-қонушылар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелуге… міндетті»
Ал өзгертулерден кейін ол былай болады:
«2. Ішкі көшіп-қонушылар:

Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркелуге міндетт».

Яғни, бұдан былай тек тұрақты тұратын жеріңде ғана емес, уақытша болатын жерде де тіркеуден өту керек болады.

Екіншіден, қазақстандықтардың наразылығын тудырғаны — түзетулер салдарынан осы 51-баптың шартын орындамағаны үшін артылатын жауапкершілік күшейтілгені. Ол туралы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте айтылған.

«Уақытша тұратын жер» деген не?
Енді бұл түсінік «Халықтың көшіп-қонуы туралы» Заңның 1-бабында жазылған: «уақытша болатын (тұратын) жер – тұрғылықты жер болып табылмайтын және адам уақытша болатын (тұратын), мекенжайы бар ғимарат, үй-жай не тұрғынжай».

Бұрын бір жерде уақытша, бірақ 3 айдан артық мерзім жүрсе, азамат тіркелуі тиіс делінетін, алайда заң жүзінде бұл талап бекітілмеген еді.

Жаңа жерде қаншалықты жылдам тіркелу керек?
Жоғарыда аталған нормативтік құжаттармен қатар, ҚР аумағында ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидалары да жаңартылды. Оған сәйкес, азаматтар жаңа тұрғын орнына (тұрақты немесе уақытша) келгеннен кейін 10 күннен кешіктірмей тіркелуі керек.

«Үш айдан астам мерзімге уақытша тұруға келген ішкі көшіп-қонушыларды ішкі істер органдары бұрынғы тіркелген жерінен есептен шығармай, бір жылға дейінгі мерзімге уақытша тұратын жері бойынша есепке алады. Қызметтік міндеттерін орындау тұрақты тұратын жерінен тыс (растайтын құжат болған жағдайда) ұзақ тұрумен (бір жылдан астам) байланысты адамдар бұрынғы тіркелген жерінен шығарылмай міндеттерін орындау үшін қажетті бүкіл мерзімге есепке алынады» делінген ол қағидаларда.

Тек тұрғын жайға тіркелуге болады ма?
Жоқ. Қағидаларда былай делінген: «Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу тұрғын үйлерде, пәтерлерде, саяжай құрылыстарында, бау-бақша серіктестіктерінде, кооперативтерде, жатақханаларда, қонақ үйлерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, профилакторийлерде, емдеу мекемелерінде, интернат-үйлерінде, пансионаттарда, қарттар үйлерінде, қызметтік ғимараттар мен үй-жайларда жүзеге асырылады».

Яғни, адам өзге қалаға ұзақ уақытқа емделуге келсе, ол аурухананың өзінде уақытша тіркеуге тұра алады және тіркеуге тұруы тиіс.

Бұл норма кімдерге қатысты қолданылмайды?
10 күн ішінде тіркелу мерзімі уақытша тұрғындарға қатысты емес. Олар — уақытша тұруға келгендер емес. Сонда кім? «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 2-бабында былай делінген: «уақытша тұрғындар — жалдаушы (тұрғынжайдың меншік иесі, тұрғын үй кооперативінің мүшесі) олардан тұрғынжайды пайдаланғаны үшін ақы алмай, тұрғынжайда уақытша тұру құқығын берген азаматтар».

Бұлар — аз уақытқа көрісуге келген қонақтар, туыстар, достар деп түсіндірді көші-қон полициясы. Алайда, айдан ұзақ жататын болса — оларды да тіркеуге тура келеді.

Бұл ереже іссапарға да қатысты: жоғарыда айтылғандай, жұмыс бабымен өзге қалада бір айдан ұзақ аялдаса — тіркелу керек, 30 күннен аз болса — керек емес.

Пәтер жалдаушылар қайтеді?
Пәтер жалдаушылар уақытша тұрғын болып саналмайды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 23-бабының 3-1-тармағы пәтер иесін немесе жалға берушіні «жалға беріліп отырған тұрғынжайда тұратын адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеуге» міндеттейді.

Тіркеуге (уақытша және тұрақты) қалай тұрады?
Тіркеуге — уақытша да, тұрақты да — халыққа қызмет көрсету орталығында тұру керек. Көші-қон полициясы қызметкерлерінің айтуынша, оған 10 минут уақыт кетеді, алайда, үй иесінің де, ол тіркеуге тұрғызатын адамның да өздері келуі тиіс (немесе сенімхат болуы керек).

ЭЦҚ болса — Электронды үкімет арқылы тіркелуге де болады.

Тіркеуге тұру үшін қандай құжаттар керек?
Жоғарыда аталған Қағидаларда мына құжаттар керек делінген:

1) жеке басын куәландыратын құжат (16 жасқа дейінгі балалар — туу туралы куәлік);

2) салыстырып тексеру үшін тұрғын үйдің меншік иесінің жеке басын куәландыратын құжаты және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тұрақты не уақытша тіркеуге оның жазбаша келісімі (қызметтік ғимараттар мен үй-жайларда тіркелген кезде — жұмыс орны бойынша тіркелуі туралы ұйым (мекеме) әкімшілігінің қолдаухаты).
Тұрғын үй иесін тіркеу кезінде жазбаша келісім талап етілмейді;

3) тіркеуге құқығын растау үшін меншік иесінің белгіленген тәртіппен тұрғын үйді жеке меншігіне сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға алғанын, оның ішінде жалға алу (жалдау), қосымша жалға алу шарты бойынша алғанын куәландыратын, сондай-ақ «Мекенжай тізілімі» ақпараттық жүйесінде өндірілген тіркеу мекенжай коды (бұдан әрі — ТМК) болмаған кезде оған «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжат.

Белгіленген тәртіппен меншігіне тұрғын үй сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға алғаны туралы куәландыратын, сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжаттар туралы мәліметті уәкілетті орган «Мекенжай тізілімі» және «Жылжымайтын мүлік тізілімі» ақпараттық жүйелерінен уәкілетті лауазымды адамдардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында алады;

4) тіркелгені үшін мемлекеттік баждың (мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар растайтын құжаттарды ұсынады) төленгені туралы түбіртек.

Бұл мемлекеттік қызмет қанша тұрады?
Көші-қон полициясы келтірген деректерге сәйкес, тіркеу үшін алынатын мемлекеттік баж 226,9 теңгені құрайды.

Тіркеу тұрғын үйді иелену құқығын береді ме?
«Прописка» — жай ғана адамды мекен жай бойынша бекіту. Тіркелуші басқа ешқандай құқықтарға ие бола алмайды: бұл тұрғын үйді иелену құқығын бермейді.

Адамның тіркелгенін қандай құжат растайды?
Ішкі көшіп-қонушының тіркелгенін растайтын құжат — мекен жай анықтамасы.

Бір пәтерде қанша адам тіркеле алады?
ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаменті түсіндіргендей, оны мәслихаттар шешімімен бекітілетін санитарлық нормалар анықтайды.

Қазір мұндай практика тек мегаполисте ғана бар — ол «Алматы қаласының ерекше мәртебесі» туралы Заңда анықталған. Оған сәйкес, бір үйде тұратын әрбір жан басына кем дегенде 15 шаршы метрден келуі тиіс.

Мысалы, Алматыда 60 шаршы метрлік орташа екі бөлмелі пәтерде отбасының төрт мүшесі ғана тіркеле алады.

Осындай типтік ережелер елдің әр өңірінде қабылданып, оларды үкімет бекіткен. Бір азаматқа тиесілі шаршы метр саны азайтылуы да, көбейтілуі де мүмкін деп уәде беріп отыр көші-қон полициясы.

Тіркеу қағидаларын бұзғандарға қандай жаза көзделген?
Қазақстандықтарды алаңдатып отырған осы жаза Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында айтылады:

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының күнтізбелік он күннен бір айға дейінгі мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тiркеусіз тұруы – ескерту жасауға әкеп соғады.

2. Қазақстан Республикасы азаматтарының бір айдан астам мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тiркеусіз тұруы – жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Қарапайым тілмен айтқанда, адам уақытша бір жерде 10 күннен артық, 30 күнге жетпейтін уақыт тұрса — олай істеуге болмайды деп ескерту жасалады. Бір айдан асып кетсе — айыппұл салынады. Және ол адам тіркелуге барған кезде жасалады. Ал адам ерте ме, кеш пе — бәрібір тіркелуге барады.

Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 493-бабында былай делінген:

1. Тұрғынжай меншік иесінің немесе қарамағында тұрғынжайлар, ғимараттар және (немесе) үй-жайлар бар басқа да тұлғалардың меншiк иесiне тиесілі немесе басқа да тұлғалардың қарамағындағы тұрғынжайларда, ғимараттарда және (немесе) үй-жайларда нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тiркеуге жол беруi – жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет – жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

3. Тұрғынжай меншік иесінің немесе қарамағында тұрғынжайлар, ғимараттар және (немесе) үй-жайлар бар басқа да тұлғалардың меншiк иесiне тиесілі немесе басқа да тұлғалардың қарамағындағы тұрғынжайларда, ғимараттарда және (немесе) үй-жайларда тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тiркеуден шығару бойынша шаралар қолданбауы – жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет – жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

5. Жалдауға берушінің (жалға берушінің) меншiк иесiне тиесілі немесе басқа да тұлғалардың қарамағындағы тұрғынжайларда, ғимараттарда және (немесе) үй-жайларда жеке тұлғалардың тiркеусіз тұруына жол беруi – жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

6. Осы баптың бесінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет – жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Былайша айтқанда, үй иесі пәтер жалдаушыны тіркеуге тұрғызбаса — екеуі де жазаланады.

Азаматтардың тіркелуін тексеріп, айыппұл салу қашан басталады?
ҚР ІІМ берген расталмаған ақпарат осы мәселеге қатысты еді. Бастапқыда ведомство тіркелмеген қазақстандықтарға айыппұл салуды 1 ақпанда бастаймыз деді. Кейіннен, жауапкершілікке тарту 7 қаңтардан, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енген күннен басталады деп нақтылады.

Қоғамның пікірі қандай?
Көптеген заңгерлер бұл ереже адамдардың құқығын бұзып, еркін жүріп-тұруын шектейді деседі.

Ал ішкі істер министрлігіндегілердің айтуынша, тіркелу — дүние жүзінде бар практика және адамның жүріп-тұру еркіндігін еш шектемейді. «Көптеген елдерде қандай формада болса да, халық есепке алынады, өйткені, экономикалық және әлеуметтік саясаттың жоспарлануы соған байланысты», — деді ОКҚ өткен брифингте ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаменті бастығының орынбасары Ғалия Сәрсенова. Оның үстіне, жаңа ереже экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл деп аталады. Биліктегілер бұл елдегі қауіпсіздікті күшейтеді деп сенеді.

Ал қазақстандықтар қарсы. Белсенді азаматтар міндетті тіркелу туралы талапты алып тастауды сұрап, Парламент депутаттарының атына петиция жазып жатыр.

Дерек көзі: http://theopenasia.net
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу

Мақсаты: оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылық және қылмыс белгілерімен, түрлерімен таныстыру, жасөспірімдердің құқықтары мен...
Декреттік демалысқа шығудың реті қандай?

Декреттік демалысқа шығудың реті қандай?

Сіз бақыттысыз, себебі сіз ана боласыз. Осындай ғажайып сәтте барлық проблемаларды ұмытып, ана бақытын сезінген қандай жақсы. Бірақ сіз білуге тиісті...
Жол қозғалысы ережелеріне бірнеше өзгерістер енгізілді

Жол қозғалысы ережелеріне бірнеше өзгерістер енгізілді

14 шілдеден бастап жол қозғалысы ережелеріне бірнеше өзгерістер енгізілді. Сонымен соларды айтып өтейік....
Кімдер уақытша тіркеуге тұрмаса болады?

Кімдер уақытша тіркеуге тұрмаса болады?

Бұл туралы ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев Facebook - тегі парақшасында жазды...
Дене шынықтыру және спорт сабақтарын спорт жарыстары мен бұқаралық спорт ша ...

Дене шынықтыру және спорт сабақтарын спорт жарыстары мен бұқаралық спорт ша ...

Жалпы ережелер 1. Осы Қағидалар дене шынықтыру және спорт сабақтарын, спорттық жарыстар және спорттық - бұқаралық іс - шаралар өткізу кезіндегі...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×