ҚазҰУ – болашаққа жол ашатын білім ордасы
Қазақтың дара ұлы әл - Фарабидің есімімен аталатын ҚазҰУ – еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі ғана емес, сонымен қатар бүкіл Орталық Азия кеңістігінде танымал, әлемге танылған білім және ғылым ордасы. ҚазҰУ – сапалы білім мен заманауи ғылымның, ұлттық рух пен халықаралық тәжірибенің тоғысқан алтын көпірі.
Университет тарихы 1934 жылдан бастау алады. Сол уақыттан бері талай буын ұрпақ осы киелі қара шаңырақтан түлеп ұшып, ел дамуына өлшеусіз үлес қосты. ҚазҰУ қабырғасынан шыққан түлектер бүгінде ел басқару ісінде, ғылым мен білімде, мәдениет пен өнерде, кәсіпкерлік пен халықаралық қатынастар саласында көш бастап жүр. Бұл – университеттің сапалы білім беруімен қатар, тұлға тәрбиелеудегі басты жетістіктерінің бірі.
ҚазҰУ - дың басты ұстанымы – «Интеллектуалды ұлтқа – сапалы білім». Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, оқу орны үздіксіз даму жолында. Заманауи білім беру бағдарламалары, халықаралық серіктестік, академиялық ұтқырлық, озық технологиялар – осының барлығы ҚазҰУ - дың әлемдік білім кеңістігімен терезесі тең екенін дәлелдейді.
Бүгінде ҚазҰУ әлемнің 50 - ден астам еліндегі 500 - ге жуық жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатқан. Студенттер мен магистранттар, докторанттар шетелдік университеттерде тағылымдамадан өтіп, халықаралық деңгейде білімін толықтыруға мүмкіндік алады. Бұл олардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, еліміздің интеллектуалдық әлеуетін көтеруге жол ашады.
Университеттің басты артықшылықтарының бірі – өзінің заманауи кампусы. Алматы қаласының жүрегінде орналасқан, табиғатпен үндескен кең де көркем кампус – студенттік өмірге қолайлы орта қалыптастырады. Мұнда жайлы жатақханалар, заманауи дәрісханалар, зертханалар, спорттық кешендер, кітапхана, цифрлық ресурстармен жабдықталған оқу залдары – бәрі бар. ҚазҰУ - дың студенті болу – тек білім алу ғана емес, шығармашылықпен айналысуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, спорт пен өнерде өзін дамытуға мүмкіндік алу.
Ғылым жолына бет бұрған жастар үшін ҚазҰУ – үлкен зертханалық алаң. Мұнда ғылымның түрлі салалары бойынша зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Университет қабырғасында ғылыми жобалар мен стартаптар қолдау тауып, жас ғалымдардың бастамалары өміршең идеяларға айналуда. Экология, биотехнология, жасанды интеллект, «жасыл» экономика сияқты бағыттарда тың жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар, ҚазҰУ – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, заманауи өркениетпен үндестікте дамып келе жатқан рухани орда. Мұнда білім мен тәрбие егіз ұғым ретінде қарастырылады. Әрбір студентке тек маман емес, елінің болашағына жауапты азамат ретінде қарау – ҚазҰУ - дың басты миссиясы. Ұлтқа қызмет ету, адалдық, әділеттілік, еңбекқорлық – осы қағидалар студенттер бойына сіңіріледі.
ҚазҰУ - да студенттер мен оқытушылар арасындағы қарым - қатынас ерекше сенім мен өзара құрметке негізделген. Университеттің профессорлық - оқытушылық құрамы – өз ісінің нағыз шеберлері, ғылыми дәрежелері жоғары, халықаралық аренада мойындалған мамандар. Олар тек білім беріп қана қоймай, шәкірт жүрегіне шоқ салып, болашаққа жол сілтейді.
Бүгінде ҚазҰУ – тек оқу орны ғана емес, нағыз идеялар орталығы. Мұнда студенттер өз бастамаларын жүзеге асырып, қоғамға пайдалы жобаларды өмірге әкеліп жатыр. Волонтерлік қозғалыс, әлеуметтік жауапкершілік, экологиялық мәдениет – ҚазҰУ жастарының күнделікті өмірінің бір бөлшегі. Бұл – университет тәрбиелеп отырған жаңа ұрпақтың жарқын бейнесі.
Уақыт алмасқан сайын білімге, ғылымға деген талап та өзгеруде. Бірақ өзгермейтін бір нәрсе бар – ол ҚазҰУ - дың сапаға, жаңашылдыққа және адамгершілікке негізделген құндылықтары. Бүгінде ҚазҰУ – болашақ көшбасшыларын тәрбиелейтін, елдің ертеңіне үміт сыйлайтын, білім мен даналықтың қайнар көзіне айналған ұлы мекеме.
ҚазҰУ – армандар орындалатын орын. Мұнда білім алуға келген әрбір жас жаңа өмірге қадам басып, болашаққа сеніммен қарайды. Бұл сенім – ҚазҰУ - дың берік іргетасына, бай тарихына және жарқын болашағына негізделген.
Байжұма Жандос Ескендірұлы, PhD, жылуфизика және техникалық физика кафедрасының доцентінің м. а.;
Сабырова Айгерім Ғалымжанқызы Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ - нің стандарттау және сертификаттау мамандығының 1 - курс магистранты
ҚазҰУ – болашаққа жол ашатын білім ордасы
- ramuk_b
- 22 сәуір 2025
- 23
- 0
- 0
Ілмек сөздер: ҚазҰУ, білім ордасы, үлкен зертханалық алаң
Ұқсас жаңалықтар:

Қазақстандағы ғылым мен білім: ҚазҰУ - дың болашақ көшбасшыларды дайындауда ...
Әл - Фараби атындағы ұлттық университеті (ҚазҰУ) — Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі және Қазақстанның негізгі білім беру орталығы....
Қазақ ұлттық университетіне 90 жыл: Тарих, жетістіктер және болашаққа бағда ...
2024 жыл – Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі үшін маңызды кезең. Себебі елдегі ең ірі әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі – әл-Фараби...
ҚазҰУ – биік белестерге жетелейтін білім ордасы
Барлық саланың қарыштап дамып, өркендеп өсуі, биік белестерге көтерілуі білім мен ғылымның даму қарқынына байланысты екендігі сөзсіз, яғни маңызды...
Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасы: құрылу тарихы және пайдалану ережел ...
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының шетелдік студенттері ҚазҰУ...
Білім мен болашаққа жол ашқан - ҚазҰУ
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, студенттердің шығармашылық белсенділігін дамыту мақсатында өткізілген “Білім мен болашаққа жол ашқан - ҚазҰУ ”...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.