«Балапан ұяда не көрсе,
Ұшқанда соны алады.»
Өнеге - ұлағатты адамдардың ұрпаққа көрсететін үлгісі.
Өнеге адамдардың тәлім – тәрбиелілігі, үлгілілігі, саналылығы ережелерінің жиынтығы ретінде көрінеді. Ұрпаққа өнеге көрсететін иманды, зерделі, инабатты кісілерден адамдар жақсылық пен қайырымдылықты, адамгершілік пен ізеттілікті үйреніп, оны өздеріне үлгі тұтады.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы ұлттық өнеге көріністері адамның бойында кісілік, инабаттылық, парасаттылық секілді асыл қасиеттердің
қалыптасуына игі әсер ететін ұлттық тәлім - тәрбиенің қайнар көзі болып саналады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «білім беру» ұғымының мақсаты «.... қоғам мүшелерінің жоғары адамгершілік, парасаттылық, мәдени, физикалық деңгейінің дамуына және кәсіби біліктілігіне қол жеткізу болып табылатын тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз процесі» деп нақты анықтама берілген. Білім берудің шынайы мақсаты – адамды белгілі бір білім қорымен
қаруландыру ғана емес, білім алушыны рухани, адамгершілік тұрғыда дамыту, өнегелі өмірлік өскелең жолға бастау. Қазіргі педагогика ғылымы тәрбие саласындағы басым міндеттердің бірі ретінде жас ұрпақты ғасырлар бойы салт санамыз – арқылы жасалып, өмірге келген халық даналығы мен ұлттық өнегені меңгеру қажеттігін көрсетіп отыр. Балалардың қазіргі өмірден өз орнын табуына, өз бойындағы табиғи дарыны мен адами қабілетінің ашыла түсуіне көмектесудің мәні бүгінгі қоғамдық – әлеуметтік жағдай мен әлемнің жаңғырып дамуына орай тіпті арта түсуде. Әсіресе қазіргі ел өркендеуінің өтпелі кезеңінде көрініс беріп отырған кей келеңсіз жағдайлар тұсында рухани – адамгершілік тәрбиесінің ерекше маңызға ие екені айқын аңғарылуда.
«Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының «Өзін – өзі тану» рухани – адамгершілік білім жобасы жан – жақты дамыған тұлғаны
тәрбиелеуді көздейді. Өзін – өзі тану баланы өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзгелердің талқылауына тәуелді болмауға, өзін - өзі жетілдіруге, рухани өмірде және өмірдің алуан түрлі жағдайларында өзінің бағыт – бағдарын жасауына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікке сезіне білуге тәрбиелейді.
Халқымыздың сан ғасырдан бері даналығына құлақ салсақ «Адамның бақыты – балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрін түсінген
адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек.
Олай болса адам өмірінің мәні – өз ұрпағы.
Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата – ана алдында
нәзікте қиын, қыр – сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол бала – тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ата – ана, балабақшада – тәрбиеші. Бала үшін ата – ана мен тәрбиешіден артық ұстаз жоқ.
Бала кішкентайынан кезінен бастап – ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке – шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысуы мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тапсырмаңыздың аяғына дейін орындағанды қадағалаңыз жөн. Сонда балаңызды жауапкершілігі артады, сіздің көрсеткен үлгі өнегеңізді өзіне алады. Бала алдында жанұяның, педагогтардың әдептілік танытып үлгі көрсеткені, болашақтағы еліміздің азаматтарын тәрбиелеудегі бір жолы деп есептеуге болады.
Барлық өнеге отбасынан, балабақшадан басталады.
Балаларымыздың бойына сіңген ізеттілік – дөрекілікке, қайырымдылық – қатігездікке, адалдық – арамдыққа ауыспасын деген тілегімізді орындау – ұрпақ алдындағы ұлы міндет деп түсінейік.
Атырау қалалық білім бөлімі
№14 «Нұрай» балабақшасы
Балабақша директоры
Шалабаева А. Б.
Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.