Отбасы - бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік
Қазақстан Республикасының Конституциясында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата - ананың табиғи құүқығы әрі парызы»деп отбасының міндеті анық көрсетілген. «Қазақстан - 2030» бағдарламасында балаларымызды алыс болашақта қандай сапада көруіміз керектігі туралы айтылған. Сонымен бірге «Отбасы туралы Заң»,»Жоғары және орта білім тұжырымдамасында» әрбір отбасында өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген. Сөйтіп, отбасының әуел бастан - ақ өзіне тән киелі міндетін орындау қажеттілігі бекемделе түсті.
Отбасы - баланың ең жақын әлеуметтендіру ортасы қатарында өмірдің мақсаты, оның құндылықтарын біліп, өзін қалай ұстау керектігі туралы алғашқы мәліметтерді береді және онда басқалармен қарым - қатынас орнатуына іс жүзінде дағдыланады. Сөйтіп өзінің «кім» және «қандай» екенін практикада сынап байқап көреді. Отабасында әртүрлі жағдаяттар мен төтенше ахуалдарда өзін ұстаудың нормаларын, мінез - құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Ата - ананың үгіт - насихаты, түсіндіруі, олардың үлгі - өнегесі, үйдегі ахуал, отбасының психологиялық тынысы арқылы балалардың әдеті, мінез - құлқы, жақсы - жаманды бағалау критерийлері қалыптасуымен қатар қандай қылықтары үшін сөгіс алып, не үшін жазаланатынын, әділдік пен адалдық туралы ұғынып түсінеді.
Перзент үшін дүниеде ең жетілген, білімді де мәртебелі адам - оның ата - анасы. Ал, ең әдемі де жарық үй - оның туылған үйі. Сондықтан да жас баланың дамуына ата - ананың орны ерекше.
Отбасы тұлғаның әлеуметтенуін қамтамасыз етеді, оның тәндік, моральдық және еңбектік тәрбиесіне болған мүмкіндіктерді мейлінше шоғырландырып, іске қосады. Қоғамның азамат мүшесі отбасыдан бастау алады, қоғам келбеті отбасыдан көрінеді. Отбасының аса маңызды әлеуметтік қызметтері - азамат тәрбиелеу, патриот қалыптастыру, болашақ жанұя игерген кемелдендіру және мемлекет заңдарын мойындап, құқықтарын сауатты пайдалана білетін қоғам мүшесін жетілдіру.
Балалар өз бойынан ата - анасының бар болмысын көрсетсе, керісінше ата - аналар да өмірінің жалғасын балаларынан көреді. Әсіресе, балаларды жас кезінен бастап тазалыққа, жинақы - ұқыптылыққа, еңбекті сүюге және оның қадір - қасиетін түсінуге, үлкендерді соның ішінде жасы үлкен қарттарды құрметтеуге және оларға мейіріммен қарауға, ал өзінен кішілерге қамқор болуға үйрету ежелден келе жатқан тәрбие құндылықтары болып саналады. Ата - аналар өсіріп отырған ұл - қыздарын жағымсыз қылықтардан сақтандырып отырған. Сондықтан да баланың бойынан көрінген кейбір арзымайтын кемшіліктерді дер кезінде түзеп, ескерту жасап тұрудың маңыз үлкен болған. Себебі бүгін арзымайтындай болып көрінген кішкентай қателік, ертең үлкен бір даулы мәселеге жол ашып беруі мүмкін. Ал мұның соңы жақсы нәтижеге алып келмейтіні рас.
Отбасында жасы кіші балаларды ұқыптылық негізінде тәртіпке салу, мәдениетті етіп тәрбиелеу, оларды өздерінен үлкендерді құрметтеуге, оларға «сіз» деп сөйлеуге, сәлемдесу ережелеріне мән беруге, жағымсыз қылықтардан өздерін аулақ ұстауға үйретіп бару да өте қажетті маңызды мәселе.
Кейбір ата - аналар өз перзенттерін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді немесе отбасындағы өнегелі тәрбие мөлшеріне немқұрайдылықпен қарайды. Ал мұндай көріністер баланың бойында кері қасиет пайда болуына тікелей жағдай тууына себеп болады. Бұндай қолайсыз жағдайларға тап болуына баланың өз ата - анасы кінәлі емес деп қалай айта аласыз. Бірақ осындай ата - аналар өз кемшілігін сезініп, өздері мойындай да бермейді. Бұл тәрізді жағдайлар аз болса да өмірде кездесіп тұратын шындық.
Қаншама ата - ана болса, баланы тәрбиелеу әдістері де, түрі де соншалықты болатыны анық жағдай. Олаға: жылы сөзбен көндіру, көнбесе қорқыту, айқайлап үркіту, мақтау мен мадақтау, қаталдық құрсауына салу, жазалау т. б. Әдістер ата - аналар таңдаған тәрбиелік бағыт - бағдарға тәуелді келеді: біреулері өз баласын тіл алғыштыққа тәрбиелегісі келеді, осыдан олардың таңдаған әдісі ересектер талабын мүлтіксіз орындатуға бағдарланады. Екінші біреулері дербес, өз бетінше ойлай білуге негіз болар тұлғалық қасиеттерді орнықтыруды көздеп, осыған сәйкес әдістік жолдарды таңдастырып, қолданады.
Отбасылық тәрбие арасында ата - аналар баршаға бірдей ортақ жалпыланған әдістерді пайдалану үрдіске айналған. Мұндай әдістер түрі: сендіру, жазалау, кей отбасыларда педагогтер кеңесі мен тәрбиелік жағдайлар әдейі жасалып қолданылады.
Ал ата - аналар тәрбиесі әдістерін іріктеу мен қолдануда мына жағдайларды ескеруі керек деп ойлаймын.
1. Әрбір ата - ана өз баласының болмысын жете тани білуі қажет.
2. Ата - аналардың жеке тәрбиесі мен беделі, отбасында орнатқан қатынастар сипаты.
3. Ата - аналардың тәрбиелік істерінің бірлігі, іс - әрекеттер әдістерінің басымдығы болуы.
4. Ата - аналардың педагогикалық мәдениеті, тәрбиелік ықпаладардың қыр - сырларын үйренуі, тұрмыстық қажеттілікке айналдыру.
5. Отбасылық тәрбие ережелері.
Отбасындағы жалпы қарым - қатынас, үйдегілердің бір - біріне деген сый құрметі немесе басқалармен болған байланысы, сөз шеберліктері, яки болмаса, жағымсыз қылықтары жас баланың қалыптасуына үлкен әсер етеді. Әсіресе, отбасындағы ата - аналардың ажырасып кетуі, ортада қалған балаларға қатты әсер етеді. Соның салдарынан анасыз немесе әкесіз тәрбиеленген балалар жасық немесе кекшіл, көңілі жарым болып өседі. Ал ата - анасы ішімдікке салынып, бір - бірімен жанжалдасып, адамның көңіліне дақ түсіретіндей сөздермен бір - бірін балағаттау, осындай кикілжің отбасындағы ұрыстардың кесірінен өз балаларын да ұрып - соғу немесе баланың әрбір сөзіне жеки жауап беру де баланың психологиясына кері әсер етеді. Кейде осы үйдегі ұрыс - керістің салдарынан көрші - қолаңдармен де керілдесіп қалу, сөйтіп олармен де жанжалдасып, айқай - шу көтеруі, сол өздері тұрған жердегі адамдардың да тыныштығын алуы, ол үйге деген өзгелердің де пікірін өзгертіп, балаларын оларды балаларынан аулақ ұстауы сол үйдегі өсіп жатқан баланың мінезіне әсер етіп, бала тұйық, жасқаншақ болып өседі және осы жағдай балаға теріс әсер етеді. Өсіп келе жатқан бала мұны тез және өзіне жақын қабылдайды. Отбасындағы кез келген жағдаятта ата - ана мен үйдің үлкендері бала алдындағы сөздері мен іс - әрекеттерінде әдептілік танытқаны жөн. Мсыал ретінде алатын болсақ, ата - ана арақ пен темекінің көптеген зияндығын біле тұра, баланың құлағына соны құя тұра, балалардың көзінше өздері арақ ішіп, үсті - үстіне темекі тартса, одан ешқандай жақсы тәрбие ала алмайтыны анық нәрсе. Мұндай жағдайда бала басқа өмірді аңсайды, не болмаса теріс беріліп отырған тәрбиеге тез бой алдырады. Ал егер осы теріс жолға бала мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өскені дей беріңіз. Болашағында бақытсыз қыз бен келешегі жоқ бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда кінәні кімнен іздейміз?
Осы жерде тағы бір айта кетерлік жайт, ата - ананың бір - бірімен болған қарым - қатынасы. Мәселен, біздің халықта ер адамды ұлық тұтқан.. Ол – үйдің отағасы, балалардың әкесі. Ата - ананың бала өсірудегі басты мақсаты - қоғамдық өмірге көпшілікпен қатар «түзу кірпіш» қалау. Үйде анасы жұбайын құрмет тұтып, оның абыройын балаларының алдында көтеріп ұстаса, бала да әкесіне ұқсап, беделді болып өсуге ұмтылады. Керісінше, әке де зайыбына жылы сөйлеп, оны «ана» деп құрметтесе, балалар ананың өмірдегі құдіретін түсініп, оның көңіліне қаяу салмауға тырысады. Ал үйдегі ата мен әженің орны ерекше екенін айтып өту орынды. Олардың сөзін жерде қалдырмай, өмірден көрген тәжірибелерінен сабақ алу - таптырмайтын өмір мектебі десе де болады.
«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді дана халқымыз. Осы айтылған халық даналығына келсек, бала кішкентай кезінен - ақ әр нәрсеге әуестеніп, үлкендерге көмектескісі келіп өседі. Баланың бұл іс - әрекетіне кейбір ата - ананың «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрсып жіберетіні бар. Бұл - қате түсінік.
Дана халқымыз: «Адамның бақыты - еңбекте» деп бекер айтпаған. Шынында да, адам өз қадірін, құрметін сол адал еңбегі арқылы алады. Ата - аналар балаларын жастайынан – ақ еңбек етуге, қандай қиыншылықтар болса да төзіп, оны жеңуге үйретіп келген. Олар бірер жұмыс істегенде перзенттерін жанына алып, олар ығыр болып кетпейтіндей дәрежеде жайлап түсіндіріп, үйретіп отырса, балалар жұмысты тындырымды істеуге қалыптасады. «Әкенің кәсібі, ананың рәсімі» деген қағиданы ұмытпауымыз керке екен. Яғни, балаларды жастайынан әке кәсібіне, ал қыз балаларды анасының рәсіміне баулу бұрыннан келе жатқан дәстүріміз.
Балалармен әңгімелесуге де уақыт тауып отыруымыз қажетжәне олардың сан алуан пікірлерімен санасып, есепке алып отырған орынды. Өз туған баласымен түрлі тақырыпта ашық сөйлесе алмайтын, сырласа білмейтін ата - аналар да жеткілікті. Олар оны «Күндізгі уақытта екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үйдің тірлігінен қол босамайды, баламен отырып сөйлесуге уақыт та, шама да жоқ» деген себеппен түсіндіреді. Бұл дұрыс емес бала тәрбиесіндегі өте дөрекі қателік болып саналады. Баламен ашық сөйлесу үшін арнайы уақыт бөлудің де қажеті жоқ. Ата - ана өз балаларымен үй шаруасында жүріп - ақ әңгімелесуіне болады. Бұл ата - ана жағынан жасалған іс - әрекеттер келешекте ата - ана мен бала арасындағы қарым - қатынастың сенімді деңгейде болатынын болжайды.
Адамзат қоғамының даму тарихында ғасырлар бойы қоғамды құраушы жеке адамдардың мінез - құлық жағынан пісіп - жетілуі, қалыптасуы әр заман, әр ұлт ойшылдарының санасынан терең орын алып, пікір күресін тудырып келген. Жалпы шығыс пен батыс гуманистерінің бәрі де «Дүниенің ең асылы, юағалысы - адам, ал оның бақыты - бала» деп білген.
«Адам бақыты - бала» деген ғұлама ойшылдарының пікірін біздің қазақ былай тұжырымдайды: «Адам бақыты - бала, егер ол саналы болса». Сондықтан қазақ құдайдан бала сұрағанда
«О, құдай, бала - бер,
Бала берсең - сана бер!
Санасыз болса,
Қайта өзің ала бер» дегенінен сан ғасыр бойы өз ұрпағын «сегіз қырлы, бір сырлы» өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар - ожданы жоғары, намысқой азамат тәрбиелеп келгені - тарихи шындық.
Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі - бала. Дүниеге келерінде де, келген соң да әке - шешесін боямасыз татулыққа, сыйластыққа, ынтымаққа шақыратын, ата - ана көңілін жақындастыра түсетін - бала. Перзентсіз үйдің бар жұбанышы бүгінгісі ғана, оның өзі де өткінші екенін, ертеңгі қуанышы, қызығы қырқылып, үзіліп қалатынын әділетшіл халық ашық та айтады, ашып та айтады. Сондықтан да ол «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп түйеді. Бұл - халықтың қамын қарастыру, елдікті ойлау, елдің ертеңгісі жөнінде қам жеу. Осы ойды ертеден келе жатқан «Ата - бәйтерек, бала - жапырақ» деген бейнелі мақал да растайды. Әрине, өсетін, өрбитін ағаш жылда бүршік жарады, жапырақ жаяды. Болашағы бар деп осыны айтады. Келешекке үміт артуды көп балалы болумен де ұштастырыды халық.
Отбасы қарым - қатынасындағы қуатты күшке ие көзге көрінбейтін ықпал, әсер дегенді бала ақылымен пайымдай алмаса да, сезініп түйсінеді. Ер бала болсын, қыз бала болсын әке - шешесі не істесе де оған үлгі, өнеге, содан үйренеді, көргенін бірде болмаса, бірде қайталайды. Баланың балғын ойы мен сенімі - алдында ең беделді тұлға әке, әлеуетті, ақылды, білімдар әке.
Ата - ананың ықпалы өзінен - өзі бола қалмайды, балалар олардың қылықтарын көздерімен көреді, ал бір көргенін тағы бір, сосын тағы бір рет көрген соң, ол мәңгі есте қалып, санасынан мықтап орын алады. Естігені де осы қағида бойынша бір, екі, үш рет естіген соң құлағында, ойында қалып қояды да, кезінде дереу дайын формула секілді санадан қалқып шығып, іс - әрекетке айналады.
Балаға отбасы мүшелерінің сөзі, мінез - құлқы ғана емес, ондағы қоршаған заттар да әсер етеді. Үйде кітап көп болса, отбасы иелері - әкесі мен шешесінің ұстағаны қағаз, қалам, оқығаны кітап болса, баланың да көз ашып көргенінің қаншалықты әсерлі болатыны ғылыми - педагогикалық, көркем әдебиеттерде де айтылып келеді. Баланың естігені оқу - ғылым жайлы болса, әке - шешесінің сөзі де сол болса, ондай баланың болашақта таңдап алар жолы да соған сәйкес болмақ, әрине егер ата - анасы соған оны тарта білсе.
Қазақ халқы әсіресе өмір гүлін үздіксіз егетін ананың ақ сүтін, адал еңбегін айрықша атайды. «Ажалды ана жеңеді, ана жеңбесе бала жеңеді» деп ана арқылы өмір желісі үзілмейтінін, бала арқылы жалғасатынын парасаты биік, білгір халық бейнелеп білдіріп отырады.
Бұзақылықтың басы – баланың бос жүруінен басталады. Үй шаруасына қол жұмсамай өскен бала өсе келе қолы бостығынан, зеріккендігінен үйден тыс теріс әрекетке беріледі, қисық жолға түседі. Оған қоса кейбір ата - аналар түрлі сылтау айту салдарынан балаларын өтірік айтуға үйретеді. Кейде сабақты жиі қалдырған балаға әртүрлі сылтауды тауып айтуды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда ата - ана балаға өтірік айтуды үйретіп отырғанын аңғармай да қалуы мүмкін. «Жас шыбықты қалай исең, солай өседі», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақалдар осыған дәлел. Сондықтан ата - ананың берген тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдыратынын ескерген жөн. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарытуда оларды дамыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, баланың бойында табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау - ата - ананың басты парызы.
Бала тәрбиесі игілікті іс деп саналады. Бала - табиғатынан өте құмарпаз, әуесқой және тынымсыз айнала зерттеушісі. Әр бала басынан сипағанды, жылы сөйлегенді, аялап еркелеткенді, ертегі мен әңгіме тыңдағанды, ойын ойнағанды ұнатады. Мұның барлығы - баланың бойындағы ересектерден ерекшеленіп тұратын негізгі қасиеттер. Бұл қасиеттер тек балаға ғана тән. Сонымен қатар осы қасиеттерді баланың жастайынан ата - анасы ескеріп тәрбие бергені дұрыс, ескерілмей қалған жағдайда балалық шағынан шыққан ересектің жағымсыз қылықтары мен іс - әрекеті ата - анасына таяқтай тиеді, баланың болашағы болмайды. Осыған қоса баланың сезімі де пәк екенін естен шығармаған жөн. баланы періштеге теңеу осыдан шыққан ба деген ой келеді.
Отбасында баламен қарым - қатынас жасау үшін ата - аналарға мына түрдегі кеңестерді ескерген артық болмас деп ойлаймын.
- баланы бар қалпында сүйіп, оны бала екеніне қарамастан құрметтеу қажет;
- баламен қарым - қатынас барысында оның санасына әсер ететін құрғақ сөз емес, керісінше сол сөздің қалай айтылғаны мен шын көңілден шыққанын ескерген жөн;
- баланың не айтқысы келетінін ата - ана түсініп алып, жауап қайтарғаны жөн, ал асығыстық жасаған жағдайда қорытынды жасаудан сақтанған дұрыс;
- бала жасаған келеңсіз іс - әрекеті үшін ата - ана жаза қолдана білгені жөн, ол баланың жауапкелікті болып өсуіне ықпал етеді. Бірақ ешуақытта баланың намысына тиіп, қорламаңыз, себебі бала жаман емес, оның қылығы жаман.
- бала жөнінде басқалар (мұғалімдер, көршілер) тарапынан айтылған сын пікірлерден қорытынды жасаудан бұрын оның өзімен әңгімелесіп, жасаған іс - әрекетінің себебін анықтап болған соң шешім қабылдаған жөн, жұрт алдынды балам үшін беделімді жоғалтамын деп қорқудың қажеті жоқ, керісінше өз балаңның сенімінен айырылмағаның дұрыс;
- балаға үйрететініңді алдымен өзің үйреніп, біліп алғаның жөн;
- күнделікті балаға қанша рет «жоқ» деп, бетін қайтаратыныңызға мән беріңіз, шыққан қорытындыдан шешім жасаңыз. Отбасында бала ата - анасына түгелдей тәуелді екенін ұмытпаңыз;
- бала жастығына қарамастан, ата - ана тарапынан қадағалағанды жек көреді, өз өміріне тек шын ықыласпен араласқанды ғана ұнатады. Бала табиғатынан ата - анасын сүйеді;
- ата - ана баланы қиындықтардың құрсаында жалғыз қалдырмауға тырысқаны жөн.
Бала тәрбиесінде қолданылатын басты әдістер, бұл - үлгі - өнеге, бірлікті еңбек, әңгіме - сұхбат, баланы қолдау мен қуаттау және қорғау. Бала ата - аналар арасындағы байланысқа, басқа адамдармен қарым - қатынас орнатуына, отбасы ішіндегі тұрмыс - тіршілігіндегі жағдайларға, барша отбасылық іс - әрекеттерге қатысады. Сондықтан да баланы тәрбиелеу үшін арнайы шарт, жағдайлар жасаудың тіпті де қажеті жоқ, тек қана ата - ана мен отбасы мүшелері тарапынан дұрыс, инабатты, адамгершілік әдебі сақталған қарым - қатынас арқылы баланы тәрбиелеп, өз болашағында осы қасиеттерді басты ұстаным етіп алуын ұғындырған жөн.
Ендеше бала тәрбиесінде «ұсақ - түйек» деп атап, мән бермей қалдыра салатын ешнәрсе жоқ және еш қателесуге қақымыз да жоқ. Бала - әр отбасының бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік, ағайын.
Отбасы - бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік
- Гүлнара
- 30 сәуір 2013
- 11259
- 0
- 0
Ілмек сөздер: отбасы, ата-ана, тәрбие, бесік, бала
Ұқсас жаңалықтар:
Мектепке дейінгі білім беру ұйымы мен отбасынының өзара әрекеттесу жағдайын ...
Серіктестік пен ынтымақтастық негізінде отбасы мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балаларға қойылатын біркелкі талаптармен біріңғай білім...Отбасылық құндылықтар: Қазіргі қоғамдағы отбасылық құндылықтардың жоғалуыны ...
Отбасылық құндылықтар дегеніміз - бір-бірін сүйіп қосылған жанұялардың отбасын сақтау үшін қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Әрбір...Балабақша мен отбасы - бұл баланың өмір сүру ортасы
«Тәрбиелі - тәртіптің құлы, тәртіпті - елдің ұлы» деп, халық қаһарманы Б. Момышұлы айтқандай, еліміздің ертеңгі болашағы жас буынды имандылық пен...Отбасы - бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік
Қызылорда облысы, Арал қаласы № 220 орта мектебі бастауыш сынып мұғалімі: Ибраймова Гүлнар...Отбасындағы тәрбиенің ерекшеліктері
Қызылорда облысы, Арал қаласы № 220 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Зекенова Рима...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.