Сайтқа кіру Тіркелу

Болашақ ұрпақтың бойында ұлттық патриотизм сезімін қалыптастыру жолдары

Болашақ ұрпақтың бойында ұлттық патриотизм сезімін қалыптастыру жолдары.

Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа рухани – патриоттық тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ұлттық намыс, мінез - құлық, тектілік, отансүйгіштік, яғни, рухани - патриоттық құнды қасиеттерді сіңіріп, тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші роль атқарады. Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік - отбасы, ата - ана тәрбиесі болса, екінші бесік - білім беру мекемесі.
Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие - адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Заман талабына лайық тәрбие білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет етеді. Жас ұрпаққа білім беруді жетілдіру мәселесі толассыз күн сайын өзгеріп тұрған әлеммен бірге жүрері анық. Балабақшада берілетін тәрбие - барлық тәрбиенің бастамасы, әрі жан - жақты тәрбие мен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне балабақша ошағының тигізер әсерінің маңызы зор.
Баланың бойында адамгершілік патриоттық тәрбиені қалыптастырудың негізгі міндеттері мына жайлармен түйінделеді.
• Ізгілік бастамасымен тәрбиелеу. Өз отбасына, балабақшасына, туған қаласына, көшесіне сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарау.
• Табиғатқа қамқорлықпен қарау.
• Еңбекте - еңбек сүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу.
• Қазақ халқының салт - дәстүріне қызығушылықпен қарау.
• Мемлекеттік рәміздермен таныстыру. Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғарғы оқу орындарына дейінгі орталықтарда барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу - мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы» - деген еді. Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде Отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік мүдделері болады. Ол ең алдымен, «ұлтжандылық», «отансүйгіштік», «патриотизм», ұғымдары сол заманның ақиқаты - наным - сенімінен туындайды. Еліміз егемендік алғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы - қазақстандық патриотизм болды.

«Қазақстандық патриотизм» ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси - әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін көрсетеді. Елімізде жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың өкілі өмір сүруде. Қазақстан олардың көпшілігінің туған отаны және бұдан былай да мәңгі тұрақтап қалар мекені болмақ. Сондықтан олардың әрқайсысы Қазақстанды ата - жұртым деп танып, оның тәуелсіздігін қорғауға және материалдық байлығын арттыруға еңбек етуі тиіс. Сол себепті қазақстандық патриотизм ұғымы күнделікті өмірде жиі қолданылып, кеңінен қалыптасып келеді.
Отаншылдық сезім – адамға туа біткен қасиет емес. Ол адамның саналы өмірімен қабаттас қалыптасатын психологиялық, саяси - әлеуметтік құбылыс. Патриоттық сезім жалпы адам баласының еліне, жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын түйсінуін, қуаттап қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Осыған орай Н. Ә. Назарбаев, - патриотизмді «әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде - бір ұлтпен қарама - қайшылық туғызбау» - деп белгілеген.

Егемендік алған бастапқы күндерден - ақ патриотизм ұғымы, оның мазмұны төңірегінде пікірталас жүріп келді. Одан, «ұлттық патриотизм», «қазақстандық патриотизм» - деген екі ұғымның туындағаны белгілі. Бірақ, өсіп келе жатқан жас буындарды отаншылдыққа тәрбиелеуде бұл екі ұғымның қайсысын ұстанған жөн; олардың мазмұндық құрылымы қандай ой - тұжырымдар жүйесінен тұрады; бұдан былайғы кезде жастарды патриотизмге бұрыннан қалыптасқан әдіс - тәсілдері, формалары мен мазмұнын қолдануға бола ма?, - деген сияқты көптеген проблемалар туындап отыр.
Бүгінгідей демократиялық бағыт ұстанып отырған қоғамда, балалар мен жастардың тағдыры өздеріне, отбасының материалдық ахуалына байланысты болып отырған жағдайда патриотизмнің маңызын айқындау басты мәселелердің бірі екені даусыз.

Өсіп келе жатқан жас буындардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру үшін: әр ұлттар мен ұлыстар тек өз мәдениетін ғана танып білуі жеткіліксіз, сонымен қатар олар бір - бірін танып біліп, құрметтеуі тиіс. Сондықтан бала бойына халқымыздың мәдениетін, әдет - ғұрпын, тарихын кішкентайынан сіңіре білгеніміз жөн. Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда тіл дамыту, көркем әдебиет пәндерінің алатын орны ерекше. Отанын сүйген, елін, жерін қорғаған батырларымыздың ерлігі, ақындардың елін сүюге шақырған өлең - жырларының балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда маңызы зор. Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі - Отан десек, оның мазмұны: туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы. Қасиетті сезім ананың сүтімен бірге өзінен - өзі келмейтін баланың бойында біртіндеп қалыптасатын құдіретті сезім. Бұл сезім әркімде әр кезеңде оянып, кейін кәмелетке келгенде біржола буыны қатып, тәжірибемен, уақытпен, біліммен, қоршаған ортаның ықпалымен, балабақша, отбасы, мектеп, жоғарғы оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар әсерімен қалыптасады. Патриоттық сезім тұлғада тәрбие арқылы өсіп жетіліп патриоттық сана түрінде қалыптасады. Сондай - ақ жеке адам өз ұлтының қасиеттерін бойына сіңіруі керек.

Патриотизмге тәрбиелеу үрдісінің танымдық мәнін естен шығаруға болмайды, бірақ ол әрбір тәрбиеленушіде патриоттық сана, патриоттық сезім қалыптастырудан бастау алғанда ғана тиімді болмақ. Сондықтан педагогтар ұйымдастырылған іс - шараларында біріншіден терең патриотизм – Отанға, Қазақстанға, өз халқына деген сүйіспеншілік; екіншіден - халықтар достығы идеясын ұстануды мақсат етулері керек. Біздің балабақшамызда да осы бағытта біршама іс - шаралар жүргізілуде: мысалы, «Әсем қалам, саған арнаймын» интеллектуалдық марафон, «Отаным - Қазақстан» атты сайысы, «Тәуелсіз ел тұғыры - білімді ұрпақ» атты ашық оқу қызметтері.

Әдебиеттер:
1. «Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің
2006 - 2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қ. Р. Президентінің жарлығы.
2. «Мектепке дейінгі білім» Республикалық ғылыми - әдістемелік журнал.
3. Жарықбаев Қ. Қалиев С. Қазақ тәлім тәрбиесі. Алматы, 1995ж.
4. Ұзақбаева С. Тамыры терең тәрбие. Алматы: Білім, 1997ж.

Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы
№33 «Күншуақ» бөбекжай балабақшасы КМҚК басшысы
Темирбекова Жанат Акчекеновна
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×