Сайтқа кіру Тіркелу

Көрегеннің аспан көк туы

Сабақтың тақырыбы:‹‹ Көрегеннің аспан көк туы».
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Тудың, Елтаңбаның, Әнұранның мәні мен мағынасын түсіндіру Тәуелсіз Қазақстанның болашақ азаматтарын тәрбиелеудің негізін қалаушы бағыттардың бірі.
Дамытушылық: Әрбір оқушы рәміздердің мемлекеттің қалыптасу процесіндегі ролі мен мәнін терең түсініп, еліміздің мемлекеттік Туын, Елтаңбасын және Әнұранын қастерлеу рухында тәрбиеленіп, Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтемегені үшін жауапкершілікке тартылатынын сезініп, мемлекеттік нышандар туралы терең білімі болуға міндетті.
Қазақстан Республикасының рәміздері
• 1992 жылы 4 маусымда қабылданды.
• Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны 2006 жылы 7 қаңтарда өзгертіліп, жаңа әнұран қабылданды.

Елтаңба
Егеменді еліміздің Елтаңбасынан кең - байтақ Отанымыздың өткен тарихы, бай дәстүрі, салт - санасы мен жасампаз рухы толық танылады. Онда нелер бейнеленгеніне назар аударайық. Елтаңбаның ортасында шаңырақ тұр. Шаңырақты, яғни біздің бейбітшіл Отанымызды қорғау үшін, шаңырақтың биік болуы ойластырылған. Қазақта: « шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген тілек - сөз бар. Елтаңба авторлары Жандарбек Мәлібекұлы мен Шот - Аман Ыдырысұлы Уәлихан осы сөздерді басшылыққа алған.
Тәуелсіздіктің қасиетті белгілері
Елтаңбаның екі жағында да қанатты пырақ бейнеленген. Жылқы малы, жүйрік ат қазақта ерекше бағаланған. Тіпті оның шаруашылықты дамытуда, бостандық жолындағы күресте де маңызы болғанын тарихтан білеміз. Пырақ - мал шаруашылығының басым болғанын аңғартатын жиынтық бейне. Бұл тұста біздің Отанымызды қорғау, оның іргесінің берік болуы ойластырылған. Осы мақсатта жеті буыннан тұратын мүйіз таңдалған. Жеті буын бір жағынан іргесі бүтін елдікті, ата дәстүрін қастерлеу дегенді аңғартады. Жалпы, қазақ мүйізді қастерлеген. Пырақтың қанаты бір қарағанда бидайдың бауланған сәтін еске салады. Жоғарыда дәл ортада бес бұрышты жұлдыз бейнеленген. Қазақтың сан ғасырлық тарихында жұлдыздың қаншалықты маңызды болғаны белгілі. Ел жұлдызды қастерлейді. Оның атымен байланысты мақал - мәтелдер көп.

Мемлекеттік Ту
• Енді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына назар аударайық. Бәйгеден озып шыққан бұл тудың авторы - алматылық Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков. Ту неліктен көк түсті? Бүкіл дүниеге көк жүзі, аспан әлемі ортақ. Жер шары ұлттарға, мемлекеттерге және басқаларға бөлінгенмен, жоғарыдан айқара ашылған аспан ешқашан бөлінбеген, бөлінбейді де. Ал Күнге келетін болсақ, ол да баршаға ортақ. Күн сәулесі бәріне нұрын шашады, сәулесін төгеді. Оның жылуы жер бетіндегі бүкіл тіршілік атаулыға ортақ. Сондықтан да Күннің тудан орын алуы лайық.
• Қазақ халқы сонау ерте заманнан бері қыранды киелі, қасиетті құс деп есептеген. Тудан қыранның орын алуы тәуелсіздік алған Қазақстан қыран сияқты биікте болсын, ғұмыры ұзақ болсын деген ойдан туған.
• Бұлармен қатар тудан қазақтың ою - өрнегін байқаймыз. Мұның өзі Тудың ерекшелігін - қазақ елінің өзіндік сипатын, танымдық бейнесін көрсетеді.
• Егер де Туға тұтас зер салсақ, автордың оны жасағанда үлкен мазмұнды ойластырылғаны байқалады. Ол: Көк жүзінде әлемге нұрын шашқан Күн сәулесі, астында қияға қанат қаққан Қыран - тыныштықтың, баянды өмірдің белгісі, ал ою - өрнек тудың қай елдікі екенін аңғартады

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының мәтіні
Сөзін жазған – Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ
Нұрсұлтан Назарбаев
Әнін жазған – Шәмші ҚАЛДАЯҚОВ
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

Алуан - алуан ақпарат
• Көне ту. 1972 жылы Ираннан б. з. д. ІІІ ғасырда жасалған ту табылды. Ұзындығы мен ені - 23 метр. Оның бетіне қыран құстың, қос арыстанның, әулие ананың, үш әйелдің, бұқаның бейнелері ойып салынған. Бұл ең көп суретті тулардың бірі.
• Олардың арасындағы ең байырғылары - Австрия, Дания, Мальта, Жапония, Шри - Ланка және Мали елдерінің тулары.
• Тайвань туы ерекше көзге түскен сәт 1989 жылы осы елдің спорт жарысының ашылу салтанатына салмағы 820 килограмм алып ту көтерілді. Оның ұзындығы - 126, ені - 84 метр.

Тудағы бейнелер
• Қызыл түс. Әлем мемлекеттері туларында ең көп кездесетін рең. Ол барлық тулардың үштен екісінде бар. Одан кейін көп пайдаланылғаны ақ, көк, сары және қара бояулар екен.
• Ені мен ұзындығы бірдей жалғыз шаршы ту - Швейцариянікі.
• Күн бейнесі - Жапония, Тайвань, Филиппин, Уругвай туларында бар.
• Жұлдыз бейнесі - Марокко мен Израильдің туларында бейнеленген.
• Ең ірі аңның суреті - Шри - Ланканың туында бейнеленген. Онда арыстанның суреті бар.
• Ең ірі құстың суреті - Албанияның туында тұр. Албандықтар өз елін “Қырандар елі” деп атайды. Ел рәмізінде екі басты бүркіт бейнеленген.
• Доминикан Республикасының туында тотықұстың суреті салынған.
• Ең үлкен өсімдік суреті - Канаданың туында тұр.
• Тудағы жазу. Рәміздің ең басты бөлшегі. Ол Сауд Арабиясы елінің туында бар. Онда: “Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның пайғамбары” деген сөйлем жазылған. Иранның туында “Аллах акбар” (Алладан басқа құдай жоқ) деген сөйлем 22 рет жазылған. Бразилия туында Ordem E Progresso (тәртіп және прогресс), Руанда туында “R” (Р) әрпі таңбаланған

Қазақтың ежелгі ру таңбалары
• Олар әр түрлі геометриялық пішіндерді еске салады. Олардың басты ерекшеліктері - нақтылық пен қарапайымдылық. Елтаңбалар қол орнына жүретін мөр ретінде де пайдаланылып келген. Олардың әр түрлі бейне - пішіндері тастағы жазуларда, сан алуан материалдық үлгілерінде, археологиялық қазбалар кезінде табылған көне мөрлер мен металл ақшаларда жиі ұшырасады.
• Қазақ тайпалары мен руларының төл таңбалары бейнеленген ғылымға белгілі алғашқы теңгелер VІ - VІІІ ғасырлар шамасында дүниеге келген деп есептеледі. Отырар, Тараз және басқа бірқатар көне қалалардың өз ақша сарайлары болған.
• Елтаңбаларды тулар мен жалауларда, мөрлер мен металл ақшаларда пайдалану дәстүрі бар. Билеушілердің аты - жөндерін жазып қою үрдісі де кездеседі.

Тарихқа терең үңілсек...
“Бөрілі байрақ” Осылай аталатын ежелгі ғұндар мен түркілер көтерген көне байрақтар үш бөліктен тұрған. Олар - ту, найза және оның ұшындағы ту байлар темір. Ту - терісімен қоса кесіп алынған жылқының құйрығы болса, найзаның ұшар басына алтыннан немесе жезден, болмаса мыс тақтайшаға бөрінің бейнесін салатын болған. Бөрі бейнесінің таңдалуы оның тотемдік қызметіне және оны ер жүректілік белгісі ретінде қабылдауға байланысты. Елбасылары мен қолбасшылар өз төңіректеріндегі ең сенімді адамдарды да “ бөрі” деп атаған. “Бөрілі байрақ” атты байырғы ту қазақ рулары арасында шапыраштыларда сақталған.

“Таңбалы тас”
Қазақ халқының көшбасшылары ұлт болып ұйысудың ұлы белгісі ретінде Ұлытау бойында өздерінің ру таңбаларын тасқа қашап қалдырған. “Таңбалы тас” деп аталатын бұл жер қастерлі ұлттық рәмізге жатады, соған орай бүкіл әлем қазақтарының тізе бүгіп, тәу ететін киелі өңірлерінің бірі.

“Таңба” сөзі
“Таңба” сөзін орыс князьдері де “герб” деген мағынада қолданғаны белгілі. І - Петр патшаның әкесі Алексей Михайлович Романов қол қойған грамоталарда “герб салығы” деген ұғымды білдіретін “тамговый сбор” тіркесі кездеседі. Ғалымдардың пікірінше, орыс тілінде осы уақытқа шейін кең қолданылатын “таможня” сөзі “таңба бажы” дегеннен шыққан.
Тубегі
Ерте замандарда осындай ресми атақ, жоғары мәртебелі қызмет болған. Жоңғар жаугершілігіне қарсы күрес алдында бас әмірші болып - Әбілхайыр хан, ал тубегілікке - бас сардар Бөгенбай батыр сайланды. Мұндай шешім Ордабасындағы ұлы жиында қабылданған. Тубегін тағайындау салты кейін де сақталған. Мысалы, 1916 жылғы ұлт - азаттық көтерілісі қаһармандарының бірі - Амангелді батыр әскерінің тубегі Қияқбай батыр болған.
Көк қаршыға ”
Шыңғыс ханның туы - тоғыз шашақты үшкіл ақ мата. Ол тудың сабына үш жерден байланатын болған. Ала тудың дәл ортасында бауырына аулап алған қара қарғаны қысып, қанатын жайып, ұшып келе жатқан көк қаршығаның суреті салынған. Көк қаршыға хан әулетін желеп - жебеуші киелі құс саналады.

Әмір Темір көрегеннің аспан көк туы
ХІV ғасырда көтеріліп, бір жарым ғасыр бойы желбіреген жеңімпаз тудың түсі - біркелкі. Ежелгі түркі мемлекеттерінің: Көк түркі қағандығы (552 - 743 жж), Хазар қағандығы (651 - 983жж), Ұлы селжұқ қағандығы (1040 - 1157жж) туларымен реңдес аспан көк рәміздің ортасында даңқты қолбасы мөрінің суреті салынған.
Абылайдың ақ туы
• Ел жадында ерекше сақталған рәміздердің бірі - Абылайдың ақ туы. Ол бір түсті төрт бұрышты ақ мата. Шашақты бауы бар.
• Қазақтың ұлы ханының туының түсі - Шығыс ғұн (375 - 454жж), Ақ ғұн (420 - 562жж), Шыңғыс ханның Алтын Орда (1236 - 1502 жж.) мемлекеттері рәміздерімен реңдес. Ол б. з. д. ХІІ ғасырда дүниеге келген әлемдегі тұңғыш әскери байрақтардың түсімен де туыстас.
“Жұлдыздар мен жолақтар”
Осылай аталатын АҚШ туына 1777 жылдан бері 26 рет өзгеріс жасалыпты. Оның бәрі де аумақтық бөліністердің - штаттар санының қосылуы мен кемуіне байланысты болып отырған екен.

Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры
Ол Рахымжан Қошқарбаев. Оның есімі екінші дүние жүзілік соғыс тарихында фашизм ордасы - Рейхстагқа тұңғыш Жеңіс туын желбіреткен жауынгер ретінде қалды.
Ғажайып сыйлық
1983 жылы сол кездегі Ақш Президенті Рональд Рейганға салмағы 8 тонна таңғажайып ту сыйға тартылды. Бұл рәміздің ұзындығы - 140, ені 70 метр.
Оңтүстік Африка Республикасының туы
1994 жылы бекітілген жаңа тудың негізгі ерекшелігі - көп түстілігі. Бірнеше ұлттың өкілдері тіршілік етіп жатқан мемлекеттің рәмізі баршаның жүрегіне жақын болсын деген ниетпен алты түрлі түске боялыпты.
Қазақстан Туы
• Қазақстан Туын ғарышқа шығарған - қазақтың екінші ғарышкер - ұшқышы Талғат Мұсабаев.
• Қазақстан Туы Эверестке 1995 жылы көтерілді.
• Қазақстан Туын дүниежүзілік жарыста тұңғыш желбіреткен - көкшетаулық шаңғышы В. Смирнов. Ол 1996 жылы Лиллехаммерде өткен қысқы спорт олимпиадасының чемпионы атанды.
• Қазақстан Туы БҰҰ сарайының алдындағы дүние жүзі елдері тулары қатарына 1992 жылы қосылды.
Жаңа рәсім
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының астанасының Алматыдан Ақмолаға (1998 жылғы 6 маусымнан – Астана қаласы) көшірілуі тұсында бұрын - соңды болмаған жаңа рәсім дүниеге келді. Ол - ұлы көшті мемлекеттік рәміздердің эталондық үлгілерін жеткізуден бастау рәсімі. Тұңғыш рәсімнің “туған күні”- 1997 жылғы желтоқсанның 8 - і.

Елтаңба тарихынан...
• Қазақстандағы ресми бекітілген елтаңбасы бар алғашқы қала - Петропавл (Қызылжар). Оның елтаңбасы 1842 жылы қыркүйектің 7 - інде Ресей патшасының жарлығымен бекітілген. Бұл кезде қала Тобыл губерниясының Ақмола облысына қарайтын Петропавл уезінің орталығы болатын.
• Қазақстанда қалалық елтаңбалар ХІХ ғасырда пайда болды. Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Торғай, Орал облыстарының және бес қаланың ( Верный (Алматы), Петропавл, Семей, Торғай, Орал) елтаңбалары бар.
Қазақ КСР рәміздері
• Ол Орта Азиядағы Кеңестік Республикалардың ұлттық - мемлекеттік шекараларын межелеуге байланысты болды.
• 1925 жылы сәуірде өткен Қазақ АКСР - і Кеңестерінің V съезі қазақ халқының бұрын бұрмаланып келген тарихи атын қалпына келтіріп заңды қабылдады. Осыған орай жаңа елтаңба жобасын жасауға сайыс жарияланды. Сайыс қортындысы бойынша суретші А. С. Ивановтың жасаған елтаңбасы ең тәуір деп танылды.
• Онда шашыраған күн сәулесін түсіре айқастырған орақ пен балға, қарақалпақ тілінде “Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!” деген сөздер жазылды.

Герб
Елтаңба (герб) термині әуелде корольдердің, билік иелерінің атадан балаға мирас етіп қалдырған жерінің, басқа да меншік түрлерінің айырым белгісі ретінде қолданылған. Қазақтың “таңба” сөзінің мәні де осыған ұқсас. М. Қашғари сөздігінде (ХІғ): “Хақан не басқа билеушілердің таңбасы” деген анықтама бар.
Гимн термині
• Грек тілінен аударғанда бағдарламалық сипаттағы өлеңге жазылған салтанатты әуен деген ұғымды білдіреді. Ғалымдар алғашқы гимндер Ежелгі Мысыр мен Месопотамияда пайда болды деп есептейді. Ал құдайлар құрметіне киелі әндер (қазіргі әнұрандар бастауы) жазу ол кезде ең беделділердің ғана еншісіне тиген.
• Классикалық тұрғыдағы гимн ұғымына толық жауап беретін тұңғыш туындылар ХVІІІ - ХІХғ. ғ. пайда болған.
• АҚШ әнұранын 1931 жылы наурызда президент Г. Гувер бекіткен.
• Қазақ халқының ұлттық гимніне айналған әйгілі тарихи туындылардың бірі - “Елім ай” әні. Оның авторы - ХVІІІ ғасырда өмір сүрген белгілі тарихи тұлға - қаһарман қолбасшы, өнегелі өнер иесі Қожаберген Толыбайұлы (1663 - 1786жж). Ән елді жау шапқан кезде халықтың басына түскен ауыртпалық пен азапқа деген жан күйзелісінен шыққан.
• Жоғары отаншылдық сезімдермен астасып жатқан рухани қуат - ұлы күйші Құрманғазының әйгілі “ Сарыарқасының” да ерек табиғатын даралайтын қасиеттердің бірі.
• Кеңес дәуіріндегі ресми рәміздердің қай - қайсында да ондаған жылдар бойы күштеп таңылған партиялық - таптық көзқарас табы айқын сезіледі. Қазақ КСР елтаңбасы мен жалауы, сайып келгенде, одақтық рәміздердің көшірмесі болса, әнұран сөзі сол кезеңнің ең астам идеологиялық таптауырын тұжырымдарымен өрнектелді.
• Ол тұста ұлттық рәміздер тарихы да зерттелген жоқ. Рулық таңбалар немесе батырлардың әскери байрақтары туралы сөз ету ескілік кертартпалыққа жатқызылды. Оларды білумен зерттеу қауіпті болатын.
Қазақстан Республикасының Конституциясынан:
• 9 - бап
• Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Гимні бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.
• 34 - бап
2. Әркім Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен:
• Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын немесе Мемлекеттік гимнін қорлау -
• екі жүз айлық есептік көрсеткіштен мың айлық көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның екі айдан он айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге табысының мөлшерінде айыппұл салуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не үш айдан алты айға дейінгі мерзімге қамауға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×