Сайтқа кіру Тіркелу

Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ...

Алматы облысы
Талдықорған гуманитарлық – техникалық колледжі
Айнағулова Камшат Сақанқызы

Тәрбие сағатының тақырыбы: Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ...
Мақсаты:
Білімділік: Білімгерлердің қоршаған ортаға деген махаббат құндылықтары жайлы түсініктерін кеңейту; Ақпараттық технологияларды қолдану арқылы көзбен көріп, ой түюге шақыру.
Дамытушылық: Шығармашылық қабілеттерін, жақсылық жасай білу іскерліктерін, ойлау қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізе білуге дағдыландыру
Тәрбиелік: Табиғатты қорғауға, елін, жерін сүюге, мейірімділікке, Табиғат - Анаға сүйіспеншілікпен қарауға жетелеу, ізгілікке тәрбиелеу

Көрнекі құралдар: интерактивті тақтаға әзірленген слайдтар, табиғат туралы нақыл сөздер, өлең шумақтары, суреттер, бейнероликтер.
Қолданылған нақыл сөздер:
 Атаннан мал қалғанша, тал қалсын.
 Су ішкен құдығына түкірме.
 Бұлақ көрсең, көзін аш.
 Бір тал кессең, он тал ек.
 Таза болса табиғат –
Аман болар адамзат.
Қолданылған бейнероликтер: Адам мен табиғат (қызық сюжет), «Ау, құрбым» әнінің бейнебаяны, «Ауаның ластануы», «Құрандағы табиғат құндылықтары», «Аралдан ұшқан аққулар» бейнебаяны, «Құстар биі»,
«Табиғат апаттары» т. с. с
Сабақтың түрі: ой - толғау сабағы
Сабақтың әдісі: әңгімелеу, түсіндіру, сұрақ - жауап, тілек айту, пікірлесу,

Тәрбие сағатының барысы:
І. Ұйымдастыру
ІІ. Тәрбие сағатының тақырыбын айтып, мақсатын хабарлау;
Презентация «Қазақстан табиғаты»

ІІІ. Табиғат дегеніміз не?(саяхат - шолу)
1. Тіршілік мәні – ауа
2. Тіршілік көзі – су
3. Гүл өссе - жердің көркі
4. Құстар біздің досымыз
5. Сұлу мүсін – хайуанаттар
ІҮ бөлім
«Жер - Ана» дабыл қағады. Табиғаттың апаттары. Ой - толғау
Ү. Сабақты қорыту. «Ау, құрбым» әні

Тәрбие сағатының өтілу барысы:
І. Ұйымдастыру:
Қайырлы, күн, балалар! Күнде таңертең сендер ояна салысымен, терезені ашып Табиғат - Анаға көз салып қарайсыңдар. Дәл бүгінгі күні табиғат - Ана бізді несімен қуантты, бізге не айтады? Олай болса, мен сендерді Табиғат - Анаға саяхатқа бірге шығуға шақырамын. Келісесіңдер ме? Өте керемет!

ІІ. Бүгінгі саяхатымыздың тақырыбы: «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ...» деп атағым келіп тұр. Өйткені, адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан халқымызда «Жер - Ана» деген егіз үғым қалыптаскан. Жерді өз Анасындай, Анасын Күндей қастерлеу Ата қостаған салтымыз. «Жер шоқтығы – Көкшетау», «Жер жаннаты – Жетісу» деп, бабаларымыз туған жерге, табиғатқа деген ыстық махаббатын білдірген.
Сондықтан орман - тоғайларды сақтап, қоршаған ортаның, өзен мен көлдердің ластанбауына ерекше мән берген.
«Су ішкен құдығыңа түкірме»
«Бұлақ көрсең, көзін аш»
деп, жас ұрпақтың бойына табиғатты қорғаудың тәрбиесін сіңірген
Мақсатымыз: Біз бүгін, сендермен бірге қоршаған ортаға деген махаббат құндылықтары жайлы түсінігімізді кеңейтеміз, табиғатты сүюді, қорғауды, табиғат - Анаға сүйіспеншілікпен қарауды үйренеміз. Біз бүгін, табиғатпен сырласамыз, оны түсінуге тырысамыз. Біз бүгін, Табиғат - Анадан мейірімділікті үйренеміз!
І слайд «Қазақстан табиғаты»
Мұғалім: Адам табиғаттың ең саналы, ең әдемі байлығы. Табиғаттың тағы қандай байлықтары бар?
студенттер: Ауа, су, өсімдіктер, хайуанаттар, құстар, балықтар...

ІІІ. Ендеше, саяхатымыздың бірінші аялдамасы
«Тіршілік мәні – ауа» деп аталады. Сөз кезегі білімгерлерде:
Аят. Табиғат байлықтарының ішіндегі тіршілік атаулының өмір өзегі – ауа.
Тіршілікте не дейсің ғой ең қымбат,
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат.
Ал адамға ауа қымбат бәрінен,
Ауа қымбат, алатұғын дем қымбат.
Алдияр: Расында да ауадан қымбат еш нәрсе жоқ. Адам бар – жоғы бір - екі минут ғана дем алмай тұра алады. Сондықтан дана халқымызда « Ауадай қажет» деген сөз бар.
Мұғалім: Бірақ сол ауамыз қаншалықты таза екеніне толық жауап бере алмайды?
Өзіміздің қаламызды алып қарасақ, қаланың үстінен қою бұлт сияқты тұманды көреміз. Автокөліктен, завод, фабрикадан шыққан түтіндер ауамыздың мөлдірлігін бұзады.
Манас Мысалға, 1949 жылдардан бастап Қазақ елінің Семей даласында ядролық қару жарылып, улы газдар ауаны ластады. Сол ауамен дем алған қаншама адам ауруға ұшырады. Сонда адам баласы біріншіден, Табиғат - Ананы ренжітсе, екіншіден өзіне - өзі қастандық жасады. Дүниеге келген сәби мүгедек болып жарық дүниені өксікпен өткізді
Мына бейнероликке назар аударайықшы: Ауаның ластануы( 3мин)

Аят: Мен сөзімнің соңында адамдарға былай демекпін: Ей, адамдар, Табиғат – ана саған дем ал деп ауаны сыйлады, өйткені ол өте мейірімді. Сен оның сенімін ақта, ауаны ластама!
Болмасын ауа ешкімнің арман - мұңы,
Ауадан асқан жан жоқ жалғанда ұлы.
Ойлашы кімге керек боламыз біз,
Жұтудан таза ауаны қалған күні.
Мұғалім: Ия, балалар, ауасыз өмірді елестету мүмкін емес. Ауаны ластамау әрқайсымыздың борышымыз.
Ал тіршілікті сусыз елестету мүмкін бе?
Ендігі екінші аялдамамыз «Тіршілік көзі – су» деп аталады. Судың қаншалықты маңыздылығы бар екен?
Құрандағы табиғат құндылықтары бейнеролик (0, 25 - 1, 40мин)
Абат: Табиғаттың көркін ажарландырып, жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі – су. «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Қазақстан Республикасында мол сулы өзендер, көлдер теңіздер бар осы мол суды өлшеусіз, есепсіз пайдалану судың азаюына әкеп соғып отыр.

Мағжан: Мысалы Арал теңізіне Сырдария өзені мол су әкеп қоректендіріп отырды. Кейінгі уақытта осы өзен суын көп мөлшерде күріш, мақта өсіруге пайдаланды. Соның салдарынан Арал теңізінің суы азайып, ол тартылып қалды. Тартылған су астынан тұзы шығып, кеуіп, ұшып ауа құрамына кіруде. Арал аймағының жағдайы осындай болды Ал Каспи теңізі мұнайдың қалдығымен ластанып, балықтар улануда. Міне бұл да адам қолымен жасалған қатыгездік. Көп жерлерде ауыз су жеткіліксіз.
Ойлау керек Арал жайын, ел жайын,
Пәк табиғат тозып жатыр жыл сайын.
Өзімізді асыраушы табиғаттай – Ананы
Азаматтық арыңменен аялауға тұр дайын!
Аралдан ұшқан аққулар - әні (0, 42 - 0, 3 - 10мин)
Мұғалім: Иә, Арал тағдыры бұл үлкен глобалды проблема, егер біз суды дәл осындай қарқынмен қолдансақ, басқа да теңіздер мен өзендеріміздің Арал тағдырын қайталанбасына кім кепіл, сондықтан әрқайсысымыз суды қолданғанда мейлінше ұқыпты болуымыз керек.
Сонымен су – табиғаттың жаны, қара жердің сәні дедік. Ал табиғатты әдемілікке бөлеп тұрған не? Ол – өсімдіктер.
слайд
Келесі үшінші аялдамамыз «Гүл өссе - жердің көркі» деп аталады. Табиғат байлығының бір тобы – жер бетіндегі әдемі өсімдіктер. Олар туралы не айтамыз?
Еркебұлан Өсімдіктер, ағаштар табиғатымызды түрлендіріп тұрған түкті кілем сияқты. Халқымыз өсімдікті өмір өзегі деп алып, одан қамқорлығын еш аямаған. «Әкеңнен мал қалғанша тал қалсын» деген көрнекті сөз соның айғағы. Ысырапсыз пайдаланғандықтан өсімдіктердің кейбір түрлер азайып бара жатқандықтан олардың 300 - ге жуығы Қызыл кітапқа енгізілді.
Жасұлан: Қызыл Кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз жинаса олардың әрбір данасына 360 теңге көлемінде айып төлейді. (Бұл 2005 жылғы 12 қыркүйектегі №1186 Қазақстан Республикасының қаулысы). Елімізде сонымен қатар « Жасыл ел» бағдарламасы бойынша көптеген істер атқарылып жатыр. Менің ойымша, әрбір азамат оларды қорғаудың маңызын саналы түрде ұғынбаса, біздің керемет жасыл бағымызды ешқандай тиым салу құтқармайды. Сондықтан мен осы отырған барлығыңызды өз өлкелеріңіздің өсімдіктерін біліп, оларды қорғауға шақырамын.
Көзін ашып, бақ өсір бұлағыңа,
Айналсын құтты қоныс тұрағыңа.
Жайқалсын өлкемізде саялы бақ,
Бөленіп күннің нұрлы шуағына.

Мұғалім: Расында да, өлкемізді саялы баққа айналдыру әрқайсымыздың қолымыздан келеді..
Мұғалім: Ал сол әдемі табиғатымызды әсем әнге бөлейтін не, балалар?(Құстар)
V слайд
Олай болса келесі аялдамамыз «Құстар біздің досымыз» деп аталады. Бұл туралы не айтасыңдар? Жалын Табиғаттың сәні де, әні де қалықтай ұшқан құстар. Олардың әсем әндері бойымызды балқытып, еріксіз еліктіреді. Олар – біздің қанатты достарымыз. Олар – табиғат сақшылары. Егістіктің, бау - бақшаның сенімді серігі. Сондықтан ата - бабамыз құстарды қадірлеп, құрметтеген. Олар батыр ұлдарын сұңқарға, сұлу қыздарын аққуға теңеген.
Қазақстанда құтардың 480 түрі бар екен. Соның ішінде азайып кеткен құстар Қызыл кітапқа енгізіліп, қорғауға алынды. Ата - бабамыз құсты аса қадірлеген.

Али: Ертеде жоңғар шапқыншылығы кезінде ауыл адамдары елін - жерін тастап қаша жөнелген екен. Сол ауылда Төле би атамыз ғана қозғалмай, киіз үйін жықпапты. Қалмақтың әскер басы себебін сұраса, Төле би үйінің төбесін көрсетіпті. «Қарлығаш шаңырағыма ұя салды, балапандары әлі жас, ұша алмайды» депті. Жас әскер басы Төле бидің адамгершілігіне риза болыпты. Содан Төле би атамызды «Қарлығаш би» атапты, ал қарлығашты «Әулие құс» деп атаған екен.

Толық нұсқасын жүктеу
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×