Сайтқа кіру Тіркелу

Желтоқсан жаңғырығы

Сабақтың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға желтоқсан оқиғасы туралы тарихи мәлімет беру, Тәуелсіздіктің қандай қиын жолдармен келгендігін ұғындыру, Егемендікті бағалауға, ұлтжандылыққа, патриотизмге тәрбиелеу, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін ояту. оқушының ойын жеткізе білуі мен тіл байлығын дамыту, өлеңді мәнерлеп оқу, әр сөздің айтылуына көңіл бөлу, дикциясы мен интонациясын дамыту.

Сабақтың түрі: ашық тәрбие сағаты
Көрнекіліктер: «Желтоқсан құрбандары» буклеті, қолдан жасалған «Мәңгі алау», слайдтар.
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.
Әнұран.

Мұғалімнің кіріспе сөзі: Құрметті оқушылар, мұғалімдер, оқырмандар. Осыдан 29 жыл бұрын Алматы қаласында жастар үкімет шешіміне қарсы тұрып, ереуілге шығып, қуғынға ұшырап, аяусыз таяққа жығылған еді. Осы бір тарихи оқиға біздің бүгінгі тәуелсіз мемлекет болуымызға үлкен үлесін қосты. Сондықтан Тәуелсіздіктің бастауы болған бұл күнге арналған ашық сабағымызды бастаймыз.

І. Баяндама
1 - оқушы: Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1986 жылғы 16 - желтоқсанда өткен пленумында Д. А. Қонаев жолдасты зейнетке шығуына байланысты Республикалық Компартия Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетінен босатылды. Оның орнына шеттен әкелінген Г. В. Колбин сайланды. Шұғыл жиналыс апыл - ғұпыл өткізілген пленумға небәрі 18 - ак минут кеткен екен. Д. А. Қонаев әлі қызметінен босамай тұрып пленумды өзі ашып жүргізуі тиіс еді. Алайда оны ашқан да, жүргізген де, сөйлеген де Г. Разумовский болды.
Пленум жөніндегі алғашқы ақпарат сол 16 - желтоқсан күні республикалық радиодан берілді. Ертеңіне 17 - желтоқсан таңғы сағат 8. 00 - де Брежнев алаңына жастар жинала бастады. Шеруге жиналғандар саны бірте - бірте артып түске қарай 5000 - ға жетті. Бұл туралы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне сағат 9 - 9. 30 шамасында хабарланды. Көп кешікпей алаңға қарулы күштер әкелінді. Астанаға кірер жолдардың барлығы жабылды.
Алаңға қарай ағылған қазақ жастарының қолдарында «Долой Колбина!», «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған!», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Әр ұлттың өз көсемі бар!» деген ұрандар болды. Демонстранттарды қуу, тарату жөніндегі шешімді Г. Колбин, О. Мирошхин, В. Мирошник, Г. Князев қабылдады. Шеру аяусыз тапталды. Заңды да белшесінен басып түнерген қара күш иелері алаңдағыларды ұстап «тергеу изоляторына», «мед. айықтырғыштарға» отырғызған. Олардың ішінде бірде - бір маскүнем, нашақор, бұзақы болмады.
Шеруді басу жөнінде қолданылатын шараларды Г. Колбин тікелей М. Горбачевпен келісіп іске асырды. Желтоқсан қозғалысын басу, ұйымдастырушылар мен қатысушыларды жазалау шараларын Колбиннің өзі басқарды. Ол үшін штаб құрылды. «Метель - 1986» атты оперативті жоспар жасалды.
2 - оқушы: Желтоқсан шеруіне қатысқандардың 5224 - і прокуратурада, 850 - і Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінде жауапқа тартылды. 900 - ге жуығы сот, милиция, кәсіпорын, оқу орындарының әкімшілігі қаулылары негізінде жазаланды. Ең қатаң ауыр жаза - өлім жазасы, телевизия орталығының қызметкері, жасақшы Савицкийді өлтірді деген кінә тағылған Алматы Құрылыс - сәулет институтының студенті Рысқұлбеков Қайрат Ноғайбайұлы Және АТП курсының оқушысы Әбдіқұлов Мырзағалиға берілді және бұл жаза кейінірек 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасымен жеңілдетілді. Намыс үшін бас тіккен ұландар мен ел мен ердің намысын ту еткен қызғалдақтай жас арудың ішінде бұл күнде жастайынан қыршынынан қиылған Ербол Сыпатаев, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Құрманғазы Рахметов, Болат Жуандықов, Тілешов Жармұханбет, Иманбаев Ермек, Қалбөкенов Берік, Сәбитова Жансая, Әлиева Раушан, Айтжанова Жанат, т. б. студенттер желтоқсан оқиғасының бетпердесін толық ашқан комиссияның қосалқы төрағасы Мұхтар Шахановтың іс - әрекетінің нәтижесінде 1990 жылы 12 - желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы қабылдаған қаулы бойынша толық ақталды.
1990 жылы 17 - желтоқсанда Республика алаңында ескерткіш - тақта орнатылды. 17 - желтоқсан – Демократиялық жаңару күні деп аталатын болды. Осы алаңға сол күні 20 мыңнан астам адам жиналды. Қаралы шеруде М. Шаханов, Қ. Қайсенов, Қ. Рысқұлбековтың әкесі Ноғайбай, т. б. сөз сөйледі.

2. Үзеңгі дос жыры. (Бауыржан Үсенов)

Дүр сілкінді қойдан да қоңыр аймақ
Бағы жана ма? Қала ма соры қайнап?
Ұран жазып, қып - қызыл ту көтеріп,
Біз де келдік алаңға «Елім - айлап»...
... Жауды алаңға тілектің нөсері кеп
Шешеннен соң сөйлейді шешен үдеп
«Демократияны бұғаудан босатыңдар!
Әр халыққа - өзінің көсемі!» - деп.
Сүрмейтұғын болдық қой күймей ғұмыр
Көлеңкеміз, күннен де тимейді нұр.
Колбин деген кім екен? Қайдан келген?
Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл...
... Көп адамның бір босап қалды – ау іші
Іске аспады алдау мен арбау ісі
Брежнев алаңы күңіреніп,
Шықты осылай халықтың жан даусы.
Тәртіп қорғау санаға екті нені?
Өз халқына ойпырмай кекті ме еді?
Азаматты сойылмен қанға бояп,
Шаштан сүйреп қыздарды тепкіледі.
Түсті табан астына қолдан байрақ
Сенім бізді әкепті сорға айдап,
Бұл сұмдықты көргенше тірі жүрмей
Өлген жақсы - депсің сен сонда, Қайрат.
Аспанда тұрды төбеде нала құсып,
Сақшылар жүр бөрідей ала түсіп,
Жасырмаймыз, жазықсыз аруларға
Араласып кеттік біз ара түсіп.
Бар болғаны сол еді «қылмысымыз»
Савицкийді көрген жоқ бір кісіміз.
Кейін соның қазасы таңылғанда
Аң - таң болып қан жылап тұрды ішіміз.
Нөсер бұлты жетпеді көшіп қырдан
Шыбық өлді кеудеде өсіп тұрған.
Шындық деген жоқ екен сотыңда да
«Атуға» деп міз бақпай кесік қылған.
Біреу қорғап дүние - ай жақ ашпады
Қайрат сені осылай аластады.
Құрбандыққа күні бұрын белгіленген
Артық адам сен болдың Алаштағы.
Ақтық сөздің арманы – хатта қалды.
Көріп жүрміз қиып - ап сақтағанды
Қайрат, Қайрат сен мені естимісің?
Есін жиған халқымыз -«Зэк» ұрпағын
Не азапты бауырым, көтермедік?
Соны жырлап өмірім кетер менің.
Камераңа қанішер салмағанда
Бізбен бірге ақталып кетер ме едің?!
Шайқады ғой біздерді шайтан арба
Соның бәрін жеткізіп айта алам ба?
Түсіп кетсе есіме, қаным қайнап,
Атып шыққым келеді қайта алаңға.

3. «Қара бауыр қасқалдақ»- әні. Авторы Лесбек Аманов
- осы әннің авторы кім?
- қасқалдақ пен шүрегейді кімдерге теңейді?
- Неліктен мұндай теңеулер жасалған?
4. Өлең оқу. 1 - оқушы:
Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн
Базары кетіп бір күнде
Қайғыға халық батқан күн
Әділдікпен шындықты
Өтірік жала жапқан күн.
Надан жасаған сұмдықтан
Адамдар азап шеккен күн,
Қасқалдақ ұшып көлінен
Шүрегей келіп қонған күн.
Қырандар қуып көгінен
Қарғалар билік алған күн.
2 - оқушы:
Шектеліп ана тіліміз,
Оқылмай өлең - жырымыз
Жабылып жатса мектептер
Жадырар қалай күніміз?
Тарылып жатса даламыз
Қайтіп біз тыныс аламыз?
Қақымыз да жоқ айтуға
Әділет қайдан табамыз?
3 - оқушы:
Бұрқ етті қазақ баласы
Кеудеге өршіп наласы
Алаңға қарай ағылды
Таусылып барлық шарасы
Жанымыз жомарт қазақпыз
Мәңгүрт боп кете жаздаппыз
Қосайық басты, бауырлар,
Жанайық жансақ маздап біз.
4 - оқушы:
Желкеге тиді сілтеген күрек, қамшылар,
Соққыға мұндай, қасапқа қандай жан шыдар?
Жастарға шашқан мұз судан мұз шашырап,
Ауылда жатқан маған да тиді тамшылар.
5 - оқушы:
Қақап күннің ызғары
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын
ОМОН - дар бастан тепкен күн
Қариялар итке таланып,
Ер басын күрек шапқан күн
Аппақ қар қанға боялып,
Қып - қызыл мұз боп жатқан күн

5. «Қайрат Рысқұлбеков» көрінісі.

І. Алаң.
«Долой Колбина!», «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған!», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Әр ұлттың өз көсемі бар!», «Демократия жолы жасасын!» ұрандарымен 4 - 5 оқушы лозунг ұстап айқайлап тұрады. 3 - 4 жасақшы оларды қолдарын қайырып әкетеді. Ертай, Бауыржан, Қайрат қашып бөлек кетеді.

ІІ. Уәде.
Ертай: - Егер бізді жеке - жеке ұстап жауапқа тартатындай күн туса, тіпті азаптаса да, бір - бірімізді сатпайық.
Бауыржан: - Бәлкім, ұстамайтын шығар. Қайсыбірімізді түгендеп жатыр дейсің.
Қайрат: - Жаман айтпай жақсы жоқ. Соңымызға түсіп жауаптайтын болса бір - бірімізді көрген жоқпыз, білген жоқпыз.
Ертай: - Мақұл.
Қайрат: - Осыған уәде байласып, серт жасайық!
(Үшеуі кетеді.)

ІІІ. «Сот залынан»
Залға Ертай, Қайрат, Бауыржандарды жасақшылар алып кіреді. (Киімдері жыртылған, беттері қанға боялған, әлсіреген күйде)
Бір куәге судья: - Сіз жауап берсеңіз. 18 – желтоқсанда Савицкийді мына жігіт ұрып, өлтірді ме?
Куә: - Иә, құлаған жасақшыны тек Қайрат ұрды.
Ертай: - Ағатайлар, рұқсат болса мен біразырақ шындықтың бетін ашайын. Сол күні сағат 11 мен 12 арасында бәріміз Ленин, Абай даңғылына келгенде қасымызда Қайрат жоқ еді. Сол күні аяғына жел бітіп, сынапша сырғып, қолды - аяққа тұрмай жанып жүрген. Қапелімде жоғалтып алдық.
Қайрат: - Әй! Тіл безеген сорлы. «Қазақстан» қонақ үйінің алдында милиционерді ұрғанымызды, соңымыздан следоктар қуып кеткенін сен білуші едің ғой. Еркек боп уәде беріспеп пе едік. Қалай құдайыңды ұмытып, жалған куә бересің?
Ертай: - Мен бар болғаны милиционерді кеудесінен итеріп жібердім, ұрған жоқпын. Қайрат оны құлатып, тепкілей бастағанда «досым қылмыс жасамасыншы» деп ажыратып алдым.
Қайрат: - Бәрі жалған! Қара бастың қамын ойлап досыңды жауға тастап, суға батырғаныңа еш тарих кешірім жасамас! Өңшең өрге баспайтын сатқын екендеріңді әуел баста білсемші!
Ертай: - Сен барлық жерде бас рольде ойнадың. Басшы болуға жаныңды салып бақтың. Шеруге шығайық деп шапшып, намысқа тиіп болмаған да сенсің.
Қайрат: - Сатқын екенсің!
Ертай: - Айттым сол. 18 - желтоқсан күні түс мезгілінде қасымызда болған жоқсың.
Судья: - Бәрі түсінікті. Куәларды алып кетіңдер. Сот үкім шығару үшін үш сағаттық үзіліс жариялайды.

Үкім:
- 1986 жылы 18 - желтоқсанда сағат 11 - ден бастап Бейбітшілік - Сәтбаев көшелері қиылысында Қ. Рысқұлбеков бейбастық жасады;
- Савицкийді өлтірді;
- Ведельді ауыр жарақаттады;
-«Қазақстан» қонақ үйі алдында милиция қызметкері А. Алмабековке қол жұмсады;
Қазақ ССР - ң қылмысты істер кодексінің 173 бабының І - тармағына сәйкес Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына кесілсін!
Қайрат: Ау, халқым!
Өткен заманымызда бас кесер өлім алдында өлім жазасына
кесілгендердің соңғы тілегін орындайды. Менің де соңғы ақтық сөзім
бар.
(Қайғырған музыка жүріп тұрады)
Ақтық сөзі:
Жалалы боп, қатты батты жаныма,
Жазалаушы қағаз алдым қолыма
Жігіттер ай, айтып айтпай не керек
Жазған екен маңдайыма сорыма,
Біріншіден мен анамды сағындым,
Екіншіден бұл құдайға не қылдым
Бостандықта еркін жүрген жан едім
Енді міне абақтыға жабылдым,
Әкетай ау Пайғамбардай жасың бар
Туа бермес сіз секілді асылдар
Қартайғанда жүрегіңізді жаралап,
Кесір болды ай біз секілді масылдар.
Айналайын, қарындасым, қарағым,
Қолда кісен, мен айдауға барамын.
Қайғы шегіп, азап тартқан ағаңды,
Айтшы жаным, қандай жанға баладың.
Айналайын, інішегім, құлыным,
Сені ойласам үзіледі жұлыным.
Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,
Кетіп барам мен айдауға құлыным.
Айналайын ағалар мен жеңгелер,
Сіздерге кім бұл өмірде тең келер.
Сүмірейіп сот алдында отырған,
Бауырыңды енді кімдер ескерер.
Өздеріңе аман — саулық тілеймін,
Өздеріңмен бірге болсын тілегім
Өздеріңе тіл қата алмай достарым,
Қайғы мұңлы өмірімді бастады.
Күнәдан таза басым бар,
21 - де жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар
Алам десең алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық
Атам десең атыңдар!
Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген хош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.
Тергеуші: Сот процесі аяқталды.
21 - ші басшы зобалаңына ұшырап, 21 жасында 21 күн сот алдында шырылдап, 21 - ші камерада дүниеден өткен Қ. Рысқұлбеков (1992 ж) 21 ақпанда ақталды.

25 мамыр 1987 жыл. - 16 маусым 1987 ж.
Сот төрағасы Е. Грабарник.
Жалған куә бергендер: 1. Бауыржан Қайранбеков 2. Ертай Көпесбаев.

6. «Желтоқсан желі»- ән. Авторы Ә. Тіналиев
7. Өлеңдер оқу. 6 - оқушы:
Жас арудың жанарында – Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында – Желтоқсан.
Жауыздықты жасаған да - Желтоқсан
Жаңа ғүмыр бастаған да – Желтоқсан
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да - Желтоқсан
7 - оқушы:
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.

Жазалаушы қара құрттай қаптады,
Қазағымды қырып – жойып таптады.
Сонда елімнің ұл – қыздары ардақты,
Қарсы шығып ел сенімін ақтады.

Жалғыз Отан – адамның жүрегі ғой,
Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.
Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,
Ербол, Қайрат – нағыз ердің бірі еді ғой.
8 – оқушы:
Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,
Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.
Болашаққа даңғыл жол салып берген,
Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.

Желтоқсан – тарихымда әйгілі күн,
Ерттеп мініп ар – ождан сәйгүлігін
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншілер қайтарған бәйгелі күн
8. «Лаула. Лаула Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!» - ән. Авторы: М. Шаханов
1 - оқушы: Мұз жастанып азаттықтың жолында,
Тәуелсіздік туы тұрды қолында.
Сойыл таяқ ойнаса да жанында.
Отан үшін жанын қиды ұлдарың,
Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың,
Күйініштен ауырады жүрегім,
Естігенде желтоқсанның ызғарын.
Желтоқсан - ау, ұмытылмайсың жүректе,
Ұрпақ өсер айналатын тірекке,
Егемендік тиді бүгін еншіме,
Желтоқсаным, жеткіздің ақ тілекке
9. «Елім менің» - хор. Авторы: Н. Назарбаев
Егемендік иесі мен деген сөз,
Көптеген бері естілмеген ерен сөз,
Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған
Көркем жігіт болып өссе көрген сөз.
Егемендік ел болудың белгісі,
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.
«Егемендік» деген сөзден естілер
Ата жұрттың арысы мен бергісі.
Шықты тарап ой данадан,
Бері қарады жұлдыз беті.
Өзі қалап сайлап алған,
Елімнің бар Президенті.
Шырақ етіп өмір нұрын,
Алыс жатты алдағы жол.
Ел намысын, елдің жүгін,
Арқалаған ардағым - ол.
Қорытынды.

Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сарыағаш ауданы,
№9. Майлықожа атындағы жалпы орта мектептің
кітапханашы Темирбекова Раушан Дуйсеналиевна

Презентациясын жүктеу
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Желтоқсан шежіресі – елімнің мәртебесі

Желтоқсан шежіресі – елімнің мәртебесі

Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы, № 2 К. Э. Циолковский атындағы мектеп мұғалімі Жұмағазиева Данасұлу Жүсіпқызы...
Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан

Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қарғалы ауылы, №241 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Құдиярова Зада...
Ар - намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!

Ар - намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласының «№21 жалпы білім беретін мектебі» бастауыш сынып мұғалімдері Сауытбаева Гульмира Серикбаевна Керимкулова...
Тәуелсіздік тұғырым

Тәуелсіздік тұғырым

Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сарат орта мектебінің бастауыш класс мұғалімі Смайлова Гулсима Зауегалиевна...
«Ар намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан»

«Ар намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан»

Салауатқызы Айдана 3 курс студенті «Ар намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан» Мақсаты: 1986 жылғы желтоқсанда орталықтың әміршіл - әкімшіл...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×