Сайтқа кіру Тіркелу

Ана тілім-ардақтым

Тақырыбы: Ана тілім - ардақтым
Мақсаты: Ана тілінің қадір - қасиетін ұғындыру, ана тілі ақыл - ой дамуының және барлық білімдердің негізі екенін дәлелдей түсіндіру.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер. Қ. Жұмадилов «Қазақ тілі - өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл.»
Барысы:
1. Ұйымдастыру.
Кіріспе сөз: «Қазақ тілі - рухани байлығымыздың қайнар бұлағы» деп бекер айтылмайды. Қазақ елінде, қазақ жерінде қазақ тілі өркендеуі тиіс. Оған қазақ халқының ұрпағы ғана емес, Қазақстанды мекендеп жатқан барлық халық үлес қосуы тиіс. Ол үшін ана тіліміздің қадір - қасиетін өзіміз білуіміз, дәріптеуіміз, насихаттауымыз керек.
2. Негізгі бөлімнің 1 - кезеңі /Тіл туралы бірнеше мақал - мәтел, нақылдардың мәнін ашу/
«Тіл сыйлы етер, құтты қылар, өсірер,
Бас та жарар, қадір - құтты өшірер...» /Жүсіп Баласағұни./
1 - оқушы: «Тілден қымбат қазына жоқ»
Ертеде бір қария дүниеден өтерінде ұлына қымбат қазына қалдырғанын айтып кетеді. О дүниелік болған әкесін арулап жерлегеннен кейін, ұлы қазынаны іздеуге шығады. Ауланы, үйді түгел қопарып, әкесі аманаттаған байлықты таппақшы болады. Қарамаған жері қалмай, ауылдың үлкен адамына барып, бар жайды айтады.
- Балам, босқа әуре болыпсың. Әкең өз ана тілін ерекше қастерлеген, сөзге шешен, дуалы азамат еді. Оның артқыға, ұрпақтарына қалдырған құдіретті қызыл тіл болатын. Ел ішіндегі, халық аузындағы сол қазынаны құрметтеуді аманаттаған екен. Өйткені, тілден қымбат қазына жоқ,- депті ақсақал.
2 - оқушы: «Ғалымның хаты өлмейді»
Әз Жәнібектің 62 биі болған екен. Бір жолы хан билеріне «Дүниеде не өлмейді» деп сұрақ қойғанда, бір нөкері былай депті:
Ағын су өлмейді,
Асқар тау өлмейді,
Аспанда ай мен күн өлмейді,
Әлемде қара жер өлмейді.
Сонда Жиренше шешен оған қарсы шығыпты:
Ағын судың өлгені -
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгені -
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннің өлгені -
Еңкейіп бара батқаны.
Қара жердің өлгені -
Қар астында жатқаны.
Ажал деген атқан оқ,
Бір Алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.
3 - оқушы: «Шаршы топта сөз бастау қиын».
Бір күні жиынның ортасында отырған Досбол шешеннен біреу:
Қол бастау қиын ба?
Жол бастау қиын ба?
Сөз бастау қиын ба?- деп сұрайды.
Сонда Досбол:
- Қол бастау қиын емес,
Көк найзалы ерің болса,
Жол бастау қиын емес,
Соңыңа ерген елің болса.
Бәрінен сөз бастау қиын,
Тауып айтсаң мереке қылады,
Таппай айтсаң келеке қылады!- деген екен.
4 - оқушы: «Сөз тапқанға қолқа жоқ».
Ертеде Шамар және Зұлқаш атты екі адам бір ауылда тұрыпты. Шамар сөзге шебер, пысық жігіт болса керек. Ал Зұлқаш жуас, бостау жігіт екен. Ол заманда жер дауы, ру таласы толастаған ба? Бір күні ауыл жігіт тері жорыққа аттанып бара жатады.
Сонда Шамар: Басқамыздың аттануымыз дұрыс - ау, осы Зұлқаш не бітірем деп бара жатыр екен?- депті. Соны естіген Зұлқаш: Шамар - ау, сені бірнәрсе білетін жігіт пе десем, еш нәрсе білмейді екенсің. Атысып жатқан жау сенің Шамар, менің Зұлқаш екенімді қайдан айырсын?- депті. «Әй, сөз тапқанға қолқа жоқ» деп жігіттер ду күлісіп, атқа қоныпты.
5 - оқушы: «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі».
Жастайынан тапқыр сөзімен аты шыққан Бөлтірік ақын бірде ауыл аралап жүріп, бір бектің үйіне түседі. Бек Бөлтіріктің киген киіміне тыжырына қарап тұрып, оны бір мұқатпақ оймен:- Е, Бөлтірік, асығып киіне әйелдерше киімнің бірі ұзын, бірі қысқа ғой?- депті. Бөлтірік бектің сұрағына шамданбай, сабырлы кейіпте:
- Ай, Бәке - ай! Нені сұрайсың. Ұл өскен соң ұл киінді, қыз өскен соң қыз киінді. Мен олармен жарысайын ба? Ұзын болса ұлымдікі, қысқа болса қызымдікі шығар,- деп жауап қатыпты. Бек перзентсіз екен. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген ғой. Ұялғаннан қып - қызыл болған Бек:- Саған дауа жоқ екен, Бөлтірік,- деп теріс айналып жүріп кетті.
6 - оқушы: «Тіл тас жарар, тас жармаса, бас жарар»
«Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деген жұртшылық болып, ел шұбырғанда, малдың ішіндегі семізін сойып, ел жей берген екен. Сонда бір көк ала бие он бес ауылда асырауға жарапты. Биеден бір сауғанда, бір үлкен өнек сүт шығады екен. Иесі «көз тиеді, тіл тиеді»,- деп сайдан - сайға жасырып, байлап жүріп сауады екен. Бір күні биесін сауарда көз ұшына төрт кісі көрінеді. Сол кісілер келіп жеткенше, биесін сауып үлгере алмапты да көнектің ішіне «тіл болсаң, тасқа ти»деп бір қара тасты салып жіберіпті. Әлгі жолаушылар амандасып болғаннан соң:
- Мана біз көз ұшында көрінгеннен бие сауып отыр едің, манадан сауғаның көл болып ағарлық болды ғой,- деп таңданады. Иесі:- Биемнің жуырда иімейтін жаман мінезі бар еді, сіздердің алдарыңызда ғана зорға иіді,- деп жауап береді.
Кісілер кетісімен сүтті сабасына құйса, көнектің түбіндегі қара ас төртке бөлінген екен. «Тіл тас жарар, тас жармаса, бас жарар»,- деген сөз осыдан қалса керек. Егер тас салмағанда, биеге кәдік болары сөзсіз.
7 - оқушы: «Аталы сөз ақымақ тоқтамайды».
Әмір Темір Үндістанға барған сапарында сол жердің өнерпаздарын шақыртып алып: «Осы шаһардағы асқан бір сазгер бар дегенді естігенмін»,- дейді. Шабармандар бір соқырды Әмірдің алдына алып келеді. Сазгердің өнеріне әбден риза болған патша оның есімін сұрайды. Сазгер «Атым - Мемлекет»- деп жауап береді. «Мемлекет те соқыр бола ма екен»- дейді патша жымиып. Сонда зағип сазгер: «Егер мемлекет соқыр болмаса, ақсақты үйіне кіргізбес еді»- депті. Сазгердің сөз тапқырлығына риза болған Темір оған көп сый - сияпат беріп, шығарып салады. Атағы жер жарған қаһарлы Ақсақ Темір де аталы сөздің қадірін танып, жүйелі сөзге тоқтай білген екен.
8 - оқушы: «Ең ащы да - тіл, ең тәтті де - тіл»
Ертеде бір бай дос - жарандарына қонақасы бермекші болып, қызметшісіне «Жұрт таңғаларлықтай қонақасы даярла, тағамдарың өте тәтті болсын»,- дейді. Қызметшісі базарды біраз аралағаннан кейін, бірыңғай тіл әкеледі де әртүрлі тағамдар даярлайды.
Қонақтар асты сүйсініп жеп, ризашылықтарын білдіреді де тамақтың тек тілден жасалуының сырын сұрайды.
- Мен өз ғұмырымда тілден дәмді нәрсені кездестірмедім. Тіл адамдарды табыстырады, онда ғылымның кілті бар, ол - шындық пен данышпандықтың құралы, соның көмегімен халық оқу оқып, білім алады, өмір шаттығын мадақтайды!- деп жауап береді.
Келесі жолы иесі ең ащы тағамдарды даярлауды ұсынады. Қызметшісі тек тіл тағамдарын даярлайды. Келген қонақтар астың барлығының да өткен жолғыдай тілден даярланғанын біліп, асқа көңілдері онша шаппай қалады. Ал ұй иесі ашуланып, қаһарына мініп, қызметшісін аясыз жазаламақ болады. Осы кезде жалшысы:
- Неге ашуланасыз, мырзам. Өмірде тілден өткен ащы жоқ: адамдарды қағыстыратын да, ел мен жерді жауластыратын да, бәле - жаланың бәрі де осы тілден шықпай ма? Ол - зұлымдық пен өтіріктің, күмән мен күнәнің құралы. Сондықтан да мен сіздің тапсырмаңызды осылайша орындадым,- дейді.
Қонақтар да, үй иесі де жалшы жауабына риза болып, ашуларын қайтарады.
9 - оқушы: «Таза мінсіз асыл сөз, Ой түбінде жатады»
Тілді тек қарым - қатынас құралы ғана десек қатты қателесеміз. Тіл сөз жеткісіз құдіретке ие. Францияның королі бесінші Карл: «Ағылшын тілі - дипломатияның, неміс тілі - соғыстың, итальян тілі - сүюдің, ал француз тілі - достықтың тілі» деп баға берген.
Ұлы ғалым М. В. Ломоносов болса «Орыс тілі осы тілдердің қасиетін түгелдей бойына сіңірген»- деп жазған.
Ал, қазақ тілі ше? Бұл - арман мен мұңның, қайғы мен қуаныштың, сүю мен күюдің, іңкәрлік пен құштарлықтың, сағыныштың бар қуатын өздеріне дарытқан нұрлы тіл ғой...
Академик Радловтың өзі «Қазақ тілінің түркі мәдениетіне тигізген әсері француз тілінің Европаға тигізген әсерімен бірдей»- деп, ана тілімізді әспеттеген жоқ па еді?
Ендеше, қазақ тілінің аса байлығы, икемділігіне, орамын тауып, қисынын келтіріп пайдалансаң, тұп - тура бал таматынына ешкімнің күмәні болмас.
Қазақ тілімен сурет салуға, тас қашауға, ағаш, текемет оюға болады. Бәрінің бастау негізі халықтың қазына қайнарында, ақыл - парасатында жатыр.
Жақының тұрмақ, жат мойындаған осындай жорға тілді қалайша өгейсітуге болады? Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ қазақпен ана тілінде сөйлессін» деген емеурінінің астарында қандай үлкен ой, кемеңгерлік жатқанын неге пайымдамаймыз?
Айналайындар - ай, омырау сүті тілін тек өгейсіте көрмеңдерші.
3. Негізгі бөлімнің 2 - кезеңінде «Жаңылтпаштың жаңылмас шебері», «Мақал - сөз маржаны», «Қоржындағы сұрақтар» тақырыбында түрлі танымдық сайыстар өткізуге болады.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×