Сайтқа кіру Тіркелу

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.
Ашық тәрбие сағаты
Мақсаты: Балаларды адамгершілікке, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке, әдептілікке, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу. Ойлау, есте сақтау қабілеттерін және сөздік қорын молайту.
Тәрбиелік: Жаман әдеттен аулақ болуға, тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Міндеттері: Жақсы, жаман туралы түсінік беру;
жақсы мен жаманды салыстыра білу іскерліктерін дамыту;
жақсы істер мен әрекеттер жасауға тәрбиелеу.

Шаттық шеңбері.
- Балалар, шеңбер құрып, өлең жолдарын айтайық.
Жақсылықтан үйреніп,
Боламыз біз жақсы адам.
Жамандықтан жиреніп,
Үлгі аламыз жақсыдан.
- Балалар, кәне, бір - бірімізге жақсы лебіздерімізді білдірейікші.
- Қайырлы күн,
- Сабағымызды жақсы оқиық
- Әрқашан күн сөнбесін,
- Аспанымыз ашық болсын.
- Аман болайық.
- Деніміз сау болсын.
- Бәріміз дос болайық. Тату болайық. т. б сөздер айтады.
- Балалар, бізде бүгін «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» атты тәрбие сағаты болмақ. Жақсы, жаман, әдептілік туралы мақал - мәтелдерімізді айтайықшы.
Мағжан: Үлкенді сыйласаң, елге сыйлы боласың.
Нұртас: Әдептілік белгісі - иіліп сәлем бергені.
Жаннұр: Үлкенге құрмет, кішіге ізет.
«Жақсы болу өзіңнен» өлеңін барлығы жатқа айтады.

- Жақсы болу өзіңнен
Жаман болу өзіңнен
Өзіңді өзің ая да,
Өзің үйрен өзіңнен.
Жамандық көрсең біреуден
Мен қандаймын деп ойла.
Жақсылық көрсең біреуден
Мен қандаймын деп ойла!
- Жарайсыңдар, балалар. Балалар, бір - біріне лебіз білдіруі сәлемнен басталады. Сәлем - сөз анасы, сөздің қасиеті, сондықтан оның мағынасына мән беру әдептіліктің, адамгершіліктің баспалдағы. Олай болса амандасудың қандай ережелерін білесіңдер?
Аружан: - Таныс адам алыс жерден келсе, оған барып амандасқан жөн.
Рауан: - Ассалаумағалейкум, деп амандасқанда қолғапты шешу керек.
- Дұрыс, ендеше балалар, барлығымыз бірге «Ізгі сөздер» өлеңін айтайық.
Ұл - қыз сәлем береміз
Өнегелі өренбіз.
Білер қазақ баласы:
«Сәлем - сөздің анасы».
- Балалар, қозғалмалы ойын ойнайық. (Онда үлкен көрнекілік автобус көлігі, оның ішінде жүргізуші, отыратын екі - үш бала және де әже рөлінде ойнайтын қыз бала).
Ойын: Қозғалмалы ойын. Автобус ішіндегі көрініс.
- Балалар, сендердің үйлеріңде әжелерің бар ма?. Ендеше, мынау біздің әжеміз, ол сендерге базардан алма сатып әкелмекші. Ол үшін қандай көлікке отыруы керек?
- Автобус көлігіне.
- Ендеше, аялдамадан автобус күтейік.(Әже аялдамада тұрады).
Автобус жүргізушісі аялдамаға келіп тоқтайды. Ішіне әжей кіреді. Сол кезде оған ешкім орын бермейді.
- Балалар, қараңдаршы осы көрініс дұрыс па?, әлде бұрыспа?
Балалар еркін түрде өздерінің ойларын айтуға тиіс.
- Жоқ дұрыс емес, үлкен кісіге орын беру керек. Біз үлкендерді сыйлауымыз керек. Амандасуымыз керек. Орнымыздан тұрып: «Сіз отырыңыз» деуіміз керек деп көптеген сөздер айтып, өз ойларын білдіреді.
- Дұрыс айтасыңдар балалар, біз үлкендерді сыйлауымыз керек, амандасып, орнымыздан тұрып орнымызды ұсынуымыз керек - деп тұрып тұрған әжейге орын беріп, отырғызу.
Автобусымыз баратын жеріне жетіп, әжеміз автобустан түсіп базарға келеді. Базардан алма сатып алады.
- Міне, балалар, сендерге әжелерің базардан алма сатып әперді. Енді барлығымыз бірге «Не деу керек?» өлеңін айтайық.
Апаң сенің базардан,
Алма сатып әкелді.
Ең үлкенін, жақсысын,
Саған таңдап әперді,
Не деп барып, жеу керек?,
- Рахмет, сізге деу керек.
- Өте жақсы. Енді бәріміз сергіту сәтін орындайық. ( Буфер арқылы ән).

Сергіту сәті.
- Кәне, балалар, орнымыздан тұрып, бой сергітіп алайық.
Бала, бала, балақан,
Қане, қайсы алақан?
Саусақтарың әйбәт,
Былай - былай ойнат.
Күндей жайнап алақан,
Қолымызда жалау бар,
Жалауымыз жайнап,
Би билейміз ойнап.
Сәлден соң есік қағылып, Әдемі қыз сыныпқа кіреді.(Бастауыш оқушысы).
Бізге қонаққа әдемі қыз келіпті.

- Сәлеметсіздер ме, балалар! Менің атым - Әдемі қыз. Мен сендерге құр қол келгенім жоқ. Тапсырмалар ала келдім.
- Балалар, бізге Әдемі қыз(бастауыш сыныбының оқушысы) суреттер алып келіпті. Сол суреттер бойынша сөйлесейік. Жаман әдеттерді қара қалтаға саламыз. Жақсы әдеттерді қызыл қалташаларға саламыз.( тақтаға ілдіру).
- Мына суретке қараймыз, не көріп тұрмыз? Қыз бала мен ұл бала ағаш отырғызып жатыр. Бұл балалар қандай балалар?
Жақсы, онда Азамат қай қалтаға салады екенін көрейік.
- Екінші суретке қарайық. Не көріп тұрмыз?
- Отырғызып қойған ағашты бала келіп сындырып жатыр. Бұл қандай бала?

Жаннұр қандай қалтаға салады екен.
- Ендігі суретте не көріп отырсыңдар?
- Бұл суретте бала ағашқа шығып, құстың ұясын бұзып жатыр. Бұл қандай бала? Жаман бала.
- Ал, мына суретте не көріп тұрсыңдар? Бала құстарға ұя жасап, талға іліп қойды. Қандай бала?
- Жақсы. Олжас қандай қалташаға салады екен.
Өте жақсы, енді екінші тапсырмам.
- Сендер мамаларың мен папаларыңа көмектесесіңдер ме?
- Кәне, қалай көмектеседі екенсіңдер көрейік.
Тәрбиеші: - Біз үлкенді қалай құрметтейміз, қалай сыйлаймыз?
Нұрмұхамет: Үлкеннен бұрын сөйлемеу, алдын кеспей құрметтеу керек.

Таңшолпан: Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса,
Үлкен болған кезінде,
Сыйлы болмақ өзі де.

Мағжан:
Апам үшін күнде мен,
Отын ағаш жарамын.
Су құямын гүлге де,
Дүкенге де барамын.

Айдана:
Сыпырамын үй ішін,
Жуам ыдыс – табақты.
Апам бірақ мен үшін,
Оқымайды сабақты.
Әдемі қыз:- Балалар, сендер өте тәрбиелі, жақсы мен жаманды ажырата біледі екенсіңдер, үлкенді сыйлай білетін, құрмет көрсете білетін жақсы балалар екенсіңдер. Мен сендерге риза болдым. Сендерге рахмет - деп кластан шығып кетеді.
- Сонымен балалар, жақсы бала қандай болады?
Таза жүректі, әдепті, үлкенді тыңдайтын, кішіге қамқор болатын.
Ырыс: Жақсылыққа құштармыз,
Жақсы адам болып шығамыз.
Таза сәби жүректен,
Қабылдаңыз мың алғыс.
- Көлік ішінде егде адамдарға не істейміз?
Үлкенге орын беру. Амандасу. Ұлдар аталарды көргенде «Ассалаумағалейкум» десе, апа, әже, апайларды көргенде «Сәлеметсіз бе?» деу керек.

Қорытынды:
- Әдемі қыздың әкелген тапсырмаларын орындады. Біздің балалар жамандық пен жақсылықты ажырата біледі. Көптеген тәрбиелі мол түсініктер алды. Сабағымды аяқтамас бұрын, Ұлы ақын Абай атамыздың нақыл да, тәрбиелі өлеңін оқып берейін
(Абай атаның суреті) көрсету.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Адам болам десеңіз,
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек бекер мал шашпақ.
Бес дұшпанын білсеңіз,
Талап, еңбек терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой.
- Балалар, сендер осы Абай аталарыңның нақыл өлеңін мәңгі жадыларыңда сақтап, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, әрқашанда білімді, еңбекқор, өтірік айтпай, мақтаншақ болмай, тәрбиелі азамат пен азаматшалар болып өсулеріңе тілектеспін.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×