Сайтқа кіру Тіркелу

Жайнай бер, тәуелсіз Қазақстан

Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы,
Сарат орта мектебінің бастауыш класс мұғалімі
Смайлова Гулсима Зауегалиевна

Тақырыбы:«Жайнай бер, тәуелсіз Қазақстан»

Мақсаты: Тәуелсіздік туралы терең мағлұмат беру. Ата - бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, өз Отанын сүюге, еліне, халқына қызмет етуге тәрбиелеу. Еліміздің тәуелсіздігін атап өту қарсаңында ел тарихына шолу жасау. Тәуелсіз еліміздің жетістіктерімен таныстырып, білгендерін тереңдету.

Көрнекілігі: шарлар, нақыл сөздер

Барысы:
Әнұран орындалады.
1 - жүргізуші:
Құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар мен шәкірттер! Бүгін біз еліміздің сан мың жылдар бойы армандаған, сол жолда ғасырлар бойы найзаның ұшымен, ерлеріміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасымен келген, тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалатын Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған «Жайнай бер тәуелсіз Қазақстан» атты тарихи - әдеби кешімізді назарларыңызға ұсынамыз.
2 - жүргізуші:
Егемен еліміздің ең ұлық, ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербелген ардақты ағайындар, мереке құтты болсын.
1 - жүргізуші:
Тәуелсіздіктің түп – тамыры Желтоқсан оқиғасына тікелей байланысты екеніне ешкім дау айта қоймас. Десек те, 1986 жылдың қайғылы желтоқсаны бір күнгі немесе бір жылғы наразылықтың көрінісі болмаса керек.
2 - жүргізуші:
Осыдан 26 жыл бұрын, яғни 1986 жылы Алматының бас алаңында Желтоқсан оқиғасы болды. Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндірді. Бұл желтоқсан көтерілісіне қазақ ел аузында жүрген, тарихта аты қалған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова және тағы басқа апаларымыз бен ағаларымыз қатысты. 1986 жылы желтоқсандағы көтеріліске жастар ешбір жаман оймен барған жоқ. Олар бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қатысқан еді.
Ән: «Ақ көгершін» Айдана
1 - оқушы. Ақнұр
Тәуелсіздік, тәуелсіздік - жыр әнім
Ел іргесі берік болсын - ұраным
Тәуелсіздік - өзіңді еркін сезіну.
Салт - дәстүрім қолдан түспес құралым
Тәуелсіздік!
Не деп оны түсіндік?
Тәуелсіздік – ар - ожданың кісілік
Адамға адам жолдас, бауыр, туыс боп
Ел жұртыңның алма құнын түсіріп
2 - оқушы. Шұғыла
Тәуелсіздік – менің байтақ Отаным
Бір өзіңсің Мұхтар, Абай, Шоқаным
Тәуелсіздік – сәбилердің шаттығы
Тәуелсіздік, тәуелсіздік – жыр әнім
Көк байрағым, Елтаңба, Әнұраным
Атыңнан айналайын Тәуелсіздік
Қолда елімді қасиетті Құраным

3 - оқушы. Береке
Қазақ елі – қашаннан да жыр елі
Тарихында тұлғалар көп киелі
Қазақстан аясында бұрыннан
Бірнеше ұлт бірге өмір сүреді.

1 - жүргізуші.
1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады.
2 - жүргізуші.
1992 жылы Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды.
1 - жүргізуші.
1992 жылы 8 мамырда Республика ұланы құрылды.
2 - жүргізуші.
1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесі мемлекеттік рәміздері қабылданды.
1 - жүргізуші.
1993 жылы 15 қазанда ұлттық валюта – төл теңгеміз дүниеге келді, ол өмірдегі елеулі жаңалық, айтулы оқиға болды.
2 - жүргізуші.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері екі рет Ата заңын қабылдады. 1993 жылы қабылданған Конституцияда мемлекеттік алғашқы құрылым жүйесі мен басқару ұлттық - патриоттық дамудың жолдары айқындалса, 1995 жылы 30 - тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Ата заң қайта қабылданды. Заң 2001 жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енді. Сөйтіп, жаңа Конституциямен еліміздің жаңа тарихы бастау алды.
4 - оқушы. Айболат
Тәуелсіздік – тірлігімнің айғағы
Татулығым – бірлігімнің айғағы
Сөгілмесе еліміздің іргесі
Әлде де бар ұрпағымның арманы.
Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма
Туған тілім шұбарланба, жарқыра!
Тарихымда таланттылар көбейсін
Бас иемін ата - баба рухына

5 - оқушы. Гүлгүл
Тәуелсіз ел атандық,
Биік даңқың
Бар әлемге әйгілі мәлім атың
Ата - баб қанымен келген бізге
Тәуелсіздік құт болып қонды еліме
Қорғап сені өтемін өле - өлгенше
Мақтанамын әлемге Мен азатпын.

6 - оқушы. Гүлзат
Біз қазақпыз!
Есігі ашық төрі кең
Жылап өттік жылдар өмір өрінен
Жетер енді, желпінейік, қарайық
Мына өмірге иегердің көзімен

7 - оқушы. Қайыржан
Өзіңдікі елің де
Өзіңдікі жерің де
Жаса, Қазақстаным
Тәуелсіздік төрінде

1 - жүргізуші.
Бостандық деп аталатын асқақ арман жолында қаншама қан төгілді, қаншама батыр мерт болды. Бұл арпалыс бір күн, бір жыл, бір мезет емес, талай ғасырларға созылған. Осы арпалысты жай тілмен тарих дейді. Ендеше, тәуелсіздік жолындағы тарих беттеріне тағы бір зер салайық.
1 - көрініс. «Жоңғар хан ордасы».
Хан тақта отыр.
Уәзір: Ләппай, тақсыр! Қазақтар келіп тұр!
Хан: Кірсін!
Бір топ қазақ елінің адамдары келеді.
Хан: Иә, қазақтар! Неменеге келдіңдер? Айтатындарыңды айтыңдар да, үйлеріңе қайтыңдар.
Қазыбек би: Біз қазақ деген елміз. Бірақ, ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт - береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм - тұзды ақтай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен темір де, біз көмір еріткелі келгенбіз. Берсең, жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!
Хан: Балам, атың кім?
Қазыбек: Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек би, ұлтым – қазақ, руым – Қаракесек.
Хан: Ендеше, даусың қаздың даусындай қаңқылдап шығады екен, есімің қаз дауысты Қазыбек болып қайта жаңғырсын.
(Хан шапалақ ұрады).
Уәзір: Ләппай, тақсыр!
Хан: Қамаудағы қазақтарды босатыңдар!

8 - оқушы: Айдана
Қазақ десем қаным қызып денемде
Қайнап кетем ғажап күйге енем де
Қазақ десем Абай болып елестеп
Абай мені шақырады өлеңге
Қазақ десем айдарымнан жел есіп
Кетем ойша Мұқаңменен кеңесіп
Қазақ маған Әлиядай айбынды
Мәншүкпенен жүргендеймін тең өсіп
Қазақ десем қаламымнан жыр тамып
Өткенді еске ап отырамын бұрқанып
Қазақ десем Тәуелсіз ел бүгінгі
Түп - тамыры жатқан сонау тереңде.

9 - оқушы. Асылзат
Қазақ бүгін тәуелсіз ел, біл мұны
Ақиқатқа айналғандай шындығы
Әрбір түні ақ тілеумен жабылып
Атар таңға айқара ашық түндігі.

10 - оқушы. Санжар
Қасқалдақ ұшып көлінен
Шүрегей келіп қонған күн
Қыранды қуып көгінен
Қарғалар билік алған күн
Нашақор деп, ұлтшыл деп
Қазаққа күйе жаққан күн
Базары кетіп бір күнде
Қайғыға халық батқан күн.
2 - жүргізуші.
1932 жылы Үкімет басына Голощекинді отырғызып, қазақ халқына қолдан жасалған аштық ұйымдастырылды. Сол жылы қазақ халқының саны аштықтың кесірінен 4, 5 миллионнан 1, 5 миллионға дейін азайды.

2 - көрініс «Сталинге хат»
Сталин мен Тұрар Рысқұлов кездеседі.
Т. Рысқұлов: Жолдас Сталин, қазақ халқы аштықта жатыр, тез арада көмектесуіміз керек. Голощекинді кері қайтару керек.
Сталин: Иә, Голощекинді кері қайтарғанда орнына лайықты кім бар?
Рысқұлов: Лайықты адамдар бар. Қазақстанның өз ішінде Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Сәкен Сейфуллин – бәрі де елім деп еңіреп жүрген азаматтар.
Сталин: Жарайды, көрерміз. Боссың, Рысқұлов.
1 - жүргізуші.
Міне, қазақ даласына әдейі қолдан жасалған ашаршылықтан қырылып жатқан халқына қанатымен су сепкен абзал азаматтар 1937 жылғы қызыл қырғынға тап болды.
2 - жүргізуші:
Ақтаңдақ жылдардағы қазақ деп қабырғасы қайысқан қайраткерлер де тәуелсіздігімізге жеткізер ұлы жолдағы құрбандар еді.
11 - оқушы. Гүлдәурен
Қақаған қыстың ызғары
Сүйектен өтіп кеткен күн
Қара көз қазақ қыздарын
ОМОН - дар бастан тепкен күн
Қариялар тіке байланып
Ер басын күрке шапқан күн
Аппақ қар қанға боянып
Қып - қызыл мұз боп жатқан күн.

12 - оқушы. Айзат
Қайғы езіп елдің еңсесін
Жаншыдай жанын батқан күн
Енді қайтіп келмесін
Сол бір қарғыс атқан күн.

13 - оқушы. Ғабидулла
Шаттық нұры шашылып зеңбіректен
Шуағын күн төгеді енді көктен
Шылбыр үзді даланың арғымағы
Тәуелсіздік жалауын желбіреткен
Дүбір қосып өзіңдей сәйгүлікке
Ақ боз аттың алдынан жанды үміт те
Ту ғып ұстап аңсаған азаттықты
Қазақстан бет алды мәңгілікке.

1 - жүргізуші.
1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің бар - жоғы 15 минутқа созылған пленумы болды. Пленумда Республика басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты орнынан алып, Республикаға мүлде белгісіз біреу – Геннадий Колбинді отырғызды.
2 - жүргізуші.
Жанартаудай бұғып жатқан ұлттың ыза - кегі сыртына бұрқ етіп, қазақ жастарының көтерілісі басталды.
3 - көрініс. «Қайратты тергеу сәті»
Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбековты алып келіңдер!
Әскери адам Қайратты алып келеді.
Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбеков, Савицкийді өлтіргеніңді мойында, мойындасаң, жазаң жеңілдейді.
Қайрат: Жоқ! Жоқ! Мен өлтірген жоқпын! Мен жаламен кетіп барам!
Елбең - елбең жүгірген
Ебелек отқа семірген
Арғымақ мінген жаратып
Ақ сауыт киген темірден
Алатаудай бабалар,
Әруағыңмен жебей гөр!
Күнәдан таза басым бар.
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар
Бозторғайдай жаным бар
Алам десең, алыңдар.
Қайрат деген атым бар
Қазақ деген затым бар
Еркек тоқты құрбандық
Атам десең, атыңдар!
Тергеуші: Сот келеді.
Сот: Айыпкер Қайрат Рысқұлбеков қылмысты деп танылып, Қазақ КСРО Қылмыстық Кодексінің 60 - бабы бойынша 3 жыл және 65 - бабы бойынша 15 жыл бас бостандығынан айырылсын. Қылмыстық кодекстің 173 - бабының 1 - тармағы бойынша жазалаудың ең ауыр түрі – өлім жазасына, атуға кесілсін!
Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбеков, ең соңғы ақтық сөзіңді айт!
Қайрат Рысқұлбеков сөзі:
Туған жердің намысы,
Бөтен қолда кетпесін!
1 - жүргізуші.
Қазақтың санасын сілкіндіріп, дүниежүзінің назарын өзіне қаратқан желтоқсан ызғары – жылдар бойғы арман мен тәуелсіздіктің алғашқы қайнар көзі болды.
Хор: «Желтоқсан желі» әні
14 - оқушы. Руслан
Әр дәуірдің еркіне сай, нарқы өзгерген алтынның
Айналайын, айналайын, жас өркені халқымның
Желтоқсанда шындық жырын жырлаймын деп шарқ ұрдың
Желтоқсанда егеменді ел болсам деп талпындың
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның

15 - оқушы. Назгүл
Тәуелсіздік оңайлықпен келмеді,
Бізге бұны ешкім аяп бермеді.
Тәуелсіздік – Қайрат, Ләззат, Ерболдың
Тас көшеде тас - талқан боп өлгені

16 - оқушы. Думан
Ту тігілді халқымның бүгін бағына
Жас өрендер, желбіретіп нық ұста
Ғасырларға жалғастырып елдікті
Дақ түсірме ата - баба рухына
Үлгі бізге – аталардың ерлігі
Ұлағатты, өнегелі, еңбегі
Тәуелсіздік туын ұстар жоғары
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі
1 - жүргізуші:
2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында VІІ қысқы Азияда ойындары 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өтті.
2 - жүргізуші:
Өткен жылдағы елеулі оқиғалардың бірі ретінде Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ - на басшылық етуін, мемлекет басшыларының саммиті елімізде өтуі – Қазақстанды әлемге паш етіп қана қоймай, еліміздің өркендеп, қарыштап дамып келе жатқанының айғағы емес пе?

1 - жүргізуші:
Алғаш рет 1 - желтоқсан Президент күні деп жарияланды.
2 - жүргізуші.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік алғаннан кейін небір тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, Қазақстан Бүкіләлемдік Қауымдастықта өз орны бар абыройлы мемлекетке айналды. Өз Отаныңның патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңе ұялату. Ол - өз Отаның мен жеріңе деген сүйіспеншілік, оның тарихы мен мәдениетіне деген зор құрмет. Мен сіздерді осыған шақырамын!».
1 - жүргізуші.
Міне, осы тәуелсіздіктің туын желбіреткен ұлтжанды аға - әпкелеріміздің арқасында егеменді ел болуға қол жеткіздік.
2 - жүргізуші.
Осымен Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Жайнай бер тәуелсіз Қазақстан.» атты әдеби музыкалық монтажымыз аяқталды. Көріп тамашалағандарыңызға рахмет. Сау болыңыздар!

Хор: «Атамекен» әні
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×