Мақсаты: Оқушылардың дүниетанымын кеңейту, әдеби - көркем, мәдениетті сөйлеуге дағдыландыру, мәнерлеп оқуын дамыту.
а) Атадан балаға мирас болған байлығымыз, қазынамыз туған тілге, көркем әдебиетке, оның ішінде поэзияға деген құштарлығын арттырып, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету.
ә) Шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума - талант, табиғи дарындарын анықтау, өзіндік «Менін» қалыптастыру.
б) Алған білімдерін өмірде қолдана алуға үйретіп, ұлтына, тіліне құрмет көрсетуге, өнерге баулу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, ақын кітаптарының көрмесі.
Тәлімгер: «Қайырлы күн, құрметті оқушылар, ұстаздар! Бүгін өткелі отырған «Жас ақындар» сайысына қош келдіңіздер!
Өлең деген – құдірет қой шынында,
Талант керек, кейде оны ұғуға.
Ұлағат та, тіршіліктің сыры да,
Үңілсеңіз жатыр баба жырында. Ендеше бүгінгі кешіміздің мақсаты – өлең сөзінің құдіретін, мәнін түсіну болмақ!
Күн батты ма, түн келді ме, таң атты ма
қайтадан,
Құдіретті тірлігіңе кірістің бе қайта Адам?
Арма, өмір, бар әлемді баурына алып
шайқаған!
Әрбір әрпі қанға шомған тарихыңа қараңдар,
Отырардай опат болған қала жоқ па, жарандар?
Тату - тәтті бармысыңдар, армысыңдар, Адамдар!
Бүгінгі сайысымыздың бөлімдерімен таныстырып өтуге рұқсат етіңіздер:
І бөлім - «Жырларыммен сырласам». Өз шығармашылықтарыңыздан Ана, Адамгершілік, Достық туралы өлеңдеріңізді оқисыздар!
ІІ бөлім – «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап». Берілген ұйқасқа өлең шығару
ІІІ бөлім – «Өлеңмен өрілген ой» қазіргі жас ақындардың шығармаларын талдау.
Ендігі кезекте қатысушыларды таныстырып өтейік.
1. Мирамбекова Айнұр. Ұстанымы: «Тек қана алға» 6кл
2. Бекетова Айнұр. Ұстанымы: «Ешқашанда берілмеу» 6кл
3. Айжарыққызы Ұлжан. Ұстанымы:«Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға» 6кл
4. Жақсылық Жаннұр. Ұстанымы: «Бәріміз біріміз үшін, Біріміз бәріміз үшін» 6кл
5. Жұмабаева Ақбала. Ұстанымы:
6. Жақсылық Ұлпан 8кл. Ұстанымы: Өкінбе, өкпелеме бүгініңе
Өмір, өмір болмайды түңілуге
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге
Қайта тұрып қақың бар жүгіруге.
7. Байшолақова Гүлсезім 8кл. Ұстанымы: Оқы, оқы және оқы!
8. Өмірзақова Жұлдыз 8кл. Ұстанымы: Өкпелеме өмірге өкпелеме.
9. Қожабаева Жеткерген 9кл. Ұстанымы:
Сіздерге әділ баға беретін әділ - қазы алқаларымен таныстырып өтсем:
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің жоғары санатты маманы, мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары – Құлынтаева Қалқа
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, қазақ тілі бірлестігінің жетекшісі - Бақыткелдіқызы Гүлназ
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы Набиева Сайра
Тәлімгер: Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта.
Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан,
Күнделікті тірлікке бой суытпа - деп, Мұқағали Мақатаев жырламақшы І бөлімімізді бастаймыз. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» демекші сайыстың бұл кезеңінде жас ақындар өздерінің Ана, Достық, Адамгершілік туралы өздерінің төл тумаларын оқиды.
Тәлімгер: Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп - тегіс жұмыр келсін айналасы, - деп Абай данамыз өлеңге осылай талап қояды. Енді бірде «Болмасаң да ұқсап бақ» деп өнерге, ғылымға жақын болуға шақырады. Бұл бөлімде жас ақындарымыз өздерінің ұшқыр ойлылықтарын, шапшаңдықтарын көрсетеді.
Тақтада беріліп тұрған, мына ұйқастарға өлең жолдарын шығарасыздар!
1.......................... көруші ем,
......................... беруші ең,
......................... көкжиектен,
......................... бір көрінсең.
2....................... өрнектелген,
...................... жан жетпеген.
...................... сен деп келем,
...................... шөлдеп келем.
3..................... аңсаған,
....................... қиям саған.
...................... қиялдаған,
..................... құяр маған.
4................. қанаттарын,
................. тағат жаным.
................. қарақтарым
................. сабақтадым.
Тәлімгер: Қалқам, мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген. Бұл бөлімде сіздерге Қалқаман Сарин, Назира Бердалы секілді жас ақындардың өлеңін береміз. Сіздер сол өлеңнің мағынасын ашасыздар!
Кешіккен көктем Айдары: Шыр айналған дүние - ай... Қалқаман Сарин
Етек - жеңі жиылмай,
Жатып алды кыс мынау.
Көңіл күй де – бұйырмай,
Қоңыр күйге түстім - ау.
Қытымыр қыс тұр әлі,
Кірпігіне мұз қатып.
Ызғырық жел ұрады,
Тұла бойды сыздатып.
Бізге жеткен көктем жоқ,
Жеткенменен мезгілі.
Жырлағанмен көк тер боп,
Болмайды екен сөз құны.
Құстар... Хабар бермейді,
Кешігуде көктемім.
Күндіз… көргім келмейді,
Күнтізбенің беттерін.
Барып қайттым баққа мың,
Көктем іздеп көшеден.
Іздегенмен таппадым,
Оған куә осы өлең.
Бар бақытты... Биылғы,
Көктем алып келердей.
Көптен күткен сыйымды,
Көктен алып берердей...
Күтіп жүрмін мен оны,
Көңілге сол қуаныш.
... Жалықтырды себебі,
Жатып алған мына Қыс.
Терезелер. Назира Бердалы
Менің пердем сырылады әлемге,
Терезеден ай қарайды қияқты.
Терезелер...
Терезелер...
Түнгі Алматы үйлері,
Әрбір үйдің жүрегі бар сияқты...
Әрбір үйдің жағып отын, шырағын
Жан - аналар түнде дұға қылады.
Балапаным аман жүрсе екен деп,
Қанат қағып кетсе дағы қыраны.
Қиядағы қызын ойлап, қамығып,
Ұядағы ұлын жүрер мәпелеп,
Терезеден кенет жанған жарығы –
Сағынышын сездірмейтін әкелер...
Терезелер...
Терезесі үйлердің
Естілетін ар жағынан күйлер мың,
Ақ отаудың шымылдығын жамылып,
Жасыратын құпиясын түндердің...
Ғажап түндер...
(Өмір ғажап сүйгенге)
Ал ғашыққа күту ауыр, түннен де
Сырын айтып су құяды бір ару
Терезенің алдындағы гүлдерге.
Ертең, ия, таң атады арайлы
Атады таң аппақ қылып маңайды.
Ертең гүлдер мен боп сенің жолыңа
Терезеден...
Терезеден қарайды.
Бүгінгі сайысымыздың қорытындысын тыңдау үшін келесі сөз кезегін әділ қазы алқаларына береміз.
Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп көп рахмет. Сау болыңыздар.
«Жас ақындар» сайысы
- Гульдана
- 18 наурыз 2013
- 27205
- 0
- 0
Ілмек сөздер: ақындар сайысы, жас ақын, сыныптан тыс шара
Ұқсас жаңалықтар:
«Жас келсе, іске!» атты жас мамандар сайысының жоспары
І Жүргізуші:- Қайырлы күн, әріптестер, ардагер ұстаздар және жас мамандар! ІІ Жүргізуші:- «Жас келсе, іске!» атты жас мамандар сайысына қош...Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы....«Тіл өнер» (интеллектуалдық ойын)
Мақсаты: 1/ оқушылардың ана тілі мен әдебиетінен білімдерін тексеру; 2/ тіл ата - бабамыздан қалған асыл қазына, байлығымыз екенін ұғындыру;...Сыныптан тыс іс-шара "Жеткізсем деймін биікке, Қазақтың қара баласың!"
Қостанай облысы, Рудный қаласы, №19 орта мектебі қазақ тілі пән мұғалімі Қалиева Ақжанай Еркінбайқызы...«Жас маман және ақпараттық технология» атты жас мамандар сайысы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Басықара ауылы № 182 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Ағыбай Асылбек Абдиәлімұлы «Жас маман және...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.