Сайтқа кіру Тіркелу

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері

Жамбыл облысы,
Шу ауданы, Бөлтірік ауылы
Ә. Молдағұлова атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі
Боранбаев Серік Оңалбекұлы
Тақырыбы: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері

Мақсаты: 1. Білімділік: Оқушылардың аса маңызды мемлекеттік белгілер - рәміздер жөніндегі білімдерін жан-жақты сарапқа салу, оларға мемлекеттік белгілердің аса маңызды екенін ұғындыру, оны ерекше құрметтеп, мақтан тұту керектігін ашып көрсету.
2. Тәрбиелік: Отаншылдық, патриоттық, өз елін, тегін, тарихын сүюге тәрбиелеу.
3. Дамытушылық: Ой-өрісін, танымдық қабілетін, жеке дара тұлға ретінде дамыту.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, рәміздер авторларының суреттері, рәміздер суреттері, таңба - белгілер, т. б.
Сабақ түрі: сайыс

Сабақтың барысы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады
1-жүргізуші: Қазақ елі ұлан-байтақ. Бір қиырынан екінші қиырына дейін ұшқан құстың қанаты талып, жортқан аңның тұяғы шағылған деп суреттеледі аңыздарда. Айтса айтқандай, батысынан шығысына 3000 шақырым, солтүстігінен оңтүстігіне 1600 шақырым, жалпы аумағы 2717. 3 мың шаршы шақырым алып аймақты қалай әсірелесе де тұрарлық.
2-жүргізуші: Осындай кең-байтақ жерге ие жас, егеменді еліміздің өзге елдердегідей өз «іңгәсі»бар. Ол - көтерген Туы мен Елтаңбасы, асқақтата әуелеткен Әнұраны. Еркіндікке ұмтылған қай ел, қай халық та өз даусымен сөйлеуді, өз үнімен жар салуды армандайды.

1-1жүргізуші: ҚР-ның Ата заңының 9-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Гимні бар»,- делінген.
2-жүргізуші: Сондай-ақ осы заңның 34- бап, 2-тармағында «Әркім Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті, »- делінген. Олай болса бүгінгі 6- сынып оқушыларының өткізгелі отырған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері «атты ашық тәрбие сағатына қош келіпсіздер.
1-жүргізуші: Бүгінгі сабағымызға сынып оқушылары 3 топқа бөлініп сайыса отырып, өз білімдері мен өнерін ортаға салуға келіп отыр.
2-жүргізуші: Бүгінгі сайыс сабаққа қатысқалы отырған оқушылардың білімдеріне баға беріп, төрелік жасайтын әділ қазылар алқасымен таныс болыңыздар.
Әділ қазылар алқасы тағайындалады.

1-жүргізуші: Ендігі кезекте сайыс сабағымыздың кезеңдерімен таныстырып өтейік.
І кезең «Сәлем – сөздің анасы»
ІІ кезең «Бәйге»
ІІІ кезең «Тарихы терең төлтаңбам»
ІV кезең «Белгі және ұғым»
V кезең «Менің қиялымдағы рәміз»
VІ кезең «Топ басшыларының сайысы»

2-жүргізуші: Сайыс сабағымызды бастамас бұрын бәріңізге сұрақ қойсақ. Рәміз дегенді қалай түсінесіңдер? Рәмізге нелерді жатқызар едіңіздер?
Оқушылар мен ұстаздардың пікірін білу. Топтастыру
Конституция
Астана
Ту
Әнұран
Елтаңба
Президент

1-жүргізуші: Кез-келген мемлекет өз Елтаңбасымен еңселі, әнұранымен айбатты, туымен тұғырлы болады дейміз. Олай болса осы 3 негізгі рәміздер атындағы топтардың сәлемдесу, танысу кезеңіне сөз берейік.
1- топ «Ту», 2-топ «Елтаңба», 3- топ «Әнұран»
«Сәлем – сөздің анасы»кезеңі бойынша оқушылардың жинаған ұпайлары хабарланады.
1-жүргізуші: Енді оқушылардың рәміздер туралы білімдерін көрсететін «Бәйге»кезеңіне кезек берейік.
2-жүргізуші: Талапты бала
Талпынған құстай.
Құмары қанбас
Аспанға ұшпай.
Сайыстың «Бәйге»кезеңі бойынша оқушыларға сұрақтар беріледі.
1. ҚР-ның тәуелсіздігі қашан жарияланды?
2. ҚР-ның рәміздері қашан қабылданды?
3. Геральдика дегеніміз не?
4. Виксикология дегеніміз не?
5. Нумизматика дегеніміз не?
6. Елтаңба тану ғылымының атасы кім?
7. Мемлекеттік Тудың авторы кім?
8. Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары кімдер?
9. Мемлекеттік Әнұранның авторлары кімдер?

Оқушылардың ІІ кезең бойынша жинаған ұпайларын хабарландыру.

1-жүргізуші: Бәрі болған қазақ сынды көне елде,
Ел белгі де, ерлік, өрлік, өнер де.
Жаһандағы ең жауынгер халықта
Кім сенеді Ту болмады дегенге?

2-жүргізуші: Бас білгізіп жер тарпыған тарпаңға,
Жасы тұрмақ шығады екен қарты аңға.
Қалай оның Елтаңбасы болмайды,
Түлігіне дейін салса ен – таңба? !

1-жүргізуші: Батырлыққа уызынан жарыған,
Ер түркіні байрағынан таныған.
Өзі ақын , өзі әнші халықта ,
Кім айта алар болмаған деп Әнұран? !

2-жүргізуші: Енді бүгін өлген туым тірілді,
Әнұраным алды жаулап ғұмырды .
Босағада қалып келген Елтаңбам
Баяғыша төріме кеп ілінді.

1-жүргізуші: Сайысымыздың «Тарихы терең төлтаңбам» деп аталатын кезеңінде оқушылар Ту, Елтаңба, Әнұран тарихынан сыр шертеді.
Оқушылар Ту, Елтаңба, Әнұран тарихын әңгімелейді.
Ту тарихы.

1-оқушы: Рәміздер тарихы тым ерте замандардан басталады. Мысалы, Батыс Түрік қағанатының бүкіл батырлары, билері, ақсақалдары мен беделді адамдары жиналып 635 жылы өткен Құрылтайда «Он оқ будун» ұран рәмізін қабылдаған. «Қош жалау»атты билеушінің туы бекітілген.
2-оқушы: Қазақ жеріндегі сонау көне замандағы жартастарда қашап ойып салынған ту бейнелерін сөз етпегеннің өзінде, біздің дәуірдегі Мөде, Бумын, Елтеріс, Жәнібек, Керей, Қасым, Есім, Тәуекел, Тәуке, Әбілқайыр, Абылай сынды қолбасшы баһадүрлеріміздің өз тулары болған.
3-оқушы: Түркі тектес халықтарда жалау, ту түстері негізінен көк, ақ, сары, сары ала болып келген. Мысалы, көк түс –кең аспанды, ақ түс - шындық, бақыт, қуаныш, сары түс - ақылды, қара түс қаза мен қайғыны білдіреді.
4-оқушы: Туды бейбіт кезде үлкен қошеметпен сақтап, тек жаугершілікте ғана көтеріп шыққан. Жорықтарда бас туды сақтаушы ретінде беделді сұлтандар мен батырлардың біреуі сайланатын. Тудан айырылу - өліммен бірдей. Ол туралы аңыздар да көп. «Тоқтамыс Самарқанды қоршап тұрғанда туы кездейсоқ, өз-өзінен жығылып, рухы түсіп, құты қашқан сарбаздар ойсырап жеңіліпті»,- дейді. Есауыл Рыбин Кенесарының бәйбішесі Күнімжанның ауылын шапқанда Кенесарының туындай ту желбіретіп, жұртты қапы қалдырып, сан соқтырыпты.

5-оқушы: Бұқар жырау өз жырында: «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа… Жетінші тілек тілеңіз, желкілдеген ту келіп, жер қайысқан қол келіп, сонан сасып тұрмасқа »- деп толғанса, Махамбет ақын:
Желп-желп еткен ала ту,
Жиырып алар күн қайда;
Жасаулы найза қолға алып,
Жау тоқтатар күн қайда?-
деп толғанады.

6-оқушы: 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысының соңғы күндері фашистік Германия ордасы Берлиндегі Рейхстагтың төбесіне ту тіккендердің бірі қазақ ұлы еді. Бүгіндері біз Р. Қошқарбаев атамыздың есімін мақтанышпен еске аламыз.
7-оқушы: Матасы қандай, матасы - көк түстерден таңдалған,
Қазақтың ою-өрнегі, қыраны және самғаған.
Күн күлімдеп әлемге төгіп тұрған арай нұр,
Туымды менің көргендер қызыға қарап таңданған.

Енді ақ орданың төбесінде қан қызыл ту орныны көк ту қондырылып, желбіреп тұр. Онда бөрінің басы жоқ. Бірақ бөріні де бүріп түсер қыран бар. Құс төресі шартабақ күн аясында тәуелсіз, еркімен самғауға бағыт алғанын әрбір қазақстандық қастерлеп, мақтан тұтып, даңқын көтере беруге үлес қосса, көк туымыздың абыройы үстем болып, дұшпандарымызды күйіндіріп, достарымызды қуанышқа бөлей берері анық.

Елтаңба тарихы
1-оқушы: Қазақ қазақ атанбай тұрып сонау түркі халқының рулық, тайпалық дәуірінен бері қарай әрбір рудың таңба, белгілері болған. Мұндай белгі қажет еді. Ол кезде жайылым үшін, жер үшін, сауда жолдары үшін рулар арасында дау-жанжалдар жиі болып тұратын. Осындайда кімнің қай рудан екенін, кімнің дос, кімнің қас екенін білу үшін әр рудың өз таңбасы болғаны дұрыс еді.

2-оқушы: Мемлекеттер арасында сауда-саттықтың дамуына байланысты ҮІ-ҮІІ ғасырларда Қазақстан жерінде Тараз, Отырар сияқты қалалардың ұстаханаларында жасалған темір, мыс, қола, күміс, алтын ақшаларда да таңба белгілер сызылған. Мысалы, Тараз қаласында жасалған теңгелердің бір бетінде садақ белгісі, ал екінші бетінде «аспан тектес түркі қағанының теңгесі» деген жазу бар.

3- оқушы: Алтын әшекеймен бірге жауынгерлердің қызыл түсті киімі де адамның шыққан тегін айқындайтын белгі. Ғұн, скиф-сақ әлемінде алтын бұғы күннің табиғаттың белгісі екен. Осындай символ- рәміздер «Есік «қорғанынан табылған алтын адамның үстіндегі қару –жарақтарда кездеседі.
4- оқушы: Шыңғысханды хан сайлағанда ол әр рудың қолбасшы бектерін бірін екіншісінен оңай ажырату үшін әрқайсысына жеке-жеке әскери ат – ұран қойған , құс аты, ағаш аты, және таңба белгілер берген. Ұлы жүз үйсіндердің қолбасшысы Майқы биге: «бүгіннен бастап сенің ұран белгің – салауат, бүркіт, қара ағаш, таңбаң сүргі болады»,- деген.

5- оқушы: Енді өткен ғасырдың 70жыл бойында өмір сүрген Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Елтаңба тарихын сөз етсек. 1925 жылы Қазақ АКСР – ның орталық атқару комитеті суретші Александр Ивановтың жасаған елтаңба жобасын мемлекеттік елтаңба деп қабылдады. 1936 жылы суретшілер Черкас пен Нифонтованың жобаларын мемлекеттік елтаңба деп қабылдады. 1940 жылы 10 қаңтарда елтаңбадағы «Барлық елдердің пролетарлары , бірігіңдер»деген жазу латын графикасынан орыс графикасына өзгертілді.

Әнұран тарихы.
1-оқушы: Қазақ елінің әрбір ру-тайпасының таңба-белгілері, жалауымен қатар әнұраны да болған . Қытайлар гимнді «го-ге», мемлекет өлеңі, мемлекет әні десе, арабтар Отан өлеңі, Отан әні деп біледі. Ал гректің «гимн»сөзін қазақшаласақ «ұран», «ұран салу», «жар салу» деген ұғымды береді.
2-оқушы: Жауға қарсы шапқанда сарбаздарды жігерлендіріп, күш-қайрат беруге алты алаштың ұраны «Алаш»болған. Ал жеке ру-тайпаларының аруақты көсем, не ержүрек батыр, беделді хан - билерінің атына байланысты өз ұрандары болған. Ол ұрандар сарбаздарға жоғары рух беріп, жауға қарсы ерлікпен күресе білуге жұмылдырған.

3-оқушы: Қазақ халқының алғашқы әнұраны деп 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығынан болған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»оқиғасына байланысты Қожаберген жыраудың шығарған «Елім-ай»өлеңін айтамыз. «Елім-ай»дастаны 7 бөлімнен, 3683 шумақ, яғни 14732 жол өлең. Бұл шығармадан бүгінгі күнге жеткені 2000 жолдайы, яғни дастанның 1-бөлімі.
4-оқушы: ХХ ғасырдың басында атақты ақынымыз М. Жұмабаев қазақ жауынгерлері маршын жазса, М. Дулатов оның әнін шығарған.
Оқушылардың ІІІ кезең бойынша алған ұпайларын хабарландыру.
Сергіту сәті: Патриоттық ән -------------------

2-жүргізуші: Сайысымыздың келесі кезеңі «Белгі және ұғым»деп аталады. Мемлекеттік рәміздеріміз дүниеге қалай келді? Рәміздердегі белгілер қандай ұғым білдіреді? Бұл кезеңде оқушылар осы туралы әңгімелейді.

«Ту»тобы.
1-оқушы: Жаңа ту қалай жасалды? Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігінің жылдық мерекесіне орай ұлттық нышанымыз- Мемлекеттік тудың авторы Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков былай деді: «Мемлекеттік туға арналған байқауға 600-ден астам жоба түсті. Іріктеуден өткен ең соңғы 4 жоба комиссияның шешімімен Жоғарғы кеңестің талқысына ұсынылды. Байқаудың аяқталуына 3 күн қалғанда жаңа ту жобасын жасауға кірістім. Себебі, алдыңғы жасаған жобаларыма көңілім толмаған-ды. Сонымен, соңғы жасаған жоба жұртшылықтың көңілінен шығып, мемлекетіміздің төл туына айналды.

2-оқушы: Тудың түсі көк болуы – бүкіл дүниеге көк жүзі, аспан әлемі ортақ. Жер шары сан тарапқа, ұлттарға, мемлекеттерге бөлінгенімен, аспан ешқашан бөлінбек емес. Ал, күнге келер болсақ, ол да жапанға ортақ нәрсе. Күн жылуы жер бетіндегі бүкіл тіршілік атаулыға ортақ. Қазақ халқы қашан да қыранды қасиетті, киелі құсқа балаған. Егемендік алған қазақ елінің қыран тәріздес биікте, ғұмыры ұзақ болсын деген ойдан туған дүние бұл. Оған қоса туда қазақтың ұлттық ою-өрнегі бейнеленген. Ол қазақтың ұлттық нанымын, қасиетін көрсетеді.

1-оқушы: Қазақстан туы халықаралық жиындар мен бас қосуларда, Республика президентінің шет елге шыққан сапарында көтерілген сайын мені «біздің қазақ халқының туы»деген мақтаныш сезім билейді».

«Елтаңба»тобы. 1-оқушы: 1992 жылдың 4 маусымы – тарихи күн. Сол кездегі Республика Жоғарғы Кеңесі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Елтаңбаның үздік жобасына 245 жұмыс, 67 хат ұсынылған еді. Халық қалаулылары мен елбасы назары Жандарбек Мәлібекұлы мен Шотаман Уәлиханов жасаған бүгінгі елтаңбамызға ауды. Тәуелсіздігіміздің төл белгісі көп ұзамай қалың жұртшылықтың жүрегіне жол тартты. Елге ұнаған елтаңба дүниеге қалай келді? Елтаңба авторларының бірі Ж. Мәлібекұлы былай дейді. 2-оқушы: »Елтаңба осы қалпында ойға келе қойған жоқ. Қазақта «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын»деген сөз бар. Осы үш ауыз сөз негізге алынды. Елтаңбадан елдің тарихы, дәстүрі, рухы толық танылып тұруы тиіс.

Бастапқыда «Шаңырақ қазаққа тән емес»деген сыңаржақ пікірлер де болды. Сонда» Ау, Абай да, Абылай да сол шаңырақтың астында дүниеге келген жоқ па?» деген уәж айтуға тура келді. Әр халық өзі қасиетті санайтын жан-жануарды Мемлекеттік нышан деген жайы бар. Аңыздардан арқау тартқан пырақ бейнесіне де қарсы келгендер болмай қалған жоқ. Біле білсек, жылқы да өз кезегінде өркениеттің дамуына ықпал еткен ғой. Ал қазақ малсақ халық. Осы ретте жиынтық образ керек болды. Қанатты пыраққа тоқталуымның басты себебі сол. Босағаны берік ету үшін 7 буыннан тұратын мүйіз таңдалды. 7 буын бір жағынан қазақтың «Жеті атасын білмеген жетесіз»дегенін аңғарту. Пырақтың қанаты бір қарағанда бидайдың бауланған сәтін еске салады. Әу баста елтаңбаның қақ ортасына жарты ай мен шағын 3 жұлдыз бар еді. Талқыға салған кезде бес бұрышты жұлдызға тоқтады. Конкурсқа жіберілген нұсқасынан ілікпей қалғаны осы жарты ай мен шағын 3 жұлдыз ғана. Қалғанының бәрі талқыдан өтті.

«Әнұран»тобы.
1-оқушы: Арада 6 ай өткен соң 1992 жылдың 11 желтоқсанында Мемлекеттік әнұранның мәтіні бекітілді. Оның сөзін жазғандар -Т. Молдағалиев, М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Ж. Дәрібаева, әнін жазғандар Л. Хамиди, М. Төлебаев, Е. Брусиловский болды. Ол 2006 жылы қайта өзгеріп, желтоқсан айында жаңа әнұран қабылданды.
2-оқушы: Мәжіліс және Сенат депутаттарына жолдаған хатында Елбасымыз Н. Ә Назарбаев өз хатында: «Тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны осы жылдар ішінде барлық қазақстандықтардың жүрегінде жатталып қалды деу қиын. Еліміздің қай түкпіріне барсам да, кәрі де, жас та әнұрандық мәртебесі болмаса да, аса көрнекті композиторымыз Шәмші Қалдаяқов пен талантты ақынымыз Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған» Менің Қазақстанымды» әнұран есебінде шырқағанының талай рет куәсі болдым.

Осы уақытқа дейін бейресми әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін. Осы орай да ән мәтініне қатысты өз пікірімді ортаға салмақпын. Мәтінді әнұран ретінде қабылдау үшін оған бірқатар өзгерістер енгізу керек деп есептеймін. Біріншіден, әнұранда ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Екіншіден, мәтінде сол ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз-жеріміздң кең-байтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, біздің тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі - ел бірлігі баса көрсетілуі керек »- деп болашақ әнұран мәтініне енген өз жобасын көрсетті.
3-оқушы: Осыдан кейін жобаны талқылау кезінде, депутаттар ұсынысымен парламент әнұран мәтінінің авторлары Ж. Нәжімеденов пен Н. Назарбаев екенін айғақтайтын шешім қабылдады. «Менің Қазақстаным»әні жарты ғасыр бойы елмен бірге жасап, елмен бірге мұңайып, елмен бірге қуанып келеді. Әр шаңырақтың, ел шаттығының жалауына айналды. Ол 1992 жылы әнұран бәйгесі -не де ұсынылған болатын. Бірақ бұл ұсыныс «Марш жанрында жазылған туындыны гимн бәйгесіне қосуға болмайды , «деген дәлелмен қайтарылған болатын.

4-оқушы: Десе де, халық жүрегінің қалауы айныған жоқ. «Менің Қазақстаным»әні бұрынғысынша мектептер мен балабақшаларда, спорт сайыстары мен салтанатты жиындардың төрінде, саяси нау- қандардың бел ортасында жарқырап көріне білді. Сол ілтипат пен ықылас енді оны ресми рәміз тұғырына апарып қондырып отыр. Лайым ғұмыры ұзақ болғай!
Оқушылардың ІV кезең бойынша алған ұпайларын хабарландыру.

1- жүргізуші: Сайысымыздың V кезеңі «Менің қиялымдағы рәміз» деп аталады. Әр топ оқушылары өз қиялындағы рәміздердің жобасын жасап, қорғайды.
Осы кезең бойынша ұпайларын хабарландыру.
2- жүргізуші: Көк аспандай тулардың
Желбірейтін күні – бұл!
Елім деген ұлдардың
Елжірейтін күні - бұл!

«1- жүргізуші: Олай болса сайысымыздың соңғы кезеңі «Топ басшылар сайысы»деп аталады.
Топ басшыларына тапсырма беріледі . Сұрақ: мемлекеттік рәміздерді қандай сөздермен мақтар едіңдер?
8
Топ басшылары бір минут дайындалып жауап береді.
2-жүргізуші: ҚР-ның Ата заңның 34- бап, 2-тармағында «Әркім Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті»делінген. Олай болса, рәміздерді құрметтеу- әрбір қазақстандық азаматтың міндеті. Әсіресе, ел ертеңі, болашағы - сендер үшін бұдан асқан мақтаныш пен міндет болмаса керек деп қорытындылай отырып, сайыс сабағымыздың жеңімпаздарын анықтау қорытынды сөз әділ қазылар алқасына беріледі.
Әділ қазылар алқасының сөзі.

1-топ: Өзіңдікі туың да,
От пен ауа, суың да.
Жаса Қазақстаным,
Белді бекем буын да!

2-топ: Елтаңбасы елімнің
Неткен көркем, әдемі.
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі.

3-топ: Әнұраным, жан ұраным,
Айтар әнім, сөйлер сөзім.
Туған жерім - сағынарым,
Мәңгі-бақи шырқалады
Республика Әнұраны.
Рахмет
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×