Сайтқа кіру Тіркелу

Гүл – ғажайып дүние

«Гүл – ғажайып дүние»
Сынып оқушыларына гүл түрлері, сәндік және үй өсімдіктерін өсіру, баптау, күту, гүл ерекшеліктері, мекен ету ортасы туралы мағлұмат беру мақсатында «Гүл — ғажайып дүние» тақырыбында тәрбие сағатын өткіздім.
Тәрбие сағаты сынып жетекшісінің кіріспе сөзімен басталды.Табиғаттың бөлінбес болшегінің бірі — өсімдік. Өсімдік адам баласы үшін, ішсе тамақ, кисе киім, жақса отын, малына өріс, езіне қоныс болған. Сондықтан «Бір тал кессең, он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын», «Көкті жұлма көктей соларсың» деген даналық сөздері осы өсімдікті қадірлеп, қастерлеуден туған.«Гүл — дүние көркі» десек қателеспейміз. Гүлдердің де біздер сияқты жаны бар. Олар адамға үлкен пайда келтіреді. Кейбір гүлдер қоршаған ортаға жағымды энергия бөледі. Әр адамның өзінің сүйікті гүлі болады. Мерекелерде, туған күндерде, жақсылықта гүл сыйлау - үлкен құрметтің белгісі. Сондықтан бүгінгі тәрбие сағатымыз осы гүлдер әлеміне арналады. (Сынып жетекшінің сөзінен кейін «Гүл — табиғат байлығы» атты теледидардан бейне материал тамашаланады).

1-оқушы. Табиғат бүкіл тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя бесігі. Ал, адам үшін табиғат ең қасиетті де қастерлі ұғым. Қазақ халқының бар өмірі табиғат пен тікелей байланысты өтіп келеді. Сұлу табиғатты көзбен көріп, жаныңмен сезіп, сол қалпында сүйе білу қандай ләззат!2-оқушы.
Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,
Жан-жануар қуанар тойға еліріп.
Азалы аң көрпесін сілке тастап,
Жер күлімдер, өзіне шырай беріп — деп данышпан Абай бабамыз айтқандай көктем келсе қар ериді, табиғат түрленеді, тіршілік жанданады.3-оқушы. Халқымыздың табиғат жөніндегі ой-пікірлері табиғат құбылыстарымен үндесіп жатады. Бұл құбылыстарды Шәкәрім бабамыздың өлеңдерінен де көруге болады.

Шымды жерде көресіз қара топырақ,
Шіріген шоп, тозаңнан болған құрақ.
Егер оған дым тиіп, күн жылынса,
Жан кіріп, шөп шығады гүл жапырақ.4-оқушы.
Гүлдер, гүлдер, көп гүлдер,
Қызыл гүлдер, көк гүлдер
Жайнар кезім келді деп.
Қанаттарың желбіреп,
Таңмен бірге оянып
Күн нұрына боянып
Көрік бердің далаға.
Т. Молдағалиев.

5-оқушы.
Гүлдер, гүлдер не түрлі,
Құлпырды да жетілді.
Барлық дала өртеніп,
Бара жатқан секілді.
Өрт дегенім — гүл екен,
Отқа ұқсап тұр екен.
Лүпіл қағып жүрегім
Үзіп алдым біреуін
Сыйлайын деп анама.
Т.Молдағалиев.

(Сыныптағы қыз балалар гүл бейнесінде киінеді де, гүл бейнесінде киінген қыздарды ұл балалар көпшілікке таныстырады).
6-оқушы. Көктемнің көрікті гүлдерінің бірі — бәйшешек. Кейде оны қарғалдақ деп те атайды. Биіктігі 15см, ерте көктемде наурыз айының бас кезінде көктеп, бүршік жарады.
7-оқушы. Бәйшешек.
Мен боламын қырларында текеметтің.
Көктемге алғаш көрік әперетін.
Бәйшешекпін, көктесем қар астында,
Қыс ызғарын, қаймықпай көтеретін.
Ыдырады мұз бен қар,
Мен шыққан соң сыналып.
Ала бұлттан жұлдыздар,
Қарағандай сығалап.
Аз өмірдің өзінде,
От жалын боп лауладым.
Соғылған дер кезінде,
Күміс қоңырауларым.
Елемедім ызғарды,
Күнге күліп қарадым.
Қызықтырып қыздарды,
Гүлге негіз қаладым.
Оразақын Асқар.

8-оқушы. Қызғалдақ — лалагүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік. «Тюльпан» негізінен түрік сөзі, бас киім деген ұғымды білдіреді. Түріктерде «Тюрбан» деп аталатын қызғалдаққа ұқсас бас киім бар екен. Осы уақытқа дейін қызғалдақтың отаны — Голландия болып саналатын. 2001 жылы Алматы қаласында «Қызғалдақ және адам» атты халықаралық фестиваль өткізілді. Осы фестивальда қызғалдақтың бірінші отаны — Қазақстан, ал екінші отаны - Голландия деп хабарланды. Нидерланд елінің ханшайымы Беатрис Елбасымызбен кездесуде: «Ұлы Жібек жолы Еуропа мен Азияны жалғастырса, қызғалдақ Қазақстан мен Голландияны және басқа да елдерді жалғастырды. Қызғалдақтың Сіздің елде кездеспейтін жері жоқ екеніне көзіміз жетті. Ұлы Жібек жолы кезінде, қызғалдақ әлем елдеріне таралғаны дәлелденіп отыр. Сондықтан қызғалдақтың отаны — Қазақстан екенін әлем мойындап отыр» — деген болатын.

9-оқушы. Қызғалдақ.
Кім білмес қыр аруы қызғалдақты,
Өң беріп көркейтеміз әрбір бақты.
Сәні деп өмірінің, көңілінің,
Сый етіп, мені жігіт қызға арнапты.
Қызыл ғалдақ, ақ ғалдақ,
Қолда бар не мақталмақ.
Қазақстан ежелден,
Алуан гүлдер жапқан бақ.
Ұқсайды оған қоңырау,
Әркімге тиіс ол ұнау.
Құрта алмады сан таптап,
Қазақпенен оны жау.
Кең тесінен даланың,
Сыйлар шаттық, маған мұң.
Қорғап, тамған деп қалам,
Қаны ма ата-бабамның?
Жұмыртқа ма журек пе?
Шам ба жанған түнекте,
Ұрпақтарым, қастерле,
Гүліңді де жүдетпе.
Біздерде алуан бар ғалдақ,
Шығады ерте қарсалдақ.
Шетел алып байыпты,
Қалмайық біздер тал қармап.
Шетелге пайда пұл болып,
Кұлпырды алуан түрге еніп.
Қымбаттап ата мекенге,
Оралман гүл боп жүр келіп.
Оразақын Асқар.

10-оқушы. Інжугүл — бұл да лалагүлділер тұқымдасына жатады. Інжугүлдің хош иісі, көз қуантар әдемі гүлдері кез келген адамды толғандырмай қоймайды. Май айының алғашқы күндері бүкіл Париж інжугүлге малынып кететін көрінеді. Бұл күнді «Інжугүл күндері» деп мейрамға айналдырған. Уақытында атақты сазгер П.И. Чайковский «Мен інжугүлді гүлдер патшасы деп білем», - деген екен. Бір қызығы ол сүйікті гүліне арнап музыка емес, өлең шығарған. Ал, ол сөзге сазгер А.С. Аренский музыка жазған. Сонымен халық арасында «Дем беруші», «Шабыт беруші» аталған інжугүл, Қазақстанда тек Орал өңірінде өседі.

11-оқушы. Інжугүл.
Көктемнің алғаш гүлінің,
Інжугүл атты бірімін.
Адамдықтың, достықтың,
Куәсімін, жырымын.
Жапырағым жайылған,
Секілді қос алақан.
Қоңыраудан жоқ, айырмам,
Келбетіме қарасам.
Оразақын Асқар.
12-оқушы. Тұңғиық — бұл су өсімдігі. Бір қасиеті бұл өсімдіктің тез өскіштігі, үш күн сайын жаңа жапырақ шығарады. Мынадай бір қызық-ты оқиға болыпты. Англияның Кью қаласының ботаника бағында тұңғиық гүлдейді деген хабар тек бақ қызметкерлерін ғана емес, суретшілер мен саққұлақ репортерлердің де құлағына жетеді. Гүл ашылады дегенде жылыхана адамға лық толады. Осы оқиғаның куәсі болған атақты ботаник Н.Ф. Золотницкий 1887 жылы былай деп жазыпты: «Гүлдің ірілігі мен әдемілігі көз алмайтындай. Гүл ашылысымен жылыхананы аралап кеткен жағымды хош иіс адамды рахатқа бөледі», - деген екен. Оның гүлі ақ, алқызыл, күлгін көк, қанқызыл болады. Қазақстанда аз мөлшерде Жайық өзені маңайында кездеседі.
13-оқушы. Тұңғиық.

Ақ көйлекті бойжеткен,
Қалқып жасыл қайықпен,
Көлде жүзіп жүргендей,
Қарайсың таң қалып сен.
Суда малти білмейсің,
Жетпейсің ол гүлге сен.
Тақсаң оны кеудеңе,
Көрінесің мүлде сен.
Орның ерте кештегі,
Өзгертер бұл көшпелі.
Оған себеп толқынды,
Су үстінде өскені.
Оразақын Асқар.

Қалампыр гүлі — Еуропа елінен тараған. Олардың бір, екі, үш жылдық түрлері болады. Гүлдері ақ, қызғылт, күлгін. Қалампыр гүлі — ерлік пен өрлікті уағыздайтын гүл. Сондықтан оны көбіне ер азаматтарға сыйлап жатады.
15-оқушы. Қалампыр.
Жайлауда жел тербесе,
Иісіңе дала аңқыр.
Бақшадан да мен неше,
Көрдім сені Қалампыр.
Ежелден халық бұл гүлді,
Жалқауларға қимайды.
Қорғайтын елді, үлгілі,
Батырларға сыйлайды.
Қызыл, сары гүл көрдім,
Ағы да бар не түрлі,
Қалампыр гүл гүлдердің
Ардагері секілді.
Оразақын Асқар.

16-оқушы. Бақытгүл — ерекше гүлдейтін өсімдік. Негізінен ол Қытай, Жапон елдерінен тараған. Бұл гүлді қалыңдыққа сыйлайды. Адамдар кейде - оны ең жақын адамдарына да сыйлап жатады. Гүл түстері сан алуан. Халық арасында «Бақыттылық белгісі» есебінде танымал гүл.
17-оқушы. Бақытгүл.
Күздің гүлі бақытгүл,
Қарашада атып гүл.
Үзсең де тұрар жиырма күн,
Суда, ұзақ уақыт бұл.
Баптап ексең бір рет,
Әр жылы өзі өседі.
Бақытыңа күлімдеп,
Куә болар деседі.
Оразақын Асқар.

Раушан немесе Райхан гүлі — хош иісті, ең әдемі, көрікті гүлдердің бірі. Ол гүлдердің патшасы, раушангүлділер түқымдасына жатады. Римде бір күнді «Раушан күні» деп ерекше қадірлеп тойлаған. Сондықтан раушан нәзіктіктің символы, рухани күш беретін шабыт көзі деп ерекше бағаланған. Ақ раушан гүлін негізінен қалыңдыққа сыйлаған, ал, алқызыл, қызыл раушан гүлдерін аруларға, аналарға сыйға тартатын болған.

19-оқушы. Раушан.
Қызыл, күлгін, ақ, сары,
Шешек атқан шақтағы.
Хош иісі сүйсінткен,
Ең әсем гүл бақтағы.
Ою-өрнек қатпары,
Өте үйлесім тапқаны.
Кіндігін кей қыздарша,
Көрсетпей әдеп сақтады.
Әр ел егіп күтеді,
Сатады әр гүл дүкені.
Өзін-өзі қорғайтын,
Абайла бар, тікені. Оразақын Асқар.
20-оқушы. Нарғыз гүлі — гүлдері қатпарланып, шеңберленіп орналасқан әдемі, көрікті гүлдердің бірі. Отаны — Мексика. Ыстық және салқын ортаға да төзімді гүлдердің бірі.

21-оқушы. Нарғыз.
Гүлінің ұсақ қатпары,
Шеңберленген біркелкі.
Бұл да әсем гүл бақтағы,
Көз тартарлық түр, келбеті.
Мексикадан тараған,
Әлемге болып танымал.
Бұл күнде көк пе қарадан,
Басқа түстің бәрі бар.
Келсе қалма гүл ашпай
Тамыз бен қыркүйегі,
Ыстыққа да көңілі жай,
Салқынды да сүйеді.
Оразақын Асқар.

22-оқушы. Бөртегүл — әдемі өсімдіктердің бірі. Қазіргі таңда бөртегүлдің жүзге жуық түрлері белгілі. Оның гүлдері сия көктен алқызыл, сары, қызыл болып келеді.
23-оқушы. Бөртегүл.
Жұпар иіс сиренді,
Қазақша бөртегүл дейді.
Қоршап бақша үйлерді,
Көктемде ерте гүлдейді.
Айтсақ сөздің анығын,
Мәлім бізге ерте бұл,
Шыңғысханның жарының
Аты осы Бөртегүл.
Гүлдердің әсем сұлуы,
Қыздарға келген болып aт.
Бөртегүлдің руы,
Өзіміздің қоңырат.
Оразақын Асқар.
24-оқушы. Қоңыраугүл — гүлінің аты сыртқы тұрпатына қарап қойылған. Ол қышқыл топырақты жерлерде өседі. Қоңыраугүл маусым, қыркүйек айларында гүлдейді. Гүлдері ақ, сия көк, сары, күлгін болады.

25-оқушы. Қоңыраугүл.
Әр түсті алуан түрі бар.
Бір ашылса қаулайды,
Ортасында тілі бар,
Қоңыраудан аумайды.
Қарап тұрсаң қызық-ақ,
Түрілген сәл кемері.
Үлкендеу бірін үзіп aп,
Сыңғырлатқым келеді.
О. Асқар.

26-оқушы.
Бір талы гүлдестедей,
Суңғақ бойлы Гүлбаршын.
Ерте демей кеш демей,
Бақта буршік жарсын бұл.
Тарту етсең тойларға,
Төрден орын алады,
Жарыса көкке бойлауда,
Саусақтары салалы.
Алпамыстың жарының,
Аты да осы Гулбаршын.
Бұл гүлмен аттас, анығын,
Айтшы қанша қыз барсың?
Атыңның өзін білмейсің,
«Гладиолус» екенін.
Әйтеуір бір гүл дейсің
Ұмытылған кешегің.
О. Асқар.

27-оқушы.
Гүлдер, гүлдер, шоқ гүлдер,
Қызыл гүлдер, көк гүлдер.
Тұра берші ырғалып,
Тұра берші нұрланып.
Сол тұрғаның ұнайды,
Құлпырғаның ұнайды.
Ұқсап сәби балаға.
Т. Молдағалиев

28-оқушы.
«Гүл» дегенің жүрегі ғой даланың.
Сұлулығы туған жердің қаланың,
Жан тербейтін нәзік сұлу гүлдерді,
Күтіп-баптап аялайтын баламыз.
О. Асқар.
Гүл тілі
Қызыл раушан — махаббат белгісі.
Ақ раушан — құпиялық белгісі.
Лала гулі — тазалық белгісі.
Нәркез — шығыс елдерінде жаңа жыл белгісі.
Сүмбілшаш — кездесу белгісі.
Інжугүл - шабыт беруші гүл,
Қалампыр — ерлік пен өрлікгің белгісі.
Бақытгүл — бақыттылық белгісі.

Француздар, испандықтар қалампыр гүлі мен бақытгүлін бақытсыздық белгісі деп санаса, ал бұл гүлдерді күншығыс елінің халықтары және италияндықтар, гректер, ағылшындар бақытгүлі деп қадірлеп, қастерлеген. Германияда қызыл раушан махаббат белгісі болып саналса, Латын Америкасында гүл қан түстес болғандықтан өлім гүлі деп санап, ақ раушанды қадірлеп, қастерлейді екен. Жақсылыққа гүл сыйлағанда гүл так санды болу керек, ал қабір басына апарған гүл жұп санды болуы қажет деп санайды халық.
Сауалнама. (Тәрбие сағатына қатысып отырған сынып ата-аналарымен, ұстаздармен сауалнама жүргізілді). Гүлдің қандай түсті болғанын қалайсыз?
Қызыл — белсеңділік пен өмірлік күш қуаттың белгісі. Бұл түсті батыл, табанды, ерік-жігерлі адамдар ұнатады. Олар қызба, әсершіл, қызуқанды келеді. Негізінен олар жетекшілер.

Қызғылт — жалынның түсі, негізінен ол адамдар ыстық қанды келеді. Олар жарқын, айырықша адамдар. Көптің ішіңде ерекшеленіп тұрады. Жұрттың назарын өзіне аударып алады. Алға қойған мақсаттарына жету жолында өмірлерін қиюға әзір.
Сары - жылу мен жарықтың түсі. Бұл адамдар көпшіл, достыкқа берік, еркіңдікке талпынғыш. Ол бәрінен де өз еркіңдігін биік қойып, әр түрлі шектеулерді жек көреді. Көңіл күйі тез өзгергіш, оптимист адам.
Алқызыл — нәзік жанды ұяң жандардың түсі. Осындай адамдар туралы жұрт өмірдің тек жақсы, жарқын жақтарын ғана елеп ескеріп, қараңғы тұстарын ескергісі келмейді. Аузын ашса жүрегі көрінетін, кіршіксіз, табиғи болмысты биязы және әдемі заттармен жайлылықты сүйетін адам. Оған сезімталдық, нық сенімділік қасиеттері де тән.

Ақ — шаттықтың түсі. Ақ түсті ұнататындар өте әсершіл, қызба келеді, тез еліктегіш. Мұндай адамдар кейде өзінің ықпалында қалады, кейде ол өзгенің ықпалында да кетеді. Оларға өздерін демеп, бағыттап отыратын сенімді достар ауадай қажет.
Көк — адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынасты ең жоғары бағалайтын адамдар. Олар достықты бағалап, ал махаббатты бәрінен жоғары қояды. Олар зұлымдықты, салқындықты, араздықты ұнатпайтын ақ тілекті жандар.

Сонымен балалар, біздер бүгін гүлдер әлеміне саяхат жасадық. Табиғатта гүлдердің түрі ете кеп, олар сан алуан. Олар туралы бір ғана тәрбие сағатында айтып жеткізу мүмкін емес. Гүлдер бізді әсемдікке, ізгілікке тәрбиелейді. Елбасының халыққа жолдаған «Жасыл ел» бағдарламасын орындау жолында өз үлесімізді қосуымыз қажет. Ол үшін сыныптағы бөлме өсімдіктерін күтіп баптап, аялап отыруымыз керек. Мектеп, өз үйіміздің айналасын көғалдандыру, жасыл желекке айналдыруға ат салысу бәріміздің парызымыз.

Осындай эстетикалық бағыттағы тәрбие сағаттары балалардың қоршаған ортаға деген оң көзқарастарын қалыптастырады, ізгілікке тәрбиелейді.

БҚО, Орал қаласы, №44 ОЖББМ.
Орынова Гүлбаршын Ермекқалиқызы
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×