Сайтқа кіру Тіркелу

Рухани келісім бірлік пен тұрақтылық кепілі

Тақырыбы: «Рухани келісім бірлік пен тұрақтылық кепілі»

Тәрбие сағаттың білімдік мақсаты: Тәуелсіз Қазақстандағы конфессионалдық жағдай, діни сенім бостандығы туралы түсінік, дінаралық қатынастардағы толеранттылық, ұлтаралық және дінаралық келісімнің Қазақстандық модулі, Қазақстан президентінің бейбітшілік пен дінаралық келісім орнату саласындағы саясаты туралы түсінік беру.
Дамытушылық: Оқулық мәтінімен қосымша мәліметтерді пайдалану, ізденіп оқу, ғаламдық проблемаларды шеше алу, өз ойларын айту
Тәрбиелік: Ұлтаралық достық қарым қатынасты сақтауға, конфессиялармен мәдениеттер диалогын құруға, дін саласындағы тұрақты мемлекеттік саясат ұстана білуге үйретуге, қоғамда тұрақтылықты сақтауға, тәрбиелеу
Тәрбие сағат түрі: Жаңа білім беру
Тәрбие сағат әдісі: баяндау, сұрақ - жауап
Тәрбие сағат көрнекілігі: Қазақстан Республикасының Конституциясы. 30. 08. 1995 14, 19, 20, 22 - бап. 1. 1 Қазақстан Республикасының «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктері туралы» заңы 1992ж. 2. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшысының съездері, материалдары. 3. Н. Ә. Назарбаев Сындарлы он жыл. А, Атамұра 2003
4. Видео материалдар «Қазақ жерінен барлық әлемдік діндер жүріп өтті, сондықтан бізге діни фанатизм мен шыдамсыздық тән емес. Бұл рухани дәстүр, бұл кез келген құдай сөзіне жақындыққа жол ашу – Қазақстандағы дінаралық келісімнің басты негізі.» Н. Ә. Назарбаев, түрлі суреттер, дін туралы қанатты сөздер, арнайы слайдтар
Барысы: 1. Қызығушылығын ояту. Зайырлы, толеранттылық сөздерін естігенде ойларыңа не түседі.
Кіріспе бөлім. Мұғалім сөзі.
Қазақстан әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Біздің елімізде сан ұлттың өкілі татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді. Ұмтылу жолы өте ауыр. Қанына, бойына, санасына мықты рухты күшті сіңірген қазақ еліне бұл зілді болмауы тиіс. Осы тұрғыда мемлекеттің бірден - бір алға қойып мақтанар айнасы – этносаралық татуластық. Жер шарының картасына көз салсақ, қазақ жерінің ұлан байтақ атырапты алып жатқанын көреміз. Қазақ елінің көңілі де дәл сондай, кең, дархан. Соның арқасында, Қазақстан жерінде 130 - дан аса ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп келеді. Бізбен көршілес кей елдердегі, тіпті алыстағы көптеген мемлекеттер өз ішінде дау - дамай туғызып, жанжалдасып, қанды шайқасқа дейін баратындары жайлы құлағымыз естіп, көріміз көрген. Соларға біздің «Жұмылғанда жұдырық, ашылғанда алақан» болып отырғанымыз үлкен сабақ болып жатқан шығар деген ой түйіп, «осы күнімізге де шүкір, тәуба»,- деп қоямыз.
Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысады. Елбасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаудың алғы шарты ретінде бірінші экономиканы өркендетудің қажеттілігін алға қойған. Сол себепті, «Алдымен экономикаға» қағидасын ұстана отырып, экономиканың әр саласында білек сыбана қызмет істеп жүрген барлық этностың басын қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы – өзге халықтарға үлгі - өнеге бола білді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті – достықты нығайту ғана емес, оған қоса әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт - дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытында түрлі іс - шаралар өткізу болып табылады. Елбасымыздың телеранттылық ұстанымына сәйкес өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін, тарихын, мәдениетін, дәстүрін жете білуі керек. Дегенмен, олар өз ұлтының құндылықтарын еркін меңгеріп өсіп келеді. Қиын - қыстау заманда қазақ елін паналап, қамқорлығын, жақсылығын, кең пейілділігін, адамгершілігін, қонақжайлылығын көрген өзге этнос өкілдері қазақ халқын жоғары бағалап, құрметтейді. Өзге ұлт өкілдері қоныстанған аймақтарда, сол ұлттың тілінде балабақша, мектеп көптеген ұйымдар өз міндеттерін атқарады. Өз тілдерінде еркін сөйлеп, өз ойларымен биік шыңдарды бағындырып жүргендері де бар. Бұл қазақ елінің жомарттығының айқын дәлелі.
2012 жылғы 14 ақпанда Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев: «Жаһандану дәуірі көп ұлтты мемлекеттер дәуірі. Бұл – әлемдік үрдіс. Еліміздің дамуына барша ұлт бірге үлес қосты. Ендеше, Тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату - тәтті бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт.»,- деп айтып өткен.
Тәуелсіз елімізде, этносаралық татулықтың, достықтың, конфессияаралық бірліктің де берік негізі қаланды. Ендігі біздің мақсатымыз – елдегі тұрақтылықты сақтап, экономикалық өркендеуді дамыта отырып, өз Отанымыздың ертеңгі кемелді келешегі үшін, баянды болашағы үшін адал қызмет ету.
«Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын.
Жай сөз емес, сана сілкінтер салмақты сөз. Құндылықтарды қалай қастерлеу қажеттігін пайымдайтын парасатты пікір. Оңы мен солыңды танытатын, барыңды бағалататын, қасиетің мен киеңді қадірлететін орнықты ой. Осы ойды ары қарай өрбітетін болсақ, Елбасының ерен еңбегі мен сарабдал саясаты Қазақстанды дүние жүзіне бейбітшіліктің бастауы, тұрақтылықтың талбесігі, тыныштықтың тұтқасы һәм конфессияаралық келісімнің ордасы ретінде танытып отырғанына тағы бір мәрте көз жеткіземіз.
Тұңғыш Президентіміз ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып, елімізде дінаралық диалогтың жарқын үлгісін қалыптастырды. Қазақстандағы этносаралық толеранттылықты әлемге әйгілі етті. Дүние дүрлігіп тұрған тұста бізді қақтығыстар мен кикілжіңдерден аман алып шықты. Өз кезегінде бұқара халық Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларын қолдап отырды. Қолдап қана қойған жоқ, сенім білдіріп, соңынан ерді. Ұлт Көшбасшысы ел аманатын абыроймен арқалады. Осылайша елімізде «Елбасы – біреу, халық – тіреу» деген ұғым пайда болды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделі Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізуде де шешуші рөл атқарды. Байырқалы басқосудың ұраны төрт Т: Trust (сенім), Tradition (дәстүр), Transparency (транспаренттілік) және Tolerance (толеранттылық) болды. Осы тізбедегі төртінші компонент – мәдениеттер мен діндер және өркениеттер арасындағы диалогты нығайтуға бағытталды. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығы міндетіне кірісер кезде: «Біздің ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым - қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі» дегенді айтты.
Этносаралық және конфессияаралық келісім әр кезде жалпыхалықтық жетістік болып қала береді. Мақсатқа жету үшін Елбасының бастамасымен Астанада әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі ұйымдастырылып келеді. Дәл осы конфессияаралық диалогтың басқа жиындардан ерекшелігі – ол бір ғана діннің мүддесіне қызмет етпей, жалпы адамзатқа ортақ өзекті проблемаларды қамтиды. Ең бастысы, мұнда көпұлтты, көптілді, көпконфессиялы қоғамның мәселелері қаралады.
Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін ұйымдастыру арқылы халықтар мен діни көзқарастарды жақындастыруға, сол арқылы бейбітшілік құндылықтарын қалыптастыруға жасаған қадамы үшін әлем қауымдастығы Қазақстанға және оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары баға берді. Бұл – біз үшін абырой әрі мәртебе. Ұлт Көшбасшысы ел азаматтарының ұлттық және конфессиялық мүдделерін сақтаудың ерекше құралы ретінде дүниеге Қазақстан халқы ассамблеясын әкелді. Мемлекет басшысының кеңесші органы саналатын ұйым 1995 жылдың наурызында пайда болды. Бүгінде әлемде теңдесі жоқ аталмыш институт ел аумағындағы ұлттық - мәдени орталықтар мен бірлестіктердің құрылуына ықпал етіп отыр. Сонымен қатар ол ұлтаралық келісім идеясы Мемлекет басшысы тарапынан басымдығы мол құбылыс екенін насихаттап, оның негізі барлық этникалық құрамға азаматтық сыйластықпен қарау және деструктивті позиция қағидаларынан бас тарту екенін түсіндіріп келеді.

Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясында аталмыш институт қоғамдық келісімнің кепілі, бірліктің діңгегі, достықтың дәнекері болып отырғанын баяндап, тағдыр табыстырып, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласқанын атап көрсетті. Ассамблеяның тарихы – біздің тұрақтылығымыздың тарихы екеніне тоқталып, Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессия өкілінің туған шаңырағына айналғанын айтты. Мерейтойлық сессияның тақырыбы «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» екенін тілге тиек етіп: «Біз – көпұлтты қоғамбыз. Бізде ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауы керек. Мемлекетте бәрі тең болуы тиіс. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауы тиіс. Бұл мәселе мен үшін декларативті емес. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек. Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауы тиіс, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей. Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз. Біз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгі арқылы шешіледі дегенді ойға да алмауға тиіспіз. Біздің қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген болмауы тиіс. Біз еліміздің бірде - бір азаматын сыртта қалдыра алмаймыз. Әрбір қазақстандық биліктің қолдайтынын және тірек екенін сезінуге тиіс. Ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз. Ендеше, тәуелсіз Қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату - тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт» деді. Елбасы айтса айтқандай, Қазақстанды тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір ұлттар мен ұлыстар мекен етіп отыр. Олар көк Тудың астында бірігіп, туған жердің абыройын асқақтатқысы келеді. Мәңгілік халық, мәңгілік Елорда және мәңгілік мемлекет болуды мұрат тұтады.
Бірлік, төзімділік және ұлтаралық келісім сынды құндылықтар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап - ақ ел дамуының бастауы болды. Ұлт Көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында республикамызда 130 ұлт өкілдері бейбітшілік пен келісімі жарасқан бір шаңырақ астында тату - тәтті өмір сүріп, ортақ үйіміздің болашағын құруда. Этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң тұрақтылығын нығайтуда Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қосар үлесі мол.
Киелі қазақ жерін мекен еткен халықтың көркеюі, этносаралық бейбітшілік пен келісім – біздің басты байлығымыз. Ол барша қазақстандықтардың ақыл - парасатымен, еркімен, қажырлы еңбегімен және сенімімен сақталып, еселенеді. Сәтбаевтықтар да барлық отандастары секілді күнделікті еңбектерімен, туған қаласын көркейтуге деген жігерімен еліміздің дамуы мен тұрақтылықтың сақталуына өз үлестерін қосуда. Қаламыздағы этномәдени орталықтардың мүддесі бір мақсатқа – ұлттық салт - дәстүрлерді сақтауға және дамытуға, халықтар арасындағы достықты нығайтуға бағытталған.
Күрделі міндеттерді шешудің негізі бірлікте екендігін жадымыздан еш шығармай, достық пен келісім арқылы ғана Қазақстанды биік белестерді бағындыратын еңселі мемлекетке айналдыра аламыз.
Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, отбасылық бақыт, бейбітшілік және игілік тілейміз. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – сенімімізді нықтайтын, үмітімізді ұштайтын ортақ салтанат мерекесі болсын!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×