Атбегілік арналары
Жүйріктің бабын білу
Бабы қанған жүйріктің белгісі
Бабына келген жүйрік байлаулы тұрғанда шекесінен қарап, кербезденіп оқыранып тұрады.
Діңгекке әкеліп жалғыз өзін байлағанда шыр айналып, ұзаққа қарап, елеңдеп, қарауылдап саңлақтанады.
Құйрығын денесіне тигізбей көтеріп оқшау ұстайды.
Тастаған тезегі жылтыр әрі дымсы, бөлінбеген бүтін, бір қатарға шашырамай түседі. Бұл жылқының ішіндегі ескі жем - шөптер толық тазарып, асқазанға барған жас шөптер байыпты қорытылып, баптау кезінде ішек - қарны табиғи тартылғандығының белгісі. Қарын осылай баппен тартылса, жылқының ішіне жел жиналмайды, тек ішегіне тезек тұрып қалмайды.
Көзінің шарасы мөлдіреп, қасында тұрған адамның тұлғасы толық көрінеді.
Күн шықпас бұрын бажайлағанда жүйріктің көбір жүні жылтылдап тұрады. Анықтап қараған адамға жылқының сыртқы түсі құбылып, жүні жарық шашқан сыңайда көрініс береді. Нақтырақ айтқанда, табиғи сәуленің ауадағы ойысы жылқы жүнімен шағылысып көрінеді. Сондай - ақ, жүнін қолмен сипағанда жұп - жұмсақ ыңғайына қарай жапырылып тұрады.
Сыртқы терісін қатты шымшығанда пайда болатын уақытша тыртық тарап кетпей, ұзақ сақталады.
Аунағанда алдыңғы екі аяғын бүгіп, төс етіне тигізіп аунайды және арқасымен екі жағына түп - түзу алма-кезек ырғатылады. Ұйқысы қалыңдайды.
Шапқанда шаршағаны білінбейді, қан айналымы қалпына тез келеді.
Аққан тері сұйық, мөлдір, ащы дәмі білінбейді.
Мінезі кеңиді.
Ернін жалап есінейді.
Кермеден босатқанда тымақ тастам жерге жүріп барып, аунай бастайды.
Құйрығымен екі санын алма-кезек сабалайды.
Денесін тістеп қасиды.
Төс сүйегіне жалғасқан ақ шеміршек қарын шелімен бітісіп, шабына дейін түзу жолақ тартылады.
Тезегі қатайып құмалақтанады, әрі суға салғанда батпайды.
Ауа жұтып, тыныс алғанда бүйірі бүлкілдеп, қабырғасы керіледі.
Иесін көгенде көзі жайнап, кеудесін көтеріп оқыранады.
Тұяғы жылтырап, құбылмалы жолақ таңбалар байқалады.
Шапқанда алдыңғы екі аяғы аттың иегіне жетіп, артқы аяқтары созылып құйрығынан асып түседі.
Шауып келіп тоқтаған сәтте, тілін сүйсіне жаланады.
Жетектеп жүргенде денесін бос тастап, ырғала аяқ басады.
Суарғанда бірнеше рет басын көтеріп, алысқа көз тастап ішеді.
Кермеде түп - түзу, төрт аяғын тең басып тұрады.
Дене бітімі көркем күйге еніп, жүні май жаққандай жылтырайды.
Ер салып шапқанда, тоқымы құрғақ шығады.
Кірпігіндегі болымсыз қырпудан (табиғи уайым) арылады.
Орта қашықтағы қара жарыста қиналмай еркін шауып келуі керек. (Орта қара жарыс ең алыс қашықтықта және баптау жұмысының дәл ширыққан шағында ұйымдастырылады).
Көлденең айғай - шуға елеңдеп, тағатсыздана тыпыршып, бәйге тілейді.
Аузынан анда - санда кермек дәмді, сарғыш өңді сілекейі шұбырып, ұйқы басып, қалғығыш күйге енеді.
Несебі судай тұнып, мөп - мөлдір болады.
Маңдайын күнге қаратып, күнбағыс секілді күнді бағумен болады. Мысалы, таң атқанда шығысқа, түс әлетінде оңтүстікке, кешке батысқа қараумен күнге маңдайын сүйгізеді.
Көзі отты әрі былшықсыз келеді.
Ұйқысы молаяды, кермеде төрт аяқтап қалғып тұрады. Ұйықтағанда түс көргіш келеді. Қалғып тұрып оқыранады, баяу кісінейді.
Ұстағанда қашпайды, кермеге өзі келіп тұрады.
Алысқа ұрлана қарайды және нәрсені тез болжайды. Жақын маңдағы қарайған - құрайғанға көз салмайды.
Иесін жазбай таниды. Жақындағанда қарсы жүріп мойнын созады, оқыранады, еркелеген кейіп танытады. Теуіп, тістемейді.
Құйрық - жалын түйіп жарыс жолына шығарғанда мейлінше қазымырланады. Маңайындағы аттарды теуіп тістейді. Өзі жалғыз жүруді қалайды. Алып қашпайды.
Мойын терісін шымшып тартып ұстап, қоя бергенде терінің қатпары баяу жазылады.
Жаясы көлкілдеп тұрады.
Ауық - ауық күрсінеді.
Шауып келген кезде денесі зорайып, үлкейіп көрінеді.
Тісінде ешқандай ақау болмайды.
Соңғы қара жарыс күні моншақ тері төгіліп түседі.
жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Жүйріктің бабын білу
- ramuk_b
- 9 қараша 2024
- 103
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Жүйрік баптау, сәйгүліктің бабына келген сипаттары
Ұқсас жаңалықтар:
Жүйрік баптаудың негіздері
Жүйрік баптаудың ең негізгі көрсеткіштерінің бірі – іш тарттыру. Бұны ауызекі тілде: ішін қатыру, ішін жарату, ішін буу, т. б. (өңірлік...Жүйрік баптаудың негіздері
Аттың терін алу кезінде орынсыз қинап, етін ауыртып, сіңірін создырып, бойын алдырудан сақтану керек....Жүйрік баптаудың негіздері
Қара жарыстың, яғни, жаратудың дұрыс - бұрыстығын аттың теріне қарап анықтайды. Аттың терін алу – ат баптаудың басты шарттарына жататын аса маңызды...Жүйрік жылқының сипаттары
Жылқының түбір сипаты дегеніміз – оның табиғи жаратылысын тану ілімі. Яғни, жылқының табиғи бейімділігін тап басу арқылы қолданыс қажеттілігін...Жүйрік жылқының сипаттары
Бұл жүйрікте бөрі сипатына тән белгілердің барлығы бар. Оның сыртында жалпы тұлғасы төртбақ....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.